Ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары бірыңғай тетікке біріктіріледі

Елімізде ауылдық аумақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бірқатар шара қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков хабарлады. 

2025 жылғы деректерге сәйкес республикада 6179 елді мекен бар, мұнда 7 жарым млн халық өмір сүріп жатыр. Былтыр ауылдық жерлерде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 7,9 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққанда еңбек өңімділігі соңғы бес жылда 2 есеге өсіп, 4,2 млн теңгеге жеткен. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуетін тиімді пайдаланатын кез келгенін атап көрсеткен болатын.

«Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына қажетті қаржы салынған жоқ. Оған қоса бұл салада жемқорлықпен айналысатын алаяқтар белең алды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс істеліп жатыр. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Еліміз 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс», — деп атап өтті Президент. 

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, 2019 жылдан бастап әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметке қол жеткізудің негізгі көрсеткішін айқындайтын өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) жұмыс істейді. Ол ауыл тұрғындарын көліктік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік және цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге арналған. 

2024 жылғы қорытынды бойынша қамтамасыз етудің орташа деңгейі 65,8%. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,6%-ға жоғары. Қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауыл саны артуда. ӨСЖ дерегі бойынша ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту 97,8%, электр энергиясы – 99,8%, газбен қамтамасыз ету – 35,3% көлемінде. 2025 жылы ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 99%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталған болатын. Президент инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек екенін атап өтіп, ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болатынын ескертті. 

«Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек», — деп атап көрсетті Президент. 

Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруды жалғастыруда. Оған «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының және басқа да жобалардың ережелері біріктірілген. 

«2019 жылдан бастап “Ауыл – ел бесігі” жобасын іске асыруға 701 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 5,3 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 7,9 мың шақырым кентішілік жол жөнделді. Әлеуметтік нысандар салынып, қайта жаңартылды. 2025 жылы 500 ауылдық елді мекенде 176,4 млрд теңгеге 900-ден астам жоба іске асырылмақ», — деді Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» сияқты ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдау бағдарламаларын бірыңғай тетікке біріктіру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл орайда, келешегі жарқын ауылдарға, инфрақұрылымдық дамуға, шағын несие беруге және өндірістік қуаттарды құруға баса назар аударылады.

Ауылдағы кадр мәселесін шешу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылуда. 2024 жылы 3,7 мың маман тұрғын үй сатып алуға қаржы алған. Осы мақсатқа 30 млрд теңге бөлініп, биыл 2,8 мыңға жуық маман 25 млрд теңгеге бюджеттік несие алады. Талдау көрсеткендей, мамандардың 95%-ы міндетті үшжылдық жұмыс шартын орындап, ауылдық жерде жұмысын жалғастыруда.

«2021-2024 жылдар аралығында 2 641 ауылдық округ әкімі сайланып, 70%-ы осы лауазымға алғаш ие болды. Бүгінде ауыл әкімдерінің 97%-дан астамы сайланған. Олардың құзыретін арттыру үшін әкімдерді қайта даярлау бағдарламасы әзірленіп, оның шеңберінде 1 815 адам оқытудан өтпек», — деп атап өтті вице-министр. 

Әкімдердің өкілеттігін кеңейту шеңберінде мамандарды жалдау, техника сатып алу және жергілікті өзін-өзі басқару функциясын кеңейтуден бастап, бірқатар бастама ұсынылады. Ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыру үшін салық түсімдерін қайта бөлу есебінен кіріс көздерін ұлғайту көзделген. IV деңгейдегі бюджеттің өз кірістерін төрт есеге – 68 млрд теңгеден 263 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні ауылдық аумақтарды дамыту үшін Үкімет тарапынан бір қатар іс-шаралар атқарылуда. 

«Бұл жүйе әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің нақты көрсеткіштерін, халықты көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық және басқа да инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге бағытталған», — деді Бауыржан Омарбеков.

Аталған жүйенің нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы орташа қамтамасыз ету деңгейі 65,8%-ды құрады, ол 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті.

Сондай-ақ атқарылған жұмыстың нәтижесінде, қамтамасыз етудің жоғары және орташа деңгейі бар ауылдар санының артуы байқалады. Осылайша, қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны 1 435 бірлікті құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 119 ауылға артты. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, 2025 жылдың қорытындысымен ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 99%-ға жеткізу жоспарлануда. 

«Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмасына сәйкес, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымдық қажеттіліктерге арнайы шаралар қабылданып, ең үлкен алшақтық бар өңірлерді бюджеттен қаржыландыруға басымдық берілетін болады. Бұл тәсіл жаңа Бюджеттік Кодексте және әзірленген Өңірлік даму тұжырымдамасында айқындалған», — деді вице-министр.

Бүгінгі таңда, Министрлік тарапынан 2023-2027 жылдарға арналған Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Аталған құжат ауыл өмірінің әртүрлі салаларын қамтитын бірқатар бағдарламалық құжаттардың ережелерін біріктірді, соның ішінде «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тұжырымдамасы,«Бір ауыл – бір өнім» және басқалары бар.

«Бұл ретте, ауылдық аумақтардағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған негізгі құралдардың бірі “Ауыл – ел бесігі” жобасы болып саналады. 2019 жылдан бастап жоба аясында ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға 701 млрд тенге бөлініп, 2,2 мың ауылда 6,6 мыңға жуық жоба іске асырылды. Нәтижесінде 5,3 мың шақырым көлемінде инженерлік желілер, сондай-ақ 7,9 мың шақырым ауылішілік жолдар жаңғыртылды, сонымен қатар бір қатар әлеуметтік нысандар жаңадан салынып, реконструкциядан өткізілді», — деді спикер.

Сонымен қатар биыл 500-ге жуық ауылдық аумақтарда 900-ден астам жобаны іске асыруға 176,4 млрд теңге жоспарланған. Бұл жобалар ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. 

Жалпы, 2023-2024 жылдары аралығында қаржыландырудың барлық көздерінен 2 трлн теңгеге жуық қаражат әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті дамытуға бағытталған.

Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын бір бағдарламаға біріктіру бойынша жұмыстар жүргізуде. 

  • Бірінші. «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыруды басым тәртіппен даму әлеуеті бар ауылдарда жүзеге асыру ұсынылады.

  • Екінші. «Ауыл аманаты» жобасы маңызды бастама болғандықтан, қаржы ресурстарын әділ және стратегиялық түрде бөлу, экономикалық негіздемені күшейту және мониторинг механизмдерін жетілдірілуде. 

«Осыған орай, "Ауыл аманаты" жобаларын іске асыру басым тәртіппен "Ауыл – ел бесігі" және басқа да бағдарламалардың құралдарын пайдалана отырып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен синхронды түрде жүргізіледі», — деп түсіндірді Бауыржан Омарбеков. 

Сонымен қатар Мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде әзірленетін бес жылдық аудандарды дамытудың жоспарларына ауылдарды кешенді жаңғырту жөніндегі шаралар енгізілетін болады. 

Бұл тәсіл қаржы бөлу барысында экономикалық негізсіздікке әкелмейді және өңірлердің нақты қажеттіліктері ескерілетін болады. 

Бұдан басқа, «Ауыл аманаты» жобасының объектілеріне дейін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, кәсіпкерлерді оқыту, өнімді сақтау, өңдеу, буып-түю және өткізу бойынша мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары енгізілуде. 

Мәселен, өндірілген өнімдерді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, шығындарды азайту есебінен шаруалардың табысын арттыру, логистикалық жүйені жетілдіру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Шағын индустриялық аймақтар құрылатын болады.

«Аталған жұмыстарды ҚР Өндіріс және құрылыс министрлігімен бірлесе отырып, "Өндірісті дамыту қоры" АҚ инструменттері арқылы өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен жүзеге асыру жоспарлануда», — деп атап өтті ұлттық экономика вице-министрі.

Ауыл шаруашылығы саласындағы кадрлық әлеуетті қамтамасыз ету «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады және қажет болған жағдайда қолдау шараларын алу үшін мамандықтар тізбесі кеңейтіледі. 

  • Үшінші. Жобаларды синхронды іске асыруды тиімді қамтамасыз ету және мамандандыруды айқындау мақсатында скрининг жасалды. Скрининг деректері негізінде «Ауыл аманаты» жобаларын жүзеге асыру үшін басым бағыттары мен инфрақұрылымдық қажеттілігі айқындалды.

  • Төртінші. Әкімдіктердің бюджеттік өтінімдерін қарау кезінде жоғарыда аталған барлық факторлар ескерілетін болады, басымдық кооперативтер құруды, қайта өңдеуді, ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлерін және өнім өндірудің бүкіл циклын – өсіруден бастап сатуға дейін қамтамасыз етуді көздейтін жобаларға бағытталады. 

«Аталған шараларды сапалы орындау мақсатында ҰЭМ жобаларды әкімдіктермен бірлесіп қарау үшін тиісті кесте әзірледі, оның шеңберінде әрбір өтінім жеке зерделенуде», — деді Бауыржан Омарбеков.

Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде әкімдіктер микрокредит берудің басым бағыттарын дербес айқындайды, бұл ретте мынадай бағыттар бойынша шектеулер көзделген: жануарларды сатып алуға арналған қаражат жалпы сомманың 50%-нан аспайды, техника мен жабдықтарды лизингке алу 20%-дан аспайды.

Бұдан бөлек, қатысушылардың өтініш берген сәтінен бастап микрокредитті алғанға дейінгі процестерді сүйемелдеу мақсатында автоматтандыру жүйесі жетілдіруде, онлайн жедел кеңес беру және қолдау көрсету мәселесі қарастырылуда.

Министрлік бизнеске қолдау көрсету бойынша түрлі механизмдер жүзеге асыруда және басты құралдардың бірі сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және екінші деңгейлі банктердің кредиттері бойынша кепілдік беру. 

«Бұл ретте, 2023-2024 жылдары ауылдық аумақтар бойынша жалпы кредиттік соммасы 826 млрд теңгені құрайтын 15 мың жобаға мемлекеттік көмек, оның ішінде: кредит соммасы 495 млрд теңгені құрайтын 8,2 мың жобаға 126 млрд теңге субсидия, 331 млрд теңгені құрайтын 6,8 мың жобаға кепілдендіру қолдаулары көрсетілді. Бұдан бөлек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға қолдау ретінде 1,5 млрд теңгеге 400 грант берілді. Өз кезегінде кәсіпкерлікті дамыту мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында және алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады», — деп толықтырды спикер. 

Ұлттық экономика министрлігі ауылдық округ әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейту үшін келесі шаралар ұсынады:

  • әкімдерге азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесі бойынша жұмысшыларды еңбек шарты негізінде жалдау құқығын беру;

  • арнайы техника мен ауыл шаруашылығы машиналарын сатып алуға рұқсат беру, оларды халыққа қызмет көрсету үшін пайдалану;

  • әкімдер мен олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту.

  • ауылдық округ бюджетінің жалпы көлемінің 10%-ына дейін резерв құру, бұл күтпеген жағдайларда пайдалануға мүмкіндік береді.

«Бұл жаңашылдықтар Мәжіліс депутаттарымен қосымша талқыланып, заңнамалық бастамалар аясында жүзеге асырылатын болады», — деді Бауыржан Омарбеков.

Ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту – маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта IV деңгейлі бюджет кірістері 8 түрлі салықтық түсімдер, аудандық бюджеттен бөлінетін қаражат, айыппұлдар, трансферттерден қалыптасады. 2018 жылдан бері IV деңгейлі бюджет енгізілгеннен кейін кірістер 2 есе артты.

«2023 жылы жоспар бойынша 308 млрд теңге түсуі тиіс еді, бірақ нақты түсім 320 млрд теңгені құрады. Жергілікті салықтар бойынша жоспар 53 млрд теңге еді, ал нақты 68 млрд теңге түсті. Бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі – 21,2%. Алайда бұл қаражат ауылдық аумақтарды дамытуға жеткіліксіз. Сондықтан ауыл бюджеттерінің қаржылық дербестігін арттыру қажет», — деді вице-министр.

Осыған байланысты қосымша кіріс көздерін ауыл бюджетіне беру ұсынылады:

  • заңды және жеке тұлғалардың мүлік салығының бір бөлігін аудару;

  • су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем;

  • белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;

  • лицензиялар мен рұқсаттарды пайдаланғаны үшін төлемдер.

«Бұдан бөлек, жаңа Бюджет кодексі аясында ауыл бюджетіне пайдалы қазбаларды өндіру салығы беріледі. Осылайша, ауыл бюджетінің өзіндік кірістері 4 есеге артады – 68 млрд теңгеден 263 млрд теңгеге дейін. Ауыл бюджеттерінің кіріс көздерін кеңейту жұмысы жалғасады», — деп түйіндеді сөзін спикер.

#Ауыл шаруашылығы #Экономика #Ұлттық жобалар #Өңірлік саясат

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу