Бақылау шараларының нәтижесінде 10 мың жұмыскердің құқығы қорғалды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Ерболат Абулхатин сөз басында қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын жеткізді.           

«Қазіргі таңда, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау мәселесінің маңызы зор. Осы жайт қоғамда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты болуының негізгі себептерінің бірі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуын тұрақты түрде бақылайды. 2025 жылдың 3 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 332 тексеру жүргізіп, 1 616 еңбек бұзушылық анықталды. Қазіргі таңға  олардың 71%-ы жойылды. Жұмыс берушілерге 832 ұйғарым беріліп, 98 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен бірге, жылдың басынан бастап 396 млн теңге жалақы берешегі анықталып, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 242 млн теңге өндірілді. Жалпы бақылау шараларының нәтижесінде 10 мың жұмыскердің құқығы қорғалды», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин

Кәсіпорындар туралы өзекті ақпаратты нақты уақыт режимінде мониторинг жасау және қауіптердің бар-жоғын бақылау мақсатында Цифрлық еңбек тәуекелдері картасы табысты жұмыс істеуде. Бұл карта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтерді біріктіреді. 

Онда: 

  • тексерулер; 

  • жазатайым оқиғалар; 

  • жалақының уақытында төленбеуі; 

  • міндетті зейнетақы жарналары; 

  • әлеуметтік аударымдар; 

  • медицналық сақтандыру; 

  • жұмыс берушіге бекітілген оңалту шараларының орындалмауы; 

  • өндірістік жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының болуы және басқа да деректер қамтылған.

Аталған модуль арқылы мемлекеттік еңбек инспекторы кәсіпорын туралы толық ақпаратқа қол жеткізеді. Атап айтқанда тәуекел деңгейі, қызметкерлердің саны, олардың қозғалысы, еңбек бұзушылығы туралы мәліметтер. 

«Жалпы, Еңбек қатерлер картасы шеңберінде 92 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты негізінде бақылауда тұр. Қолданылған шаралар негізінде жыл басынан бері 500-ден астам кәсіпорын жоғары қауіпті деңгейден шығарылды. Қазіргі таңда қаупі жоғары деңгейде тұрған
1,5 мың кәсіпорын бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ еңбек дауларын алдын алу және оларды болдырмау бойынша арнайы алгоритм жасақталған. Аталған алгоритм шеңберінде еңбек дауы орын алған кезде оны шешу жолдары көзделген»,
— деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин.

Алгоритм шеңберінде еңбек даулары орын алған кәсіпорын басшылары тұрақты негізде әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия отырыстарында тыңдалады. Жыл басынан бастап ел аумағында 300-ден астам осындай отырыс өткізілді. hr.enbek.kz порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 45 мыңнан астам адам өзін-өзі тексеруден өтті. 

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда еңбек дауларының саны 9-дан 6-ға дейін төмендеді.

Статистикаға сәйкес, 2024 жылы зерттелген 1 млн 600 мың жұмыскердің ішінен 470 мыңы (29,1%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. 2024 жылы аттестаттау нәтижелері бойынша 679 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алды. 551 мың жұмыскерге қосымша демалыс берілді, 342 мың жұмыскерге зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төленді, 427 мың жұмыскер тегін емдік-профилактикалық тамақ алды, 47 мың жұмыскерге қысқартылған жұмыс күні белгіленді. 

Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297 млрд теңге бөлді, ол 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Бүгінде жұмыс берушілердің 62%-ы жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасаған.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3%-ға (1503-тен 1408 адамға дейін), қаза тапқандар саны 3%-ға (208-ден 202-ге дейін) азайды.

2025 жылдың 3 айында кәсіпорындарда 293 адам зардап шекті немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға азайған (2024 жылы 352 адам), оның ішінде 40 адам қаза тапты немесе өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2 адамға кем (2024 жылы – 42 адам). 

Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (31 адам зардап шекті), Қостанай (27 адам) Шығыс Қазақстан (24 адам), Ақтөбе (22 адам), Атырау (22 адам) облыстарында және Алматы қаласында (19 адам) сақталуда.

Экономика салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен, металлургия өнеркәсібінде – 15,3% және құрылыс саласында – 12% тіркелген. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 226 материал жіберілді, олар бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды. 

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорындары Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап «нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 605 кәсіпорын қосылды.

Қазіргі таңда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылады. Ол еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді, еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қызметкерлердің қатысуын жандандыру есебінен көздейді. 

«Өндірістік қауіпсіздік саласындағы зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында Ахуалдық орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орталыққа қауіпті өндірістік объектілерде енгізілген апаттар мен жазатайым оқиғалар тәуекелдерін талдаудың болжамдық жүйелері (ақылды датчиктер – газ, температура, вибрация және т.б.; каскалар, арнайы киімдер, көлік құралдары, зиянды заттар, жұмысшының шаршауы) қосылатын болады. Ахуалдық орталық жұмыскерлердің өндірістік объектідегі еңбек жағдайларының қауіпсіздігіне онлайн-режимде мониторинг жүргізуге, уақтылы ден қоюға және шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Ерболат Абулхатин.

Сонымен бірге, биыл Халықаралық еңбек ұйымы мен Еңбек министрлігі бірлесіп, Қазақстанның тау-кен өндіру саласында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған жаңа жобаны іске асыруда.

2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында кемінде 7 жыл жұмыс істеген және 55 жасқа толған жұмыскерлерді қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. 

Бұл құқықты 14 мыңға жуық қазақстандық пайдаланып, осы мақсаттарға шамамен 14,6 млрд теңге жұмсалды.

Еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында:

• 2024 жылғы 8 шілдедегі ҚР Заңына сәйкес еңбек қатынастары бойынша мемлекеттік бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Еңбек министрлігіне берілді;

• Қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу кезінде кінәсін есепке алмауды, 1400 зардап шеккен адамға өмір бойы төлем жүргізуді (өтпелі кезеңдегі азаматтар), өмірді сақтандыру компаниялары сыйақысының 12%-ын оңалту мен алдын алуға бағыттауды, зардап шеккендерге санаторлық емделуге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жүргізуді көздейтін Заң қабылданды;

• Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында:

• кәсіпорындарды профилактикалық бақылау тізімін қалыптастыру процесі автоматтандырылды;

• өндірістік жазатайым оқиғаларды тергеуге арналған «FSM» мобильдік қосымшасы әзірленді;

• «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіби стандарты бекітілді.

Осыдан басқа, келесі жұмыстар қолға алынуда:

• нысандарды аттестаттаудан жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдерді бағалауға көшу;

• тәуекелдерді бағалау жүргізетін ұйымдарға қойылатын талаптарды және жазатайым оқиғалар кезінде олардың мемлекеттік сараптамадан өтуін енгізу;

• тексерулердің жаңа форматы: ақпараттық жүйе деректері негізінде тәуекелдерді анықтау, тексерулер туралы алдын ала хабарландыруды алып тастау, жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарын жою.

«Нәтижесінде жұмыс орындарындағы тәуекелдерді азайту, еңбек инспекциясының жұмысының тиімділігін арттыру және ұлттық тәжірибені халықаралық еңбек стандарттары мен нормаларына сәйкестендіру күтілуде», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу