2026 жылы 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру басталады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының Жолдаудағы Қазақстанның су ресурстарын есепке алу және басқару ісін цифрландыру мен автоматтандыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов, «Қазсушар» РМК Цифрландыру жөніндегі басқарушы директор Азамат Алимжанов, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Вице-министр Аслан Абдраимов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, министрлік су ресурстарын пайдалану мен қорғауға байланысты шешімдер қабылдау кезінде ашықтықты, аналитикалық қолдауды автоматтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) әзірлеуді қолға алған. Платформаны жүзеге асыру 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранттық қаражаты есебінен көзделген.

«Жүйенің негізгі мақсаттарының бірі – су ресурстарын басқару үдерістерін цифрландыру және оңтайландыру, су нысандарының жай-күйін нақты уақыт режимінде мониторингтеу, су ресурстарын қысқа және ұзақ мерзімді болашаққа болжау мен талдау, сондай-ақ басқаруға кешенді көзқарасты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау. Жүйеде жерүсті және жерасты суына, гидротехникалық құрылыстар мен өзге де су шаруашылығы нысандарына қатысты деректер цифрландырылады. Ал алдағы уақытта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл елдің су балансын айқындауға, халық пен экономиканың нақты қажеттіліктерін анықтауға, сондай-ақ су ресурстарын пайдалануды талдап, бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе енгізілген соң бірыңғай цифрлық платформа құрылып, мемлекеттік жүйелермен интеграциялау арқылы деректердің қайталануы жойылады, су ресурстарын пайдалану ашықтығы мен тиімділігі артады және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтіледі», – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен өзен бассейндерін модельдеуге, су қоймаларын басқаруға және әртүрлі климаттық әрі су шаруашылығы жағдайында ағынды болжауға арналған заманауи TALSIM-NG гидрологиялық моделі енгізіліп жатыр. Жыл басынан бері Нұра және Есіл өзендері бассейндері бойынша тасқын кезеңінде күнделікті болжамдар жасалды. Оның Есіл бассейні бойынша дәлдігі 85%-ды құрады. Қазіргі уақытта Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария өзендері бассейндері үшін модельдеу аяқталды. Сонымен қатар суармалы су жеткізуге өтінім беру, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған биллинг жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе арқылы «Қазсушар» РМК шаруалармен электронды келісімшарттар жасасып, ал диқандар банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасай алады.

«2026 жылдан бастап 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру басталады. Бұдан бөлек, 264 каналға қатысты жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта нарықта отандық және шетелдік автоматтандырылған ысырма жабдықтар өндіруші компаниялар ұсынылған. Жұмыстар 2028 жылға дейін аяқталмақ. Бұл 2030 жылға қарай су инфрақұрылымы объектілерінің кемінде 40%-ын цифрлық технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді. Осы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін Министрлік «Қазсушар» РМК-мен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқаруда», — деді вице-министр.

Пресс-конференция барысында журналисттер спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Мәселен, олар адам басына шаққандағы су тұтынудың шектеулі көлемі туралы, су көлемін анықтауға арналған ұлттық жүйе туралы «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла жауап берді.

«Ұлттық жүйеде еліміздегі әр бір су бассейіні туралы ақпараттар жиналады. Ол бірнеше модульдан тұрады. Мәселен, онда су пайдаланушылар рұқсат алады және соның есебін беріп отырады. Ал су тасқыны кезінде біз ондағы ақпаратты төтенше жағдай қызметіне ұсынамыз. Олардың өздерінің "Тасқын" атты қосымшасы бар, сонда жедел ақпарат ретінде жібереміз. Осы сияқты оны түрлі мақсатта пайдалануға болады. Вегитациялық кезеңде, көлеңкелі су нарығын анықтауға және тағы да басқаларға», — деді ол.

Оның айтуынша, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» жыл басынан бері суды пайдалану бойынша тиісті зерттеулер жүргізген. Осылайша әрбір адам пайдаланатын судың орташа мөлшері ауыл бойынша бөлек, қала бойынша бөлек есептеп шығарылған. Енді соны негізге ала отырып әдістемелік құжаттар дайындалуда. Қазір БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа Су кодексінің тетіктеріне сәйкес, өндірістік мекемелер осы жылдан бастап суды қолдану мөлшерін азайту және оны қайтапайдалану туралы 5 жылдық немесе 10 жылдық жоспар қабылдайды. Ол бассейн инспекцияларының құзіретіне берілді. Осылайша су үнемдеу қатаң бақылауға алына бастады.

Сол сияқты ауыл шаруашылығындағы суды пайдалануға қатысты ынталандыру тетіктері қарастырылуда. Олар – тарифтерді қайта қарау, жолда ысырап болуды азайту үшін каналдарға реконструкция жасау, цифрландыруды енгізу және тағы да басқалар.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу