Атырау облысында инвестициялық жобалардың арқасында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес Атырау облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер қалыптасты. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты. Өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Инвестиция және өнеркәсіп

«Алайда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша 30%-ға дейін төмендеу бар. Бұған "Теңізшевройл" ЖШС-нің Келешек кеңею жобасының аяқталуы әсер етті. Бірақ өзге инвестициялардың өсімі 29%-ға ұлғайды. Өңіріміздің дамуының басты экономикалық драйвері – мұнай-газ саласы. Бүгінде құны $10,7 млрд-ты құрайтын үш ірі зәкірлі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, құны 104 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба бар, олардың нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінен "ATYRAU CHICKEN" құс фабрикасы мен "BKM Атырау" вагондардың дөңгелегін жөндеуге арналған шеберхананы атап өтуге болады» — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 100,9% өскен. Өңірде полипропиленді терең өңдеу, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі бағыттары белсенді түрде қарқын алып келеді.

Машина жасау саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылған. Соның бірі – Texol компаниясының жүк вагондарын жасау өндірісі. Сонымен қатар локализациялау аясында Kazturborenovt, Atyrau Oil Service сынды компаниялар да ірі якорлық жобаларды іске асыруға үлес қосып отыр.

Сонымен қатар Қытайдан инвестор тарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Индустриялық мақсаттағы арнайы аймақ құрылып, онда Қытайдың төрт компаниясы жұмыс істеп жатыр. Аумағында арматура зауыты, Svine зауыты және газ-поршенді электр стансасының құрылысы жүргізілуде.

Осы ретте ерекше атай кеттетін оқиға – қараша айында Атырау облысында Теңіз кен орнының өндірістік-техникалық алаңында Газ сепарациялық кешеннің (ГСК) алғашқы қадасы қағылғаны. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қуаты жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдеуге жететін Газ сепарациялау кешенінің құрылысы – еліміздің газ-химия өнеркәсібін дамытудың маңызды кезеңі болып табылады және саланың ұзақ мерзімді өсуіне негіз қалайды.

Жоба шеңберінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Құрылыс кезеңінің ең қарқынды сәтінде 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны, сондай- ақ 400 жұмыс орны құрылады. Мердігер EPC-шарт аясында құрылыс-монтаж жұмыстарындағы қазақстандық қамтуды 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, ал негізгі субмердігерлер ретінде отандық компаниялар тартылмақ.

Жалпы, нысан құрылысы аясында саны 22 мыңға дейін қада қағу жоспарланған. Барлық қада қазақстандық өндірушілерден сатып алынады. Жоба шеңберінде отандық кәсіпорындар шығаратын өнім ауқымды көлемде пайдаланылмақ. Олар – 1 млн 193 мың текше метр инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, сондай-ақ негізгі электр-техникалық жабдықтар (7 модульдік қосалқы станса, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы) және ірі технологиялық жабдықтар – пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен 4 ірі колонна.

Кешенді іске қосу 2028 жылдың соңына, ал толық пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған. Газ сепарациялау кешенінің іске қосылуы тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және өңделген өнім экспортын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келеді.

Агроөнеркәсіп кешені

«2025 жылғы қаңтар–қазан айларында агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар. Негізінен азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында инвест жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Келесі жылы жалпы  құны 48,3 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады», — деді облыс әкімі.

 

Агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аймақта Emerson, Schneider Electric, WIKA, Beruseal сияқты әлемге танымал брендтердің өндірістік цехтары толық локализациядан өтті. Жыл соңына дейін тағы 9 халықаралық компанияны іске қосу жоспарланып отыр.

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

«Инвестжобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кешенді шаралар экономиканың түрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Оның 13 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны. Мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 35 мың адамның 15 мыңнан астамы  жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 14 мың адамға кәсіби бағдар беру аясында ваучерлер берілді. Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарды қолдау мақсатында 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілді», — деді Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ Атырау қаласында ваучерлік жүйе енгізілгелі балабақша кезегі үш есеге қысқарды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қаржыландырудың осындай түрі бойынша пилоттық жобаға 171 балабақша – 47 мемлекеттік және 124 жекеменшік ұйым қатысып жатыр. Ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін 1–6 жас аралығындағы балалар кезегі 17 211-ден 6 381-ге дейін қысқарған. Ал 2–6 жас санатында 140 бала ғана кезекте тұр. Қабылдау және жолдама беру процесі толықтай INDIGO платформасы арқылы цифрландырылған. Бұл жүйе кезектіліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, балабақшалар арасындағы жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік берді. Кезекті азайту мақсатында 970 орындық алты жаңа балабақша салынды. Сонымен бірге жекеменшік 13 балабақшада 841 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді.

Биылғы шілде айынан бері қала бойынша 31 325 ваучер берілген. Нәтижесінде 6 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға орналастырылды. Сонымен қатар 11 мың ваучердің мерзімі өткен, 978-і ата-аналар тарапынан кері қайтарылған, ал тағы 13 мыңға жуығы жойылған. Қазір 91 ваучер ата-аналардың растауында, 157 бала қабылдауды, 244 ата-ана балабақша таңдауды күтіп отыр. Еске салайық, ваучерлер 2 жастан асқан балаларға беріледі.

Шағын және орта бизнес

«2025 жылдың жартыжылдығында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл – облыстың жалпы өңірлік өнімінің 21,2%-ы. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 8,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы құны 36,3 млрд. теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді, 1725 жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау құралдары қатарында: несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілсіз несиеге ішінара кепілдендіру, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, "Өрлеу" бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бар», — деді Атырау облысының әкімі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

Облыста халықты сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр желілерімен қамтамасыз ету 99,9%, яғни 713 мыңнан аса адамды қамтиды. Бүгінде тұрақты және сапалы қызмет көрсету аясында бірқатар инфраструктуралық жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Атырау қаласы мен Мақат тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, су тұтыну көлемі тәулігіне қосымша 50 мың текше метрге артқан.

«Бұдан бөлек, 5 ауылдық елді мекенде жазғы су желісінің 165 шақырымы толық салынды. Атырау қаласы мен облыс аудандарында электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. 302 шақырым электр желісі жаңартылды, Нұрсая ықшамауданындағы 66 шақырым желі заманауи, қауіпсіз кабельдерге ауыстырылды. Сонымен қатар, қуаттылығы 32 МВт "Нұрсая–Самал" қосалқы стансасының құрылысы аяқталды. Жүйені автоматтандыру мақсатында 30 дана автоматты қайта қосу құрылғысы орнатылды. Атырау қаласының оң жағалауында сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станса мен 46 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар, "Спутник" шағын ауданына газ беру жұмыстары сәтті аяқталып, нысан іске қосылды», — деді спикер.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биыл Атырау қаласында 454 көше жарықтандырылып, апатты бағаналар ауыстырылған. Қала аумағында және оған қарасты елді мекендерде түнгі көше жарығын орнату жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қарқынды жүргізілуде. Биыл 6-кезең бойынша құрылысы былтыр басталған 319 шақырымды қамтитын 454 көшеге жарық шамдарын қосу жұмыстары аяқталды. Бұған дейін:

1-кезеңде – 77 көше,

2-кезеңде – 218 көше,

3-кезеңде – 21 көше,

4-кезеңде – 188 көше,

5-кезеңде – 382 көше жарықтандырылған болатын.

Инфрақұрылымды қайта жаңарту жұмыстарының бір бөлігі ретінде 2024 жылы Самал, Ақсай-2, Талғайран-2, Тасқала, Еркінқала-2, Балауса-2, Бірлік және Тасқала-3 елді мекендерінде 1 409 апатты электр бағанасы ауыстырылған. Бұл электр желілерінің қауіпсіздігін нығайтып, электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттырды. Сонымен қатар келер жылы 1200 апатты бағананы ауыстыру жоспарланып отыр.

Жобаның жалғасы ретінде 7-кезеңде 268 көшеге жарық шамдарын орнату жұмыстары 2026 жылы басталады.

Жол, көлік және байланыс

«Биыл 247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде  жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін автожол, авиа және теміржолмен  тасымалдау салаларында да жаңарту жұмыстары жалғасуда. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і пайдалануға берілді, қалған 42-сі жыл аяғына дейін тұрғындар игілігіне беріледі. Әуе қатынасын дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. "Ашық аспан" режимі аясында 6 жаңа бағыт ашылды. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді. Сонымен қатар, Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға $50 млн көлемінде инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Атырау қаласының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылуда», — деді облыс әкімі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, биыл шалғайдағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылған. Атырау облысында мемлекеттік басқаруды цифрландыру және IT-жобаларды дамыту аясында «Jusan Mobile» АҚ-пен бірлесіп шалғайдағы елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «OneWeb» спутниктік технологиясы енгізілді. Нәтижесінде интернетке қосылған елдімекендер саны 132-ден 146-ға жеткен. Былтыр бірқатар аймақтың интернет сапасы жақсарып, биыл Исатай, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға, Жылыой және Махамбет аудандарындағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылды.

Қазір облыс бойынша 5G технологиясымен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 133 базалық станса жұмыс істеп тұр. Оның 110-ы Атырау қаласында, 20-сы Құлсарыда қалған үшеуі Теңіз вахталық кентінде орнатылған. Интернеттің тартылуы ауыл тұрғындарына білім беру, медицина салаларында сапалы қызмет көрсетуге, мәдени шараларды ұйымдастыруға, қашықтан жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берді.

Білім беру

«Биыл 27 мектеп салынуда. Оның ішінде 4 мектеп пайдалануға берілді, 9 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін, қалған 14 мектеп 2026 жылы аяқталады. Соңғы үш жылда үш ауысымдық мектеп екі есеге азайды. Сонымен қатар, "NAZAR" жобасы аясында қаладағы  64 мектепке екі жарым мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұрын әдіскерлер жылына 1500 сабақ бағалай алса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 100 сабаққа дейін ұлғайды, бұл білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Серік Шәпкенов.

Денсаулық сақтау

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың 9 айында халыққа 4 502 950 мемлекеттік медициналық қызмет көрсетілген.

Негізгі көрсеткіштер төмендегідей:

  • Дәрігер қабылдауына жазылу – 3 753 432
  • Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелу – 95 319
  • Дәрігерді үйге шақыру – 87 070
  • Медициналық анықтама беру – 48 001
  • Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру – 78 240
  • Еңбекке жарамсыздық анықтамасы – 28 045
  • Госпитализацияға жолдама беру – 39 586
  • Мүгедектікке байланысты сырттай қорытынды беру – 78 615
  • Стационарлық-курорттық емдеуге жолдама – 6 110
  • Сондай-ақ, туберкулез, наркология, психиатрия және басқа бағыттар бойынша да медициналық ұйымдардан анықтамалар берілген.

 

«"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 10 жаңа нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылдың аяғына дейін тағы 5 нысан тапсырылады. Қосымша 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Өңірде екі заманауи емхана салынуда. Ал онкодиспансер жанындағы радиологиялық корпус келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл салада атқарылған жұмыстар қан айналымы, туберкулез, қатерлі ісік ауруларының төмендеуіне әсер етті», — деді өңір әкімі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Атырау қаласында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында облыстық онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус салынып жатыр. Жаңа нысан іске қосылған кезде өңір тұрғындары үшін бұрын сырт өңірлерден ғана қолжетімді болған жоғары технологиялы сәулелік терапия қызметтері жергілікті деңгейде көрсетіле бастайды.

Бүгінде құрылыс жұмыстарының 20%-ы аяқталып, өндірістік кестеге сай жалғасуда. Құрылысты «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС жүргізіп жатыр. Жоба облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Қазірде қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды ерте анықтау, уақытылы әрі дәл ем жүргізу, жоғары технологиялы жабдықтармен диагностикалау өңір медицинасының өзекті мәселелерінің бірі. Жаңа радиологиялық корпустың іске қосылуы осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұнда 180 төсекорын қарастырылған. Қабылдау бөлімі, 100 адамға арналған диспансерлік бөлімше (емхана), функционалдық диагностика және эндоскопия кабинеттері, 55 орындық хирургия, 70 орындық химиотерапия және 40 орындық радиология бөлімдері болады. Сонымен қатар паллиативтік (10 орын) және оңалту (5 орын) көмегі де көрсетіледі. Қосымша 6 реанимациялық және 6 қарқынды терапияға арналған төсекорын, иммуногистохимиялық және цитологиялық зертханалар, орталық стерилизация, дәріхана мен тағам дайындау блогы жоспарланған.

Корпус заманауи диагностикалық және терапиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қатерлі ісік жасушаларын дәл бағыттап сәулелеуге мүмкіндік беретін желілік үдеткіш, ем аймағын нақты белгілеуге арналған симуляторлар, ПЭТ-КТ (позитронды-эмиссиялық томография), маммограф, ангиограф және басқа да цифрлық диагностикалық жүйелер орнатылады.

Жаңа корпус тек құрылыс нысаны ғана емес, өңірдің медициналық әлеуетін арттыратын, адам өмірін сақтауға бағытталған кешенді жоба. Радиологиялық корпустың іске қосылуы Атырау облысында онкологиялық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Бұрын сәулелік терапия секілді күрделі емдеу әдістерін алу үшін науқастар басқа облыстарға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл қызметтер өңірдің өзінде, заманауи жабдықтармен, жоғары білікті мамандармен көрсетілетін болады. Бұл – пациенттер үшін өте маңызды.

Айта кетер тағы бір жайт, қазіргі уақытта NCOC компаниясы облыстық онкодиспансердің жаңа негізгі корпусының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша KAZPIR ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Жоба Ұлттық сараптама орталығында қаралуда. Қорытынды алынған соң мемлекеттік сараптамаға жолданып, құрылыс пен ескі нысанды сүру бойынша рәсімдер жүргізіледі. Негізгі корпустың құрылысы жергілікті бюджет пен NCOC компаниясының демеушілігімен қаржыландырылады. Жаңа радиологиялық корпусты жыл аяғында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мәдениет және спорт

«Биыл Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында және қала аумағындағы екі елдімекенде жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар ауыл халқының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп, өңірдің мәдени әлеуетін нығайта түседі. Сонымен қатар, Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі, сондай-ақ, 600 орындық конгресс-холл, бейбітшілік келісім сарайының  құрылысы басталды», — деді облыс басшысы.

Бүгінде өңірде 800 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 8 стадион, 53 спорт кешені, 702 спорт алаңы, 50 метрлік олимпиадалық бассейн, «Атырау» спорт сарайы, теннис орталығы және мұз сарайы сынды ірі нысандар бар. Бұған қоса, 17 жеке спорт нысаны халық игілігіне қызмет көрсетіп келеді.

Жыл аяғына дейін облыстың 68 ауылдық округінің 70%-ы спорт нысандарымен қамтылмақ. Ал алдағы екі жыл ішінде барлық ауылдық округ спорттық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етіледі. Қазір облыс аумағында 29 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның 7-еуі пайдалануға берілді, тағы 6-ауының құрылысы жыл аяғына дейін бітеді. Қалған 16 нысанды келесі жылы тапсыру жоспарланған. Атырау қаласы мен ауылдық аудандарда демеушілердің есебінен 4 спорт нысаны салынып жатыр. Олардың қатарында мамандандырылған волейбол және баскетбол орталықтары, сондай-ақ Мұқыр және Кудряшов ауылдарындағы спорт кешендері бар.

Дарынды балаларды қолдау мақсатында Атырау қаласында Олимпиадалық резерв мектебі-интернатының ғимаратын салу жоспарланған. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алты жыл мерзімде жүзеге асырылады. Оның ішінде 12 ай — құрылыс, ал бес жыл — техникалық пайдалану кезеңі. Кешен құрамында 13 спорт залы, бассейн, оқу корпусы, жатақхана, асхана, кітапхана және басқа да нысандар болады. Мұнда 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшы білім алып, жаттыға алады. Құрылыстың 2026 жылғы сәуірде басталады деп күтілуде.

Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Texol компаниясы жалпы аумағы 19 мың шаршы метрді құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. Мұнда 12 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес, Атырау облысында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ірі спорттық жобалар іске асырылмақ. Олардың қатарында:

  • Ұлттық ат спорты кешені (ипподром),
  • 12 мың орындық EURO-IV санатындағы футбол стадионы,
  • көпбейінді «Atyrau Arena» спорт кешені бар.

Қазіргі уақытта осы нысандар бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңі жүріп жатыр. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланған.

«Облыс тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 62%-дан 71%-ға артты. Бүгінде халықтың 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11 спорт кешені қолданысқа берілді, қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешенінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар "TEXOL WELLNESS ATYRAU" спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, Ұлттық спорт кешені (ипподром) және 12 мың орындық стадион және "ATYRAU ARENA" көпбейінді спорт кешенінің жобалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде», — деді Серік Шәпкенов.

Қала күні қарсаңында Атырауда өңірдегі ең ірі спорт нысанының бірі – “Texol Wellness Atyrau” спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жоба 24 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Кешен Texol компаниясының бастамасымен және қаржыландыруымен салынады. Үш қабатты кешеннің жалпы ауданы шамамен 18 мың шаршы метрді қамтып, өңірдегі негізгі спорт кешенінің бірі болмақ. Мұнда теннис корттары, алты жолақты жүзу бассейні, жекпе-жек және фитнес залдары, жаттығу залы, өрмелеу қабырғасы мен демалыс аймақтары болады. Нысан бір уақытта 1 мың адамға дейін қабылдай алады.

Туризм саласын дамыту

Жартыжылдықта өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға артты. Саланы дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есеге өсіп, 32 млрд. теңгені құрады (2024 ж. – 13 млрд. теңге). 

Туризімді дамытудағы басты бағыттар – ортағасырлық Сарайшық қаласы және Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы. Сарайшықты өңірдің тарихи-туристік орталығына айналдыру бойынша бес жылдық жоспар бекітіліп, жұмыстар басталды. Биыл алғаш рет Қиғаш өзеніндегі табиғи Лотос алқабында халықаралық Lotus Fest фестивалі өтті. Шараға 20 мыңнан астам турист қатысты.

Цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздік

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарда да оң нәтиже бар.  Интернетпен қамту деңгейі 99,7%-ға жетіп, 14 шалғай орналасқан елді мекені инернетке қосылды. 155 5G базалық станса орнатылып (2024 ж. – 40), 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылуда.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 15 мыңға жуық камера Жедел басқару орталығына қосылды. Оның 100-ден астамы жасанды интеллектімен жұмыс жасайды. Нәтижесінде құқықбұзушылыққа жол берген 221 адам анықталып, шаралар қабылданды.

Білім беру саласында енгізілген «Alaqan» жүйесі облыстағы 179 мектепте толық іске қосылып, бюджеттен
725 млн теңге үнемделді.

Экология

«2024 жылдың алғашқы 6 аймен салыстырғанда, биылғы 6 айда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі 5 тоннаға дейін төмендеді. Экологиялық заңнаманы бұзған 139 субъектке жалпы 2,3 трлн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Кешенді жоспар аясында 164,8 гектар жерге 476,6 мың ағаш, өңірлік жоспар аясында 69,7 гектарға 145,7 мың ағаш отырғызылды. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерден туындаған бұл  жұмыстардың түпкі мақсаты - тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Біз алдымыздағы мақсат-міндеттердің жүйелі, кезең-кезеңімен және нақты орындалуын ұдайы бақылауымызда ұстап отырамыз», — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Атырау қаласында 2025 жылғы күзгі көгалдандыру науқаны қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде 4 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл аймақтарды ұлғайту мақсатында қолға алынған.

Қала аумағында әртүрлі түрдегі ағаштар мен бұталар егілді:

  • 1 000-нан астам қылқанжапырақты ағаш,
  • 1 159 жапырақты ағаш,
  • 317 сәндік бұта,
  • су айдыны маңында өсіруге бейімделген 1 500 Ива Матсудана талы.

Мамандардың айтуынша, отырғызылған ағаштар өңірдің климаттық жағдайына сай таңдалып, қаланың жасыл қорын арттыруға елеулі үлес қоспақ. Әсіресе Ива Матсудана талдары су маңындағы аймақтарда топырақты бекітіп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.

Көгалдандыру жұмыстары қала ішіндегі аллеялар, саябақтар, тұрғын үй аумақтары мен су жағалауларында жүргізілді. Бүгінде жас көшеттерге күтім жасау шаралары іске асырылып, суару және топырақ күту жұмыстары тұрақты бақылауда. Қала әкімдігі биылғы науқан Атыраудың экожүйесін жақсартуға оң серпін беретінін, көгалдандыру шаралары алдағы көктемде де жалғасатынын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу