Қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін күшейту бойынша құқықтық база жүйелі түрде жаңартылуда

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өнеркәсіптік қауіпсіздікті тексерудің жаңа механизмі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Төтенше жағдайлар вице-министрі  Ерболат Садырбаев еліміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайы туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар министрлігі соңғы жылдары өндірістік қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алуға және қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге бағытталған құқықтық базаны жүйелі түрде жаңартуды жүргізіп келеді. 

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау аясында шамамен 10 мың өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олардың құрамында 200 мыңнан астам қауіпті өндірістік объекті орналасқан. 

«Негізгі бағыттар бойынша объектілердің бөлінісі: көмір саласы — 11 939, тау-кен саласы — 18 407, металлургия — 9 177, мұнайхимия және мұнай өңдеу — 20 468, мұнай-газ өндіру — 71 158, қазандық шаруашылығы — 17 484, көтергіш құрылғылар — 26 014, атом энергиясын пайдалану — 10 828. Сондай-ақ Комитет пен аумақтық ведомстволар 11 мемлекеттік қызмет көрсетеді. 2025 жылы барлығы 11 685 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соңғы 3 жылда Қазақстан Республикасының қауіпті өндірістік объектілерінде 67 авария орын алды», — деді төтенше жағдайлар вице-министрі  Ерболат Садырбаев.

 Авариялардың ең көп саны мына салаларда тіркелген: 

  • тау-кен саласында – 10; 
  • мұнай-газ өндіру саласында – 14;
  • газ шаруашылықтарында - 10; 
  • көтергіш құрылғыларда - 11.

Спикердің сөзінше 2025 жылы Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына өзгерістер  енгізілді. Аталған заң өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді едәуір күшейтті. Ең алдымен, өнеркәсіптік қауіпсіздік Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің қолданылу аясынан шығарылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың дербес тәртібі қалыптастырылды, 2026 жылдан бастап тікелей салалық заң – Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңымен реттелетін болды. Жаңа тетік шеңберінде тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен объектілер жыл сайынғы тексеруге жатады. Оларға өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті декларациялауға жататын қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ зауыт-өндіруші белгілеген нормативтік қызмет ету мерзімін өтеген қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын объектілер жатады. Сонымен қатар жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған субъектілер үш жылда бір реттен жиі емес тексеріледі. Осылайша, жаңа тетік бақылау мен қадағалау субъектілері мен объектілерін толық қамтуды қамтамасыз етеді, бірақ әлеуетті қауіптілік деңгейі ескеріледі.

Тоқтала кететін нәрсе тексеру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектісін 30 күн бұрын міндетті түрде хабардар ету талабы алынып тасталды. Енді хабарлама бір жұмыс күні бұрын жіберіледі. Бұл бақылау органдарына қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нақты жай-күйі туралы объективті көрініс алуға мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлар вице-министрінің мәліметінше тексерулер өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бекітілген қағидалар негізінде жүргізілетін болады. Бұл ретте бақылау және қадағалау органдарына жоспарлы тексерулердің нәтижелері бойынша құқық бұзушыларды әкімшілік жауаптылыққа тарту құқығы берілді.Екіншіден, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында реттеушілік құралдар мен талаптарды енгізуге дейін де, енгізілгеннен кейін де реттеушілік әсерді талдау жүргізу талаптары алып тасталды. Бұл қауіпсіздік мүддесінде қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндірістік бақылауға маңызды рөл беріледі. Бақылау мен қадағалау субъектілерінің барлығы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылау қызметтерін құруға міндетті, олар ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын болады.

Қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану мақсатында ұйымдарды нормативтік қызмет ету мерзімі өткен жабдықты уақтылы жаңартуға міндеттейтін нормалар енгізілді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тиісті жаңарту жоспарларын келісу құзыретімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар. Атап айтқанда, мүліктің меншік иесінде болуы жөніндегі талаптар күшейтілді.

«Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметі ұғымы алып тасталды. 2027 жылдан бастап барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың өздері құрған қызметтер де, тау-кен құтқару, газ құтқару және фонтандауға қарсы жұмыстарын жүргізу құқығына ие болуы аттестаттын алуға міндетті. Заңды жүзеге асыру шеңберінде 39 нормативтік құқықтық акт қайта қаралып, сәйкестендірілді. Олардың үшеуі алғаш рет жарияланды», — деді вице-министр.

Жалпы алғанда, қабылданған өзгерістер өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін жүйелі түрде арттыруға, авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімді, ашық әрі түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу