ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін іске асырылып жатқан цифрлық трансформациялардың негізгі бағыттары туралы баяндады.
Нақтырақ айтқанда, Е-Заңнама, жасанды интеллект енгізу, атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру, атқарушылық іс жүргізуге жасанды интелектіні енгізу, цифрлық нотариат жобасы, атқарушылық жазбаны цифрландыру, е-Заң көмегі, е-Сараптама, аттестаттау рәсімінің реинжинирингі, заңды тұлғалардың цифрлық сенімхаттары сияқты цифрлық жобаларға тоқталды.
«Е-Заңнама – бұл жоба бірыңғай жүйеде заң шығарудың барлық үдерістерін біріктіру үшін құрылды. Норма шығармашылықты цифрландыру саласындағы флагмандық жобалардың бірі деуге болады. Қазіргі уақытта жоба шеңберінде заң жобасының бүкіл өмірлік циклін қамтитын функционал толығымен жүзеге асырылды, яғни әзірлеуші бастамашылық еткен сәттен бастап Мемлекет басшысының қол қоюына дейінгі үдерістер қамтылған. Бұл нормативтік құқықтық актілерді дайындау мен келісудің сандық үдерісін қамтамасыз етуге, барлық кезеңдердің ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта заңға тәуелді актілер бойынша функционалдылықты кеңейту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бұл норма шығармашылықтың цифрлық экожүйесін дамытудың келесі маңызды кезеңі болмақ», — деді вице-министр.
Е-заңнаманы енгізудің негізгі тиімді тұстарына мыналар жатады:
• түзетулер мен келісулер тарихын қоса алғанда, НҚА-ның толық цифрлық мәліметтер жинағын қалыптастыру;
• институционалдық есте сақтауға, оның ішінде құқық шығармашылығы тәсілдерінің сабақтастығы үшін жағдай жасау;
• үдеріске қатысушыларға түсетін бюрократиялық жүктемені айтарлықтай төмендету.
Сонымен қатар вице-министр Әділет министрлігі жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді де белсенді түрде енгізіп жатқанын атап өтті. Бүгінде Министрлік сайтында 24/7 режимінде құқықтық кеңесші жұмыс істейді. Ол азаматтарға құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша кеңес береді, осылайша заңнаманы түсіндіру бойынша мемлекеттік органдарға жүктемені азайтады.
Оның айтуынша келесі кезең нормативтік құқықтық актілерді әзірлеушілерге сараптамалық қолдау көрсететін смарт-ассистентті енгізу болады. Оның мынадай қызметтер түрін қамтиды.:
• НҚА-ға өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдарды автоматты түрде жасау;
• қолданыстағы заңнамада қайталанатын және қарама-қайшы нормаларды анықтау;
• актілердің жобаларындағы сыбайлас жемқорлық факторларын талдау;
• жаңа нормаларды басқа құжаттардағы ұқсас ережелермен салыстыру. Осылайша, смарт-ассистент тек көмекші құрал ғана емес, оның сапасын, келісімдерін арттыруға ықпал ететін норма жасау үдерісінің толыққанды қатысушысы болып саналады.
«Әділет министрлігінің цифрлық трансформациясының тағы бір маңызды бағыты – атқарушылық іс жүргізу рәсімдерін автоматтандыру. Өткен жылдың тамыз айынан бастап осы бағыт шеңберінде “цифрлық сот орындаушысы” енгізілді, ол автоматты режимде адамның қатысуынсыз атқарушылық іс жүргізуге бастамашылық жасайды және сүйемелдейді. Бұл шешім адами факторды жоюға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қарызды өндіріп алу үдерісін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Жобаның негізгі әлеуметтік тиімділіктерінің бірі – азаматтарға қаржылық жүктемені азайту. Егер бұрын жеке сот орындаушысын тарту кезінде борышкер борыш сомасының 25%-на дейін комиссия түрінде қосымша төлеуге мәжбүр болса, енді үдерісті автоматтандырудың нәтижесінде бұл шығыстар алынып тасталды. Цифрлық құралды енгізу – азаматтардың бұрын жеке сот орындаушыларының қызметтеріне төлеуге кеткен 1 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеді. Бұл тек сот төрелігінің қолжетімділігін арттырып қоймай, қоғам мүддесі үшін технологияларды тиімді қолданудың айқын үлгісін көрсетті»,— деді вице-министр.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков атқарушылық өндірісті одан әрі цифрландыру аясында жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланып жатқанын, олар сот шешімдерін орындаудың ашықтығын, тиімділігін және әділдігін арттыруға бағытталатынын айтты. Мысалы, «Құқықтық кеңесші» модулі – бұл азаматтарға арналған құрал және ол атқарушылық іс жүргізу барысында объективті ақпаратқа қол жеткізуді және тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін цифрлық көмекші болады. Оның басты қызметтері мынадай:
• жеке сот орындаушыларының әрекеттерінің толықтығын бақылау;
• азаматтарды олардың істерінің мәртебесі және жасалған әрекеттер туралы ақпараттандыру;
• сот орындаушыларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты негізделген шағымдарды дайындауға көмек көрсету;
• атқарушылық іс жүргізу жүйесіне деген ашықтық пен сенімді арттыру.
осындай жобалардың бірі – «Смарт-ассистент модулі». Ол сот орындаушыларының өздеріне арналған және олардың жұмысын ұйымдастыруда зияткерлік көмекші болады.
Оның негізгі функцияларына мыналар жатады:
• мерзімдерді сақтау және қажетті әрекеттер туралы еске салу;
• жүргізіліп жатқан рәсімдердің дұрыстығын талдау;
• жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар беру;
• әрекетсіздіктің қателіктері мен қауіптерін автоматты түрде анықтау.
Вице-министрдің сөзінше, бұндай шешімдерді енгізу атқарушылық іс жүргізудің сапасына жаңа стандарт қалыптастырады, онда жасанды интеллект технологиялары заңдылықты сақтауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Бекболат Молдабеков Цифрлық нотариат жобасына тоқталып өтті. Оның айтуынша жобаның мақсаты – азаматтардың нотариаттық қызметтерді онлайн-форматта нотариусқа жеке бару қажеттілігінсіз, ыңғайлы және қауіпсіз қол жеткізуін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта электрондық түрде мынадай қызметтер көрсетіледі:
• цифрлық сенімхаттар;
• неке туралы өтініш;
• жұбайының келісімі.
Жобаны іске асыру басталғаннан бері цифрлық форматта 350 мыңнан астам нотариаттық қызмет көрсетілген, бұл халықтың сервиске деген сұранысының жоғары екендігін айғақтайды.
Қызметтердің қауіпсіздігі мен заңды маңыздылығын қамтамасыз ету үшін биометриялық сәйкестендіру мен нотариуспен өзара іс-қимылды бейнетіркеу қолданылады, бұл даулы жағдайлардың туындау тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Осылайша, «цифрлық нотариат» жобасы азаматтардың заманауи үміттері мен цифрлық дәуірдің талаптарына жауап бере отырып, нотариаттық қызметтерді қолжетімді, қауіпсіз және тиімдірек етеді.
Сондай-ақ Әділет вице-министрі бүгінде әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – нотариустың атқарушылық жазба беру рәсімін цифрландыру жобасы болып отырғанын жеткізді. Оның мәліметінше бұрын бұл үдеріс тек қағаз түрінде жүзеге асырылды және бұл бірқатар мынадай маңызды проблемаларды тудырған еді:
• нотариустар, микроқаржы ұйымдары және жеке сот орындаушылары арасындағы сөз байласу жағдайлары, нәтижесінде адал азаматтар зардап шекті;
• борышкерлердің материалдарға уақтылы қол жеткізуінің болмауы;
• қарсылықтарды жедел жібере алмауы;
• аумақтық қағидатын бұзуы;
• әділет органдарына жыл сайын 7 мыңға жуық шағым келіп түсті, бұл жүйелі ақаулар бар екендігін анық көрсетті.
«Осы сын-тегеуріндерге жауап ретінде барлық іс-әрекеттердің ашықтығын, бекітілуін және тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін нотариаттық жазбаларды орындаудың цифрлық тетігі әзірленіп, енгізілді. Жеке кабинет құрылды, ол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Негізделген қарсылықтар болған кезде нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюға міндетті, өйткені бұл жағдайда қарыздың дау туғызбайтыны анық. Жобаны іске асыру айтарлықтай нәтиже көрсетті. Мәселен, 9500 атқарушы жазба жойылды, бұл азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі және теріс пайдалануды жоюдағы маңызды қадам болды. Бұл процедураны цифрландыру жүйелік тәуекелдерді жоюға ғана емес, сонымен қатар жүйенің өзін әділ, ашық болуына және үдерістің барлық қатысушыларының құқықтарын қорғауға бағытталғанын көруге болады»,— деді әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.
Баяндама барысында вице-министр кепілдендірілген заң көмегін цифрландыратын – Е-Заң көмегі жобасына тоқталып өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азаматтың өзін құқықтық қорғауға құқығы бар. Осы құқықты іске асыру және азаматтарға тегін заң көмегінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Әділет министрлігі электрондық форматта кепілді мемлекеттік заң көмегін көрсетуді қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық жүйе – Е-Заң көмегін құрды. Осы жүйені енгізудің арқасында азаматтар өз құқықтарын тиімді, уақтылы және әділ қорғауға, ал мемлекет – артық жүктеме мен қағазбастылықсыз құқықтық қызметтер көрсетуді бақылауға және оның сапасына сене алады.
Әділет министрлігі жүзеге асырған жүйелердің тағы бірі – Е-Сараптама, сот-сараптама қызметін цифрландыру. Бүгінгі таңда елдегі қылмыстық сот ісін жүргізудің 90%-дан астамы электронды түрде жүзеге асырылады және бұл сот сарапшылары, құқыққорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимыл үдерістерін цифрландырудың нәтижесінде қол жеткізілді.
Жүйе сараптамаларды тағайындаудың толық электрондық циклін, ведомстволар арасында цифрлық деректер алмасуды, қорғалған цифрлық ортада қорытындыларды сақтауды және оларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жобаны дамыту жоспарлары сараптамалардың неғұрлым сұранысқа ие түрлері үшін мамандандырылған модульдерді (құрылыс-тауар, автотауар, психофилологиялық, мәйіттерді зерттеу, тірі адамдарды куәландыру) әзірлеуге баса назар аудара отырып, оны ауқымды жаңғыртуды қамтиды.
Атап айтқанда, тірі адамдарды куәландыру модулінде 3D-модельдеу функциясы іске асырылатын болады, бұл сарапшыға дене учаскелерін интерактивті түрде белгілеуге және алынған зақымдардың сипатын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл сараптамалық қорытындылардың дәлдігі мен айқындылығын айтарлықтай арттырады. Осы бастамаларды іске асыру үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи, технологиялық және басқарылатын сот-сараптама ортасын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ вице-министр аттестаттау рәсімінің реинжинирингіне тоқталып өтті. Әділет министрлігі адвокаттардың, нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, сот сарапшыларының және патенттік сенім білдірілген өкілдердің кәсіби қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі уәкілетті органның функцияларын орындайды.
Бұрын аттестаттау рәсімі екі кезеңнен тұрды: компьютерлік тестілеу және аттестаттау комиссиясының алдында міндетті бетпе-бет әңгімелесу. Бұл тәсіл белгілі бір қиындықтарды тудырды. Мысалы, комиссия отырыстарының күндеріне бейімделу қажеттілігі, кандидаттарды бағалаудағы субъективтілік, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдері.
Цифрлық трансформация және рәсімдерді оңайлату шеңберінде Министрлік аттестаттау үдерісіне реинжиниринг жүргізді. Нәтижесінде бетпе-бет әңгімелесу кезеңі алынып тасталды, оның орнына кандидаттың практикалық білімі мен құқық қолдану қабілетін бағалайтын компьютерлік ситуациялық кейстер мен тапсырмалар жүйесі енгізілді. Сертификаттаудың жаңа моделінің артықшылықтары қандай?
• Уақыт икемділігі – үміткер комиссия отырысының күніне байланысты емес, ыңғайлы уақытта аттестаттаудан өте алады;
• Ашықтық – барлық тапсырмалар бір және автоматты түрде тексеріледі;
• Объективтілік пен әділеттілік - бағалау кезінде адам факторы алынып тасталды;
• Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету – комиссиямен жеке байланыссыз толық цифрлық үдеріс құрылды;
• Әкімшілік жүктемені қысқарту — мемлекет пен ізденушілер үшін уақыт пен ресурстарды үнемдеу.
Осылайша, аттестаттау процедурасын қайта құру кәсіби заң қауымдастығын басқарудың ашық, әділ және цифрлық моделіне жасалған тың қадам болды.
«Заңды тұлғалардың цифрлық сенімхаттары туралы айтып өтсем. Бұрын корпоративтік құжат айналымы саласындағы өзекті мәселелердің бірі заңды тұлғалар берген сенімхаттарды тексеру мүмкіндігінің болмауы еді. Мұндай құжаттар тек қағаз бланкілерде ресімделді, бұл мемлекеттік органдар мен қаржы институттарында компаниялардың мүдделерін білдіру кезінде алаяқтық, жалғандық және теріс пайдалану алғышарттарын жасады. Осы кедергілерді шешудің жауабы ретінде еGovMobile Business мобильді қосымшасында заңды тұлғалардың басшыларына арналған цифрлық құрал енгізілді»,— деді әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.
Цифрлық қызметтің негізгі мына функцияларын атап өтуге болады.
• Заңды тұлғаның басшысы кез келген уақытта қызметкерге мобильді қосымша арқылы цифрлық сенімхат бере алады;
• Мұндай сенімхат «цифрлық құжаттар» сервисіне келіп түседі және ол берілген қызметкер үшін автоматты түрде қолжетімді болады;
• Барлық мүдделі тұлғалар сенімхаттың түпнұсқалығын QR коды арқылы тексере алады;
• Заңнамаға сәйкес цифрлық сенімхат қағазға теңестірілген және бірдей заңды күшке ие.
Осылайша, сенімхаттарды цифрландыру тұрақты және қауіпсіз цифрлық экожүйеге жасалған тағы бір қадам болды, мұнда әрбір құжатты қағазбастылыққа салынбай тексеруге, растауға және пайдалануға болады.
Әділет министрлігін цифрландыру – бұл жаңа технологияларды енгізу ғана емес, ол норма шығармашылық пен азаматтарға құқықтық қызмет көрсету тәсілдерін стратегиялық тұрғыдан қайта қарастыру. Норма шығармашылықтың бірыңғай жүйесін құру және ЖИ құралдарын қолдану неғұрлым ашық, тиімді әрі заманауи құқықтық жүйеге жасалған маңызды қадам болып саналады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу