13 Қаңтар 2026, 19:25

Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттерді және ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында ҚР Ішкі істер министрлігі Есiрткi қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар туралы баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында келтірілген деректерге сүйенсек, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, 2025 жылдың соңында Үкімет қаулысымен бекіткен болатын (Үкіметтің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 1117 қаулысы).
Сонымен қатар іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Әзірлеу барысында кешенді жоспар әртүрлі ведомствоаралық және сараптамалық алаңдарда, оның ішінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі жанындағы Республикалық штабтың, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырыстарында, Парламент депутаттарының, Ішкі істер министрлігі жанындағы есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар профилактикасы жөніндегі кеңестің қатысуымен дөңгелек үстелдерде бірнеше рет қаралды.
2025 жылы құқық қорғау және арнайы органдармен 4 мың есірткі қылмысының, оның ішінде есірткі өткізудің 2,7 мың фактісінің жолы кесілді. Барлығы 48,6 тонна түрлі есірткі тәркіленді. Синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі шамамен 1,5 тоннаны құрады.
Есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігін өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық қатаңдату жөніндегі заңнамалық шаралар Қазақстан ішіндегі синтетика өндірісінің төмендеуіне және оның бір мезгілде көрші елдерге ығысуына ықпал етті.
2025 жылғы наурыздан бастап есірткіні медициналық емес тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ҚР ӘҚБтК 440-1-бабы). Қазірдің өзінде 6 мыңнан астам құқық бұзушы тартылды және бұл профилактикалық әсер береді.
«Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді (ҚК 232-1-бабы). Үшінші тұлғалардың төлем карталарын пайдалануының 49 фактісі анықталды, оның ішінде 35 факті - есірткінің заңсыз айналымына байланысты. Бақылаудағы заттар тізімі – 47 позицияға кеңейтілуде. Ішкі істер министрлігі жанынан алғаш рет есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар профилактикасы жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, атақты спортшылар мен қоғамда белсенді медиа тұлғалар кірді», — деді спикер.
Оның айтуынша, профилактикалық қызметке бұрынғы «есірткі жасырушылар» да қатысады. Босатылғандардың жүзге жуығы волонтер ретінде жұмыс істейді, жастарға есірткі қылмысының қаупі туралы жеке мысалмен ескертпелер жасайды.
Сондай-ақ 2025 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Заңға қол қойды.
Ішкі істер министрлігі уәкілетті орган және профилактикалық саясаттың үйлестірушісі мәртебесін сақтап қалды.
Жауапкершілік аймақтары нақты бекітілген:
- нашақорлықтың әлеуметтік маңызы бар дерт ретінде алдын алу – Денсаулық сақтау министрлігі;
- жасөспірімдер мен жастарды тәрбиелеу – Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері.
Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар мемлекеттік есірткіге қарсы саясаттың негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, әлемдегі және еліміздегі есірткі ахуалына мониторинг жүргізу, алдын алу шаралары, есірткі қылмыстарының жолын кесу, заңнаманы жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Құжат 7 бөлімнен, 106 тармақтан және 30 тармақшадан тұрады. Атап айтқанда:
1. Есірткі ахуалына және оның динамикасының ерекшеліктеріне мониторинг жасау (4 тармақ, 5 тармақша).
2. Профилактика, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру (40 тармақ, 6 тармақша).
3. Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру (6 тармақ).
4. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымын қамтамасыз ету (5 т).
5. Заманауи есірткі бизнесінің жаңа шақыртулары мен қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру (31 тармақ, 8 тармақша).
6. Халықаралық ынтымақтастықты әрі қарай нығайту және кеңейту (10 тармақ, 11 тармақша).
7. Қорытынды бағыт (1 тармақ).
Бағдарламалық құжатты әзірлеу кезінде жетекші IT-компанияларды тарта отырып, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді пайдалануға ерекше назар аударылды.
Жоспарда:
- аналитикалық және жедел жұмыста жасанды интеллект енгізу;
- газ талдағыштары мен спектрлік камералары бар пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алу;
- ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғау құралдарымен жарақтандыру;
- пилотсыз ұшу аппараттарын бейтараптандыру аспаптарымен жабдықтау;
- заттай айғақтарды сақтау камераларын цифрландыру;
- цифрлық іздер базасын қалыптастыру көзделген.
Жоспарлы іс-шаралардың жеке блогы заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге арналған.
«Бөлімде есірткі скринингін жүргізу негіздері мен тәртібі, параллельдік қаржылық тергеп-тексеру, криптовалюталарды реттеу, спайкингке қарсы іс-қимыл жасау бөлігінде түзетулер, сондай-ақ құқық қорғау органдарына есірткі қылмыстарын анықтауға жәрдемдескені үшін азаматтарды марапаттау механизмдерін әзірлеу көзделген. Қабылданған шаралар барлық мемлекеттік құрылымдардың қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Комитет төрағасы.
Спикер өз сөзінде Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Кешенді жоспардың алдымыздағы жылдарға арналған белгіленген іс-шараларының сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Оның айтуынша, Кешенді жоспар нәтижесінде қоғамның есірткіге тәуелділігі, жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмысы, есірткі мен заңсыз контенттің қолжетімділігі төмендейді деп күтілуде.
Жүзеге асыру қорытындысы бойынша мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарланған:
- айналымнан алу көлемін арттыру арқылы синтетикалық есірткінің қолжетімділігін төмендету;
- есірткі заттары мен прекурсорларды тасымалдаудың, оның ішінде халықаралық арналарын анықтау;
- есірткі контрабандасының жолын кесу фактілері;
- есірткі қылмысы саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою;
- заңсыз контенттің жалпы санынан есірткі сайттары мен жарнамаларды анықтау;
- медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасымен барынша қамту;
- есірткі құқық бұзушылықтары үшін ұсталған кәмелетке толмағандар санын азайту;
- әкімдіктердің есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша рейтингтік бағалау нәтижелері.
Баяндама соңында алдағы үш жылда Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды сапалы түрде жүзеге асырып дұрыс нәтижеге жету көзделгені атап өтілді.
«Жоспар еліміздегі есірткі ахуалына өз ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Бүгінгі дөңгелек үстелге келіп қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз», — деді спикер.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу