14 Желтоқсан 2024, 20:25

11 айдағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 109,1%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Биылғы басты міндет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау болды.
Жалпы өңірлік өнім
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен 11 айдағы қысқамерзімді экономикалық индикатор 109,1%-ды құрады, барлық негізгі салаларда оң динамика қамтамасыз етілді. Мәселен: өнеркәсіп 6,9%-ға өсті (ҚР – 2,7%, 5-орын); сауда – 13,2%-ға (ҚР – 8,2%, 6-орын); құрылыс – 20,6%-ға (ҚР – 10,3%, 11-орын); көлік қызметі – 21,0%-ға (ҚР – 8,1%, 4-орын).
Өңір экономикасының қарқынды дамуына мол инвестиция тарту оң әсер етті. Биыл облысқа 22,5% өсіммен 778 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ұлғаюымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та жыл санап нығаюда, дейді облыс әкімі.
Алматы облысында экспорт географиясының кеңеюі – аймақтың экономикалық дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі. Бүгінде облыс 63 елге өнім экспорттаса, оның 90%-ын өңделген өнім құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі $565 млн-нан $581 млн-ға дейін өсті.
«Бүгінде өсу нүктелерін қалыптастырып отырған облыс орталағы – Қонаев және жаңадан құрылған Алатау қалаларының дамуына қысқаша тоқталып өтейін. Соңғы үш жылда Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделді, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы жаңартылып, 41 аула, қоғамдық бақтар мен спорт алаңдары абаттандырылды», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ жалпы алаңы 133 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Оның айтарлықтай көлемін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырып (79,5 мың ш. м, 859 пәтерлі 19 үй), қаланың тартымдылығын арттыратын заманауи тұрғын үй кешендері бой көтерді. Бұған қоса, 900 орындық мектептің құрылысы аяқталды.
Орталық саябақ пен Қапшағай көлінің жағажай аймақтары жаңғыртылып, өткізілген ірі халықаралық шаралар – Qonaev International Balloon Fest фестивалі мен «Oceanman» ашық су жарысының арқасында туристер саны 6,5%-ға өсті.
Сонымен қатар келесі жылы әлемдік деңгейдегі төрт және бес жұлдызды брендтік екі қонақүйдің құрылыстары басталмақ. Бұл – туризм инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай дамытуға септігін тигізеді.
Қала бюджеті 2021 жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіп, 37 млрд теңгеден асты (2021 жылы – 9,2 млрд теңге). Жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 75,2 млрд теңгеге 7 нысан іске қосылып, 612 жұмыс орны құрылды. Олардың ішінде ірілері: «Оспанова Девелопмент» балық өнеркәсібі кешені, RUN Planet Organic алма өңдеу және шырын өндіру цехы, QAZAQ SMART ENERGO генерациялау және 2,2 МВт су электр стансалары.
Жалпы, әкімнің айтуынша, Қонаев қаласын дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда. Ол құжатта 187 іс-шара қарастырылған. 148-і бюджет қаражаты есебінен, 39-ы жеке инвестициялар есебінен. 2023-2024 жылдары 124 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Мемлекеттік сараптама аяқталған соң, құрылыс жұмыстарын бастау мүмкіндігі болады.
Баршаға мәлім, биыл 9 қаңтарда Президент Жарлығымен облыста Алатау қаласы құрылып, мамыр айында қаланың Бас жоспары, қазан айында шекарасы бекітілді. Оның жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Қ. Бозымбаевтың төрағалығымен Үкімет жанынан жобалық кеңсе құрылып, екі ай көлемінде өз қызметін атқаруда. Қала аумағында құрылған Арнайы «Алатау» экономикалық аймағы көлемі жағынан әлемде алғашқы үштіктің қатарына кіретін Орталық Азиядағы ең ірі аймақ екенін атап өту керек.
Алматы агломерациясы
«Алатауды заманауи қала ретінде дамыту үшін біз Сингапур мен Қытай елдерінен кеңесшілерді тарта отырып, халықаралық тәжірибеге сүйенудеміз. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым, көлік жүйесі және “ақылды” технологиялар арқылы қаланы басқару саласындағы жетістіктерімен танымал. Облыс орталығы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көптеген мәселелерін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді», — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жалпы, агломерацияны дамыту үшін Алматы қаласы мен облыс әкімдіктері арасында кеңес құрылып, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Оның аясында 3,37 трлн теңгеге 130 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Көзделген жобалар мегаполистен іскерлік белсенділікті қайта бөлуді ынталандырып, өңір үшін жаңа перспективалар ашады.
Былтырғы жылдан бері суару желілерін жаңғырту, Үлкен Алматы айналма жолына шығатын Тілендиев көшесінің құрылысы, жол және қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған бірқатар жоба басталды. Бүгінгі таңда айналма жолдың бойына жалпы инвестиция көлемі $775 млн жуық болатын бес халықаралық компания тартылды. Олар:
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейе түспек. Мұндай болжам жасауға Алматы облысы экономикасының үштен бір бөлігінен астамын (32,6%) өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені құрайтын агро-индустиралды аймақ болуы мүмкіндік беріп отыр.
Көлемі 1,5 трлн теңгеден астам өнеркәсіптік өндірістің шамамен 90%-ы өңдеу секторына жатады. Олардың ішінде көлемнің үштен екісі (68,4%) тамақ өнімдерін (23,6%), сусындарды (27,2%) және темекі өнімдерін (17,5%) өндіруге тиесілі.
«Көкөніс шырындарын өндіруде республикалық көлемнің 80%-ын, балмұздақ өндірісінің – 63%-ын, алкогольсіз сусындардың – 61%-ын, коньяк өнімдерінің – 73%-ын, шараптың – 57%-ын, сүзбенің – 49%-ын ала отырып, жетекші орынды иеленеміз. Өндіріс көлемін ұлғайту үшін жетекші әлемдік компаниялар тартылуда», — деді әкім.
Pepsi Co компаниясы 300 жұмыс орнын құра отырып, құны $175 млн болатын Lays чипсыларын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Облыс JTI және Philip Morris сияқты әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істейтін, елдегі темекі өнімдерін өндіруші жалғыз өңір болып табылады. Ағымдағы жылдың 10 айында темекі кәсіпорындары бюджетке 158,2 млрд теңге аударды, бұл жергілікті бюджетке түскен барлық салық түсімдерінің 37,4%-ын құрайды.
Бұған қоса, 2026 жылы кореялық KT&G компаниясы құны 80 млрд теңгені құрайтын тағы бір зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.
Өнеркәсіптік өндіріс
Облыс құрылыс материалдарын өндіруде де негізгі орынды алады: гипсокартонның республикалық көлемнің 80%-ы, сэндвич-панельдердердің 43%-ы, болат құбырлар мен профильдердердің 25%-ы Алматы облысында шығарылады.
«Биыл “Технониколь” компаниясы құны 44 млрд теңгені құрайтын еліміздегі жылу оқшаулағыш материалдарының ең ірі өндірісін іске қосып, 220 жұмыс орны ашылды. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың 20%-ын жауып, импортқа тәуелділікті азайтады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында вольфрам өңдеу бойынша Қазақстандағы алғашқы зауыттың ашылуы отандық тау-кен өнеркәсібі үшін тарихи оқиға болды. $300 млн-ды құрайтын жоба 1 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 3,3 млн тонна руда өңдеп, 65% вольфрам концентраты алынады. Бұл еліміздің әлемнің сирек кездесетін металдар нарығындағы орнын нығайтады.
Бұған қоса, биыл қазан айында Қытайға жұмыс сапары барысында Baoxin Metall, Datang, Dayu Irrigation компанияларымен металлургия, инфрақұрылым, ирригация салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды.
Индустриялық аймақтар
Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» 11-ші ынтымақтастық форумына қатысу жасыл даму мен тұрақты инфрақұрылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Өндірістік күштер мен еңбек ресурстарын үйлесімді орналастыру үшін жалпы ауданы 2 296 гектар болатын 7 индустриялық аймақ (Береке, Қайрат, Шелек, Қазыбек бек, Тасқарасу, Сұңқар, Жібек жолы) құру жұмыстары жалғасуда. Олар экспорттық өндірісті дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған.
Мысалы, «Береке» индустриялық аймағында жылына 25 мың тонна қайта өңдеу қуаты бар Fruit Art жеміс-көкөніс өнімдерін мұздататын сублимациялық зауыт салынды. «Қайрат» аймағында инвестиция сомасы 150 млрд теңгені құрайтын 26 компания орналастырылды, 3 560 жұмыс орны құрылмақ. «Қазыбек бек» және «Шелек» индустриялық аймақтарының жобалық жұмыстары аяқталуда. Қалған үш индустриялық аймақтың (Тасқарасу, Сұңқар, Жібек Жолы) негізгі бағыты агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады.
Агроөнеркәсіп кешені
Аграрлық сектор азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде 8% үлесімен еліміздегі көшбасшы өңірлердің бестігіне кіреді.
«Біз ет, көкөністер мен жемістер, картоп, жүгері, соя және күріш өндіруден республикадағы жетекші орындардың бірін алып отырмыз. Осы жылы 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 29 млрд теңге субсидия бөлінді. Президенттің тапсырмасына сәйкес салада суармалы егістікті ұлғайтуға басымдық берілуде. Бүгінгі таңда су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 20 мың гектардан 43,6 мыңға дейін ұлғайды», — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы (60-70%) су шығының артуына әкелуде. Сондықтан соңғы үш жылда 89,5 шақырым суару желілерін жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді.
Жақында Мемлекет басшысының қатысуымен Бакуде өткен саммит аясында Ислам даму банкімен елдің су ресурстарын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл қаржы институты $1 млрд 150 млн инвестициялауды жоспарлап отыр, оның бестен бір бөлігі немесе 115 млрд теңгесі Алматы облысына бағытталады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды бағыт – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға қосу. Анықталған 399 мың гектардың 86 мыңы қайтарылып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің белгілеген жоспары 123%-ке орындалды.
Мал шаруашылығында облыс құс (1 орын), қой мен ешкі (3 орын), ірі қара мал басының саны, сүт және жұмыртқа өндірісі (4 орын) бойынша жетекші орындарды иеленуде. Құс етін өндіруде 114,3 мың тонна көлемімен елімізде өндірілетін көлемнің үштен бірін ала отырып, көшбасшы болып саналады.
«Ендігі кезекте бастапқы өндірістен жоғары деңгейде қайта өңдеу өнімін шығару, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту маңызды міндеті тұр», — деді әкім.
Алматы облысының сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету үшін сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту бойынша 15 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылуда. 5,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу арқылы сүт өндірісі 31 мың тоннаға ұлғаяды.
Сондай-ақ етті өңдеу бойынша жылдық қуаттылығы 70 мың тонналық «Первомайские деликатесы», «Барон Фуд», «Макария», «Алель Агро», «Алатау құс», «Прима құс» сияқты танымал кәсіпорындар жұмыс істейді. Ауқымды жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 3 мың тонна, құны 2 млрд теңге болатын «КегенМясПром» ет комбинатының құрылысы аяқталу сатысында. Бұл етті өңдеу деңгейін 63,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, жыл басынан бері салада 5,1 млрд теңгеге 8 нысан іске қосылып, 130 жұмыс орны құрылды.
Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» президенттік бағдарламасы арқылы айтарлықтай қолдау көрсетілуде. 2023-24 жылдары 8,3 млрд теңгеге 1 094 жеңілдетілген несие берілді. Бұл 46 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға, 130 шағын және орта бизнес нысанын ашуға, сол арқылы ауыл халқының орташа табысын 258,4 мың теңгеден 293,4 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Шағын және орта бизнес
Бүгінде облыста кәсіпкерлік белсенділік қарқынды дамып келеді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі үш мегаполистен кейін 45% көрсеткішпен, елімізде төртінші орынды иеленді.
Осы жылдың 10 айында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 4,7%-ға өсіп, 143 мыңға жетті. 247 мыңға жуық адам немесе облыстың әрбір үшінші экономикалық белсенді тұрғыны осы салада жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері олар 1,6 трлн теңгеге өнім өндіріп, бюджетке 1,5 есе өсіммен 188 млрд теңге түсім берді.
Туризм
Алматы облысы үшін тағы бір орны ерекше бағыт – туризм.
«Біз шет елдерден келетін туристік ағын бойынша Алматы және Астана сияқты ірі қалалардан кейін 3-орында тұрмыз. Соңғы екі жылда келушілер саны 2 есеге өсті. Оның ішінде 128 мың турист – шетелдік қонақтар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 12 есе артық», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар Қазақстан туризмінің Қытай Халық Республикасындағы жылының аясында Қытайдан келген туристер ағыны 1,5 есеге жуық өсті.
Туристер ағынын ұлғайтуға ықпал ететін жергілікті және шетелдік қонақтарға бағытталған Tengri ultra Ұлы дала марафоны, «Қымызмұрындық» фестивалі, Іле-Балқаш регатасы, TAKLIMAKAN RALLY – 2024, Race Nation Kazakhstan 2024 авторалли сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
Биыл жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын бірқатар нысан іске қосылды. Олардың ішінде саумал терапиясына баса назар аударылатын таулы шатқалдардағы сауықтыру кешендері бар.
Сондай-ақ Қара каньонда инвестиция құны 1,5 млрд теңге болатын шыны көпір салу, 58 млрд теңгеге «Ой-Қарағай» курортын кеңейту сияқты ауқымды бастамалар бар. Бұған қоса Қонаев қаласында аквапарк салу жоспарланған. Мұндай жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени және іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді, дейді әкім.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету
Талдау көрсеткендей, облыс тұрғындарының өтініштерінің шамамен 60-70%-ы өмір сүру сапасына, яғни коммуналдық инфрақұрылымды, жолдарды жаңғырту және аула аумақтарын абаттандырумен байланысты. Негізгі сұрақтардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету.
«Қолданысқа берілетін тұрғын үй көлемі бойынша 901,3 мың шаршы метр көрсеткішпен елімізде 5-ші орынға ие болғанымызға қарамастан, кезек азаймай, бүгінгі күні 41,1 мың адамға жетті, оның 80%-ы халықтың әлеуметтік осал топтары санатында. Мұндай санаттағы азаматтар үшін 20,7 млрд теңгеге 1 304 жалға берілетін пәтер сатып алынады, 852 пәтер бюджет есебінен қолданысқа беріледі, бұл 2 156 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Алматы облысының әкімі.
Ал 35 жасқа дейінгі азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасының мүмкіндіктері қолданылуда. Оның аясында өткен жылдан бастап 84 жас отбасы жеке тұрғын үй сатып алу үшін 1,3 млрд теңгеге жеңілдікпен несие алды.
Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 4,6 млрд теңгеге 664 маман бюджеттік несие алды. Келесі өзекті деген инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мәселесі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында шешілуде.
Бағдарламалар шеңберінде биыл жалпы сомасы 47 млрд теңгеге 116 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, сумен жабдықтау және су бұру – 57, газбен жабдықтау – 25, электрмен жабдықтау – 25, жылумен жабдықтау – 8, абаттандыру – 1.
Инфрақұрылым
Азаматтардың өмір сапасына әсер ететін газдандыру деңгейі 51,4%-ды құрайды. Облыстың 146 елді мекені газдандырылды. Жыл соңына дейін тағы 8 ауыл қосылып, көгілдір отынға 1,2 млн адам (облыс халқының 78%) қол жеткізе алады.
Сондай-ақ 373 елді мекеннің 348-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, бұл республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар қалалар мен ірі елді мекендерді орталықтандырылған су бұру және тазарту құрылыстары бойынша да жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Қонаев қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 20,5 млрд теңге сомасына қуаттылығы тәулігіне 30 мың шаршы метр кәріз суын тазарту нысанын салуға шарт жасалды.
«Экономиканың тұрақты өсуі және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге септігін тигізді», — деді әкім.
Әлеуметтік қамсыздандыру
Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында жыл басынан бері 57 мың жұмыс орны құрылды. Тұрақты жұмыс орындарына 34 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Бұған қоса, бизнес-идеяларды іске асыру үшін әлеуметтік осал санаттағы 259 адам 400 айлық есептік көрсеткішке дейін грант алып, өз ісін ашты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасының цифрлық картасы іске қосылып, 487,6 мың отбасы тіркелді, бұл әлеуметтік көмекті тиімді және атаулы түрде бөлуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 5,1 млрд теңгеге 77,1 мың адам көмек алды.
Білім беру саласы
«Облыста демографиялық және көші-қон өсімімен бірге білім беру қызметтеріне сұраныс артып келеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында 14,2 мың бала бітірсе, 1-сыныптарға 37,6 мың оқушы қабылданды, сонымен қатар басқа сыныптарға келген балаларды есепке алғанда, олардың жалпы саны 14 мыңға артып отыр. Сондықтан үш ауысымды оқыту мәселесі өзекті мәселенің бірі. Бүгінде осындай 37 мектеп бар», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұл мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 24,9 мың орындық 26 мектептің құрылысы басталды. Жыл басынан бері 9 мың орындық 9 мектеп, оның ішінде 2 мектеп «Болат Өтемұратов» қорының есебінен және 1,5 мың орындық ALTYN ADAM жеке инновациялық мектебі ашылды. Жыл соңына дейін 6,3 мың орындық тағы 5 мектепті қолданысқа беру көзделген.
Жалпы, соңғы үш жылда білім беру саласына 965 млрд теңге бағытталды.
Осы кезеңде оқытушылар құрамының саны 7,3 мыңға артты, 78 мектепті жаңғырту және 62 білім беру ұйымдарын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдан бері 143 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында білім беру сапасының деңгейі 66,4%-тен 67,9%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелерге қатысуды есепке алу бойынша QR-код жүйесін енгізу кезектілікті өткен жылғы 8,7 мыңнан биыл 5,5 мыңға дейін төмендетуге және бір айда 800 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі басқару процестерін айтарлықтай жақсартады және ата-аналар мен қызметкерлерге қолайлы болып табылады.
Денсаулық сақтау саласы
Білім берумен қатар, сапалы медициналық көмек көрсету де басымдықтардың бірі.
Бүгінде 47 медициналық нысан салынып жатыр, оның 38-і «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған.
Биыл Корея Республикасының Хюндэ ауруханасымен 200 төсектік көпсалалы аурухана салу туралы меморандум жасалды. Құны $37 млн болатын жоба кардиология, нейрохирургияның күрделі ауруларын емдеуге мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 79%-дан 90%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ әкімдіктің гранты бойынша осы жылы 53 резидент оқуды аяқтап, облыс аудандарына жұмысқа жіберілді. Бұл дәрігерлік кадр тапшылығын 125-тен 61-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Мәдениет және спорт саласы
Райымбек және Кеген аудандарында мәдениет үйлері салынды. 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Кеген ауданындағы екі мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту аясында іс-шаралар ұйымдастырылды. Туған ауылы Нарынқолда жазушыға ескерткіш орнатылып, орталық саябаққа есімі берілді. Сондай-ақ шығармалары шет тілдеріне аударылды. “Менің атым Қожа” кітабы француз тіліне аударылып, Парижде тұсаукесері өтті», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар облыста көру қабілеті бұзылған балаларға арналған Брайль шрифтімен басылған еліміздегі алғашқы қазақ тіліндегі «Айналайын» кітабы жарық көрді. Кітап жасау бастамасы белгілі қазақстандық ақын Мақпал Мысаға тиесілі. Бұл жинақ балалардың дамуына тең мүмкіндіктер беріп, толыққанды өмір сүрулеріне ықпал етеді.
Спортты дамыту мақсатында Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері және Іле ауданында Облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылды.
Әлемдік ареналарда шеберліктің жоғары деңгейін көрсете отырып, соңғы үш жылда 22 спортшы алтын медаль иегерлері атанды. Биылғы Олимпиада ойындарында балуан Демеу Жадыраев күміс медаль жеңіп алды. Ал, «Ирбис – Алатау» командасы баскетболдан ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының 32-чемпионатында 1-орынды, ALATAU жастар командасы еліміздің құрама командалары арасында ҚР жастар чемпионатында 3-орынды, ҚР күзгі чемпионатында 2-орынды иеленді.
Сондай-ақ спорт сүйер қауым үшін Қонаев қаласында 26 мамырда Qazaq Marathon командасы ұйымдастырған жүгіруден жарысқа 1 500 адам қатысты. Сонымен қатар облыста үшінші жыл қатарынан Oceanman Kazakhstan танымал халықаралық ашық суда жүзу жарысы өтуде. Мұндай жарыстар бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, халықтың салауатты өмір салтын ұстануында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Қоғамдық қауіпсіздік
Өңірде полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыру мақсатында қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді: 2022 жылы – 8,9 млрд теңге болса, биыл екі есе артып, 17,8 млрд теңгеге жетті. Материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылуда.
Биыл 32 бірлік қызметтік автокөліктер мен арнайы құралдар сатып алынды. Өткен жылы ғана тұрғын үймен біріктірілген полицияның 12 учаскелік пункті пайдалануға берілді, тағы 31-ін 2028 жылға дейін салу жоспарлануда. Полиция органдарындағы кадр тапшылығы 600-ден 200-ге дейін қысқартылды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9 100 камера, 325 «Сергек» зияткерлік кешені, 10 мобильді кешен және 10 шағын-жедел басқару орталықтарын орнату бойынша жоба іске асырылып жатыр.
Қабылданған шаралардың арқасында полиция департаменті салған әкімшілік айыппұлдар өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге өсіп, 9,2 млрд теңгені құрады. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда жалпы қылмыстар саны артқанымен, ауыр қылмыстар 8,8%-ға азайды, дейді әкім.
Бұған қоса, кәмелет жасына толмағандар арасында 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді, соның нәтижесінде қылмыстардың 11,5%-ға төмендеуі байқалды.
Қоғамдық қауіпсіздіктің тағы бір бағыты – өрт қаупісіздігін қамтамасыз ету. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бюджеті 2022 жылғы 800 млн теңгеден биыл 2,2 млрд теңгеге дейін немесе 2,7 есе ұлғайды.
Облыс аумағында өрттен қорғау үшін 13 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Жергілікті бюджет есебінен Райымбек ауданы Нарынқол ауылында модульдік өрт сөндіру депосы салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынып жатқан «Қайрат» индустриялық аймағында модульдік депо аяқталу сатысында.
Сондай-ақ биыл авариялық-құтқару автокөліктерін сатып алу үшін 1,3 млрд теңге бөлінді. 50 бірлік сиреналық-сөйлеу құрылғысы (324,5 млн теңге) сатып алынды.
Жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарының 3,7 мың отбасылары есепке алынды, 460 үйде улы газ датчигі орнатылды.
Кешенді жұмыстардың нәтижесінде орман өрттерінің саны 37%-ға, орман өрттерінің аумағы 77%-ға, материалдық залал сомасы 82%-ға азайды.
#Баспасөз конференциясы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Инвестициялар #Спорт #Туризм #Экономика #Әлеуметтік қорғау«Сіздерді Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстармен қысқаша таныстырдым. Алматы облысы рекордтық көрсеткіштер көрсетіп, ірі халықаралық ойыншылардың назарын аударып, ел экономикасындағы өз орнын нығайтуды жалғастыруда», — деп түйіндеді сөзін Марат Сұлтанғазиев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу