14 Маусым 2023, 19:58
Мемлекет басшысының жаңа облыстар құру туралы Жарлығы күшіне енген күніне арналған көшпелі баспасөз мәслихатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен Алматы өңірінің аумақтық және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеме жасады.
Бір жыл бұрын Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілген болатын. Өңір бүгінде қарқынды даму үстінде. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев баспасөз мәслихатында айтып өтті.
Оның сөзіне қарағанда, өңдеу өнеркәсібі өңір экономикасын дамытудың локомотиві болып отыр. Бұл саладағы өсім 11,5%-ды құрады. Жалпы, облыс экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалады.
«2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша барлық салаларда тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім 4 триллион 249 млрд теңгеге жетіп, 106,3%-ға өсті, бұл – республика бойынша үшінші орын. Осы жылдың төрт айында өсу қарқыны сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,7%-ға, сауда көлемі 20,7%-ға, құрылыс жұмыстары 1,8%-ға, ауыл шаруашылығы 0,6%-ға өсті», — деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жалпы Алматы облысы агроөнеркәсіптік аймақ ретінде танымал, онда өңдеуші сектор маңызды рөл атқарады, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы да бар.
«Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімінің үштен бірін өнеркәсіп өнімі құрайды. Экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90%-ға немесе 503 млрд теңгеге жетті. Өз кезегінде өңделген өнімдер экспорты 20%-ға өсіп, шамамен $600 млн-ды құрады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Оның сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіп кешенінде құс және құс етін өндіру бойынша облыс көш бастап тұр, ал қой мен ешкі басы, жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын және картоп өсіру бойынша республикада көшбасшылар үштігіне кіреді.
«Дәстүрлі салалармен қатар біз жаңа бағыттарды зерттеуді көздеп отырмыз. Ең алдымен, экспортқа бағытталған жаңартылатын энергия көздері туралы айтқым келеді. Осы әлеуеттің арқасында Алматы облысы Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдеріндегі ірі энергетикалық хаб және серіктес бола алады», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде тағы екі перспективалы сала – тау-кен металлургия өнеркәсібі мен балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда.
«Біздің облыс пайдалы қазбаларға бай. Көмір, мыс, алтын, уран және басқа да полиметалдардың қоры зерттелді. Алғаш рет ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Тау-кен институтының көмегімен Алматы облысының тау-кен металлургия кешенін дамыту бағдарламасы әзірленді», — деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиев атап көрсеткендей, Алматы облысында жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 91%-ды құрайды.
Өңірде әлемдік стандартқа сай 312 шақырым жол төсемі салынады. Алматы облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 5652 шақырым болса, оның 1786 шақырымы республикалық, 3866 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар.
«Жылдан жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 91%-ды құрайды», — деді облыс әкімі.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде республикалық маңызы бар «Күрті – Бурылбайтал» (166 шақырым), «Ұзынағаш – Отар» (42 шақырым), «Қапшағай-Күрті» (67 шақырым) және «Шамалған стансасының айналма жолы» автомобиль жолдарының құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық учаскелер бойынша жұмыстарды аяқтау 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Соның нәтижесінде облысқа халықаралық стандартқа сай 312 шақырым жол ел игілігіне беріледі.
«Тас жолдар облыс басшылығының ерекше бақылауында. 2022 жылы жол құрылысы мен жөндеуге 34,9 млрд теңге бөлінді. Биыл барлығы 217,3 шақырым облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған», — деді ол.
Брифинг барысында облыс басшысы Алматы облысында шағын және орта бизнес саласының тыныс-тіршілігіне тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы облысында 128 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істесе, онда 223,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі атап өткендей, қолға алынған жобалардың арқасында экономика тиімділігінің басты факторы саналатын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,4 есеге артқан. Жалпы облыста шағын орта бизнес жалпы өңірлік өнімнің 42%-ын құрайды. Республика бойынша Алматы облысы І орында.
Жалпы жұмыспен қамтылған халықтың үштен біріне жуығы аталған салада жұмыс істейді. Биыл Алматы облысында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
«2030 жылға қарай инвестиция деңгейін арттыру міндетін орындау үшін 30,2 мың жұмыс орнын құрумен 3,9 трлн теңгені құрайтын 231 жобаны қамтитын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Ал биыл 70,9 млрд теңге инвестициямен 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, соның арқасында 600-ден астам адам жұмыс таба алады. Өткен жылдан бері шетелдік және отандық инвесторлармен 40-тан астам іскерлік кездесулер өткізіліп, 462,5 млрд теңге инвестицияның тұрақты ағынын қамтамасыз ететін 50 меморандум мен келісімдерге қол қойылды», — деді облыс әкімі.
Олардың ішінде ең маңызды инвестициялық жобалар:
М. Сұлтанғазиевтің айтуынша, осы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі елімізде тауарлы-сүт фермаларын (ТСФ) дамыту және кеңейту үшін инвестициялық жобаларға 100 млрд, Алматы облысы бойынша жобаларды қарау қорытындысы бойынша 15,0 млрд теңге мақұлданып, қолданыстағы ТСФ құру және кеңейту бойынша 12 инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінді. Облыс аумағында 10 құс фабрикасы бар, оның 6-уы ет өндіруші, 4-еуі жұмыртқа өндірісіне бағытталған. 2022 жылы «Наурыз Агро ЛТД» ЖШС-нің инкубациялық жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы іске қосылды, ол толық қуаттылыққа шыққанда облыстың инкубациялық жұмыртқа мен тауықтарға қажеттілігін өтейді.
«2023 жылдың наурыз айында Ұйғыр ауданында қуаттылығы жылына 35 мың тонна құс етін өндіретін “Прима-кус” құс фабрикасын салу және 400 жұмыс орнын құру жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылға дейін бұл құс фабрикасының өндірістік қуатын жылына 100 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. 2023-2025 жылдарға Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 15,0 мың тонна болатын “Белес Агро” құс еті фермасын салу жоспарлануда», — деді өңір әкімі.
Сондай-ақ М. Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2023 жылы «KS Genetics Kazakhstan Ltd» ЖШС-нің жалпы инвестиция көлемі 21 841,7 млн теңгені құрайтын және өндірістік қуаты жылына 50 000 тонна экспортқа бағытталған мал шаруашылығы кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Іле ауданында «FRUITART» ЖШС инвестиция сомасы 50,0 млрд теңге болатын мұздатылған кептірілген жемістер мен жидектерді жеткізу бойынша терең өңдеу және шок мұздатудың инновациялық технологиялары бар экспорттық жеміс-жидек кластері жобасы жұмыс істей бастайды.
Іле ауданында «Fruit Art» ЖШС жобасы – 350 жұмыс орнына арналған, инвестиция сомасы 50,0 млрд теңге болатын мұздатылған, кептірілген жемістер мен жидектерді жеткізу бойынша терең өңдеу және шокпен мұздату бойынша инновациялық технологиялары бар экспорттық жеміс-жидек кластері жұмыс істей бастайды. Бүгінгі күні бұл – өнімдерді сублимациялау бойынша Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.
Сондай-ақ облыс әкімінің сөзіне қарағанда, осы жылдың жоспарында Еңбекшіқазақ ауданындағы «AGRO Baltabay» ЖШС-ына тиесілі 6 000 бас малға арналған бордақылау алаңының, Кеген ауданындағы жобалық қуаттылығы жылына 15 тонна ет өңдеуге арналған «Кеген Мясо Пром» ЖШС-ының, Райымбек ауданындағы «Карасаз Агро» ЖШС-ның жобалық қуаттылығы жылына 100 тонна форель фермасының, Қонаев қаласындағы «Green Land Alatau» ЖШС-ның жобалық қуаттылығы жылына 30 000 тонна жылыжай кешенін кеңейту, Қарасай ауданындағы «AGRO MODERN» ЖШС-ның жобалық қуаттылығы жылына 1 200 тонна 5,0 га жылыжайы, Қонаев қаласында «AIBI-I» ЖШС-ның жобалық қуаттылығы жылына 5 000 тонна жылыжай кешенінің, Талғар ауданында «Номад» жеке кәсіпкерлігінің сыйымдылығы жылына 30 000 тонна көкөніс қоймасының құрылыстары бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру Алматы облысының және ішінара Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Брифингте белгілі болғандай, Алматы облысында туризм саласына құйылған инвестиция көлемі 9,9 млрд теңгені құраған.
Марат Сұлтанғазиев брифингте туризм саласын дамыту басым бағыты екенін атап өтті. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде облыс келесі мақсатты алға қойып отыр – туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасау, ішкі және келетін туристер санын арттыру, сондай-ақ осы салаға инвестиция көлемінің өсуін арттыру.
«Алматы облысы бірегей табиғи әлеуеті мен бай тарихи-мәдени мұрасы, жалпы туризмді дамыту үшін дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы бар еліміздің қаржылық, мәдени, туристік, білім беру орталығы саналады. Өткен жылы бұл салада 21 жоба жүзеге асырылып, 9,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылды, көрсетілген қызмет көлемі 1,4 есеге өсіп, 6,6 млрд теңгені құрады. “Іле-Алатау”, “Шарын”, “Көлсай көлдері” ұлттық саябақтарына млн-ға жуық адам келген. Шаңғы туризмінің әлеуеті бүгінде тәулігіне 7,5 мың шаңғышыдан 2030 жылға қарай 50 мыңға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Тау кластерін дамыту есебінен облыс экономикасындағы туризм үлесі 2021 жылы 3%-ды құраса, 2025 жылға қарай 6%-ға дейін арттыру жоспарлануда», — деді М.Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының айтуынша, Алматы облысында «Ауыл аманаты» кіші бағдарламасы іске қосылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Алматы облысының ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. “Ауыл аманаты” ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағдарламасына Қонаев, Есік, Талғар және Қаскелең қалаларынан бөлек облыстың барлық 133 ауылдық округтері қатысуда. 6 аудан бойынша 22 млрд теңгеге 3 582 өтініш, оның ішінде 4,645 млрд теңгеге 646 өтініш қандайда бір ескертулерсіз қабылданды. Қазіргі уақытта “Қонаев” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қарауына 1 289,4 млн теңгеге 187 өтініш ресми түрде қабылданды. Ұсынылған құжаттарды сараптау бойынша жұмыстар жүргізіліп, 180,4 млн теңгеге 27 өтініш қанағаттандырылды», — деді М. Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, Бағдарлама шарттарына сәйкес берілетін несиелердің ең жоғары мөлшері жеке кәсіпкерлер үшін 2 500 АЕК дейін (8 625,0 мың теңгеге дейін), кооперативтер үшін 8 000 АЕК дейін (27 600,0 мың теңгеге дейін) құрайды.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда облыста 11 кооператив тіркелген. Енді тағы да бірқатар кооператив құру жоспарлануда. Нақтылай айтқанда, Жамбыл облысында – ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу бойынша 2, Райымбек ауданында – картоп өсіретін 2 және асыл тұқымды мал өсіретін 1, Кеген ауданында – асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған 5, Ұйғыр ауданында – асыл тұқымды мал өсіру бойынша 2 кооператив құру жоспарланып отыр. Әрбір кооперативті құру кезінде кемінде төрт жұмыс орны ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құрылған осы кооперативтер негізінде 88 жұмыс орны ашылады.
Абай облысында болған соңғы оқиғаларға байланысты Алматы облысы аумағын өртке қарсы қорғауды күшейту мәселесі өткір тұр. Айтпақшы, бүгінгі күні облыста мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 13 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді, онда 109 бірлік техника бар, бұл норманың 85,3%-ын құрайды.
Облыстың елді мекендерін толық қорғау үшін қосымша кемінде 18 өрт сөндіру техникасын алу қажет. 2019-2022 жылдар аралығында облыста 49 өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен Райымбек ауданы Нарынқол ауылында 2 шығуға арналған өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2023 жылы Кеген ауданы Кеген ауылында 2 автокөлікке арналған құрамалы құрылымдардан модульдік өрт сөндіру бекетін салуға 459 млн 838 мың теңге сомасында жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес 2023-2024 жылдар кезеңінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен тағы бір 2 автокөлікке арналған Қарасай ауданы Шамалған стансаасында және Талғар ауданы Нұра ауылында 2 өрт сөндіру бекеттерін салуға жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Әзірлеу сатысында Қонаев қаласында 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 18 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасын сатып алу жоспарлануда.
Облыс аумағында 3,2 млн гектар жер, мемлекеттік орман қорының ерекше қорғалатын аумақтарын алып жатыр, оның 1,6 млн гектары орман.
Табиғи өрт қаупін азайту мақсатында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар күштер мен құралдарды тарту, сондай-ақ байланыс схемалары, халықты хабардар ету және ескерту жоспарларын реттеп отыр. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар арасында табиғи өрттің алдын алу шараларын жүргізуде.
Елді мекенге іргелес 124 аумақта құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қалдықтар тазартылған. Орман өрттерін жоюға дайындықты қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 81 млн 414 мың теңге бөлінген.
«Ел сенімін ақтау үшін, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық және руханияты мен мәдениеті деңгейін арттыру үшін, қоғам мен халықтың оң бағасын алу үшін, өңірдегі жергілікті органдар қызметкерлері аянбай жұмыc атқаруда», — деп түйіндеді сөзін Марат Сұлтанғазиев.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу