Астық жинау науқаны аяқталуға жақын

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы егін жинау науқанының барысы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компания» АҚ басқармасының төрағасы Асылхан Джувашев астық орағы кезінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтер беріп, журналистердің сұрағына жауап берлді.

Қазақстанда 2025 жылғы астық жинау науқаны өз мәресіне жетіп келеді. Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, аграршылар техникамен, жанар-жағармаймен және қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы баяндама жасаған ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлады.

«Егін жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, шаруалар уақтылы техникамен, жанар-жағармаймен және тиісті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрады, оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Жинау жұмыстары дер кезінде басталды, ал дәнді-дақылдар бойынша науқан аяқталуға жақын. Бүгінгі күні республика бойынша 15,8 млн гектар немесе егіс алқаптарының 98,4%-ы орылып, орташа өнімділік гектарына 16,8 центнер деңгейінде 26,4 млн тонна астық бастырылды. Осылайша, бұған дейін айтылғандай, рекордтық көлемде өнім алу күтілуде, бұл ішкі нарықтың азық-түлік, мал азығы және тұқымдық астыққа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, дәстүрлі экспорттық нарықтардағы көлемді сақтауға және жаңа бағыттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары мен аграршылардың жауапкершілігінің арқасында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетуде. Негізгі басымдық тиімділікті арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және қайта өңдеу саласын дамытуға берілуде. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жоғары қосылған құны бар экспортты арттыруға мүмкіндік береді», — деді вице-министр Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, Бүгінгі күні бидай 12 млн гектардан астам немесе 98,8% алаңнан жиналып, орташа өнімділігі 16,5 ц/га болатын 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Арпа мен сұлы бойынша 4,2 млн тонна өнім жиналды, алаңның 99%-ы орылды. Сонымен қатар, 127 мың гектар немесе 72,8% жүгері алқабы жиналып, 830 мың тонна өнім бастырылды.

Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары аясында дәнді-бұршақты және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда: 773 мың гектар немесе 99% бұршақты дақылдар орылып, ел тарихында алғаш рет 1 млн тонна өнім жиналды. Сол сияқты майлы дақылдар бойынша да шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық өнім алу күтілуде. Қазіргі уақытта 2,7 млн гектар немесе 68%-ы жиналып, 3,2 млн тонна майлы дақыл бастырылды. Дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өндірісінің ұлғаюы шаруаларға жақсы табысты қамтамасыз етіп, келесі ауыл шаруашылық маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.

Республика бойынша картоп 130 мың гектардан немесе 99% алаңнан жиналып, 2,9 млн тонна өнім алынды. Көкөністер 127 мың гектардан немесе 98% алаңнан жиналып, 3,9 млн тонна өнім алынды. Бақша дақылдарының жинау жұмыстары аяқталды, 94 мың гектар алаңнан 2,6 млн тонна өнім жиналды.

Аграрларға көрсетілген жеңілдетілген қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңге бөлініп, оның 502 млрд теңгесі игерілді. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына ерте қаржыландыру тетігі іске қосылды. Лизинг бағдарламасы аясында 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жалпы құны 253 млрд теңге болатын өтінім түсті. 

«Астық жинау науқанының үздіксіз өтуі үшін фермерлер техникамен және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Науқанға 139 мың трактор, 31 мың астық комбайны және 17 мың орақ машинасы қатысуда, оның ішінде 4,2 мыңнан астам заманауи John Deere және CLAAS комбайндары бар. Егін жинау жұмыстарына 254 теңге/литр бағамен, яғни нарықтық құнынан 20%-ға арзан, 422 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда оның 332 мың тоннасы немесе 79%-ы тиеліп берілді. Біз дизель отыны мен техниканы жеткізу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстадық. Барлық түйткілді жағдайлар дер кезінде шешіліп отырды, сондықтан ешбір фермер қолдаусыз қалған жоқ», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша келесі жылғы өнімге арналған тұқым қоры жоспарлы түрде қалыптасуда. Қазіргі таңда 2 млн тонна тұқым, яғни қажеттіліктің 91%-ы себуге дайын. Оның ішінде 1,8 млн тоннасы (94%) – дәнді дақылдардың үлесінде. Сондай-ақ майлы, мал азықтық дақылдар мен картоптың тұқымдық материалы белсенді дайындалуда. Ел бойынша астық сақтау сыйымдылығы 30 млн тоннадан асады, оның ішінде 13 млн тоннадан астамы – лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында. Бүгінгі күні бұл нысандарға жаңа өнімнен 6,7 млн тонна астық тапсырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Брифинг барысында журналисттер спикерлерге тыңайтқыштар, жанар-жағармай, зиянкестермен күрес, вегетация кезеңі туралы өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Солардың бірқатарына ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова жауап берді.

«Мемлекеттік қолдау шаралары егін жинау науқанының барлық циклын қамтыды. Ол жанар-жағармайдан бөлек қаржыландыруға да қатысты болды. Жылдық 5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер берілді. Сол сияқты табиғи жағдайға байланысты кептіру шараларына Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, қосымша 40 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазір ЖЖМ бойынша ешқандай тапшылық жоқ. Ал оның сапасына қатысты, таратуға қатысты мәселелер тиісті органдармен жедел түрде шешіліп жатыр. Зиянкестермен күрес туралы айтсам, вегетация кезінде шегірткелерге қатысты мәселелер болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі дер кезінде әкімдіктермен бірлесе отырып қолданған шаралардың арқасында егінге айтарлықтай зиян келген жоқ», — деді ол.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу