Экономикалық өсім, инвестиция тарту, адами капиталды дамыту  қолайлы орта қалыптастыру – Шымкент қаласының дамуы

Шымкент – еліміздің Оңтүстік өңіріндегі халқы тығыз орналасқан ірі мегаполистердің бірі. Соңғы жылдары ішкі миграциялық ағын есебінен қала халқы қарқынды өсіп келеді. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес экономикалық өсімге ықпал жасайтын өндіріс орындарын аша отырып инвестиция тарту, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта құру бағыттарында жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әр салаға нақтырақ тоқталып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырып өтті.

Макроэкономикалық көрсеткіштерге келетін болсақ, осы жылдың 10 айында қала экономикасының өсімі 14,8%-ды құрап, республика бойынша алдыңғы қатардан орын алған. Оның ішінде, сауда көлемі 24,6%-ға, байланыс 18,3, өнеркәсіп өнімі 14,7%-ға, құрылыс жұмыстары 7, инвестиция 4,7%-ға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН ҚҰРУ, ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ 

Экономика өсімінің драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту – негізгі міндетіміз болып саналады. Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,5 %-ға өсті. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені қ ұрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде биылғы жылы қосылған «QazAlpack» компаниясы өндіретін «Алюминий құтылары өніміне» сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның 2-ші кезеңін іске қосылды. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды. 

Сол сияқты, құны 7,8 млрд теңгеге «Sauran Bricks» компаниясы «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды. Мегаполисте өндірістік аймақтарды дамыту арқылы инвесторлар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңадан 2 өндірістік аймақ салу және 3 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл аймақтарда 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 13 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде, 2 индустриялық аймақтың құрылысы аяқталуда. Атап айтқанда:  Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған болатын. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстарын келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. 

Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндіктер береді.  Екіншісі, «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Мұнда өндірістік аймақпен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары да салынды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту – стратегиялық міндетіміз. Осы ретте, инвесторларға тұрақты түрде қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75%-ы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11%-ды құрады. Өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы 5 жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту бойынша жоспарымыз бар. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. 

Өткен жылы «Alsera KZ» түрік компаниясымен құны 322 млрд теңгені құрайтын 650 гектар жерге елімізде ең үлкен заманауи жылыжай кешені құрылысы басталғанын айтып өткен болатынмын. Бүгінде құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынды. Сол сияқты, польшалық «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу көзделуде. Өткен айда Астана қаласындағы инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалып, жобаны жүзеге асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінді. 

Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкент қаласында орналасқан. Мұнай-химия саласын дамыту бағытында 2030 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру көзделуде (Құны шамамен 3 трлн теңге). Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерліктің экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі күші екенін атай отырып, саланы дамытуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда қаламызда бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, соңғы 3 жылда шаһарымыздағы белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып (РБ – 15,3 млрд теңге, ЖБ – 4,7 млрд теңге), бүгінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді (оның ішінде 191 жаңа жоба). 

Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаңды құру» (Промпарк) жұмыстары аяқталуда. Бұл өндіріс алаңдарында 50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендеткен болатынбыз. Қазіргі кезде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға артады. Бүгінде қала аумағындағы 19 базардың 15-і модернизациядан өткен. Биыл 4 базарда модернизациялау жұмыстары аяқталып, барлық базарлар толық стандартқа сәйкестендіріледі. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау – бұл халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруға тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда ашылған өндіріс орындары мен жұмыс істеп тұрған мекемелерге жыл басынан 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл жалпы 46 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2023 жылы 12 725 отбасыны құраса қазіргі таңда, 1 800 отбасыға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады (2024 жыл – 4,8%, республикада 5 орын). Экономиканың өсіміне сәйкес жергілікті бюджет есебінен еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға 11 млрд теңге бағыттадық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өңірдегі орташа жалақы көлемі 10%-ға өсіп, 334 мың теңгені құрады. 

АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ 

Мегаполисте адами капиталды дамыту – бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда үлкен рөл атқарады. Мемлекет басшысы үнемі білім сапасын жақсарту, денсаулық және спорттық инфрақұрылымды дамытуға аса мән беріп келеді. Бұл салалар менің де күн тәртібімнен түскен емес. Білім беруде үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға беріліп, жоба өңірде сәтті жүзеге асырылды. Биыл бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілді (№50 мектепке қосымша құрылыс 575 орын, Тельман ш.а. 1 200 орындық мектеп). Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп (№№ 9, 10, 13, 19, 26, 99, 75, 108, 109 және дарынды балаларға арналған №1 мектеп), 1 балабақша (№97) күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда, нысан білім басқармасының балансына беріліп, қажетті жиһаздармен қамтылуда. Президентіміз биылғы Жолдауында экономиканың барлық салаларына жасанды интеллектіні енгізіп, цифрландыру арқылы еліміздің тұрақты даму жолдарын айқындап берді. Білім беру саласын цифрландыру мақсатында бірқатар жаңа жоба қолға алынды. 

Бірінші. Қалада барлық мектептердегі бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған, заманауи интеллектуалды жүйе – «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл интеллектуалды жүйе – мектептегі қауіпсіздік, өрт және буллинг жағдайларымен бірге, контингенттің оқу процесіне қатысуын бақылап, тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Екінші. Мектептердегі тегін тамақтың берілуін бақылайтын «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізіліп, 2 айда 460 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді. Үшінші. Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала – бір орын» қағидатымен бірыңғай ваучерлік жүйе енгізілді. Бұл жүйе үйірмелер сапасын арттырып, бақылауды күшейтумен бірге 1,8 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Төртінші. Білім беру саласында жемқорлық фактілерінің алдын алып, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық ақпараттық платформалардың қаржыландыру процестерін бақылап, қадағалайтын «QARQYN» цифрландыру жүйесі енгізілуде. 

Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттық инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 827 алтын, 753 күміс, 793 қола медаль жеңіп алды (2024 жылдың тиісті кезеңінде 768 алтын, 642 күміс, 724 қола). Спорт инфрақұрылымын дамытуда биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2 модульді спорт кешені пайдалануға берілді (Бадам, Қарабастау елді мекендері). «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы 2 модульді спорт кешені салынуда (Қайнарбұлақ тұрғын алабы және №2 оқушылар сарайы аумағында). Демеушілер есебінен орталық Қажымұқан стадионында қайта жөндеу жұмыстарымен бірге, халықаралық стандартқа сай келетін жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолақтары жасалынып, футбол алаңының табиғи газоны ауыстырылды. Осындай демеушілер есебінен қаламызда алғаш рет, тұрғындардың қысқы демалысын тиімді өткізу мақсатында 3 аумаққа 6 мың шаршы метр құрайтын ашық мұз айдындары салынды (Мұз сарайы – 550 шаршы метр, Арбат – 1 830 шаршы метр, Астана алаңы – 3 600 шаршы метр). 

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадионның құрылысы жүргізілуде. Биыл құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізу жоспарланған болатын. Алайда, нысанды орналастыру жобасы өзгеруіне және мердігер тарапынан уақтылы атқармауына байланысты жоспардан ауытқу орын алды. Бүгінгі таңда, мердігерге қатаң ескерту жасалып, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар «Шымкент арена» және паралимпиада мен сурдлимпиада спорт түрлері бойынша арнайы орталық құрылысын келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз (жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде). Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылы «Опера және балет» театрының жаңа ғимаратының құрылысын бастайтын боламыз. Денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда жаңадан 14 медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға дейін азайды. 

Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді (Құны 2,8 млрд тг). Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы 1 102 операция жасалды. Оның ішінде, 310 кардиохирургия, 33 нейрохирургия, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы жүзеге асырылды. Жергілікті бюджет есебінен 2 аурухана күрделі жөндеуден өтіп (№1 қалалық клиникалық ауруханасы және жұқпалы аурулар ауруханасы), жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында қосымша 40 арнайы автокөлік алынды. Салада соңғы 3 жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, медицина мекемелерінің материалдықтехникалық базасын жаңарту деңгейі 79%-дан 90%-ға жетті. Шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында биыл 3 шағын ауданда сервистік орталықтар салынды. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасқан. Келесі жылы 2 шағын ауданда салынатын болады. 

Мемлекет басшысы өңірде 150 орындық оңалту орталығын және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана салуды тапсырған болатын. Бүгінде заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 200 орындық жаңа заманауи перзентхана салуға 6,2 гектар жер телімі бөлініп, құжаттамалары әзірленді (Құны 48,8 млрд тг). Үкіметтің қолдауымен перзентхана құрылысын арнайы мемлекеттік қор есебінен салуды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік салада зейнеткерлер мен ардагерлерді қаланың мәдени өміріне белсене қатыстырып, рухани демалуына жағдай жасап келеміз. Өткен жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі енгізілсе, биыл алғаш рет 36 мыңға жуық зейнеткерлерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ардагерлерге арналған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені жаңа 120 орындық заманауи ғимаратқа көшірілді. Мұнда жылына 3 500-ге жуық зейнеткер 25 түрлі емдеусауықтыру қызметін алады. 

ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ 

Қазіргі урбанизация қарқынды дамып жатқан кезеңде, мегаполис тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру өте маңызды бағыттарымыздың бірі болып саналады. Халықтың тұрмыстық сапасын жақсарту мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза жайлы орта құру бағытында жұмыстар атқарылуда. 

Инженерлік инфрақұрылыммен қамтуда биыл Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран (Қайтпас-1 аумағы) шағын аудандарында 11 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылды. Демеушілер есебінен ұңғыма арқылы су ішіп отырған Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры тартылып (құны Текесу – 100 млн теңге, Айкөл – 157 млн теңге), орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қостық. Сол сияқты, Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран (Қайтпас-1 аумағы) және Құрсай шағын аудандарындағы 13 мыңға жуық халық сапалы электр энергиясына қосылуда. 2019 жылдан бері құрылысы созылған «Ақжар» қосалқы стансасы пайдалануға берілді. Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығын ұлғайтып, 40 мыңға жуық тұрғындар мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалынды. 

Сонымен қатар Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Достық, Алтынтөбе, Тассай және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) шағын аудандарында 25 мыңға жуық халық табиғи газбен қамтылды. Газ жүйелеріндегі ақауларды анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы алынып, диагностика жүргізілген 107 шақырым құбырлардан анықталған 67 ақау қалпына келтірілді. Нәтижесінде, қала тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен, 100%-ы электр энергиясымен, 98%-ы табиғи газбен қамтылды. Дегенмен, өңірге инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу үшін инженерлік жүйелердің қуаттылықтарын арттыру қажет. Президентіміздің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында монополист мекеме «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы есебінен құны 26 млрд теңгеге «Қызылсу» қосалқы станциясын салу жоспарланып отыр. Қаланың даму перспективасына сәйкес 6 қосалқы станса және 3 газ тарату станциясын салу қолға алынды. Жылумен қамтуда пилоттық жоба ретінде, акустикалық резонанс әдісі негізінде жасанды интеллект арқылы роботтық кешенді қолдана отырып, жылу құбырларына диагностика жүргізілді (Жүргізілгені 2,3 шақырым). 

Бұл заманауи әдіс құбырларды дәлдікпен сканерлеу арқылы қауіпті учаскілерді анықтап, жөндеу шығындарын 75%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Әкімшілік-іскерлік орталығындағы қазандықты модернизациялау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба нормативтік жылу беру шығынын 24%-дан 9%-ға дейін төмендетіп, 46 мыңнан астам абонентті сапалы жылумен қамтиды. Тұрғындарға қолайлы орта құрумен бірге, қала қауіпсіздігінде түнгі жарықтандыру мәселесі де өте маңызды. 2023 жылға дейін қаладағы жалпы 6 714 көшенің жыл сайын орташа 115 көшесі жарықтандырылып, қамту деңгейі 30%-ды құраған (жалпы 2 028 көше жарықтандырылған). Соңғы екі жылда осы бағыттағы жұмыстарды 40 есеге ұлғайтып, 4 686 көше жарықтандырылды. Жыл соңына дейін қала көшелері 100% қамтылады. Мемлекет басшысы жергілікті жолдардың 95%-ын жақсартуды тапсырған болатын. 

Өткен жылы 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000-нан астам шақырым асфальт салу жоспарланып, оның бүгінде 97%-ы орындалды. Жыл соңына дейін қаладағы қоныстанған елді мекендер толығымен асфальт жолмен қамтылатын болады. Президентіміздің өңірге іс-сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, биыл А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта құрудан өтіп, қала арқылы өтетін транзиттік көліктерге жағдай жасалатын болады. Қаланың орталығын Ташкент – Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасын келесі жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты, халыққа қажетті қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын 2 ірі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізілуде (Момынов және Тіленшин). Бүгінде Момынов көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы 95%-ға аяқталып, жуық арада көлік қозғалысына толық жағдай жасалады. Тіленшин көшесін келесі жылы іске қосатын боламыз. Сонымен қатар Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайырығын салу жұмыстары басталды. 

Соңғы жылдары қала арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің саны жылдан-жылға артып, жолдардың тез бұзылуына септігін тигізіп отыр. Сондықтан, қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйені іске қостық (қараша айынан бастап 240 млн теңге айыппұл салынған). Келесі жылы қосымша 6 бағытқа орнату жоспарлануда. Президентіміздің әуежайды халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды (Құны 46,1 млрд тг). Бұл жоба қаланың логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, өңірлік хаб ретінде дамытуға серпін береді. Қала тұрғындарын баспанамен қамту басты назарда. Биыл 1 млн 375 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Оның қазіргі кезде 982 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Дегенмен, халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны 90 мыңнан асты. Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 523 пәтер сатып алынуда. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді. Реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер табысталды. Айта кететін мәселе, биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында Бозарық және Ақжайық шағын аудандарында құрылысы аяқталған 1 914 пәтерлі 54 тұрғын үйді «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға несие арқылы үлестіру жоспарланған. Алайда, «Отбасы банк» АҚ-ның айналым қаражаты болмауына байланысты, тұрғындарға үйлерді сатуға мүмкіндік болмады. Үкіметпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі таңда, 444 пәтерді кезектегі азаматтарға беруге конкурс жарияланды. Қалған пәтерлер келесі жылы берілетін болады. Мегаполистің экологиялық ахуалын жақсарту және әр ауданнан демалыс орындарын салып, тұрғындарға қолайлы орта құру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл жаңадан 45 сквер салынып, жалпы саны 90-ға жетті. Жасыл желек аумағын ұлғайтуда магистральды 27 көшеге 500 мың шаршы метр жаңа газон егіліп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Биыл жалпы қала аумағында 152 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Қаладағы негізгі бұлақ көзі – Қошқар-ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы абаттандырылды. Сонымен қатар қалада алғаш рет бұрыңғы «Көл» аймағында лазерлік жарық пен отты шоуды біріктірген және Шымкентсити саябағында бейнепроекциямен жабдықталған музыкалы фонтандар іске қосылды. Демеушілер есебінен микроклиматтық ахуалды жақсарту мақсатынды жаңадан 16 фонтандар салынды. Қала орталығындағы ирригациялық арықтардан көптеген жылдар бойы су жүрмей, микроклимат бұзылған. Бұл климаты ыстық Шымқаламыз үшін маңызды мәселенің бірі. Биыл ұзындығы 85 шақырым болатын 13 магистральді жолдарда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді. Қалада ұзақ жылдан бері қоқыс полигоны болған бұрынғы 45 гектар жерге демеушілер есебінен «Экосаябақ» салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл аумақта көгалдандырумен бірге амфитеатр, фонтандары бар жасанды су қоймасы және спорт алаңы, жаяу жүргіншілер жолдары салынады. 

Одан бөлек, қала тұрғындарына табиғат аясында жайлы демалыс ұйымдастыру үшін экологиялық туризмді дамытуға бағытталған «Omir Shymkent» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша «Бадам» су қоймасы жағалауында жалпы аумағы 53 гектар жерге глэмпинг, капсулалы қонақ үй, мейрамхана, бассейн салынып, ашық аспан астында концерттік іс-шаралар өткізіліп, туристік кластерді қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын болады. Сонымен қатар ұлт мәдениеті мен салт-дәстүрін және қаланың тарихын кеңінен таныстыратын «Шымқала» тарихимәдени кешен аумағындағы «Этноауыл» демеушілер есебінен қайта жаңғыртудан өтетін болады. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ

Мемлекет басшысы еліміздің бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болуы үшін жасанды интеллект пен цифрландыруды түбегейлі енгізіп, экономиканы жаңғырту қажет екендігін айқындап берді. Өңірде интернет сапасын жақсарту мақсатында соңғы 3 жылда 295 базалық станция орнатылып, 398 станция модернизациядан өтті. Биылдан бастап «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды қолға алдық. Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласында медициналық көмектің сапасын арттырып, инсультті жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін – «Cerebra AI» жобасы (№2 қалалық ауруханаға енгізілді) және науқастарға нақты диагноз қойып, ем тағайындауға көмектесетін – «PULS AI» интеллектуалды ассистент жүйесін енгіздік (қаладағы 13 емханаға енгізілген). Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда өңірлерде медициналық қызметкерлер кәсіби міндеттерін атқару кезінде физикалық және психологиялық қауіп-қатерлерге жиі ұшырауда. Осыған орай, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «Смарт-бейнежетон» пилоттық жобасын іске қостық (биыл – 10 дана, 2026 жылы – 135 дана). Білім саласында оқушыларға робототехника бағдарламасын оқытуға бағытталған «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылды. Одан басқа, дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылап, заңсыз құрылыс пен жер иемденуді және заңсыз қоқыс алаңдарын анықтап, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. 

Жол саласында көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 331 жол қиылысындағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылды («Ақылды көлік жүйесі»). Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде биыл 4 425 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның ішінде, 350 камера бейнеталдау функциясын атқарады.

Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес қоғам мен билік арасында ашық диалог орнату үшін тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдап, әр аудандарда көшпелі кездесулер ұйымдастырып келеміз. Халықпен кездесу барысында қала болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындардан көптеген ұсыныстар түсіп жатады. Осы ретте, қаланың дамуына тұрғындар белсене араласатын арнайы жобаны іске қостық. Енді әр азамат қоғамдық орындар мен көліктерде QR-код арқылы өз идеяларын ұсына алады. 

Қаланы одан әрі дамыту жолындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады. Басты мақсат – Шымкентті инвестиция салуға қолайлы етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта құру.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу