26 Наурыз 2026, 20:23
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ҚР Үкіметі өңірлерді дамыту бойынша кешенді шараларды іске асыруда, оның ішінде Түркістан облысы да бар. Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысы жаңа экономикалық құрылым қалыптастырып, елдің аграрлық-индустриялық және логистикалық хабына айналуда.
Индустриялық өсім: индустриялық аймақтар мен АЭА дамыту
Өңірде 20 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жаңа өндірістердің шоғырлану нүктелері мен экономикалық белсенділік орталықтарына айналуда. Негізгі бағыттар – құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және тамақ өнеркәсібі.
Индустриялық аймақтарда жалпы құны 132 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде 6 мың жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 60 млрд теңгеге 55 жоба іске қосылып, 3,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Turan» АЭА аумағында жалпы құны 976 млрд теңге болатын 33 ірі жоба іске асырылып жатыр.

Орталық Азияның логистикалық хабы
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Түркістан облысы көлік тораптары мен халықаралық бағыттардың шоғырланған нүктесі ретінде Орталық Азияның негізгі логистикалық хабына айналып келеді.
Өзбекстанмен бірлесіп 100 гектар аумақта «Орталық Азия» халықаралық кооперация орталығы салынуда. Ол кеден бекетімен, заманауи қоймалармен және өндірістік нысандармен біріктірілген логистикалық орталық қызметін атқарады. Бұған дейін Мемлекет басшысы бұл орталық елдің индустриялық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын.
Қазіргі таңда орталық алаңында жобаларды жүзеге асыруға 7 инвестор қызығушылық танытты. Нәтижесінде 133 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,2 мың жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша 355 млн теңге салық түседі. Құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде: 8 өндірістік ғимарат салынып, ішкі инженерлік инфрақұрылым қалыптастырылуда. Орталықты биыл іске қосу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп және жаңа өндірістер
2025 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 107 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылды.
Негізгі жобалар қатарында:
Отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 214 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба 258 ғимарат салуды және 6 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Бірінші кезеңде 45 ғимарат салынып, 32 жоба іске қосылып, 2 мың жұмыс орны ашылды.
Парк аумағында жиһаз, тамшылатып суару жүйелері, сусындар, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. Болашақта өндіріс түрлері дрон, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерімен толықтырылады.

Өндірістік алаңдар құрылысы: 87,3 млрд теңге қосымша инвестиция
Инвестиция тарту мақсатында өңірде кәсіпкерлерге арналған өндірістік алаңдар қарқынды түрде салынып жатыр.
Түркістан ауданында жалпы аумағы 214,3 гектарды құрайтын 25 шағын өндірістік алаң құрылған. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, жеңіл өнеркәсіп, химия және тұрмыстық техника өндірісі айқындалған.
Облыстың барлық ауданында 258 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл алаңдар экономиканың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етіп, қосымша 96 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Инвестициялар және жұмыс орындары
Жалпы алғанда Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан – инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым жасалған. Негізгі басымдықтар – қайта өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу.
Өңірде жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 18 мың жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі.
Биыл жалпы құны 444 млрд теңге болатын 66 жобаны іске асыру және 6,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
Терең өңдеу және кластерлер: АӨК трансформациясы
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі шарты – терең өңдеу мен заманауи технологияларды енгізу. Осыған байланысты өңірде толық циклді агроөнеркәсіптік кластерлер кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді және экспортқа бағытталған өнім өндіруді қамтамасыз етеді.
Мақта-тоқыма кластері құрылып, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып элиталық мақта сорттарын өсіру және шикізатты терең өңдеу көзделген. Кластер мақта өсіруден бастап жіп, мата сынды дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. 2025 жылы Отырар ауданында пилоттық режимде 32 мың гектарға егіс егіліп, 50 центнер мақта жиналды.
Бұл кластерде 201 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылып, 7 мың жұмыс орны ашылады. Өндіріс қуаты жылына 229 мың тонна мақтаны құрайды. Сонымен қатар екі мақта өңдеу зауыты іске қосылып, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын.
Жүгері кластері аясында Шардара ауданында құны 34 млрд теңге болатын «Казкрахмал» зауыты іске қосылды. Мұнда 500 жұмыс орны ашылып, жылына 150 мың тонна жүгері өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады. Жоба нәтижесінде жүгері егіс алқабы 2030 жылға қарай 40 мыңнан 70 мың гектарға дейін ұлғаяды.

Толық циклді ет кластері
Бордақылау алаңдары мен ет өңдеуді қамтитын ет кластері дамуда. Өңірде жалпы құны 101,8 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешендері мен етті терең өңдеу нысандары, сондай-ақ заманауи мал биржасы салынуда.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында құс шаруашылығы да қарқынды дамуда. Түлкібас ауданында құны 53 млрд теңге болатын ірі құс фабрикасының құрылысы басталды. Жоба 8 мың адамды жұмыспен қамтып, жылына 48 мың тонна өнім өндіреді.
Жалпы алғанда, кластерлерді қалыптастыру отандық терең өңдеуді дамытуға мүмкіндік беріп, фермерлерге өз өнімдерін нарықта кепілді түрде өткізуге жағдай жасайды. Мұның бәрі мультипликативті әсер беріп, 2027 жылы жеңіл өнеркәсіп көлемін 220 млрд теңгеге, ал ауыл шаруашылығын қосымша 447,5 млрд теңгеге арттырады.

Жылыжай шаруашылықтарының басым бөлігі Түркістан облысында шоғырланған
Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша көшбасшы – елдегі барлық жылыжайдың 72%-ы осы өңірде орналасқан. Жалпы аумағы 1 06,7 гектарды құрайды. 2025 жылы 102 мың тонна көкөніс жиналды.
Келес ауданында Ecoculture Eurasia ірі жобасы іске асырылуда. Жоба 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. Жылыжайлардың жалпы аумағы 500 гектар, жылдық қуаты – 100 мың тонна өнім. 2026 жылы тағы 62 гектар қосылып, өңірдің үлесі республика бойынша 80%-ға дейін жетеді.
Өз кезегінде ірі жылыжай жобаларын іске асыру көкөніс өнімдері өндірісінің көлемін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу және инфрақұрылым: суармалы жерлерді жаңғырту
Қазақстан Президентінің су үнемдеу жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысында 114 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілді. Алдағы 5 жылда қосымша 250 мың гектарды қамту жоспарланып отыр. Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 кәсіпорын іске қосылды. Биыл қосымша тағы 2 кәсіпорын пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар 295 су нысанын реконструкциялау жоспарланған, нәтижесінде каналдардың тозуы екі есеге азаяды. Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата», «Қарақуыс», «Боралдай» және «Иқан су» су қоймалары салынуда. Бұл 17,9 мың гектар жердің су қамтамасыз етілуін жақсартады.
Энергетикалық тәуелсіздік: ірі электр өндіруші қуаттарды іске қосу
Қазақстан Президенті «жасыл» экономиканы дамыту бойынша қойған міндеттерге сәйкес, өңірде ірі энергетикалық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысындағы электр энергиясының тапшылығы 75% сырттан жабылады. Осы мәселені шешу үшін 6 генерациялық жоба қолға алынған.
«Самұрық-Қазына» қорымен бірге Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт болатын бу-газ станциясы салынып жатыр. Жобаның құны – 800 млрд теңге, биыл іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Түлкібас ауданында жалпы құны 119 млрд теңге болатын қуаттылығы 320 МВт бу-газ станциясының жобасы әзірленуде.
Бұдан бөлек, Кентау қаласында жеке инвестициялар есебінен қуаты 240 МВт газтурбиналық станция салынуда. Жобаның жалпы құны 250 млрд теңге. Нысан құрылысын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
2027 жылға дейін Сауран ауданында жалпы құны 224 млрд теңге болатын, қуаты 485 МВт екі күн электр станциясы іске қосылады. Сондай-ақ Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт жел электр станциясын салу үшін құжаттар рәсімделуде. Оның жалпы құны 505 млрд теңгені құрайды. 2028 жылға дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Адами капитал: білім және денсаулық сақтау
Өңірде экономикамен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да белсенді дамып келеді. Оқушы орны жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында Президенттің «Келешек мектептері» жобасы аясында 2025 жылы 23 мың орындық 29 мектеп ашылды. Жергілікті бюджет есебінен 4 мектеп салынды. Биыл тағы 9 нысан пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім беру саласында жасанды интеллектті кеңінен қолдануға және IT-технологияларды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды. 2 мың орындық Woosong Kazakhstan халықаралық университеті ашылды, ол IT мамандарын даярлауға бағытталған.
Денсаулық сақтау саласында облыста 219 медициналық мекеме жұмыс істейді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы 35 жаңа нысан салынды. Биыл тағы 20 нысан пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар үш аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Туризм – өсім нүктесі: өңір инфрақұрылымын дамыту
Президент тапсырмаларына сәйкес Түркістан қаласының туристік инфрақұрылымы жүйелі түрде дамуда. Қалаға ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Былтыр облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, туристік саладан түсетін кіріс 7 млрд теңгені құрады.
Өңірде туризмді дамыту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласында есу каналы, Қолөнершілер орталығы және 99 гектар аумақта ипподром салынды. Бұл нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Түркістан облысы тұрақты экономикалық өсім динамикасын көрсетуде. Инвестициялық, инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыру өңірде қайта өңдеуге, өнеркәсіпке, энергетикаға және логистикаға негізделген заманауи экономиканы қалыптастырып, облыстың елдің негізгі экономикалық өсім орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу