Аграрлы аймақтың әлеуеті артып келеді

Солтүстік Қазақстан облысы республикадағы ең жоғары даму қарқынын көрсетіп отырған өңірдің бірі. Әрі еліміздегі ең ірі астық егуші, сарқылмас азық-түлік қоры болып отырған аймақ. Таяуда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңына келіп, баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар жұмыстың атқарылу барысын баяндады.

«Президент жүктеген міндет – жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 6,5% өсуін қамтамасыз ету аясында СҚО бүгінде алда келе жатқан динамиканы көрсетуде. Оныншы айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13%-ды құрап, облыс Қазақстан өңірлері арасында 5-орынды иеленді», — деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыста негізгі салалардың барлығы дерлік тұрақты өсім көрсетуде. Мәселен, биылғы 10 айда ауыл шаруашылығы 9,3%-ға, өнеркәсіп – 19,1%-ға, құрылыс – 30,1%-ға өскен. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 3,9%-ға артып, инвестициялар көлемі 7,3%-ға ұлғайды.

Мұндай көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі сын-қатерлерге сенімді түрде төтеп беріп қана қоймай, ел экономикасының өсу драйверлерінің біріне айналып келе жатқанын дәлелдейді.

Қазақстан – агроиндустриялы ел. Ауыл шаруашылығы жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша салалардың ішінде алғашқы орындарда және халықтың негізгі бөлігінің күн көріс көзі. Бүгінде халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұрады әрі өмір сүру деңгейі мен әл-ауқаты көбінесе ауыл шаруашылығы өндірісінің даму деңгейіне байланысты.

Бұл тұрғыда агроөнеркәсіптік кешен Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының төрттен бірін қамтамасыз етеді.

«Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі саласы саналады. Агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің төрттен бір бөлігін құрайды (2024ж. – 23,4%, 2023ж. – 21%). Өнім көлемі 878,3 млрд теңгеге жетті, бұл өңірге ел көшбасшыларының үштігіне кіруге және азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді», — деді әкім.

СҚО еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Өңірде бүкіл қазақстандық астықтың шамамен ширек көлемі (24,8%) және майлы дақылдардың 23,6%-ы өндіріледі. Сондай-ақ сүт өндірісінің айтарлықтай көлемі (10,2%) осы өңірге тиесілі. Биыл шаруалар 6,5 млн тонна рекордтық астық жинап, гектар өнімділігін 21 центнерге жеткізді. Майлы дақылдар бойынша тарихи нәтиже – 1 млн гектар егіс көлемінен 1,2 млн тонна өнім алынды, бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.

СҚО-ның көшбасшылығы табиғи потенциалмен ғана емес, саланы жаңғыртумен де расталып отыр. Фермермерлер 340 мың тонна минералды тыңайтқыш (жоспардың 102%) және 66 млрд теңгеге 2,3 мың дана заманауи ауылшаруашылық техникасын сатып алған. Биыл АӨК-ті жеңілдетілген қаржыландыру көлемі рекордтық 161 млрд теңгеге жетіп, саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етті. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі басты аграрлық күш ретіндегі беделін айқындады.

Нәтижелер диқандардың жүйелі жұмысымен, заманауи агротехнологияларды енгізумен, цифрландыру және элиталық сорттарды пайдаланумен қамтамасыз етілген. Мемлекетік шаралар айтарлықтай қолдауды қамтамасыз етіп отыр. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі рекордтық 161 млрд теңгеге жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында биыл суармалы жер көлемі 2,1 мың гектарға ұлғайып, 11,5 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиясы тек дәнді-дақылдарды өсіруде ғана емес, сонымен қатар картоп, қант қызылшасы, жүгері және басқа да дақылдарда
қолданылады.

«Аграрлық секторды дамытумен қатар, облысымыз өндірістің өсуін және салалық көрсеткіштердің жақсаруын қамтамасыз ете отырып, мал шаруашылығында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл нәтижелер фермаларды жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мал басын көбейту арқылы мүмкін болды», — деп атап өтті өңір басшысы.

Солтүстіктің сүт өндірісі қарқынды өсуде

Бүгінде экономиканың сипаты мен мазмұнын қайта қалыптастыру – бұл еліміздің дамуының негізгі мәселелері. Әр аймақтың өз мүмкіндігі бар. Солтүстік Қазақстан облысында, бұдан бөлек, ет және сүт мал шаруашылығына да көңіл бөлінуде. Солтүстіктің сүт өнімдері отандық нарықта бұрыннан танымал. Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, аймақтың алуан түрлі шөбі сүттің сапасына әсер етеді деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен, басты себебі ол емес. Облыста сүт өнімдерін өндірудің ең заманауи технологияларын енгізу мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Бүгінде ел аумағында тауарлы-сүт фермалары көптеп салынып жатыр. Оның жартысына жуығы – Солтүстік Қазақстанда. Мал шаруашылығының осы түрін дамытуға жағдай жасалуда. Шығынының төрттен бір бөлігі фермерге субсидияланады.

«СҚО – заманауи сүт фермаларын енгізу қарқыны мен көлемі бойынша республикадағы бірінші өңір. Бүгінде облыста 110 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді – бұл еліміздегі барлық фермалардың шамамен 30%-ы (373 ферма). Соңғы екі жылда Қазақстанда салынып жатқан 58 ТСФ жобасының 21-і дәл осы Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылуда, ал биыл қосымша 8 заманауи сүт кешені іске қосылады», — деп толықтырды Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұл тұрғыда, Қызылжар ауданында орналасқан «Зенченко и Компания» топтық серіктестігіне жеке тоқталуға болады. Оның іргесін даңқты диқаншы, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко қалаған еді. Бүгінде әке ісін балалары мен немерелері жалғастырып келеді. Агрокәсіпорынның арқасында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы да жақсарған. Серіктестік мүшелерінің ерекше мақтанышы – ғылым мен техниканың соңғы үлгілері негізінде құрылған алғашқы сүт-тауар фермасы. Сиырлардың жем-шөбін беру және сауу ісінде қол күші мейлінше азайтылды. 

«Өңірде процестері толық цифрландырылған "ақылды фермалар" құрылуда. Еліміз бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда: "Зенченко и К" КТ 8 мың бас малға арналған сүт фермасын 90 орындық "Карусель" қондырғысымен салып жатыр және бүгінде Қазақстан бойынша сауын бойынша үздік ондыққа енген, республикада бірінші орында тұр. Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда "СК Агро – 2050" ЖШС 10 мың басқа арналған, Орталық Азиядағы ең ірі 100 сиырлық "Карусель" қондырғысы бар ферманы салып жатыр», — деді әкім.

Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, жаңа кешендердің қосымша жылдық өндіріс көлемі 68 мың тонна сүтті құрайды, бұл агроқұрылымдар өндіретін сүт үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Жаңа кешендер өңірді әлемдік үздік тәжірибелерге жақындатады: Беларусьта заманауи фермалар жалпы сүттің 77%-ын, Қытайда ірі шаруашылықтарда малдың 70%-дан астамы шоғырланған, ал Еуропалық одақ елдерінде сүттің 93%-дан астамы мамандандырылған фермаларда өндіріледі. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық құрылымдары өндіретін сүттің жалпы республикалық көлеміндегі үлесі 20%-ға дейін өсіп, СҚО-ның Қазақстанның сүтті мал шаруашылығы орталықтарының бірі ретіндегі статусын тағы да дәлелдейді», — деп атап өтті өңір басшысы.

Аграрлық сала терең өңдеу мен инновацияға негізделген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғыртумен азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық басымдық ретінде белгілеп келеді. Осыған орай, Солтүстік өңірде қайта өңдеудің маңызды жобалары қолға алынуда. Облыста азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жылына 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдеп, 120 мың тонна өнім шығаратын «МаслоДел» май экстракциялық зауыты экспортқа бағдарланған, ал «Евразиан Милк» ЖШС қоюлатылған сүт өндіру цехының құрылысын аяқтап, жалпы қуатын жылына 92 мың тоннаға жеткізді.

Қызылжар ауданының «Salar Farm» серіктестігінде қуаттылығы жылына 60 мың тонна түйіршік жоңышқа өңдеу зауытын салу жобасы іске асырылуда. 

Өнімдер Қытаймен Орта Азия елдеріне экспортталады. Нысанды 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.

«Ерекше назар бірегей бағыттарға аударылған. "Север Агро LTD" ЖШС-нің 400 бас көшім жылқысынан құрғақ бие сүтін өндіретін фермасы – еліміздегі осындай екінші жоба. Өңірде қант қызылшасын өндіру қайта жанданып жатыр. "Asyl Farms" ЖШС-ның тәжірибелік егістері 20%-ға дейін қанттылық көрсетті, ал болашақта жылына 1 млн тонна шикізат өңдеп, 200 мың тоннаға дейін қант шығаратын зауыт салу жоспарлануда, бұл импортты төмендетуге мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді облыс басшысы.

Өңірде ЖИ-ді енгізу ауыл шаруашылығының барлық негізгі процестерін қамтиды. «Ақылды фермалар» және жасанды интеллект негізіндегі аналитикалық жүйелер егінді дәл басқаруды, жануарларды бақылау мен шығындарды оңтайландыруды қамтамасыз етеді.

Шал ақын ауданы Қазақстандағы алғашқы креативті IT-орталықты іске қосты, жыл соңына дейін облыстың барлық аудандарында осындай орталықтар ашылады, цифрлық амбассадорлар анықталады.

Жаңа IT-орталықтар цифрландырудың жергілікті өсу нүктелеріне айналады: мұнда IT-қоғамдастық, бизнес және белсенді жастар бірігіп, стартаптар мен оқыту бағдарламаларын іске қосады. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы өзінің «цифрлық картасын» қалыптастырып, әр аудан өңірдің технологиялық дамуына үлес қосатын орталыққа айналады.

Технологиялық дамумен қатар, өңір шаруаларының еңбегі де жоғары бағалануда. Президент агроөнеркәсіп кешенінің дамуына диқандардың қосқан үлесін атап өтіп, жұмысшы мамандықтар жылын мерекелеу аясында марапаттарды табыс етті.

Өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Геннадий Зенченкаға, ал биыл – өз саласына 45 жыл арнаған қарапайым механизатор Мұрат Қаражұмановқа берілді.

«Екі жыл ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті, кәсіпорындардың тапсырыс портфелі де 1,5 есеге – 210,1 млрд теңгеден 300,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Негізгі драйвер – өңдеу өнеркәсібі, оған жалпы өндірудің 86%-ы тиесілі. Жарқын мысалдардың бірі – "ЗИКСТО" ЖШС-ның жолаушылар вагондары мен платформаларын шығаратын жаңа зауыты: инвестициялар көлемі – 24,3 млрд теңге, жылдық қуаты – 3 200 вагон. Экономика өсімі айтарлықтай инвестициялар ағынымен күшейтілген. Өңірде 894 млрд теңгеге 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, 7,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей инвестициялар көлемі жылдық жоспардан екі еседен астам асып түсті», —деп толықтырды Ғауез Нұрмұхамбетов.

Қаржы тартудағы негізгі орталық – «Қызылжар» АЭА: мұнда 317 млрд теңгеден астам инвестициясы бар 22 қатысушы тіркелген, шамамен 4 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан аграрлық қана емес, елдің өнеркәсіп-инвестициялық көшбасшыларының біріне айнала алатынын көрсетуде.

Үкімет шешімімен «Қызылжар» АЭА географиясы кеңейтіліп, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда екі субаймақ құрылды. Тайынша ауданы Қытай инвесторларымен жұмыс істеп келеді, мұндағы кәсіпорындар өнімдері Сиань қаласына экспортталады. Екінші субаймақ ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге және экспортқа бағытталған.

Әкімнің баяндамасынан байқағанымыздай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірге ірі шетелдік компаниялар келе бастаған. Қатарлық «Ультрадекор» 90 млрд теңгеден астам инвестициямен ДСП және ЛДСП зауытын салып жатыр, ресейлік «Бейкертон» 37,3 млрд теңгеге 380 жұмыс орнын құратын кондитерлік жобаны іске асыруда. Қытайлық «Чилу Агро» тракторлар мен ауылшаруашылық техникасын өндіруді бастайды, ал «Уралкран» жергілікті нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алатын жүк-көтеру техникасы зауытын салып жатыр.

Отандас инвесторлар да белсенді. Дмитрий Шарапаев жылына 1 200 тонна саңырауқұлақ және 5 200 тонна компост өндіретін 11,3 млрд теңгелік саңырауқұлақ фермасы мен компост зауытын ашуда. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге бағытталған «Техноэкопарк» экологиялық жобасы іске асуға дайын. Мұның бәрі Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық қана емес, қуатты өнеркәсіп-инвестициялық және экологиялық орталыққа айналып келе жатқанын дәлелдейді. 

Инфрақұрылымды жаңарту жұмысы қарқын алды

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Биылғы жылға жоспарланған 332 мың шаршы метрдің 194,3 мың шаршы метрі пайдалануға берілді, 1 007 пәтері бар 15 үй салынды. Тұрғын үй қоры жаңарып, елді мекендердің келбеті өзгеруде.

Бүгінде Петропавл шаһары қайта түледі. Қалада бірнеше жаңа аудан бой көтерді. Құрылыс ескі жер үйлердің орнында жүргізілуде. Қазір мұнда жаңа көппәтерлі үйлер салынып жатыр. Сонымен бірге, елуге жуық көпқабатты үйдің құрылыс жұмысы қарқын алған. Жартысына мемлекет, қалғанына жеке инвесторлар қаржы құйып отыр. Тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандардың да құрылысы қолға алынды. Тұрғын үйдің басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр, коммерциялық сектордың үлесі артып келеді.

«Өңірде алдағы бес жылға арналған цифрлық стратегия әзірленген. Ол цифрлық инфрақұрылымды дамыту, экономиканың негізгі салаларын трансформациялау және облыс тұрғындарының жаңа цифрлық құзыреттерін қалыптастыруды қамтиды», — деді әкім.

Мемлекет басшысы Жолдауында коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртудың қажеттілігін атап өткен болатын, ал өңір нақты нәтижелер көрсетуде. Тайынша қаласында 730 млн теңгеге 4,5 км жылу желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Биыл облыста 76 км электржелілері ауыстырылып, жалпы сомасы 13 млрд теңгеге 3 қосалқы станса қайта жаңартылды. Петропавл қаласы үшін ұзындығы 8,1 км болатын екі жылу желісі жобасы әзірленуде, олардың жалпы құны – 11 млрд теңге. Жалпы алғанда, 2029 жылға дейін 7 мың км-ден астам инженерлік желілер жаңғыртылады.

2025–2026 жылдардың жылыту маусымына дайындық аясында ауқымды жұмыстар жүргізілді: 1,5 мың км электр желісі, 13 км жылу және 5 км су құбыры желісі жөнделді, Петропавл жылу электр орталығы-2-нің №1 мұржасы салынып бітті. Бұл өңір электр жүйесінің сенімділігін арттырды. Әкім ерекше атап өткен бағыт – ауылды сумен қамтамасыз ету. Үкіметтің қолдауының арқасында ауылдық елді мекендердің 100%-ы сапалы сумен қамтылды. Биыл сумен жабдықтауды дамытуға рекордтық 74 млрд теңге бөлінді, бұл көрсеткіш соңғы үш жылдағыдан екі есе жоғары. Оның ішінде 44,9 млрд теңге – қайтарылған активтерден түскен қаражат. Жұмыстар аяқталуға жақын, іске қосу-реттеу шаралары жүріп жатыр, ең бастысы – су ауылдарға жетті. 

Облыстағы автожолдардың ұзындығы 8,4 мың км, бұл көрсеткіш бойынша өңір елімізде екінші орында. Биыл 1,1 мың км-ден астам жол жөнделді: оның 467 км – республикалық, 540 км – жергілікті, 100 км – елді мекенішілік жолдар. Ауқымды реконструкция Петропавл – Жезқазған және Мамлютка – Қостанай бағыттарындағы республикалық жолдарға жүргізілді, бұл учаскелерге соңғы он жылда бірінші рет жөндеу жасалды. Нәтижесінде тұрғындар мен бизнес үшін жыл бойы үздіксіз қатынау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

«Қалалар мен ауылдарға ерекше назар аударылуда. 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшелер толық асфальтталмақ. Соңғы үш жылда Петропавл қаласының 63 көшесіне алғаш рет асфальт төселді. Биыл шекаралық аудандарды қоса алғанда, бұрын-соңды асфальт болмаған 51 елді мекенде жол жөндеу жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша жергілікті желідегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ға, республикалық желі бойынша 88%-ға жеткізілді», — деп мәлімдеді облыс әкімі.

Солтүстік Қазақстан облысы су тасқынынан қорғау бойынша ұзақмерзімді шешімдерге көшіп жатыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, 2024–2025 жылдары Петропавл қаласы мен оның маңындағы елді мекендерді Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қалада үш, Қызылжар ауданында үш бөгетті қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

«Қорғаныс нысандарының биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 метрге жеткізілді – бұл 2024 жылғы тасқын деңгейінен 1,5 метр жоғары. Жергілікті бюджет есебінен Заречный кентінде және Петропавл айналма жолының бойында қосымша екі топырақ вал салынды. Сонымен бірге гидроузелден төмен орналасқан Есілдің 32 км арнасын түбін тереңдету және тазарту жобасы дайындалуда, бұл өзеннің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Есілдің жайылмасында орналасқан Заречный кенті су басу қаупі ең жоғары аймақ ретінде белгіленді, сондықтан тұрғындарды қауіпсіз аймаққа толық көшіру туралы шешім қабылданды. 90 пәтерлі алғашқы бес қабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын, жыл соңына дейін алғашқы қоныстанушылар өз үйлеріне кіргізіледі», – деді ол.

2024 жылғы су тасқыны кезінде Петропавл қаласы іс жүзінде сусыз қалды, сондықтан СҚО әкімі аппараты қала үшін резервтік су көзін құру жобасын бастады. Қазіргі уақытта «Қызылжар Су» ЖШС-нің су тазарту станциясына шығару арқылы су құбыры желілері мен сорғы станциясын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 15 желтоқсанға дейін жоба ақпараттық жүйеге жүктеліп, кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өту үшін мемлекеттік сараптамамен шарт жасалады.

2025 жылғы 18 қарашадағы жағдай бойынша НС-1 сорғы станциясының құрылыс орны анықталды, электрмен жабдықтауға техникалық шарттар алынды, құрылысқа арналған жер учаскелерін алу рәсімдері басталды. Сонымен қатар сорғы станциясын Есіл өзені бойында орналастыруға рұқсат алу үшін Есіл бассейндік инспекциясына өтінім берілді.

Соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, су тасқыны кезеңінде Прибрежное ауылына апаратын жол су астында қалып, ауыл іс жүзінде оқшауланып қалады – бұл азық-түлік жеткізуді, қызметтердің жұмысын және тұрғындардың қозғалысын қиындатады. 

Прибрежное ауылымен тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін КТ-85 «Қарғалы аралына кіреберіс» облыстық жолының бойында ұзындығы 73 метр болатын үш бөлікке бөлінген автокөлік көпірін салу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамада қаралуда. Жобаны жүзеге асыру жыл бойы қауіпсіз қатынауды қамтамасыз етіп, су тасқыны кезінде ауылдың оқшаулану қаупін төмендетеді.

Әлеуметтік сала, туризм нысандары қайта жаңғырды

Солтүстік Қазақстан облысында ауылдардағы мәдени, білім беру және спорт нысандары тек бюджет есебінен ғана емес, бизнес құрылымдарының белсенді қатысуымен де дамуда. Мұндай модель ауылдарды қолдаудың ең тиімді тетіктерінің бірі болып отыр.

«Мәдениет саласында ауылшаруашылық тауар өндірушілері нысандарды өз қаржысы есебінен салып, жаңғыртып жатыр. Айқын мысал – "Дайындық Агро" ЖШС басшысы тұрғызған Дайындық ауылындағы жаңа мәдениет үйі. Білім беру саласында да бизнестің үлесі жоғары: тек биылдың өзінде инвестициялар 2 млрд теңгеден асты. Бұл қаражатқа жаңа мектептер мен мини-орталықтар салынып, жұмыс істеп тұрған білім беру нысандарының материалдық базасы күшейтілуде. Еңбек ауылында жаңа мектеп, ал Дайындық ауылында мектепке дейінгі балаларға арналған мини-орталық ашылды», — деп атап өтті өңір басшысы.

Әкімнің баяндамасында айтылғандай, спорт саласында кәсіпкерлер ауыл жастары үшін инфрақұрылымды дамытуға көмектесуде. Дайындық, Шоптықөл, Новоникольское ауылдарында және Тайынша қаласында спорт алаңдары мен спорт нысандары салынды. «Дайындық-Агро», «ЭМ-СИ АГРО», «Жана», «Зенченко и К» шаруашылықтары дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасауға белсенді атсалуда. 

Солтүстік Қазақстан облысы Батыс Сібір жазығының оңтүстігінде орманды-дала және жазық дала аймағында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Ақмола, ал батысында Қостанай облыстарымен шектеседі. Қатал климатқа және жаз мезгілі мерзімінің қысқалығына қарамастан, бұл өлкеде туризм қарқынды дамып келеді. Мұнда көптеген көрікті жерлер мен көркем орындар жетерлік, рекреациялық орындар да дамып келеді.

«Саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Имантау–Шалқар курорттық аймағында бүгінде 4 мыңға жуық орынға арналған 46 демалыс нысаны жұмыс істейді, олардың 9-ы жыл бойы қызмет көрсетеді. Қазір жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын заманауи жыл он екі ай істейтін эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салуға бағытталған 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды 2026–2027 жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы дамуда: соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеге 20,1 км жол жөнделді», — деп толықтырды Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сапалы байланыс қамтамасыз етілу үшін демалыс орындарына дейін талшықты-оптикалық интернет желісі тартылуда. Туристердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген: курорттық аймақта туристік полиция жұмыс істейді, Шалқар және Имантау көлдерінде екі модульдік құтқару бекеті орнатылды, жағалауды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысы үшін жағдайларды тұрақты бақылау қамтамасыз етілуде.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау жүйесіне қолдау едәуір күшейтілді: материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінген қаржы 1,5 есе өсіп, 8,5 млрд теңгені құрады, күрделі жөндеу көлемі екі есе артты. Бұл медициналық ұйымдардағы жағдайды айтарлықтай жақсартты.

Соңғы үш жылда 600 бірлік заманауи техника сатып алынды – МРТ, КТ аппараттарынан бастап ангиографтар, эндоскопиялық жүйелер және эксперт деңгейдегі УДЗ аппаратына дейін. Бұл тек формалды жаңарту емес: тексеру кезегі 2–3 есе қысқарды, ауруларды анықтау көрсеткіші орта есеппен 5–15%-ға өсті.

Онкологиялық науқастарды емдеуге арналған инновациялық сызықтық үдеткіштің енгізілуі ерекше маңызға ие. Ангиографтардың орнатылуы қан тамырлары патологияларын анықтауды 9%-ға арттырса, цифрлық маммографтар сүт безі қатерлі ісігінің ерте анықталуын 13%-ға жақсартты. Мұның бәрі – ерте диагностика мен тиімді емдеуді қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыс.

Солтүстік Қазақстан облысында цифрлы өңір жобалары жүйелі түрде іске асырылуда. 2028 жылға қарай ауылдардың 98%-ы интернетке қосылады, бұл білімге, медицинага және мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділіктің негізгі факторына айналады.

Халыққа қызмет көрсету саласында «ақылды қала» және «ақылды аудандар» қалыптасуда: коммуналдық шаруашылыққа смарт-есептегіштер енгізілуде, әр ауданда 109 қызметі жұмыс істейді, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару автоматты түрде бақыланады, жолаушылар ағыны цифрлық датчиктер арқылы есептеледі. Бұл шығындарды азайтып, инфрақұрылым сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында телемедицина кешендері, PACS жүйелері және жасанды интеллектке негізделген диагностикалық алгоритмдер енгізілуде. Олар ауылдарда мамандар тапшылығын шешуге және қорытындыларды алу мерзімін қысқартуға көмектеседі. Білім беру саласы толық цифрлық трансформацияға өтуде: мектептерде жасанды интеллект құралдары, дербестендірілген оқыту жүйелері және заманауи цифрлық сервистер қолданылады, университет, колледждер және SKO Hub арқылы IT-кадрларды даярлау кеңейтілуде.

Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласына облыс бюджетінің шамамен үштен бірі бөлінеді. 35 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілді, мектептердің материалдық-техникалық базасы 2,9 млрд теңгеге жаңартылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аяқталып, облыс орталығында 1200 орындық екі мектеп салынды. Мектепке дейінгі білім беру саласында Петропавл қаласындағы «Жас Өркен» жаңа ықшам ауданында 280 орындық балабақша құрылысы аяқталуда.

Айрықша назар шағынкомплекті мектептерге аударылған, олардың үлесі өңірде 74% құрайды. «Қазақстан халқына» қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен ауқымды жұмыс жүргізілді: 13 тірек мектепте жабдық жаңартылды, 39 шағынкомплекті мектепке жасанды интеллект элементтері бар 80 STEM-зертхана орнатылды. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты айтарлықтай қысқартып, балалардың заманауи білімге қолжетімділігін кеңейтеді.

Қозыбаев Университетінің Аризона университетімен үш жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан серіктестігі нақты әрі айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Қазір бірлескен білім беру бағдарламаларында 1200-ден астам студент оқып жатыр, олардың 350-і – қос дипломды бағдарламаларда. Бұрын университетке негізінен жергілікті талапкерлер түссе, бүгінде әр төртінші студент – Қазақстанның басқа өңірлерінен немесе шетелден келген жастар. Бұл университеттің тартымдылығы артқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда IT, агротехнология, биология, инклюзивті білім беру сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша 16 білім беру бағдарламасы бірлесіп іске асырылуда. Пәндердің шамамен 30%-ын шетелдік оқытушылар береді, олардың қатарында Аризона университетінің 20 профессоры бар. Алғашқы 30-дан астам қос дипломды түлектің шығарылымы келесі жылы күтілуде.

Сонымен бірге университет ғылыми бағытты күшейтуде: ғылыми зерттеулерден түсетін кіріс төрт есеге жуық өсіп, 1,3 млрд теңгеге жетті. Күкірттен экологиялық материалдар жасау, су сапасын зерттеу, агрогеномика бойынша жобалар іске қосылды. Бұл өңір экономикасы мен аграрлық секторына қажетті нақты әзірлемелер.

Осылайша, жоба студенттерге де, өңірге де пайда әкелуде: университет халықаралық деңгейге шығып, жастар күшті бағдарламалар мен шетелдік профессорларға қол жеткізуде, ал өңір жаңа ғылыми шешімдер мен қалыптасып келе жатқан білім беру хабын иеленуде.

Облыс спорт саласында да сенімді даму көрсеткішін көрсетіп отыр – инфрақұрылым да, спортшылардың нәтижелері де өсуде. Қалалар мен аудандарда жаңа спорт нысандары белсенді салынуда, барлық аудандар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылған, ал Президенттің тапсырмасы бойынша елді мекендерге жасанды жабындысы бар мини-футбол алаңдары орнатылуда.

«Облыста 225 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты айналысады, бұл халықтың 43%-ы. Соңғы үш жылда тағы 40 мыңға жуық адам спортқа тартылған. Тек бір жылдың ішінде 1200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 240 мыңға жуық адам қатысты», — деп атап өтті әкім.

Өңірдің ерекше мақтанышы – халықаралық аренадағы спортшылардың жетістіктері. 2025 жыл облыс тарихындағы ең жарқын жылдардың бірі болды. Наталья Богданова бокстан әлем чемпионы атанып, ересектер арасында СҚО-дан шыққан алғашқы «алтын» иегері болды. Ербол Хамитов парабиатлон бойынша Әлем кубогының Хрустальды глобусын жеңіп, әлем чемпионы және бірнеше дүркін жүлдегер атанды. Әлем, Азия және Азия ойындарының медальдарын өңірге Надежда Морозова, Мейіржан Беркетов, Аслан Асылбеков, Ярослав Филипов, Кирилл Полышев, Махаббат Ұмытжанова, Полина Братчикова және Анна Стратан әкелді.

Бұл жетістіктер Солтүстік Қазақстан облысы спорт инфрақұрылымына жүйелі түрде инвестиция салып қана қоймай, жоғары жетістікті спорттың мықты мектебін қалыптастырып жатқанын көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс және аудан орталықтарын, сондай-ақ елді мекендер мен ауылдарды балалар футбол алаңдарымен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Солтүстік Қазақстан облысында бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде.

«Өңірде жалпы 595 елді мекен бар. Бүгінде олардың 161-інде жасанды жабындысы бар 197 мини-футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл 21 жаңа мини-алаң салынды, ал келесі жылы қосымша 43 нысан салу жоспарлануда. Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында облыстың 434 елді мекенін жасанды жабындысы бар мини-футбол алаңдарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, бұл мүмкіндігінше көп баланың футболмен үйінің жанында айналысуына жағдай жасайды», — деп түйіндеді облыс басшысы баяндамасын.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу