Егін жинау науқаны-2025: мемлекеттік қолдау және заманауи технологияларға көшу нәтижесінде астықтың рекордтық көлемі жиналды

Үкіметтің ауқымды қолдауы, ерте кезеңдегі жеңілдікпен қаржыландыру және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары шеңберінде заманауи агротехнологияға жүйелі түрде көшудің арқасында Қазақстанда соңғы жылдардағы егін жинау науқандарында ең мол өнім қамтамасыз етілді.

Екі жыл қатарынан алынған мол өнім агротехникалық талаптарды қатаң сақтау – саланың өнімділігін тікелей анықтайтынын дәлелдеді. Егіс алқаптарын әртараптандыру, топырақ құнарын арттыру үшін заманауи жүйелерді енгізу  және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту нәтижесінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтерілді.

Дәнді және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының рекордтық өнімі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды.

Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды. Олар тек табысты емес, сонымен бірге топырақтың құнарын арттырып, ауыспалы егісті жақсартады. Мысалы, бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады.

Бүгінгі таңда республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 16,2 ц/га болған.

Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді.

4 млн тоннаға жуық арпа жиналды.

Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті.

Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды.

Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды.

Жалпы алғанда, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп.

Осыған байланысты әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту қажет.

Диқандарды ерте қаржыландыру және технология қолдануды арттыру

Фермерлердің агротехнологияларды сақтауына, ең алдымен, мемлекеттік қолдау тетіктері зор әсер етті. Ағымдағы жылы ерте жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.

Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56%-ын құрайды.

Элиталық тұқымдардың үлесі 9,5%-дан 11,5%-ға дейін өсті.

Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады.

1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды.

Бұдан бөлек, шаруаларға револьверлік кредит беру ашылады, бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техника жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетіп, екі жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді.

Негізгі астық өндіруші өңірлерде жүргізілген талдау агротехнологияларды сақтау мен өнімділік арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетті.

Мысалы, барлық шаруашылықтардың шамамен 60%-ы гектарынан 15–30 центнер өнім алса, ал 8%-ы 30 центнерден аса өнім жинады.

Осылайша, республика бойынша орташа өнімділік гектарынан 17 центнер деңгейінде қалыптасып, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары болды.

Дегенмен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шаруашылықтардың шамамен 12%-да өнімділік әлі де төмен деңгейде, 7–8 ц/га қалып отыр.

Осыған байланысты өңірлер 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімін екі еселеу жөніндегі Жол картасының көрсеткіштеріне жету мақсатында фермерлерді технологияны сақтауға ынталандыру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Ақмола облысында жиналған астықтың басым бөлігін жоғары сапалы өнім құрады

Өңірлер бойынша қарастырғанда, егін жинау науқанының аяқталуы аграрлық сектордың тұрақты қалпына келіп, технологиялық тұрғыдан ілгерілегенін дәлелдейді.

Дәстүр бойынша ең жоғары нәтижені Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетіп, ағымдағы маусымдағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың негізгі жалпы өнімін қалыптастырды. Үш өңірде де уақытылы көрсетілген мемлекеттік қолдау, техника паркін жаңарту және агротехнологиялық талаптарды сақтау шешуші рөл атқарды

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны рекордтық табыспен аяқталды: шаруалар 7,6 млн тонна астық және 4,7 млн га көлемінде бұршақ дәнді дақылдарын жинады. Орташа түсім гектарынан 16,3 центнерді құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда анағұрлым жоғары – 14,1 ц/га.

Жиналған астықтың 75%  жоғары сұрыпты 3-класты өнім болып табылады. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтады.

Жүргізілген диверсификациялау бағытындағы жұмыс та нәтижелі болды. Майлы дақылдар бойынша жалпы түсім 554 мың тоннаны құрады. Бір гектардан орташа  11,2 центнер жиналды, (495,4 мың га алқаптан жиналды). Астық және бұршақ дәнді дақылдардың тұқымын дайындау жоспары 100%-ға орындалды. Қажетті 540 мың тонна тұқым сақталуда және көктемгі егіске дайын.

Облыстың агроөнеркәсіп кешені астық қабылдайтын, элеваторлар және қоймалармен қамтамасыз етілді. Жалпы сыйымдылығы 7,2 млн тоннаны құрайды. 4,3 млн тонна сыйымдылығымен 66 элеваторлар, 2,9 млн тоннаға 1,5 мың астық қоймасы, сонымен қатар 500 мың тоннаға 2,5 мың астық сақтауға арналған жеңдер бар.

Жалпы егін жинау науқанына 7 мыңнан астам комбайн тартылды. Оның  4,8 мың данасы қазіргі заманғы, жоғары өнімді техника. Барлық техниканың үздіксіз жұмысын және астықты кептіруді қамтамасыз ету үшін,  диқандарға 95 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

Мемлекеттің қомақты және уақытында көрсетілген қолдауының арқасында облыс рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Атап айтқанда, 118 млрд теңгеден астам сомаға 928 фермерге қолдау көрсетілді. 2023 жылмен салыстырғанда енгізілген минералды тыңайтқыштардың көлемі 3 есеге артты – 2023 жылы 111 мың тонна, 2024 жылы 258,5 мың тонна, 2025 жылы 336,1 мың тонна. Жеңілдетілген лизингтің қолжетімділігі машина-трактор паркін жаңартуға ықпал етті.  Ағымдағы жылдың өзінде ғана шамамен 1,5 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 1,2 трлн теңгеден асады деп күтілуде.

Қостанай облысында өндірістік қуат артты

Қостанай облысы бойынша дәнді дақылдарды жинау аяқталды. 4,1 млн га алқаптан 6 млн 734 мың тонна астық жиналды. Орташа шығымдылығы гектардан 16,5 центнерді құрады. Майлы дақылдар 839 мың га немесе алқаптың 96% (873,5 мың га) жиналды. Шығымдылығы 9,6 ц/га.

Келесі жылдың егіс жұмыстарына қажетті тұқым көлемі – 514,2 мың тонна мөлшерінде жиналды. Облыстағы сақтау қоймаларының жалпы көлемі – 8,3 млн тоннаға, оның 3 млн тоннасы элеваторлық. Астық қабылдау кәсіпорындарының жүктемесі ағымдағы кезеңде 49,8% құрайды. Шаруашылықтардағы қойма үй-жайларының сыйымдылығы 5,3 млн тоннаны құрайды.

Астықты кептіру үшін 415 астық кептіру агрегаты, оның 96-сы элеваторларда және 319-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарында бар.  Өнімді сақтау мен өңдеудің қолда бар қуаты барлық өсірілген егінді сақтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары маңызды рөл атқарды: көктемгі егіс және егін жинауды жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша 89,5 млрд теңге берілді. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру сомасы 60%-ға артық (56 млрд теңге).

2025 жылы Аграрлық несие корпорациясы арқылы – 64 млрд теңге, Тобыл Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы – 20,1 млрд теңге, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы – 5,4 млрд теңге бөлінді.

Солтүстік Қазақстан облысында майлы дақылдың рекордтық өнімі алынды

Қостанай өңірінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын жинау науқаны аяқталды. Биыл 3 млн. га алқаптан 6,5 млн. тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 21,4 ц/га, бұл – елдегі астықты өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Майлы дақылдарды жинау жұмысы аяқталуға жақын. Бүгінгі күні 966,1 мың гектар алқап жиналды. Алғаш рет 1,2 млн тоннадан астам майлы дақылдың рекордтық өнімі алынды, орташа өнімділік гектарынан 12 центнерді құрады.

 Агротехникалық шаралар кешенін уақытылы жеңілдетіп, қаржыландырудың арқасында, облыс диқандары 161 млрд теңге рекордтық қаражат алды. Қабылданған шаралар диқандарға көктемгі дала жұмыстарын уақытылы өткізіп, жоғары өнім алуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себіліп, сорт жаңарту деңгейі 11,2 % жетті.

Өңірде сыйымдылығы 7 млн тонна болатын астық қоймалары бар. Бүгінде олардың жүктелімі 54% құрайды. Жаңа өнімнен 2 млн тонна астық қабылданды. Астық тасымалдау жұмыстары жалғасуда.

Келесі жылға дайындық жұмыстары жүруде. 2,8 млн мың гектар алқапта сүдігер жыртылды. 2026 жылғы егіс науқанына  500 мың тонна тұқым жиналды.

Экспорт жоғары деңгейде сақталып, жаңа нарықтарға жол ашылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, алынған астық өнімі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, экспорттық әлеуетті де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өткен маусымда астық экспорты 47%-ға артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті. Экспорт көлемін тұрақты ұстау мақсатында бағдарламаның мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды.

Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка елдеріне жеткізілді.

Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды.

Қазақстандық астыққа сұраныс жоғары. Бүгінгі күннің өзінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес астықты терең өңдеу бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Бұл жобалар нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылады.

Көктемгі егіс науқаны-2026: сақтау, сапа және дайындық

Астық сақтау сыйымдылығы республика бойынша 30,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде лицензияланған кәсіпорындарда – 13,3 млн тонна, шаруаларда – 17,4 млн тонна.

Жаңа өнімнен элеваторларға 7,7 млн тонна астық тапсырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп – 3,4 млн тонна.

Сақтауға тапсырылған жұмсақ бидайдың 53%-ы жоғары сапалы, 35%-ы – төртінші сынып, 12%-ы – төменгі сынып және сыныпсыз астық.

Қазіргі уақытта 2026 жылдың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары басталып кетті.

Жалпы егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жалғасатын болады. Басымдық – жоғары рентабельді және экспортқа бағытталған дақылдарға беріледі, ал суды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқарады.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап әртараптандыру көрсеткіштерін орындауға бақылау күшейтіледі.

Сондықтан өңірлер қазірден бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егіс құрылымын алдын ала пысықтауы тиіс.

Келесі маңызды бағыт – тұқымдық материалды сапалы дайындау.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды, оның 96%-ы дайындалған. Әкімдіктер тұқым сапасын тексеруді қазірден бастауы қажет.

Биылғы жылдың қорытындысы агротехнологиялық талаптарды сақтаудың нақты нәтижесін тағы да айқын көрсетіп берді.

Қазіргі таңда минералдық тыңайтқыштарды енгізу бойынша бекітілген көрсеткіштерді орындауға жүйелі дайындық басталды - 2026 жылы 2,3 млн тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Сол себепті шаруа қожалықтары қажетті көлемдер бойынша келісімшарттарды уақтында жасап, қоймаларды дайындау қажет.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша ауқымды жұмыс басталды. Келер жылғы жаңарту жоспары – 8%-ды құрайды.

Үкімет тарапынан 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына несиелеу басталды. Сондықтан әкімдіктер барлық қаржыландыру жолдарын оның ішінде, жеңілдетілген несие, субсидиялар және лизинг бағдарламаларын пайдаланып, фермерлердің барынша кең ауқымын қамтуы тиіс.

Диқандар 860 мың тоннадан астам дизель отынымен қамтамасыз етілді

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынмен уақтылы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді, бұл егін жинау науқанын табысты өткізуде маңызды фактор болды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе, 21 шілде мен 31 қараша аралығына 2025 жылғы күзгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын беру кестесін бекітті. Қосымша 20 мың тонна күзгі дала жұмыстарына және 40 мың тонна астық пен майлы дақылдарды кептіруге дизель отыны бөлінді.

2025 жылы АШТӨ-ге бөлінген дизель отынының жалпы көлемі – 863 мың тонна, оның ішінде көктемгі ДЖ – 401 мың, күзгі ДЖ – 422 мың, және кептіруге – 40 мың тонна. 

ҚҚС есепке алынған орташа баға литріне 254 теңге құрады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды, дизель отынының түсі сары, көк және қызылға бояуға таңбалаланды және электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды.

Шілде-қыркүйек айларында диқандарға 238 мың тонна жөнелтілді, жоспарланған көлемнің – 60%-ы. Қазан-қараша аралығында қосымша  30,8 мың тонна қарастырылған.

Диқандарды отынмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында, бұл машина паркін және құрғату кешендерінің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

*****

Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы мемлекеттік деңгейде қабылданған жүйелі шешімдер, Президент тапсырмалары және шаруашылықтарды технологиялық жаңғырту тұрақты нәтижеге жеткізетінін дәлелдеді. Қазақстан агросектордың сапалы өсім кезеңіне өтті – бұл егіс алқаптарын экстенсивті ұлғайтудан емес, технологияларды енгізу, қаржыландыруды күшейту және өндірісті әртараптандыру есебінен мүмкін болды.

Рекордтық астық жинау, майлы және бұршақты дақылдар бойынша тарихи көрсеткіштер, бидай сапасының жоғары деңгейі, жаңа экспорттық нарықтарға шығу және саланы кең ауқымды жаңғырту – мұның бәрі Қазақстанның біртіндеп заманауи, инновациялық, экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы моделін қалыптастырып жатқанын көрсетеді.

Жалпы аграрлық сектордағы жұмыс жалғасуда – қазірден-ақ 2026 жылға арналған стратегия қалыптасып жатыр. Негізгі басымдық көктемгі егіс науқанына дайындыққа, агротехнологияларды кеңінен қолдануға, техника паркін жаңғыртуға және аграрларды қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етуге берілуде. Бұл шаралар қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, өндірісті әртараптандыруға және жаңа рекордтарға жол ашпақ.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу