28 Шілде 2025, 14:50
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін «Қазақстанның су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыру жөніндегі шаралар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов, ҚР СРИМ Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова және ҚР СРИМ Су ресурстарын пайдалануды реттеу департаментінің басшысы Сәкен Әтел қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Конференция басында баяндама жасаған ҚР СРИМ Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова кадр мәселесі, еңбекақы жағдайы, әлеуметтік қолдау, мамандар даярлау және тағы да басқа жайттарды айтып берді. Мәселен, кадрлық құрам бойынша бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты ведомстволық бағынысты мекемелерде 10000-ға жуық маман қызмет етеді. Жаңа құрылыс нысандарының салынуына байланысты және су шаруашылығы саласы жұмыскерлерінің жасына жасалған талдау нәтижесінде алдағы 4-5 жылда су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 2000-дай адамды құрайтыны болжанып отыр.
«Мамандарды дайындау жайына тоқталар болсам, саладағы білікті мамандардың тапшылығын шешу мақсатында 2024 жылғы шілдеде "Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті" құрылды. Сондай-ақ, су шаруашылығының кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтетін студенттердің саны артты. Салыстыру үшін, өткен жылы практикадан 82 студент өтсе, ағымдағы жылы практикадан өткен студенттердің саны 339, оның ішінде 288 университет, 51 колледж студенттері.
Су саласы мамандықтарына бөлінетін білім гранттарының саны артты. 2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде барлығы 1052 грант бөлінді. Бір жыл бұрын су саласының мамандықтарына 618 грант бөлінген болатын. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет "Гидромелиорация" мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр», — деді ол.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 24 қарашадағы Су ресурстары және ирригация министрінің №9 бұйрығымен «Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация» саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылған. Салалық кеңестің құрамына мүдделі ведомстволар – ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту, еңбек және халықты қорғау министрліктерінің, жоғары және арнайы орта оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мен мол тәжірибесі бар мамандар кірді. Анықтама ретінде айта кетсек, 2023 жылғы 4 шiлдедегi №14-VIII «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-тармағына сәйкес салалық мемлекеттік органдар салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және/немесе жаңартуды жүзеге асырады. Осы Заңның 4-тармағына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру және тағы да басқа оқу орындары оқыту бағдарламаларында тиісті кәсіптік стандарттардың талаптарын ескеруге тиіс. 2024 жылы министрлік салалық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, 2 салалық «Гидротехникалық мелиорация» және «Бөгеттер мен бөгендерді салу» кәсіптік стандарттарын өзектендірді. Бұл кәсіптік стандарттар жоғары оқу орындары мен колледждер үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қолданылады. Бұдан өзге, 2025 жылы 2 кәсіптік стандартты өзектендіру мен 9 жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жоспарланып отыр. Жалпы, су шаруашылығы саласын кадрлық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында 2027 жылға дейін 11 кәсіптік стандарт өзектендіру мен 9 жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу жұмыстары жоспарланған.
«Еңбек ақы мен жаңа жұмыс орындарын ашу туралы тоқталар болсам, Мемлекет басшысы "2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады. Осыған орай, Су ресурстары және ирригация министрлігімен салалық жоспар әзірленді. Аталған жоспарда жаңа жүмыс орындарын құру, кәсіптік стандарттарды әзірлеу мен мамандардың біліктілігін арттыру сияқты шаралар қамтылған. Мәселен, жыл басынан бастап, "Қазсушар" РМК 279 маусымдық жұмыскерлері тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Жақын арада, кәсіпорынның штатына тағы 146 адам қабылданады. Осылайша, кәсіпорынның барлық 425 маусымдық жұмыскерлері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысы су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған "Табиғи монополиялар туралы" заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Түзетулерді Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірледі. Осы жұмыстың нәтижесінде 1 шілдеден бастап "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің еңбекақысы өсті», — деді ҚР СРИМ Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Жалпы алғанда, өзгерістер сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысын арттыруға мүмкіндік берді. Жалақы аймақтарға және статистикалық деректерге байланысты орта есеппен 35-50%-ға өсті.
Еліміздің түкпір-түкпірінде гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу жөніндегі жобаларды іске асыру барысында қосымша 892 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Ал әлеуметтік қолдау бойынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында су саласының мамандары несиелік бағдарламалар арқылы тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндіктері бар. «Отбасы банк» АҚ ипотекалық бағдарламаны іске қосты.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңына толықтырулар енгізіліп, енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен жұмыскерлерге, гидротехниктерге, мелиораторларға «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берілетін болады.
9 шілдеде Ақордада «Су шаруашылығы қызметкерлері күніне» орай алғаш рет су саласының мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен үздік қызметкерлерге марапаттар табыс етті. Су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда - «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Осы күні ерекше көзге түскен өзге де жұмысшылар мен ардагерлер, сондай-ақ жеңімпаздар салалық наградалармен марапатталды. Су шаруашылығымен айналысатын ұйымдар мен кәсіпорындардағы адал еңбек етіп келе жатқан әулеттер мен жас жұмысшы мамандарға «Үздік сушылар әулеті», «Үздік жас сушы» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына су саласына қатысты мамандықтармен толықтырылған. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды әлеуметтік қолдау үшін көтерме жәрдем ақы бюджеттік несие 7,8 млн теңгеге дейін өсті.
Сондай-ақ, су шаруашылығы мамандарының еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-нің өңірлердегі филиалдарына жаңа жұмыс құралдарды сатып алу жүргізуде. Бүгінгі күнде кәсіпорынның филиалдары жалпы жоспарланған 757 арнайы техника мен автокөліктің 439 алды.
«Жұмыс істеп жүрген мамандар оқудан өтіп жатыр. Былтыр мамандандырылған орталықтарда "Қазсушар" РМК-ның 500-ден астам қызметкері курстардан өтті. Биыл министрлік бұл көрсеткішті 1000 маманға дейін арттыруға ниетті.
Бұл бағыттағы маңызды қадам - халықаралық ынтымақтастық. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытайлық Power China компаниясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес, қазақстандық су саласының мамандары көрші елде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Курстардан 60 адам өтіп үлгерді. Бүгінгі таңда тағы 31 маман оқудан өтіпжатыр. Жыл соңына дейін тағы 30 маман біліктілік арттырады. Айта кету керек, барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абраимов.
Сонымен қатар, өткен жылы және ағымдағы жылы мамандарымыз Өзбекстан, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапония елдерінде білімдерін шыңдап келуде екенін атап өткен жөн. Қытай тарапымен қолданыстағы бағдарламаны жалғастыру бойынша келіссөздер қатар жүргізілуде.
#Баспасөз конференциясы #су ресурстарыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу