08 Маусым 2023, 18:00
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысының әлеуеметтік-экономикалық дамуы туралы өңір басшысы Ермек Маржықпаев баяндама жасады. Атап айтқанда, ол сумен қамтамасыз ету, жолдар, денсаулық сақтау, білім беру салалары, азық-түлік қауіпсіздігі, өнеркәсіп, құрылыс және туризм салалары туралы сөз қозғады.
Сумен қамтамасыз ету
«Жалпы 2025 жылға қарай сапалы сумен 100% қамтамасыз ету үшін 65 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отыр, оның ішінде 34 ауыл үшін ЖСҚ әзірленді, 31-і – игеру сатысында, 105 ауылда суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату немесе сүзгілерді орната отырып, ұңғымаларды бұрғылау жоспарланған», — деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде облыс халқының 92-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. Қала тұрғындарының қолжетімділігі – 95,3%, ауылдық елді мекендердікі – 89,8%.
Жолдар
Өңірде жол саласында үлкен жұмыс жүріп жатыр. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен аудандарда маңызды көлік жолдары жөндеуден өтеді.
«Биыл, өткен жылдағыдай, мың шақырымға жуық жол желісін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының жергілікті жолдар желісін дамыту жөніндегі басым міндетін ескере отырып, биыл бұл мақсаттарға 70 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», — деді Ермек Маржықпаев.
Жергілікті маңызы бар көлік жолдарын салу және жөндеу бойынша 200-ден астам жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде «Жалтыр – Макинск» автожолына көпір салу, «Щучинск – Степняк – Уәлиханов», «Астана қаласының Шығыс айналма жолы – Сарыоба станциясы», «Бабатай – Волгодоновка – Береке – Бұлаксай», «Петровка – Ұлан – Мариновка», «Жалтыр – Макинск», «Щучинск – Николаевка», «Бурабай – Қатаркөл», «Қорғалжын – Арықты – Сабынды», «Жақсы – Державинск», «Есіл – Свободное – Раздольное», «Жолымбет – Шортанды – Пригородное» және т.б. автожолдардың учаскелерін күрделі және орташа жөндеу сияқты ірі жобалар бар.
«Жалпы біз жолдарды жақсартуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Мысалы, егер жеті жылдық кезеңді салыстыруға алсақ, онда өсім 6 еседен асады», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Ақмола облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 5 626 км.
Денсаулық сақтау саласы
«Жыл сайын денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді, медициналық мекеменің инфрақұрылымы нығайтылады. Биыл базада 5 млрд теңгеге қымбат 46 жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда облыс бойынша медицина саласы кадрлардың тапшылығы 2 есеге жуық төмендеді», — деді облыс әкімі.
Жыл сайын әлеуметтік нысандардың құрылысы артып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың 38 ауылдық елді мекенінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу көзделген.
Степногорск және Атбасар көп салалы қалалық ауруханаларын жаңғырту жоспарланып отыр. Осы объектілерді пайдалануға беру ауыл тұрғындарын нормативтерге сәйкес медициналық көмекпен қамтуды едәуір арттырады.
Биыл Қоянды ауылында 50 адамға арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының, Сочинское ауылындағы медициналық пунктінің және Новосельское ауылындағы ФАП-тың құрылысы аяқталады. Степняк қаласында аурухана құрылысы басталды.
Аймақ үшін ауқымды жобалардың бірі – Көкшетау қаласында халыққа медициналық қызмет көрсетудің кең спектрімен 630 орындық заманауи көпбейінді аурухана салу.
«Аймақ үшін жоба өте маңызды. Қазір дайындық шаралары жүріп жатыр, Сарыарқа шағын ауданында 17 га бөлінді. Жалпы денсаулық сақтау жүйесінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша барлық жоспарланған іс-шара жалғастырылатын болады», — деді Е. Маржықпаев.
Білім беру саласы
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін барлық жағдай жасалуда. Биыл 313 орындық 2 балабақша ашылды, 1 706 орындық тағы 6 балабақшаның құрылысы жалғасуда. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 20 жаңа мектеп ашуды жоспарлап отырмыз», — деді Ермек Маржықпаев.
Білім беру сапасына мектептердің инфрақұрылымын дамыту да тікелей әсер етеді. Биыл 8,6 млрд теңгеге 46 әлеуметтік нысанда жоспарлы жөндеу және 39 әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аршалы, Сандықтау, Целиноград аудандарында, Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында 5,5 мың оқушыға арналған 14 мектептің құрылысы жалғасуда. Үш ауысыммен оқытуды жою шеңберінде жыл соңына дейін Қосшы қаласы мен Аршалы ауданында 2 мектепті іске қосу жоспарланып отыр.
«Мектепке дейінгі және орта білім беру саласы әрқашан басымдықта қалады. Өңірде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету міндеттерін шешу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінде облыс бойынша 86%-дан асады, жыл соңына дейін оны 88%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп түйіндеді Е. Маржықпаев.
Азық-түлік қауіпсіздігі
«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізумен өңірдің 130 кәсіпорны айналысады, олар өз өнімдерін астананың Магнум, Астықжан, Смолл сияқты 44 ірі сауда нүктелеріне және Еуразия, Әлем, Шапағат базарларына жеткізеді. 2026 жылға дейін облыста 306 млрд теңгеге 92 маңызды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, биыл 53,1 млрд теңгеге 28 жоба көзделген», — деді Ақмола облысының әкімі.
Баяндама барысында спикер ет және сүт өндіретін мал шаруашылығын одан әрі дамыту аясында биыл 2,5 мың бас ірі қара мал сатып алатын 46 ет фермасы және 4 мың бас ірі қара малға арналған 11 тауарлы-сүт фермасы құрылатынын атап өтті.
«Жалпы облыста іске асырылып жатқан жобалар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Айта кетейік, осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,5%-ға өсіп, 114 млрд теңге құрады», — деді Ермек Маржықпаев.
Өнеркәсіп
Ақмола облысы соңғы үш жыл ішінде ел өңірлері бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларын орындауда көшбасшы болып отыр. Аймақ ауыл шаруашылығымен қоса, өңдеу өнеркәсібін де белсенді дамытуда.
«Өнеркәсіп саласы облыс экономикасында қарқынды дамып келе жатқан сектор болып отыр. Өңір республикадағы мойынтіректердің 100%-ын, әрбір 2-ші мамандандырылған автомобильдің 65%-ын, трактордың 41%-ын, астық жинайтын комбайндардың 43%-ын шығарады», — деді өңір басшысы.
Жыл соңына дейін ең ірі кәсіпорындар іске қосылмақ. Олар: «Борей Энерго» ЖШС жел электр станциялары, «Эталон Винд Пауэр», «Эс Джи Брик» екінші кірпіш зауыты. Сондай-ақ «Бурабай Биогаз» ЖШС биогаз зауытын, «Борей Энерго» ЖШС жел электр станциясының 2-ші кезегін, «Қазақ Даймондс» техникалық алмаз концентратын шығару фабрикасын, «SG Beton» ЖШС темірбетон бұйымдарын дайындау бойынша өндірісті кеңейту жоспарланған.
Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өңірде ет және құс шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Республикадағы ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Макинск құс фабрикасы», кәсіпорынның қуаты жылына 90 мың тонна құс етіне дейін ұлғайтылып, 500-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 114 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 10%-ға, жылқы басы 8%-ға, құс еті 7,5%-ға, қой мен ешкі етінің өндірісі 5%-ға артты. 100 мың тоннадан астам сүт, 230 млн тауық жұмыртқасы өндірілді.
Құрылыс
Тұрғын үй саласында биыл 51 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған. Бұл – 2 581 пәтер.
«Біз көп пәтерлі үйлер құрылысының географиясын едәуір кеңейттік, бүгінде облыстың барлық ауданы мен қалаларында жаңа тұрғын үй енгізілуде, егер облыс орталығы туралы айтатын болсақ, бұл бір үлкен құрылыс алаңы деп айтуға болады», — деді Ермек Маржықпаев.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл ел бойынша 4-ші көрсеткіш, 1 920-ға жуық ақмолалық отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Айта кетейік, биыл 650 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл 5 мыңнан астам адам жаңа үйге қоныстанады деген сөз. Жалпы 2019 жылдан бері 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Туризм
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы Қазақстанда туризмді дамытудың бес драйверіне кірді. Өңір бойынша көбіне Щучинск-Бурабай курорттық аймағына туристер ағылады. Онда 9 мыңнан астам төсек-орны бар 183 орналастыру нысаны жұмыс істейді.
Биыл Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 4,6 млрд теңге бөлінді. Курорттық аймақтың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымы бойынша 5 жоба іске асырылуда, 100 км жол төсемі салынып, жөнделеді.
Спикер қазақстандықтар облыстың туристік нысандарына көбірек қызығушылық таныта бастағанын атап өтті. Мысалы, 2022 жылы курорттық аймаққа аяқ басқан туристердің жалпы саны 1 млн астам адамды құрады. Биыл 23 млрд теңгеге 200-ге жуық жұмыс орнын ашатын 65 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен туристер қатарын 1 млн 200 мың адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ «Aqbura Resort» орталығын ашу жоспарланып отыр.
«Бүгінгі таңда Бурабайда жаңа демалыс маусымы ашылды. Абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша дайындық іс-шаралары кешенін ұйымдастыру арқасында курорттық аймақ келушілерді қабылдауға толық дайын», — деді Ақмола облысының басшысы Ермек Маржықпаев.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу