16 Сәуір 2025, 18:00
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖЭО-дағы температуралық кестенің бұзылуы бұрынғыдан 3 есеге азайған.
Вице-министр еліміздің 20 өңірінің 12-інде жылыту механизмдері тоқтатылғанын хабарлады.
«Күн райының жылынуына байланысты оңтүстік, шығыс аймақтарда жылыту маусымы аяқталды. Кесте бойынша осы айдың аяғына дейін солтүстік өңірлерде жылу беру өз мәресіне жетеді», — деді ол.
ОКҚ алаңында айтылғандай, жөндеу жұмыстары еліміз бойынша ЖЭО орташа тозуын 61%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Ал, жылу желілерінің тозуы 54-тен 52%-ға дейін төмендеді.
«Бірақ бұл орташа көрсеткіш болғандықтан, мысал ретінде айтсақ, соңғы жылдары көп айтылып келе жатқан Риддер, Екібастұз қалаларының жылу орталықтарында күрделі жөндеу жұмыстары негізінде осы жылу орталықтарының тозуы 45-50%-ға дейін түсті. Жалпы, технологиялық бұзушылықтарға келетін болсақ, ол болып тұратын жағдай. Резервтік құралдар болатындықтан, осы мәселе бақылауға алынды. ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтар 27%-ға азайды», — деп түсіндірді спикер.
Қабылданған шаралар электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар санын 27%-ға (1070-тен 782-ке дейін), ал температуралық кестені сақтамау жағдайларын 67%-ға (215-тен 65-ке дейін) төмендетуге мүмкіндік берді.
Маңызды жетістік ретінде 12 ЖЭО жағдайының жақсаруын атап өтуге болады: оның 9-ы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал 3-уі «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Нәтижесінде, «қызыл» аймақта 10 ЖЭО (бұрын 19), «сары» аймақта 17 ЖЭО (бұрын 11), «жасыл» аймақта 10 ЖЭО (бұрын 7) қалды. Көрсеткіштерін жақсартқандар қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Риддер, Кентау және басқа да стансалар бар. Айрықша назар «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілеріне және Степногорск, Теміртау ЖЭО жұмысына аударылды.
Сондай-ақ вице-министр температура кестесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл кестедегі бұзушылықтар 3 есеге азайды. Өткен қысқы жылыту маусымында осындай 65 дерек қана тіркелді. Оның басым бөлігі қазан айында жылыту маусымы басталып, гидравликалық режимдер жөнделген кезде болды. Ал, қалған айларда температуралық кесте сақталды.
«2024 жылы Екібастұз 1-ГРЭС-ті қалпына келтірген блогын (500 МВт), Атырау ЖЭО жаңа турбинасын (65 МВт) және Жезқазғандағы (+43 МВт) жаңартылған қазандықты қоса алғанда, 771 МВт жаңа қуат енгізілді. Сондай-ақ жалпы қуаты 163,35 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалар іске қосылды», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында еліміздегі ЖЭО жөндеу кестесі бекітілді. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген спикер жоспарға сәйкес, 10 энергия блогы, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өткізілгенін, қалған құрылғылар да назардан тыс қалмайтынын айтты. Мәселен, қазірдің өзінде 4 турбина, 13 қазандық пен 3 энергия блогында жөндеу жұмыстары басталып кетті.
«Бұл жобаларды жүзеге асырудың өз жолдары бар. Негізгісі – тариф арқылы жүргізілсе, кейбір мемлекеттік меншіктегі ЖЭО-на бюджеттен де қаражат бөлініп жатыр. Желтоқсан айында қабылданған Ұлттық жоба арқасында электр желілеріне алдымыздағы 5 жылда 2,7 трлн теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. 77 мың шақырымнан астам электр желілері мен қосалқы стансалар да жөнделеді. Сонымен қатар Ұлттық жобаға генерацияның да 29 жобасы кірді. 7 мың МВт-тан астам жаңа қуаттар енгізілді», — деді вице-министр.
Осы жұмыстың негізінде ЖЭО-ның тозу деңгейі 40-45%-ға азайтылады. 2025 жылы 600 МВт-қа жуық жаңа энергоқуаттар іске қосылады. Мысалы, «Топар» электр стансасында 130 МВт турбина іске қосылып жатыр. Текелі қаласындағы энергия стансасында жаңа қуаттар енгізіледі. Жаңартылған энергия көздерінен 400 МВт-тан астам жаңа қуат пайда болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі жылдың ішінде 3 мың МВт-қа жуық жаңа энергия көздері іске қосылуы керек. Осы орайда 2026 жылы Алматы қаласының 2 ЖЭО, Түркістан қаласындағы ірі жоба, Қызылорда қаласындағы жаңа бу-газ қондырғысы қолданысқа беріледі.
«Энергетика министрлігі 2027-28 жылдарға арналған жоспарлар да құрды. Ведомство тиісті инвестициялық шарттарға қол қойды. Жамбыл электр стансасында 200 МВт, Екібастұз-2 стансасында 3 блок қосылып, 550 МВт электр қуаты енгізіледі», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.
Сондай-ақ ол Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарағанын мәлімдеді. Осы жұмыс бойынша Министрлік электр қуаты нарығындағы шекті тарифті арттырып, қайтарылатын инвестициялардың жылдық лимитін ұлғайтқан. 2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарына қаржыландыруды былтырғымен салыстырғанда 44%-ға арттырып, 327 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.
«Суық ауа райы аяқталғаннан кейін 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу магистралін жаңарту басталады. Ұлттық энергетикалық модернизация жобасы аясында 77,5 мың шақырым электр желілері мен ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын жылу желілері жаңартылатын болады, олардың жалпы бюджеті 4 трлн теңге. Бұл жоба 2029 жылға дейін электр желілерінің тозуын 45%-ға, жылу желілерінің тозуын 42%-ға азайтуға мүмкіндік береді», — деп нақтылады спикер.
Бұдан бөлек елімізде жаңартылған энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп отыр. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 15%-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК үлесі 7%-ға жетті. Былтыр қуаты 3000 МВт-тан артық ЖЭК іске қосылды. Биыл 400 МВт-тан астам қуат іске қосылмақ.

«Отандық инвесторларды аталған жобаларға тартып, жақсы нәтиже байқалуда. 1 мың МВт, қосымша 300 МВт тиісті аккумуляторлық энергияны сақтау механизмдерімен бірге жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан жалпы осы энергетикалық даму мәселесін қарастырып жатырмыз. Әрі қарай қосымша электр желілерін дамыту мәселесі де бар. Оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты көрші Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен ынтымақтастық орнаттық. Қырғызстанмен “Қамбар ата” су электр стансасын салу жобасына бірге дайындық жасаудамыз. Ол тек сумен қамтамасыз етпей, Орталық Азияның энергетика жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне үлкен әсерін тигезеді», — деп атап өтті Сұңғат Есімханов.
2025 жылы ЖЭК жобалары бойынша аукциондарға 1 810 МВт қуат ұсынылды, оның ішінде: жел электр стансасы – 1 200 МВт, күн электр стансасы – 90 МВт, гидроэлектр стансасы – 500 МВт, биоэлектр стансасы – 20 МВт. Осылайша, Қазақстанның энергетика саласы сенімді жылумен жабдықтауды, ауқымды жаңғыртуды және «жасыл» энергетиканың өсуін үйлестіре отырып, тұрақты дамуға қол жеткізуде.
#ЖЭО #Жылу беру маусымы #Жылумен жабдықтау #ЭнергетикаҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу