16 Маусым 2023, 16:47
Жұма күні, 16 маусымда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз брифингін өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары шеңберінде әлеуеті жоғары өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен макроэкономиалық көрсеткіштер туралы айтылып, аймақта өнеркәсіпті, инженерлік желілерді, көлік инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндалды.
Серік Шәпкенов өз сөзінде Президент мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігі мен тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын, ал Атырау облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүйелі шаралар қабылдап отырғанын айтты. Осыған орай БАҚ өкілдеріне соңғы бес айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы таныстырылды.
Облыс әкімінің ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері Атырау өңірінің салықтық және басқа да міндетті түсімдері 2,6 трлн теңгені құраған.
«2022 жылы жалпы өңірлік өнім 14,1 трлн теңгені, нақты көлем индексі 101,6%-ды құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі 13,7%-ды құрап отыр. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 20,5 млн теңге. Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 2,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 1,0 трлн теңге көлемінде, Ұлттық қорға 1,6 трлн теңге аударылды», — деді С. Шәпкенов.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін айтқан болатын. Бұл өңірде еліміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары жүзеге асып, ол жобалар елдің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалап отыр.
Облыс әкімінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға өсіп, 4,6 трлн теңгені құрап отыр. Оның 4,3 трлн теңгесі (НКИ – 105,2%) тау-кен өнеркәсiбiне тиесілі. Ал өңдеу өнеркәсібі 290,5 млрд теңгеге дейін (НКИ – 114,7%) өсті. Соңғы бес айда 22,4 млн тонна мұнай (НКИ – 105,0%), 11,5 млрд текше метр ілеспе мұнай газы (НКИ – 102,2%) өндiрілді. Жалпы, республикамыздың барлық өнеркәсібінің 24,5%-ы – Атырау облысына тиесілі.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,7%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Жалпы елімізге тартылған инвестицияның 22,5%-ы Атырау аймағына тиесілі.
Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде биыл бюджеттен 9,4 млрд теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 20,9 млрд теңге болатын 208 жоба қолдау тапқанын айтып өтті.
«Сондай-ақ 2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 14,9 млрд теңге болатын 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша бас-аяғы 207 жұмыс орны ашылмақ. Солардың бірі — құны 9,9 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы («ATYRAU CHICKEN» ЖШС. қуаттылығы – жылына 5000 тонна). Мұнда құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалмақ», — деді өңір әкімі.
С. Шәпкеновтің айтуынша, былтыр Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Олар:
Осылайша бас-аяғы 748 адам жұмыспен қамтылған.
«Мемлекет басшысы Парламент қабырғасында алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек деген еді. Біз өз тарапымыздан Президент алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды бұлжытпай орындау үшін бизнеске қолайлы орта қалыптастырып, оларға ынталандыру шараларын ұсыну бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз», — деп атап өтті С. Шәпкенов.
Сондай-ақ аймақ басшысы Атырау өңірінде іске асырылып жатқан ең ауқымды инвестициялық жобаларға тоқталды.
«Теңiзшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы іске асып келеді. Бұл жоба мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс барысында 21 мың адам жұмыс істесе, жоба толық іске асқаннан кейін 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс екенін айтқан. Осы орайда қазіргі таңда Атырау облысында газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Ол Қашаған кен орнында өндірілетін мұнайдың газын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға әсерін азайтуға оң ықпал етеді. Құрылыс кезінде 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылса, жоба іске асқанда 600 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады», — деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Осы бағыттағы маңызды қадам – былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстандағы алғашқы біріктірілген Газ-химия кешенінің іске қосылуы. («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС). «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі күні полипропилен өндірісінде 632 адам және мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
«Сонымен қатар Газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланып, нақтырақ айтқанда, полиэтилен және бутадиен өндірісін қолға алу көзделіп отыр. Осылайша құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, ал жоба іске қосылған сәтте 800 адам жұмыспен қамтылмақ. Мұнда өндірілетін шикізаттарды пайдаланып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары халық тұтынатын тауарларды шығара алады. Мысалы полиэтилен пленкасын, полипропилен қаптарын, құбырлар, пластик ыдыстар және тағы да басқа өнімдерді өндіру мүмкіндігі туады», — деп сөзін жалғады ол.
Оның айтуынша, Атырау облысында мұнай-химия бағытында басқа да іргелі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Мұндай маңызды жобаның бірі – ол арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын бутадиенді каучуктар өндіретін зауыттың құрылысы. Бұл зауытта өндірілетін бутадиен каучук жол жабындыларында, желім, пластик, шина өндірістерінде және басқа да химиялық өнімдерді шығаруға қолданылады.
Биыл еліміздегі жалғыз тоқыма геосинтетика өндіретін цех ашылады. Жобаның құны — 2 млрд теңге. Мұнда өндірілетін құрылыс материалдары жол, гидротехника құрылысы үшін, құбырлар мен қоймалар салу үшін және тағы басқа салаларда пайдаланылады. Бұрын бұл өнімдер шетелден сатып алынған. Енді олар еліміз бойынша Атырауда ғана шығатын болып отыр. Осылайша отандық осы өніммен ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттауға да мүмкіндік туады.
Бүгінгі таңда өңірде жүзеге асып келе жатқан ерекше жобалардың бірі – Экструзиялық геосинтетика өндіретін цех. Жобаның құны – 3 млрд теңге. Мұнда жылына геотор, геомембрана, композиттік геоматериалдар секілді бас-аяғы 10 млн шаршы метр өнім өндіріледі. Бұл материалдар авто және теміржол, өнеркәсіптік қалдықтар қоймаларының құрылысында, сондай-ақ жағаларды бекіту жұмыстарында пайдаланылады.
Бұдан бөлек Атырау облысында Тоқыма емес геотекстильді мата зауытын салу жоспарланып жатыр. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге. Бұл өндіріс ошағында экспортқа бағытталған тоқыма емес геотекстильді мата өндірілмек. Бұл өнім автожолдар құрылысында қолданылады.
Келешекте жоғарыда атап кеткен өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру көзделген. Ол үшін Атырау қаласында шағын өнеркәсіптік аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай аймақ өңірімізде өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде мұнай-химия саласын дамытып, орта бизнестің инвестициялық жобаларын іске асыру үшін пайда болмақ.
Бүгінде Атырау қаласы аумағынан 22 гектарды құрайтын өндірістік жер телімі бөлініп, шағын аймаққа орналастырылатын жобаларды айқындау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
«Жалпы Атырау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор. Сондықтан біз қолайлы жағдай жасап, инвесторларды тарту жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Өйткені әр бір тартылған инвестиция мен іске асырылған жобаның артында жаңа жұмыс орындары тұр», — деді Серік Жамбылұлы.
Өңір әкімінің келтірген мәліметіне сүйенсек, Былтыр Жайық-Каспий бассейнінен 14 323 балық ауланған. Бұдан бөлек кәсіпорындар 200 тоннадай балық өсірді.
«Аймақта балық шаруашылығын дамыту – жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда облыста балықты өсіруге және оны өңдеуге ден қойып отырмыз. 2025 жылға дейін қолдан өсірілетін балықтың көлемі 7 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал терең өңделетін балық көлемі 8 мың тоннаға дейін жетеді деген болжам бар. Балық қорын молайту мақсатында былтыр бекіре балық өсіру зауыттары Жайық өзеніне 8 млн астам бекіре шабағын, «Caspian Royal Fish» ЖШС мемлекеттік тапсырыспен Жайыққа 500 мың бекіре шабағын өсімге жіберді», — деп айтып өтті С. Шәпкенов.
Қазіргі таңда Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын және 1 балық өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде тауарлы балық өсіру 7 мың тоннаға дейін артып, 300 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақтың ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті.
«Атырау өңірінің климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз екені жасырын емес. Облыстың жер қоры бүгінде 11 863,1 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 58,7%-ы шаруашылыққа қолайсыз. Дегенмен бұл саланы одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шараларды қабылдадық. Нәтижесінде биыл жылыжайлар көлемі 30 гектарға дейін, су үнемдеу технологиялар алқабы 4,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Мал шаруашылығына келетін болсақ. Біздің мақсат – мал азығын арттыру. Ол үшін былтыр мал мазығына берілетін субсидия көлемі өсті. Бұл сома 1,8 млрд теңгені құрады», — деді С. Шәпкенов.
Өңірдегі маңызды мәселелердің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту және олардың қуатын арттыру. Бүгінде Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін инженерлік инфрақұрылым жүйелі дамып келеді.
«Облысымыздағы 2 қала және 132 ауылдық елдімекен таза ауыз сумен қамтылған. Мұнда халықтың 99,7%-ы өмір сүреді. Биыл жоспар бойынша 8 ауылдық елдімекенде (Қызылқоға ауданының Қоғам, Қоныстану, Қоңыраулы, Аққора, Сарқұмақ, Былқылдақты, Соркөл, Кенбай ауылдары) су құбырының құрылысы мен суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату басталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ қазіргі таңда 6 ауылды (Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылы, Махамбет ауданының Бала Ораз, Атамбаев, Көздіқара, Томан, Есмахан ауылдары) сумен қамтамасыз ету үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр (құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарлануда). Соның нәтижесінде облыс халқының 99,9%-ы таза ауыз сумен қамтылады. (148 елді мекен, оның ішінде 2 қала және 146 ауылдық елді мекен).
Бүгінде 2 қала және 135 ауылдық елдімекенде газ бар. Осылайша көгілдір отынмен халықтың 99,7%-ы қамтылып отыр.
С. Шәпкенов қазіргі уақытта тағы 8 ауылда (Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Саркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай және Исатай ауданының Қызыл үй және Жасқайрат ауылдары) газ құбырының құрылысы жүріп жатқанын, құрылыс жұмыстарын 2 ауылда 2023 жылы, 6 ауылда 2024 жылы аяқтау жоспарда тұрғанын айтты.Ол нәтижесінде 145 елдімекен яғни, елді мекендердің 93,5%-ы немесе халықтың 99,9%-ы газбен қамтылатынын, қалған 10 ауылға газ тарту қашық орналасқандықтан және халық саны аз болуына байланысты экономикалық тиімсіз екенін атап өтті.
Атырау облысының әкімінің айтуынша, республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» автокөлік жолының құрылысы 2024 жылы толық аяқталады.
Былтыр облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 41 млрд теңге бөлініп (РБ – 32,5 млрд теңге, ЖБ – 8,5 млрд. теңге), 201 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 55,2 млрд теңге бөлініп (РБ – 12,1 млрд теңге, ЖБ – 43,1 млрд теңге), 41 елдімекенде 172 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған.
«Қазір біздің алдымызда тұрған ең үлкен міндет – ол республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстарын аяқтау. Жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахань» учаскесінің бүгінгі күні 170 шақырымы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 107 шақырымы көлік қозғалысы үшін ашылады, деп жоспарланып отыр. Жалпы жобаны 2024 жылы толықтай аяқтаймыз деп отырмыз, — деді облыс әкімі.
Жалпы Атырау қаласында 1634,9 км қалаішілік жол бар. Оның ішінде 1484,2 км (90%) жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Жыл соңына дейін 53,5 км қалаішілік жол жөнделеді. Ал Құлсары қаласында 416 км қалаішілік жол бар. Оның ішінде 218,8 км (52,5%) жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Жыл соңына дейін 50 км қалаішілік жол жөнделеді.
«Сонымен бірге қазіргі таңда облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолының «Индер-Қарабау» аралығын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде ұзындығы 87 шақырым жолдың 66 шақырымы қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ 7-разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік бағытында (282 км) да жолды жөндеу жоспарда бар. Қазіргі таңда бұл бағытта 36 км орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы 62 км жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Қалған учаскені жөндеу үшін ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда», — деді С. Жамбылұлы.
2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 76%-ы (бүгінде 72%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетеді деп болжанып отыр.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір халқын тұрғын үймен қамтуда іске асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндет. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Мысалы 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасы бекітілді. Атырау қаласында 18 млн теңгеге дейін, ал аудандарда 13 млн теңгеге дейін жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын ипотека беру қарастырылған. Бастапқы жарна – 10%. Ал қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде осы бағдарлама аясында 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланып отыр», — деді С. Шәпкенов.
Бұдан бөлек, кезекте тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасы бекітілді.
«Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, қатысушыларға бастапқы жарнасыз қолданыстағы үйді (2-ші нарықтағы үй) сатып алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай шарт Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ. Жылдық мөлшерлемесі – 5%, ал несие өтеу мерзімі – 20 жылға дейін белгіленген. Бағдарлама шеңберінде Атырау қаласында 18 млн теңгеге дейін және аудандарда 13 млн теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған. Осы мақсатқа бүгінгі таңда 1,6 млрд теңге бөлінді. Ал бағдарламаның өзі шілде айында іске қосылады. Бастапқыда осы бағдарламаның аясында жоғарыда атаған санаттағы 90-ға жуық отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар», — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ дәрігерлер үшін «Отбасы банкі» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Яғни 5%-бен әрі бастапқы жарнасыз баспана алу мүмкіндігі туады. Дәрігерлерге арналған мұндай ипотекалық жеңілдік Атырауда ғана жасалып отыр.
Жалпы облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрған азаматтардың саны – 29 437. Қазіргі таңда облыста көпқабатты 52 тұрғын үй салынып жатыр. Мұнда бас-аяғы 3 382 пәтер болады. Олардың жалпы ауданы – 300 мың (299,7 мың) шаршы метрге жуық. Ал жыл аяғына дейін көпқабатты 10 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарланып отыр. Бұл – 944 отбасыға шақталған пәтерлер.
С. Шәпкеновтің сөзіне қарағанда, Атырау облысында 2025 жылға дейін 53,7 мың орындық 34 мектеп салынады.
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан әр бір баланың сапалы тәрбие мен білім алуы үшін, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бүгінде Атырау облысында 201 мектеп бар. Оның 4 апаттық және 11 үш ауысымды мектеп. Биыл 9 жаңа мектеп ашылады. Апаттық мектептердің мәселесі биыл толықтай шешілуі тиіс. Ал 2025 жылға дейін 34 мектеп салу жоспарланып отыр. Осылайша ауысымды мектептер проблемасының да шешімі табылады деп болжап отырмыз», — деді ол.
Сондай-ақ Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған, оның ішінде 9 мектептің құрылысын биыл басталады.
Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығының алдын алу үшін дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету күшейтіліп жатыр.
«Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласының негізгі проблемаларының бірі – кадр тапшылығы. Өңірге 201 маман жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап өңірге келетін дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейіттік. Атап айтқанда: қалалық медициналық ұйымдарға тартылатын дәрігерлерге 3 млн теңгеге дейін, ауылдық жерлерге 5 млн теңгеге дейін бір жолға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылды, дәрігерлер үшін «Отбасы банкі» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Яғни 5%-бен әрі бастапқы жарнасыз баспана алу мүмкіндігі туады. Дәрігерлерге арналған мұндай ипотекалық жеңілдік Атырауда ғана жасалып отыр. Облыс әкімінің 110 оқу гранты бөлінді», — деді өңір әкімі.
Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы өлім-жітім 15,6%-ға, қатерлі ісіктерден өлім-жітім 6,5%-ға, нәресте өлімі 4,5%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім-жітім 13,7%-ға төмендеген.
Жыл соңына дейін Құлсары қаласында орталық аурухана мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, осы жылы Атырау қаласында 2 емхананың (Кешенді жоспар шеңберінде Өркен және Нұрсая шағын аудандарында әрқайсысы бір ауысымда 250 науқас қабылдайтын емхана), үш подстансасы бар жедел жәрдем стансасының құрылысы және ауылдық жерлерде 5 нысанның құрылысын бастау (Ұлттық жоба аясында) жоспарланған.
Қазіргі таңда Атырау қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер мен перинаталдық орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр.
Серік Шәпкенов мәдениет, спорт және туризм салаларын дамыту бойынша жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Атырау өңірде 253 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Соңғы бес жылда ауылды елдімекендерде 14 мәдениет нысаны салынды. Қазір тағы 5 мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Құрманғазы орталығын салу жоспарланған. Нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп көзделген.
Сонымен қатар осы жылы облыста Дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының құрылысы басталады. Жалпы облыстағы балалардың 27%-ы спортпен тұрақтытүрде шұғылданады. 14 спорт мектебі дербес мекеме ретінде ашылды. Қазіргі уақытта 7 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жалпы соңғы бес жылда 15 спорт нысаны іске қосылды.
Бүгінде Атырау өңірінде экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қазіргі таңда 5 жоба іске асырылды.
«Мысалы ежелгі Сарайшық қаласының маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін биыл мұнда визит-орталық ашылды. Көне шаһар Қазақ хандығының астанасы болған өңіріміздегі қастерлі әрі тарихи орындардың бірі екенін жақсы білесіздер. Сарайшық қалашығы өңіріміздің визит картасына айналады, деп сенеміз. Қазіргі таңда 2023-2027 жылдарға арналған «Сарайшықты дамыту» тұжырымдамасы жасақталып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы да дамыту қажет екенін айтқан еді. Осы орайда біз Атырау өңіріндегі бұдан да басқа туристік әлеуеті бар жерлерді дамытуды жалғастырамыз», — деді С. Шәпкенов.
Атырауда экологиялық ахуалды жақсартып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған шаралар іске асырылып жатыр.
«Атырау қаласы үшін экология мәселесі өте өзекті. Негізгі ластаушы көздер – «Тухлая балка» булану алаңы, «Квадрат» булану алаңы, тұрмыстық қалдықтар полигоны, Атырау мұнай өңдеу зауыты. Сондықтан біз экологиялық ахуалды жақсартып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін жүйелі шараларды қабылдадық. Атап айтсақ: «Тухлая балка» булану алаңы: 2021 жылы кәріздік тазарту қондырғылары салынды. 2023 жылы булану алаңының рекультивация жұмыстары аяқталады. «Квадрат» булану алаңы: 2023 жылы кәріздік тазарту қондырғылардың құрылысы басталды. 2025 жылы булану алаңының рекультивация жұмыстары аяқталады. Тұрмыстық қоқыс полигоны: Полигонды рекультивация жасаудың ЖСҚ жасақталуда. 2024 жылы жұмыстар басталып, полигонды жабу көзделген. Атырау мұнай өңдеу зауыты. Тазалық бағдарламасы аясында зиян шығындыларды азайту жоспарланды. Технологиялық аудит өткізіледі», — деп сөзін жалғады С. Шәпкенов.
Бұдан бөлек Атырау экологиясына кері әсер ететін тағы бірнеше фактор бар. Олар Ақжайық резерватында орын алатын өрт, Жайық өзенінің сулану деңгейінің төмендеуі, Солтүстік Каспий деңгейінің төмендеуі және шаңды дауылдар.
«Ақжайық резерваты бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат материалдық техникалық базаны нығайту жұмсалады. Жайық өзенінің сулану деңгейінің төмендеуі мәселесін шешу үшін 2022-2024 жылдары республикалық бюджет есебінен Жайық өзенінің 52,1 шақырымына түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік Каспийге қатысты Каспий теңізін зерттеу институтының филиалы Атырау қаласында ашылады. Соңғы 5 жылда шаңды күндердің үлесі 2 есеге ұлғайды. Мәселені зерттеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылып жатыр», — деді ол.
Жалпы Атырау облысында атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығын көлемі 2022 жылы 110,75 мың тоннаны құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29%-ға төмендеген.
«Соңғы үш жылда облыс елдімекендерінде 208 мың көшет отырғызылды. Атмосфералық ауаға тарайтын газдардың, басқа да шығарындылардың мөлшерін азайту бағытында Президент тапсырмасына сәйкес Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтуға «Кешендік», елді мекендерді көгалдандыруға «Өңірлік» жоспарлар бекітілді. «Кешендік» жоспар бойынша 5 жыл ішінде 2 800-дей (2 803 га) гектар орман алқабына барлығы 7 млн екпе отырғызу жоспарланған. 2021-2022 жылдары (852,5 га жерге) 2,3 млн екпе отырғызылды. «Өңірлік» жоспар бойынша 5 жыл аралығында 275 гектар аумаққа 540 мың ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. 2021-2022 жылдары (99,3 га жерге) 189 мыңға жуық (188,9 мың) тал егілді. Өңірдің экологиялық ахуалы әкімдіктің жіті назарында екенін айтқым келеді. Біз үшін тұрғындардың өмір сапасын жақсарту басты мақсат болып қала бермек», — деді С. Шәпкенов.
Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына аймақтың ірі мұнай компаниялары («Теңізшевройл» ЖШС,«НКОК» компаниясы,«АМӨЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ) тартылып, былтыр 111 га жерге 104 мыңға жуық тал отырғызды.
Атырау облысы әкімдігі мен «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы арасында 3 жыл ішінде Атырау қаласы аумағына 10 мың дана ағаш көшеттерін отырғызу жөнінде Меморандум жасақталды.
Атырау қаласында Ботаникалық саябақ салу жоспарланған. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 2024 жылы құрылысы басталады.
Брифингте облыс әкімі журналистерді өңірдің туристік әлеуетімен жақын танысу үшін Атырауға келуге шақырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым бағыттар бойынша тапсырмаларды орындау үшін бар күшімізді сала берекпіз. Негізгі күш-жігер Атырау облысы халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Біз қашанда халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», — деп сөзін түйіндеді С. Шәпкенов.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу