Елімізде базарларды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр — Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков сауда базарларын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді. Спикердің мәліметінше, биыл сауда базарларын жаңғыртудан өткізудің соңғы жылы. Жалпы соңғы 4 жылда елімізде 156 базар жаңғыртудан өткен.

Сауда базарларын жаңғырту мәселесі Сауда және интеграция министрлігінің ерекше бақылауында. Жалпы елдегі базарларды жаңғырту 10 жыл бұрын басталған болатын. 2015 жылы сауда қызметін реттеу туралы заңға түзетулер енгізіліп, онда ашық базар- иелерін 2020 жылға қарай шыныдан және бетоннан жасалған ғимараттарға құрылуын міндеттеді. Дегенмен қаржы қымбат болуына және пандемиядағы шектеулерге байланысты мерзімдер кейінге қалдырылды. Бұл мерзім облыстар үшін – 2025 жылға дейін, Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін – 2023 жылға дейін бекітілді.

Әкімдіктер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінен, пандемия кезінде құрылыс материалдарының қымбаттауы секілді бірқатар объективті себептерге байланысты базарларды жаңғырту жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Нәтижесінде, жаңғырту мерзімі екі рет ауыстырылды (2018, 2021 жылдар).

«Бүгінгі таңда барлық сауда базары үшін жаңғыртудың бірыңғай мерзімі – 2025 жылғы 31 желтоқсаны болып заңнамамен белгіленген. Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сәйкес, елімізде 644 базар бар. Оның ішінде 2021 жылға дейін – 84 базар, 2021 жылы – 4 базар, 2022 жылы – 33 базар, 2023 жылы – 19 базар, 2024 жылы – 16 базар жаңғыртудан өтті», — деп атап өтті Айдар Әбілдабеков.

Ал, 2025 жылы 100 базарды жаңғырту жоспарланған. Батыс Қазақстан облысында басқа өңірлермен салыстырғанда ең көп жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Аталған аймақта биыл 14 сауда базары жаңартылуы тиіс. Бұдан бөлек, Алматы қаласында – 10, Алматы облысында – 11, Түркістан облысында – 8 базар жаңғыртылады. Сонымен қатар Астана қаласында – 7, Абай облысында – 3, Ақмола облысында – 1, Ақтөбе облысында – 2, Атырау облысында – 4, Жамбыл облысында – 3, Жетісу облысында – 6, Қарағанды облысында – 5, Қостанай облысында – 4, Қызылордада облысы – 4, Маңғыстау облысында – 5, Ұлытау облысында 2 базарда жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Жол картасына сәйкес базарларды жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын, жұмыс жобалары, эскиздік жобалар мен жобалау-сметталық құжаттамалар әзірленіп жатқанын жеткізді. Қажетті құжаттар келісіліп, бекітілуде, топографиялық түсіру жұмыстары, сондай-ақ аумақтарды қоршау, қойма үй-жайларын бұзу сияқты тағы басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Сауда базарларының жай-күйін бағалау мақсатында Министрлік өкілдері биылғы жылдың ақпан-сәуір айларында базарларды аралау кестесін бекітті. Сапар барысында барлық өңір базарларын жан-жақты тексеріп, түгендеу жұмысы жүргізіледі. Аталған жұмысты біз әкімдіктермен, мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және СЭС органдарының өкілдерімен бірлесіп жүргіземіз», — деп мәлімдеді спикер. 

Комитет төрағасы Айдар Әбілдабеков базарларды жаңғырту – бұл бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екенін ескеру қажеттігін баса айтты. Оның мәлімдеуінше, модернизиция тек сатып алушылар үшін ғана емес, сатушылар үшін де қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды. Әкімдіктер мен аумақтық сауда департаменттері жаңғырту шараларын уақтылы әрі сапалы жүргізу және модернизацияға кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді жою жұмыстарын күшейтуі қажет. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков Алматыдағы 4 базарға барып, алдағы жаңғырту жұмыстарына дайындығын көріп қайтқан болатын. Министрліктің Жол картасына сай Алматыдағы «Арлан», «Батыр», «Тұлпар, «Арыстан», «Жібек Жолы», «Азия», «Тау самалы», «Береке», «Сауда кент» және «Сарыарқа» базарларында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Базар иелері бұл жұмыстарды 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауы керек.

«Базарларды жаңғырту – бұл тек қана бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін қолайлы орта құру. Дегенмен жергілікті әкімдікте құрылыс құжаттарына келісім беру әдетте созылып кетеді. Базар иелері көп ретте осы жағдайға шағымданады. Эскиз, жұмыс жобасы сияқты құжаттардың келісілуі ұзақ уақыт алатынын күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Базарлдарды жаңғырту жұмыстары уақтылы аяқталуы үшін жергілікті әкімдіктерді кәсіпкерлермен дер кезінде бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз», — деді Айдар Әбілдабеков.

Бүгінде Алматыда 38 сауда базары бар. Оның 4-еуі арнайы базар болса, қалған 34-і әмбебап базар. Сауда заңнамасына сай сауда базарлары өз аумағында көлік тұрағымен қамтылған, сауда орындары санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай, онлайн төлем жүргізу мүмкіндігі болуы шарт. 

Шығыс Қазақстан облысында биыл «Заречный», «Заря», «Центральный» базарлары заманауи форматқа сай жаңғыртудан өтеді. ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин «Заречный» базарында басталған жаңғырту жұмыстарымен танысты. Базарда құрылыс және монтаждау жұмыстары басталған. Базар басшысы Тимур Музапаровтың айтуынша ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары биылғы жылдың мамырында аяқталады деп күтілуде.

Өңірлерде базарларды жаңғырту жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізілуде. Мәселен былтыр Шымкент қаласындағы «Алаш» базарында модернизациялау жұмыстары аяқталды. Сауда заңнамасына сай базарлар онлайн төлем жасау аппараттарымен қамтылған, санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына сай келетін, тұтынушылардың қолайлылығы үшін өз территориясында көлік тұрағы болуы керек. 2023 жылы «Алаш» базарында ескі конструкцияны қайта монтаждау және жаңа нысанның іргетасын қалау жұмыстары жүргізілді. Былтыр толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, желтоқсан айында қолданысқа берілді. Қазір стандартқа сай заманауи 2 қабатты 3 павильоннан тұратын сауда нысаны пайда болды.

Бүгінде заманауи сауда форматының үлесін арттыру мақсатында еліміздің барлық аймағында сауда базарларын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Өз кезегінде Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков келер жылдан бастап сауда базарларын заңнамаға сай жаңғырту жұмысын жүргізбеген сауда субъектілеріне әкімшілік шара қолданылатынын айтты. Оның мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 204-2-бабы 1-тармағының 6 тармақшасына сәйкес белгіленген мерзімде жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген сауда базарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы Ұлттық даму жоспарына сай 2029 жылға дейінгі заманауи сауда форматының үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу