Абай облысы бюджетінің көлемі 500 млрд теңгеден асты

2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң өсімді көрсетті. Мәселен, көлік саласында 123,4%, байланыста – 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, инвестицияда – 103,1% өсім сақталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында  Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

Әкімнің айтуынша, аталған кезеңде мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түскен. Өсім – 137,3%. Аталған қаржының 71,7%-ы – республикалық, 28,3%-ы жергілікті бюджетке түсті. Яғни, алғаш облыс құрылғанда бюджет көлемі 251,3 млрд теңге болса, қазір 2 есеге өсіп отыр. Биыл облыс бюджетінің көлемі 500,9 млрд теңгені құрады. Бұл тұрғыда бюджеттің 45,4%-ы немесе 227,3 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған.

«Өңірдің тарихи әлеуетін, тың мүмкіндіктері мен көлік-логистика саласындағы потенциалын ескеріп, облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында талдау жасалды. Облыс дамуының кешенді негізгі бағыттары айқындалып, биыл 17 мамыр күні жергілікті тұрғындарды Өңірдің кешенді даму жоспарымен таныстырдық», — деді Берік Уәли баспасөз мәслихатында.

Өңірдің кешенді даму жоспарының негізгі бағыттары:

- Семей қаласының инфрақұрылымын дамыту үшін якорлық жоба ретінде жаңа шағын аудан құрылысын салу;

- инвесторларға жағдай жасау, экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсімді арттыру үшін индустриалдық аймақтың көлемін ұлғайту;

- туризмді дамыту;

- ауыл шаруашылығын дамыту.

«Бұл – аймақ үшін үлкен бетбұрыс, жүйелі жоспар және межелі міндет.  Президентіміздің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазіргі жағдайда инвестиция тарту жаңа тәсілдерді талап ететін бірінші кезектегі міндет екенін баса айтты», — деп атап өтті әкім.

Өңірде осы бағытта бизнесті қолдау және инвестиция тарту шаралары жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты, ал тартылатын инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін өскен. Олардың ішінде, 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Абай облысында ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі 577,5 млрд теңгені құрайтын жалпы ұзындығы 297,5 шақырым болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы.

«Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған үлкен жоба.  Мердігер ұйым – China Harbour Engineering Company. 10,5 мың гектар жер учаскесі резервке қойылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді, 2023 жылы іске асыру басталды. Қазіргі уақытта жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді Б.Уәли.

Бұдан басқа, өнеркәсіп саласында Түркияның Miryildiz Kz Ltd компаниясы жалпы құны – $480 млн-ды құрайтын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын жүзеге асыруды бастады.  

Сондай-ақ биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 453 жұмыс орнын ашатын 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінге 13,3 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды, 124 жұмыс орны ашылды.

«Жыл соңына дейін  құны 12,6 млрд теңгені құрайтын  255 жұмыс орнын ашатын тағы 7 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Жыл басынан бері 100 шетел инвесторларымен кездестім. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай инвесторларымен $1 млрд 500 млн-ға 15 меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да перспективалы салаларды қамтиды. Олардың ішінде жалпы сомасы 39,5 млрд теңгені құрайтын қытайлық серіктестердің қатысуымен 3 жобаны іске асыру басталды», — деп толықтырды облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда 336 млрд теңгеге маңызды 15 келісімге қол жеткізіліпті. Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны: қонақ үй кешені мен сауда-ойын орталығы құрылысын жүзеге асыру басталды.

«Инвестиция тарту және өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын қалыптастыру мәселесіне тоқталатын болсақ. Аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толыққанды игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы индустриялық аумақты кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында 500 гектар жер бөлуді жоспарладық. Бұл жобаны іске асыру инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті әкім.

Туризм – өңір экономикасы үшін табыс көзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туризмді дамыту экономиканың маңызды драйвері және инвестициялар үшін перспективалы бағыт екенін атап өткен болатын. Облыста осы мақсатта саланы үйлестіретін туризм басқармасы құрылды. Туризмнің әлеуетін жүзеге асыру үшін туристік бағыттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол бойындағы сервисті дамыту жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Өңірде танымдық, ғылыми және этникалық, іскерлік, спорттық, мәдени-оқиғалық туризмнің негізі ретінде қарастыруға болатын бай тарихи-мәдени мұра бар.

«Қазақстанның ең ірі музейлерінің бірі – «Жидебай-Бөрілі» Абай музейі біздің өңірде орналасқан. Семей қаласында оны Қазақстанның тарихи орталығы ретінде көрсететін «Алаш Арыстары» музей үйі, Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі, Ф.М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей үйі, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени музейін ерекше атап өту қажет. Сондай-ақ, Республикалық деңгейдегі туризм картасына Алакөл көлі енді», — деді Берік Уәли.

Өңір басшысының айтуынша, Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде Шипалы көл орналасқан, ондағы тұздың концентрациясына байланысты оны Израильдегі Өлі теңізбен салыстырады. Сондай-ақ Аягөз өзенінің оң жағалауында ең танымал қазақ аңызындағы кейіпкерлердің құрметіне салынған «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» кесенесі алыстан көз тартады. Шүлбі су қоймасының жағалауы да жағажай демалысы үшін тартымды орын болып есептеледі. Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің суы – емдік қасиетке ие. Ақсуат ауданынан солтүстік-батысқа қарай 63 шақырым жерде орналасқан ХIХ ғасыр құрылысы Ырғызбай ата кесенесі Қазақстанның 100 киелі объектісінің тізіміне енген. «Семей – Қарауыл» тас жолында аңызға айналған ғашықтар жұбына құрмет ретінде салынған «Еңлік-Кебек» кесенесі орналасқан. Сонымен қатар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын танымдық туризм ретінде қарастыруға болады.

Облыс әкімінің баяндамасында айтылғандай республикалық және халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени, спорттық және басқа да кең ауқымды іс-шараларды өткізу қонақүй қызметтеріне сұранысты арттырып отыр. Бұл тиісінше заманауи элиталық қонақүй кешендерінің құрылысына серпін береді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Солардың бірі Алакөл жағалауы айтарлықтай туристік және инвестициялық әлеуетке ие.

«Жылдар бойы қордаланған, әсіресе инфрақұрылымға қатысты проблемаларды  бір  маусымда ғана шешу әрине мүмкін емес. Дегенмен, Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, оның инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Облыс құрылғалы жағалауда жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару стансасы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылды», — деді Б.Уәли.

Өңір әкімінің айтуынша, жобаларды жүйелі түрде әрі сапалы жүзеге асыру үшін көл жағалауының жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, рекреациялық, қоғамдық-іскерлік және тұрғын аумақтарды дамыту көзделген. Көліктің қолжетімділігіне, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және экологиялық тұрақтылыққа ерекше назар аударылады.

Бас жоспарды әзірлеу бірнеше негізгі міндеттерді шешуге бағытталған. Олар: ішкі туризмді дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір тұрғындары мен қонақтарының жайлылығын арттыру.

Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде Қабанбай ауылының аумағы мен көл жағалауын біріктіріп, игерілген жер көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Болашақта бұл Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде. Сонымен қатар қытайлық компаниялар «Сан Бао», «Ванджан» және «Жудинг груп» Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 гектар тез  құрылатын 100 шағын қонақ үйлердің (глэмпинг) құрылысы жоспарланған.

«Ақылды қала» жобасы жүзеге асып жатыр

Семей қаласында «Ақылды қала» бағдарламасын дамыту Жол картасына сәйкес, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық процестерді автоматтандыру мақсатында барлығы 27 жоба жоспарланған. Бүгінде оның жетеуі іске асырылды, қалған 20 жоба іске асыру сатысында.

«Өздеріңізге белгілі, Президентіміз жасанды интеллектті дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін, цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды деп атап өтті. Осы бағытта облыста да жасанды интеллект технологияларын дамытуға, оларды түрлі салаларға енгізуге және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылып келеді», — деді әкім.

Облыс әкімдігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, жаңа технологияларды қолданатын бірқатар жобаларды әзірлеуде. Оның ішінде еңбек мобильділігі орталығы үшін онлайн-кезек басқару жүйесі; облыстың киелі орындарының голограммасы; CРM-жүйесі; Делдал-бот; AssylAI жобасы; вакансияларды іздеу және жұмысқа орналастыруға арналған Jidek.kz порталы; республикалық деңгейде алғаш рет іске қосылған sanminimum.kz автоматтандырылған порталы (гигиена негіздеріне оқыту және біліктілікті растау жүйесі) бар.

Аталған технологияларды тиімді енгізу үшін сапалы интернетпен қамту маңызды. Осы мақсатта жыл соңына дейін 10 ауыл: Ақсуат ауданының Үштөбе, Кіндікті, Қызылкесік ауылдары, Бесқарағай ауданының Морозов орман шаруашылығы, Башкөл, Қоянбай ауылдары, Аягөз ауданының Емелтау, Қараағаш ауылдары, Жарма ауданының Жарық, Көкпекті ауданының Биғаш ауылы интернет желісіне қосылады. 2026 жылдан бастап облыстың 179 ауылын, 343 әлеуметтік нысанды талшықты-оптикалық желіге қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Jusan Mobile акционерлік қоғамы 26 шалғай ауыл OneWeb спутниктік технологиясы арқылы интернетке қосылады. Нәтижесінде келесі жылы ауылдардың интернетке қолжетімділігі 96%-ға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, республикалық және облыстық автожолдар бойындағы антенна діңгек құрылысы 2027 жылы толық аяқталады.

Аграрлық сала аймақтың жаңа тынысын ашады

«Агроөнеркәсіптік кешен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдық аумақтардың экономикалық және тұрақты дамуында маңызды рөл атқарады. Ал Абай облысы – ежелден ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ», — деп атап өтті Берік Уәли баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берді. Негізгі міндет – алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттырып, саладағы еңбек өнімділігін үш есе ұлғайтуы қажет.

Абай облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9 айда 339,5 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 102,8%. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімдері 209,7 млрд теңгеге өндіріліп, 105% өсім қалыптасты. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 15,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 2,5 млрд теңге, мал шаруашылығына – 4,8 млрд теңге, қаржы құралдарын субсидиялауға және қайта өңдеу саласына – 7,8 млрд теңге қарастырылды.

Бұдан басқа, «Кең Дала» бағдарламасымен облыстың 202 шаруасына көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген 5%-бен 9,5 млрд теңге қаражат берілді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 9 айда 101 мың тонна ет (5,0%-ға өсті) және 248,4 мың тонна сүт (6,0%-ға өсті) өндірілді.

13,5 млрд теңгеге жаңадан 446 бірлік заманауи ауыл шарушылығы техникасы алынып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1%-ға жетіп отыр. Бұл көктемгі егіс егу және егін жинау кезеңіндегі еңбек өнімділігінің тиімділігін арттырды.

«Егін жинау жұмыстары 782,1 мың га алаңда жүргізілді. Президенттің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында дәнді дақылдар алқабы 12 мың гектарға қысқарып, жоғары рентабельді майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға ұлғайды. Облысымызда 113,4 мың гектар суармалы жер алаңы бар. Оның 31,6 мың гектары немесе 27,8%-ы пайдаланылып отыр. Су үнемдейтін технологияларды қолданылатын алаң 22,1 мың га жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың га ұлғайды. Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған республикалық Кешенді жоспарына сәйкес облыста 6 су қоймасы салынып, 10 гидротехникалық құрылыс жүргізіледі, сондай-ақ, 17 ирригациялық жүйені қайта жаңартылады», — деді әкім.

Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Абай облысында 31 мың гектар жаңа суармалы жерлер енгізіліп, 180 миллион текше су жинақталады. 181 шақырым магистралды арналар жөнделеді. 1 гектардан алынатын өнімділік 16 центнерден 27 центнерге дейін артады.

Бұдан бөлек, Ертіс өзенінің гидропотенциалын пайдалану арқылы облыстың суармалы жер көлемі қосымша 70 мың гектарға ұлғайып, барлығы жиыны 214 мың гектарды құрайды. Нәтижесінде су үнемдейтін техноголияларды қолдану алаңы 13,9 мың гектардан 88,2 мың гектарға дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестиция тарту арқылы облыстың экономикалық дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, Жаңасемей ауданында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Ет комбинатының айналасында өндірістік бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттырып, толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ. Бұл бағытта биыл «Мәуліт» шаруа қожалығы жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 5 мың басқа арналған өндірістік мал бордақылау алаңы іске қосылды. 2031 жылға дейін ет кластерін құру бағытында облыстағы бордақылау алаңдарынның қуаттылығы 21 мың бастан 86,5 мың басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оған қажетті барлық мемлекеттік қолдаулар мен несиелік бағдарламалар бар.

Ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру арқылы майлы дақылдар алаңын ұлғайту шараларының нәтижесінде жалпы құны 7 млрд теңгеге DI-NUR COMPANY ЖШС құрама жем өндіру және майлы дақылдарды өңдеу зауыты және құны 1,5 млрд теңге болатын «Шын Жан ЖУО АНГ-Сұңқар» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылды.

Сонымен қатар желтоқсан айында қайта өңдеу саласын дамыту бағытында QAZAQ ASTYQ GROUP ЖШС-мен инвестиция көлемі 8,2 млрд теңгені құрайтын тазартылған күнбағыс майын өндіру желісі іске қосылады. Нәтижесінде импортқа тәуелділік жойылып, 72 мың тонна дайын күнбағыс майын өндіру арқылы облыс халқы 100% қамтамасыз етіліп, экспорт  көлемі 60 мың тоннаға артады.

Жоба аясында жем өндіруден бастап дайын өнімге (тазартылған күнбағыс майы) дейін толық өндірістік циклды қалыптастырып, күнбағыс дәндерін қалдықсыз өңдеу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, 2026-2027 жылдары HARVEST агрохолдинг шетелдік компаниясының 34 млрд теңге көлемінде инвестициясын тарту арқылы Мақаншы ауданында «Абай Харвест» ЖШС жалпы көлемі 29 мың га құрайтын егістік жерлерде (жүгері, соя егу) су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі  пысықталуда.

Ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылмаған жерлерді қайтару ісі жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 152,3 мың гектар болатын 428 жер учаскесі қайтарылды. Ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылған жерлердің 67,4 мың гектары берілді.

Жылу жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе

Облыс басшылығының басты назарында инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерді кезең-кезеңмен шешу мәселесі тұр. Ең маңызды проблемалардың бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету.

«Семей қаласын және аудан орталықтарын жылумен қамтамасыз ету  әрдайым өзекті болып келген. Жылыту маусымына дайындық барысында арнайы талдау жасалып, облыс аумағында жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізілді. Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзін жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары атқарылды. Өздеріңізге белгілі, Аягөз қаласында да жылу тапшылығы  проблема болды. Екі айдың ішінде (тамыз-қыркүйек айларында) «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар, 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылып, жылу мәселесі толық шешілді», — деп атап өтті облыс әкімі.

Курчатов қаласында, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей аудандарында 9 жылу көзінде және 4 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге жылу көздері көмірмен толық қамтылған, халық пен бюджеттік мекемелерге қажетті қор жеткізілген. Жалпы, жылыту маусымы 29 қыркүйекте басталып, штаттық режимде өтіп жатыр.

Семей қаласының оң жағалауында жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент жаңа жылу электр орталығын салу туралы тікелей тапсырма берген.

«Осы мақсатпен әкімдіктің, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушының қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Қазір құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында. Жылу қуаты – 1000 Гкал, электр қуаты – 360 МВт болады. Құрылыстың 1 кезеңін пайдалануға берудің болжамды мерзімі – 2029 жылдың 3-тоқсаны. Жоба аясында экологиялық тұрғыдан қолайсыз және қуаттылығы төмен қазандықтар жабылады», — деп түсіндірді әкім.

Мемлекет басшысы жаңадан құрылған облыстың сумен жабдықтау қызметтерін 100% қолжетімді етуді тапсырған болатын. Әкімнің айтуынша, биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 16,7 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде арнаулы мемлекеттік қор есебінен 10,1 млрд теңге берілген.

«Аталған қаражатқа жыл соңына дейін 33 жоба жүзеге асырылып, ауыз сумен 38 мың адам қамтылады. Нәтижесінде облыстың сумен қамтылу деңгейі 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Су желілерінің тозуын азайту мақсатында биыл 4 жоба (Шаған кенті, Алғабас, Архат, Ақой ауылдары) аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Келесі жылға 24 су желілерін қайта құру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр», — деді әкім.

Жолдардың жағдайы түзеліп келеді

Облыста биыл республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса, China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD Қытай компаниясымен Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.

Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 35 аула абаттандырылыпты.

Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын «Омбы – Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, шамдардың тіректері орнатылды.

«Көпірлердің жағдайына келетін болсақ, Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы (құны – 46,6 млрд теңге) жүзеге асуда. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы (грант) есебінен аяқталады. Техникалық-экономикалық ынтымақтастық келісімге қол қойылды. Қалған құжаттар пысықталуда, қаражат келесі жылы түседі деп жоспарланып отыр. Аспалы көпірдің үстіндегі жолға биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», — деді әкім.

Жыл басынан бері облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 194 млрд теңгені құрады, 159,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту  үшін биыл 1 146 жалға берілетін пәтер сатып алуға 23,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін қала мен аудан әкімдіктері 213 пәтер сатып алуды жүзеге асырған.

Сонымен қатар Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында биыл 21,6 мың шаршы метр 4 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілді, тағы 13 үй құрылысы жүргізілуде.

Облыста тұрғын-үй кезегінде 30 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде Семей қаласы бойынша – 20,5 мың адам. Осы мәселені шешу үшін қаланың тарихи орталығындағы инфрақұрылымның тозуын, жаңа құрылыс үшін бос алаңдардың тапшылығын ескере келе, әкімшілік-іскерлік орталықты орналастыра отырып, жаңа тұрғын ауданын құру ұсынылып отыр. Бұл Семей қаласындағы негізгі жоба болып, өңірдің өсуі мен урбанистикалық дамуының жаңа қозғаушы күшіне айналады. Тұрақты жұмыс орындары ашылып, өңірге қомақты инвестиция тартылады. Баспана кезегін азайтып, халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласының бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Осы салынатын ғимараттардың негізгі бөлігі  жаңа тұрғын ауданында бой көтереді.

«Бүгінге 14 өңір, атап айтқанда, Маңғыстау облысы «Достық» үйін, Түркістан облысы Көрме орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі кешенін, Атырау облысы «Абай әлемі» кітапханасын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Қостанай облысы Руханият орталығын, Қарағанды облысы Ботаникалық саябағын салуға, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағажайын абаттандыруға, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуға, сондай-ақ Астана қаласы «Келешек» мектебін, Алматы қаласы медиа орталығын, Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын салуға жобалық жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр», — деп тізбелеп өтті облыс әкімі.

Әлеуметтік нысандар басты назарда

Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері 3 мектеп қолданысқа берілсе, Аягөз қаласында 600 орындық мектеп ашылып, оқу процесі
2-тоқсаннан басталды. Семей қаласында Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасып жатыр.

Өңірде апатты жағдайда тұрған мектептерді жою мақсатында Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында биылғы шілде айында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынуда.

2025 жылы 12 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 9 мектеп күрделі жөндеумен қоса толық жабдықталып реновациядан өткізілді.

Одан бөлек, 75 мектепке 131 кабинет сатып алынды, оның 89-ы – жаңа модификация кабинеттері. Жыл соңына дейін «Қазақстан халқына» қоры арқылы тағы 36 мектепке 58 кабинет орнатылады.

2024 жылдан бастап 500 орындық көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Нысанның қазіргі дайындығы – 75%. Құрылысты аяқтауға арнайы мемлекеттік қордан 7,6 млрд теңге бөлінді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында облыс бойынша былтыр – 62 медициналық нысан, биыл Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынды. Жыл соңына дейін Үржар ауданында күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.

«Арнаулы мемлекеттік қордан 5,6 млрд теңге бөлініп, 3 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Олар: Семей қаласында 18 жастан асқан адамдарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме ғимараты, Үржар аудандық көпсалалы орталық ауруханасы базасында «Тері коронарлық араласу орталығы» ғимаратына қосымша ғимарат құрылысы, Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы базасында магнитті-резонанстық томограф орналастыру үшін қосымша ғимарат құрылысы. Жалпы, биыл денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,9 млрд теңге бағытталды», — деді Берік Уәли.

Ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін нығайту және шалғай өңірлердегі әйелдерге медициналық көмектің қол жетімділігін жақсарту үшін жүкті әйелдерге әлеуметтік-медициналық көмек көрсетуге «Салауатты ана» пансионат ашылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Семей қаласында 300 төсек орындық облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Облыс әкімінің баяндауынша, өңірде жұмыспен қамту саласында барлық әлеуметтік міндеттемелері толық орындалуда. Жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдар аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тұрақты жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылғы ІІ тоқсандағы қорытынды бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрап (2024 жылы – 4,8%), төмендеу динамикасы сақталды (республика – 4,6%).

Азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы бекітілді. Жыл басынан 23 243 адам жұмысқа орналасты (тұрақты – 14 641 адам, уақытша – 8 602 адам).

Бұл орайда маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау. Облыста 23,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 2,9 мыңы – балалар. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау аясында техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету көзделген.

Биыл әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен 12 595 мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарымен қамтамасыз етілді (техникалық оңалту құралдары – 9 715, жеке көмекшілердің қызметтері - 896, ымдау тілі қызметтері – 228 және санаторлық-курорттық емдеу – 1 756).

«Amanat» партиясының Жол картасы аясында әлеуметтік, көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 206 ғимараттың 192-сі бейімделді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Абай облысында мәдениет саласы бойынша 296 нысан жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік және ұлттық мерекелермен қатар, өңірде ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді.

«Биыл, аймақты халқымыз бен ауданды жұртымыз үшін кәделі дата данышпан Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай, лайықты деңгейде атап өттік. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар биік деңгейде өтті. Кешенді жоспар аясында энциклопедиялық порталдың, Абай атамызға қатысты бірқатар кітаптің тұсаукесері, ғылыми конференция, жастар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойындар қатарлы халықаралы, республикалық, өңірлік деңгейде 100 ден астам шара атқарылды. Қасиетті Қарауылда 200-ден астам киіз үй тігіліп, он тоғыз өңірден арнайы делегация келді. Дүбірлі тойға жиналған халық саны 50 мыңнан асты», — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар мерейтой аясында Абай ауданында да инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілді. Семей–Қарауыл және Семей-Қайнар бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өтті. Бөрілі ауылы мен Жидебайда байланыс сапасын жақсарту мақсатында антенналық діңгектер мен электр желілері орнатылды. Осының арқасында Абай ауданы 100% интернетпен қамтылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауыл ауылындағы Әуезов пен Шәкәрім көшелерінің жолдары жөнделді.  

«Мәдениет саласындағы жетістіктерімізді атап өтетін болсақ, Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры Талдықорған қаласында өткен халықаралық «Biken Fest – III» фестивалінде «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклімен Гран-при иеленді. Сол сияқты «Дариға-ай» жастар театры Жезқазғанда өткен халықаралық Ж. Хаджиев атындағы театр фестивалінде «Өз отыңды өшірме» спектаклімен Гран-при алды. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония 85 концерт өткізіп, 24 мыңға жуық көрерменге рухани сый тартты. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын ұйымдастыратын  «Рухани қазына» – 2025 фестиваліне қатысып,  «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясын жеңіп алып,  1 млн қанжығасына байлады», — деп атап өтті әкім.

Берік Уәли баяндамасында өңірде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында, биыл 400-ге жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, бұл жарыстарға 50 мыңнан астам адам  қатысқанын айтты. Әртүрлі спорт түрлері бойынша облыстың 451 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енген. Өңір спортшыларының нәтижелері жыл сайын артуына байланысты, жүлде алушылар саны да көбейіп келеді. Республикалық жарыстарда – 1 355 медаль, халықаралық жарыстарда – 235 медаль иеленді.

Одан бөлек, «Елімай» футбол командасы 2024-2025 маусымды 4 орынмен аяқтады және УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды. «Семей» футзал командасы 2024 жылы ел Кубогының жеңімпазы атанды. 2025-2026 жылғы маусымда чемпиондар лигасында өнер көрседі. «Даму бала» ақпараттық жүйесі арқылы биыл 91 спорттық секциялармен 5 515 бала қамтылған. «Халықты спорттық инфрақұрылыммен 1000 адамға шаққанда қамтамасыз ету» көрсеткіші 52%-ға жетті. Жыл басынан 3 нысан қолданысқа берілді, 5 нысан құрылысы аяқталуда, қалған 11 нысан салынып жатыр.

«Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы біздің өңірімізде қарқынды түрде іске асырылып келеді. Облыс бойынша 44 іс-шарадан тұратын өңірлік іс-қимыл жоспары бекітіліп, оның 25 іс-шарасы бүгінде жүзеге асырылды. Экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған 380 камера орнатылды. Жыл басынан елді мекендерде барлығы 70 511 түп жасыл екпе отырғызылды. Экологиялық бағдарлама аясында 5 сәуірден бастап апта сайын санитарлық-экологиялық сенбілік өткізілді. Аталған шараға 349 мың тұрғын қатысты. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Үлгілі ауыл» байқауының бірінші кезеңі өткізілді, нәтижесінде облыстың 10 ауданында жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Бүгінге әлеуметтік желілерде облыстық деңгейдегі «Үлгілі ауыл» байқауына өтінімдер қабылдау туралы жазбалар жарияланды», — деп қорытындылады облыс әкімі баяндамасын. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу