«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалар игілігі үшін 17 шараны бір арнаға тоғыстырды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды. Тұжырымдама – балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі әрі үйлесімді түрде қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық құжаты.

Аталған құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, алғаш рет 17 орталық мемлекеттік органның балаларға қатысты шараларын бір арнаға тоғыстырды. Бірыңғай стратегиялық құжат аясында білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету салаларындағы тәсілдер үйлестіріліп, бұл бала мен отбасыны өмірдің барлық кезеңінде кешенді қолдауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. 

Еске сала кетейік, Тұжырымдама 4 негізгі бағытты, 10 тиімділік индикаторын және 158 нақты іс-шараны қамтиды.

Қазақстан – бүгінде балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты стратегияны әзірлеген санаулы елдердің бірі. Алғаш рет балалар құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы барлық шара мен бағдарламалар тұжырымдамаға біріктірілді. 

Елімізде шамамен 7 млн бала (6 902 492 адам) бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артты. 

Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын 18 жасқа толмаған барлық балалардың есепшотына түседі. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған.

Қазақстан таңдаған стратегиялық бағыт халықаралық деңгейде оң бағасын алды. БҰҰ-ның Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы өкілі «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасының 2026–2030 жылдарға арналған нұсқасының қабылдануын құптап, оның бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін және балаларды қолдаудың тұрақты жүйесін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Соңғы үш жылда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, қауіпсіздік инфрақұрылымы қалыптастырылды.

«Қазақстан халқына» қоры балаларға арналған шамаммен 120 әлеуметтік жобаны іске асырды.

Сонымен қатар 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып, жыл сайын «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан әлеуметтік осал отбасылардағы балаларға қолдау көрсетіледі, жалпы алғанда әлеуметтік қолдаудың 49 түрінен тұратын жүйе жүзеге асырылуда. 

2027 жылы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында mGov платформасында баланы сүйемелдеудің цифрлық жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

«Баланың жолы» деп аталатын цифрлық жүйе баланың мемлекеттік қолдау шараларын біртұтас есепке алуды, сондай-ақ білім беру, әлеуметтік қорғау және бала құқықтарын қамтамасыз ету салаларында көрсетілетін қызметтер бойынша үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Тұжырымдаманы іске асыру аясында 2027 жылдан бастап mGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіліп, көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар осы жүйеде бірегей түрде ұйымдастырылады.

Жиналған тәжірибе мен қол жеткізілген нәтижелер 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеудің негізіне айналып отыр.

Сондай-ақ Тұжырымдаманың қабылдануы Қазақстанның бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауға бағытталған дәйекті көшбасшылығы мен практикалық ұстанымын айқындайтыны атап өтілді.

Тұжырымдама балалардың негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады, олар: балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, ал тұжырымдаманы нақты іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі.

Бес жылдық кезеңге арналған іс-шараларды қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.

Сонымен қатар жүйе арқылы отбасының бірнеше мәрте өтініш беруінсіз ведомствоаралық деректер алмасу жолға қойылады. Бұл көмектің қолжетімділігін арттырып, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Аталған цифрлық жүйені іске қосу балаларға көрсетілетін көмекті ведомстволар арасында үйлестірілмеген шешімдерден біртұтас цифрлық сүйемелдеу маршрутына көшіруге мүмкіндік береді.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елде бала құқықтары бұзылған жағдайда оны жеке сүйемелдеуді қамтамасыз ететін кейс-менеджерлер институты енгізіледі.

Өңірлерде анықталған әрбір жағдай бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қатарынан кейс-менеджер бекітіліп, ол істің толық аяқталуына дейін жауапты болады.

Кейс-менеджерлер білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, құқық қорғау және психологиялық қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіріп, баланың медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмегін қамтитын жеке қолдау жоспарын қалыптастырып, оның іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген.

«Қауіпсіздік» бағыты бойынша жұмыс әрі қарай жандандырылады. Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» принципін кеңейту көзделуде. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. 

«Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады. 

Мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу, психологиялық диагностика үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға толық менторлық қолдау жасау іс-шаралары жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарында терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет қызметі жұмыс істейді, дабыл батырмалары мен бейнебақылау жүйесі басқару орталықтарына қосылған. Күзет қызметіне қойылатын талаптар бекітілді, бұл мектептердің қауіпсіздігін арттырады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ақылды технологияларды енгізу жоспарланып отыр: бейнежазбаларды талдау арқылы буллингті анықтау және қауіпті болуы мүмкін тұлғаларды уақытында тану мүмкіндігі пайда болады, бұл қауіп-қатерлерді дер кезінде болдырмауға мүмкіндік береді.

Балалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау көбінесе мамандардың біліктілігіне байланысты. Қазіргі таңда балаларды қорғау жүйесін 14 мыңнан астам қызметкер қамтамасыз етеді – бұл қамқоршылық органдарының қызметкерлері, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтер. 

Аймақтарда құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметі заң жүзінде реттелді. Тұжырымдама аясында 20 басқарма құрылады. 

Әр баланы жеке қолдау мақсатында қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі. Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерге жаңа талаптар белгіленіп, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар қамқоршылық органдарының мамандарына жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді. Қазіргі таңда 4 өңірде (Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, БҚО облыстары) балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, қалған өңірлерде ағымдағы жылдың наурыз айына дейін ашылуы күтілуде. 

Тұжырымдама аясында балаларды тасымалдау стандарттарын жаңарту, «Балалар қауіпсіздігі терезесі» республикалық акциясын жүргізу жоспарланып отыр. 

Балалардың қауіпсіздігі туралы ата-аналарды SMS арқылы хабардар ету енгізіледі. Қауіпсіз шомылу орындары желісі кеңейтіліп, балаларға жүзу дағдылары жүйелі түрде үйретіледі. 

Жетім балалар мен ата‑анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау аясында интернаттық тәрбие моделінен отбасылық тәрбиеге көшу жүзеге асырылуда. Балалар үйлерінің саны азайып, 82% балалар отбасыларда тәрбиеленуде. Оларды қолдау және өз бетінше өмірге дайындау үшін 360 тәлімгер тартылған. 

Елімізде «Мейірім» акциясы жүргізілуде: оның аясында 1,5 мың патронаждық ұйым жұмыс істейді, ал тәрбиеленушілерге болашаққа бейімделу үшін қаржылай көмек көрсетіліп, қаражат жеке есепшоттарына аударылған.

Тұжырымдама аясында жетім балалар мен интернат түлектерінің қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету үшін тәлімгерлікті дамыту жоспарлануда. 

Сонымен қатар қабылдаушы ата-аналар мектептерін трансформациялау, 111 ұйымның материалдық‑техникалық базасын нығайту, 100 кәсіби қабылдаушы отбасыны оқыту, Республикалық жетім балалар деректер базасын жаңарту және барлық педагогтерді жетім балалармен жұмыс істеуге оқыту көзделген.

Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанның балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сай болуына ықпал етеді. Сондай-ақ бұл балаларға қамқорлық жасап, олардың құқықтарын қорғайтын әлеуметтік мемлекет ретінде елдің беделін нығайтады. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу