04 Наурыз 2025, 18:46

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев «Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылғы жұмыс қорытындысы: ішкі және сыртқы сауда» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Ұлттық банктің алдын ала деректері бойынша 2024 жылы шикізаттық емес экспорт көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 11,9%-ға өсіп, $28,8 млрд-ты құрады, ал қызметтер экспортының көлемі $11,4 млрд-ты құраған. 120-дан астам шет мемлекетке 4 мыңға жуық тауар позициясы экспортталды. Негізгі сауда серіктестері – Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия.
«2024 жылы 600-ге жуық компания, оның ішінде 80%-ы шағын және орта бизнес субъектілері: QazTrade желісі бойынша – 500, ЭКА желісі бойынша – 96 компания қолдау тапты. Көрсетілген қызметтер экспорты барлық бағыт бойынша қарқынды өсіп жатса, шикізаттық емес тауарлар экспорты бойынша керісінше жағдай байқалады», — деп түсіндірді вице-министр Қайрат Төребаев.
Оның айтуынша, мәселен, уран, мыс және мыс катодтары, жануарларға арналған өнімдер сияқты позициялардың экспорты өсуде. Ал мұнай өнімдері, жеңіл автокөліктер, табиғи газ және басқа да тауарлар бойынша экспорттың төмендеуі байқалады.
Қазақстан Республикасы аумағында бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Alibaba.com платформасында 70 компания «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунттарға ие болды. Экспорттық акселерация бағдарламасында 120 компания қатысушы болды. Сонымен қатар қазақстандық компаниялар шет елдерде және Қазақстанда өткен халықаралық көрмелерге қатысты. 2024 жылы Дубай, Чэнду, Кабул, Нанкин, Үрімші, Душанбе, Милан, Ташкент, Уфа және Бішкек қалаларына 10 сауда-экономикалық миссия, Шанхай қаласындағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесіне Қазақстанның қатысуы ұйымдастырылған.
«Бағдарлама шеңберінде халықаралық нарықтағы жағдайды талдау және болжау, экспорттаушыларға арналған презентациялық материалдарды дайындау, экспорт стратегиясы мен жоспарын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. 2024 жылы экспорттаушыларға шығындардың бір бөлігін өтеуге 6,3 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Өтеу жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша 301 өтінім бойынша 129 экспорттаушы мақұлдау алды», — деп мәлімдеді вице-министр.
Оның айтуына қарағанда, 2025 жылға арналған жоспар бойынша өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты көлемін $29,5 млрд-қа дейін арттыру қажет. Мәселен, басым елдерде (TajQazTrade, UzQazTrade және т.б.) сауда компанияларды ұйымдастыру және сүйемелдеу, экспорттық бағдарламалармен интеграциялау, «QazTrade Point» өкілдіктерін ашу, экспорт бойынша консультациялық және маркетингтік қолдау көрсету, бизнес-миссиялар мен көрмелер арқылы сыртқы инфрақұрылымды және институционалдық қолдауды дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Сонымен қатар бүгінгі таңда экспортқа бағытталған жобаларға инвестициялар тарту мәселесі өзекті болып отыр. Халықаралық инвесторларға экспорттық жобаларды одан әрі таныстыру үшін KazakhInvest-пен бірлесіп, инвестициялық жобалардың жыл сайынғы портфелін қалыптастыра отырып, «Өндір – Сат» моделі ұсынылады.
«Өндірістен экспортқа дейін «Жеткізу тізбегін дамыту» сияқты форматты пысықтау жоспарланып отыр. Аталған формат шеңберінде халықаралық нарықтардағы сұранысты ескере отырып, жаңа өндірістер әзірлеу, маркетингтік қолдау және бизнесті дамытудың 10-15 жылға стратегиялық жоспар дайындау көзделеді. Сонымен қатар біз QazTrade-ті қаржыландыруының сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі қаржы агенті ретінде айқындауды және ЭКА-ның сақтандыруға жататын жобаларын субсидиялау ісін бастауды ұсынамыз. Осылайша, жоғары технологиялық тауарлар экспортының өсуі қамтамасыз етіледі», — деп түсіндірді спикер.
Қолданыстағы құралдарға келетін болсақ, сауда миссияларының географиясын ұлғайту, сондай-ақ отандық компаниялардың негізгі халықаралық көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету есебінен халықаралық нарықтардағы қазақстандық тауарлардың кеңейтілуі жоспарланған.
Сондай-ақ компанияларды экспорт алдындағы даярлаудан бастап, олардың экспорттық келісімшарттар жасасуына дейін экспорттық акселерация бағдарламасы бойынша жұмысты күшейту жоспарланып отыр.
«Бүгінгі таңда экспорттаушылар арасында сұранысқа ие құралдардың бірі – экспорттық шығындардың бір бөлігін өтеу. Осылайша, экспортты ілгерілету бойынша шығындарды және логистика шығындарын өтеу ісін жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар экспорттық-сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын пайдалана отырып, шетелдік сатып алушылар арасында қазақстандық өнімге сұранысты күшейтуге бағытталған қаржылық қолдау көлемін кеңейту мақсатында, ЭКА жарғылық капиталын 50 млрд теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Аталаған жаңа тәсілдер Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі сауда саясатын дамыту тұжырымдамасы жобасына енгізілді», — деп түйіндеді сөзін сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу