Қазақстанда су тұтынуды ерте болжау жүйесі енгізілуде

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов ведомствоның су шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.

«Бүгінде су қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан Министрлік алдында тек су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ғана емес, сонымен қатар су ресурстарын неғұрлым дәл есепке алу, болжау және басқару үшін заманауи цифрлық құралдарды енгізу міндеті тұр. Біз үшін су саласын цифрландыру – бұл тек жекелеген бағдарламаларды енгізу немесе құжаттарды электрондық форматқа көшіру ғана емес. Бұл су есебі, болжау, су пайдаланушылармен өзара іс-қимыл, ирригациялық арналарды автоматтандыру, ғарыштық мониторинг, жасанды интеллектті қолдану, мамандар даярлау және аналитиканы дамыту сияқты бағыттарды қамтитын кешенді жұмыс», — деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, негізгі мақсат – бытыраңқы деректер мен жекелеген ақпараттық жүйелерден бірыңғай цифрлық ортаға көшу. Мұндай орта су ресурстары бойынша нақты жағдайды көруге, ағымдағы процестерді талдауға, ықтимал сценарийлерді болжауға және сенімді ақпарат негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы деректер, аналитика, цифрландыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу саласындағы салалық құзырет орталығы ретінде қарастырылады. Цифрлық трансформацияның орталық элементі – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі. Бұл жүйе су саласының бірыңғай цифрлық платформасына айналуы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – су объектілері, су қоймалары, арналар, гидротехникалық құрылыстар, жерасты сулары, су пайдаланушылар және саланың басқа да объектілері туралы ақпарат жинақталып, жүйеленетін база.

«Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі су балансын жүргізуге, су пайдалануды талдауға, су қоймаларының жағдайын бақылауға, трансшекаралық су объектілері бойынша деректермен жұмыс істеуге, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қоса алғанда, заманауи құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің соңғы кезеңінде тұр. Жақын арада барлық қажетті рәсімдерді аяқтап, оны толық іске қосу жоспарлануда», — деді Аслан Абдраимов.

Келесі маңызды бағыт – су пайдаланушылармен жұмысты цифрландыру. Ең алдымен, су шаруашылығын жүргізудің негізгі ресурсы болып табылатын фермерлер туралы сөз болып отыр. «Қазсушар» РМК аясында су пайдаланушылармен өзара іс-қимылдың негізгі процестері цифрландырылуда: өтінім беру, шарттар жасасу, шот ұсыну, актілер қалыптастыру және төлемдерді бақылау. Фермерлер үшін бұл жұмыс жүргізудің неғұрлым түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін білдіреді. Құжаттар біртіндеп электрондық форматқа көшірілуде, қағазбастылық азайып, есеп айырысудың және су берудің ашықтығы артуда. Мемлекет үшін бұл қанша су сұратылатыны, нақты қанша берілетіні, шарттардың қалай орындалатыны және төлем тәртібі қандай екені туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су тұтынуды ерте болжау жүйесін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның негізгі міндеті – су пайдаланушыларға қанша су қажет болатынын, қай кезеңдерде және қандай бағыттар бойынша алдын ала анықтау. Ерекше назар тек фермерлерге ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік, коммуналдық және өзге де су пайдаланушыларды қоса алғанда, ірі су тұтынушыларға да аударылуда. Бұл су беруді тиімді жоспарлауға, нақты қажеттілікті көруге және су шаруашылығы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай жүйе суға деген сұранысты болжау, су ресурстарын неғұрлым ұтымды бөлу және оларды тиімсіз пайдаланудың тәуекелдерін азайту үшін маңызды құралға айналады.

«Су ресурстарын болжаудың да маңызы ерекше. Бүгінде тек ағымдағы жағдайды тіркеу ғана емес, сонымен қатар алдағы айларда, тасқын кезеңінде немесе су аз жылдары су режимі қандай болуы мүмкін екенін алдын ала түсіну маңызды. Осы бағытта Министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, TALSIM-NG неміс бағдарламалық кешенін Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларына бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. TALSIM-NG гидрологиялық процестерді модельдеуге мүмкіндік береді: қардың жиналуы, қар еруі, өзен ағынының қалыптасуы, су қоймаларына келетін су көлемі, сондай-ақ ықтимал тасқын және су аз сценарийлер»,  — деп атап өтті вице-министр.

Оның сөзінше, маңызды элементтердің бірі – «Қазгидромет» РМК гидрологиялық бекеттерінің деректерін пайдалану. Гидропосттармен интеграциялау арқылы модель нақты ақпарат алып, оны өңдеп, әрі қарай талдау мен шешім қабылдау үшін болжамдар қалыптастырады. Сонымен қатар TALSIM-NG жүйесін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген Tasqyn жүйесімен байланыстыру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат – TALSIM-NG арқылы қалыптастырылатын болжамдық ақпаратты Tasqyn жүйесіне беру және оны тасқын тәуекелдерін ескерту, деректер алмасу және жедел шешімдер қабылдау үшін пайдалану.

«TALSIM-NG ықтимал су жағдайын есептеп, болжауға көмектеседі, ал Tasqyn осы ақпаратты жеткізу мен оны ескерту және әрекет ету жүйесінде пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта модельдер Қазақстанның сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды. Алдағы уақытта бұл жұмысты елдің барлық негізгі өзендерін қамту арқылы кеңейту жоспарланып отыр. Айта кету керек, TALSIM-NG біз үшін жай ғана бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу емес. Бұл – ұлттық гидрологиялық модельдеу жүйесін қалыптастыру. Ол үшін бастапқы деректердің сапасын арттыру, мамандарды даярлау, модельді басқа цифрлық жүйелермен біріктіру және болжамдарды практикалық басқаруда қолдану қажет. Бұл жұмысты іске асыруда гидрологиялық модельдеу және TALSIM жүйесін қолдану саласында үлкен тәжірибесі бар Хьюберт Лор мырза маңызды сараптамалық қолдау көрсетуде», — деді спикер.

Министрлік сондай-ақ қар жамылғысын мониторингтеу және тасқындардың алдын алу саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуде. Атап айтқанда, АҚШ өкілдерімен, Dynamic Aviation компаниясымен, Airborne Snow Observatories, Inc. ұйымымен, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен кездесулер өткізілді.

Қазақстан үшін бұл бағыттың практикалық маңызы зор. Тасқын кезеңіне алдын ала дайындалу үшін қардың қай жерде жиналғанын, оның көлемін, тығыздығын және су эквивалентін білу маңызды. Қар қорының көлемі неғұрлым дәл анықталса, соғұрлым көктемгі ағынды, су қоймаларына түсетін жүктемені және елді мекендер мен инфрақұрылым үшін ықтимал тәуекелдерді дәл болжауға болады. Министрлік мұндай жобаларды іске асырудың әртүрлі нұсқаларын – пилоттық форматтан бастап кең ауқымды енгізуге дейін қарастыруды ұсынды. Бұл технологиялардың тиімділігін кезең-кезеңімен бағалауға және оларды Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді.

Келесі ірі бағыт – ирригациялық инфрақұрылымды автоматтандыру.

«Бүгінде біздің міндет тек берілген су көлемін есепке алу ғана емес. Су беруді автоматтандырылған басқаруға көшу қажет: арналардағы жағдайды көру, суды жедел реттеу, шығындарды азайту және су пайдаланушылар арасында суды әділ бөлу. 2026 жылы 283 ирригациялық арнаны автоматтандыру жоспарлануда. «Қазсушар» РМК инвестициялық бағдарламасы аясында 88 ирригациялық арна автоматтандырылуда, оның ішінде Жамбыл облысында 86 арна және Қызылорда облысында 2 арна бар. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 195 ирригациялық арна автоматтандырылуда», — деді Аслан Абдраимов.

Бұл жобаларды іске асыру барысында отандық және шетелдік технологиялық шешімдер қатар қолданылуда. Әсіресе, ел ішінде су инфрақұрылымын автоматтандыруға арналған жеке шешімдердің өндірісі дамып келе жатқаны маңызды. Бұл отандық өндірушілерді қолдауға, жергілікті құзыреттерді дамытуға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жүйелердің сенімділігі мен тиімділігін арттыру үшін үздік шетелдік шешімдер де қолданылуда. Мұндай теңгерімді тәсіл ұлттық технологияларды дамытуға және озық әлемдік тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді. Арналарды кешенді автоматтандыру су шығындарын азайтуға, су бөлудің ашықтығын арттыруға, су беруді бақылауды жақсартуға және ирригациялық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұдан бөлек, вице-министр Министрлік жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды қолдануға ерекше көңіл бөліп отырғанына ерекше тоқталды.

«Осы бағытта біз Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен белсенді жұмыс істеп келеміз. Бірлесіп жасанды интеллектті, үлкен деректерді, аналитикалық платформаларды және цифрлық шешімдерді су саласында қолдану тәсілдері пысықталуда. Перспективалы бағыттардың бірі – су объектілерін, соның ішінде су қоймалары мен трансшекаралық су ресурстарын ғарыштық мониторингте жасанды интеллектті қолдану», — деді спикер.

Спутниктік деректер мен жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану су бетінің ауданының өзгерістерін, су қоймаларының динамикасын, су жинау аумақтарының жағдайын және басқа да маңызды параметрлерді автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен ғарыштық түсірілімдерді пайдалану, спутниктік деректерді өңдеу және ғарыштық мониторинг құралдарын дамыту бойынша ынтымақтастық жүргізілуде. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, өйткені су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық сипатқа ие. Ғарыштық мониторинг жоспарлау, талдау және келіссөздер жүргізу үшін тәуелсіз әрі объективті деректер алуға мүмкіндік береді.

«Біз жасанды интеллектіні су саласын цифрландырудың келесі кезеңі ретінде қарастырамыз. Оны су көлемін болжауда, су беруді басқаруда, су шығындарын анықтауда, спутниктік суреттерді талдауда, инфрақұрылым жағдайын бағалауда және басқарушылық шешімдерді қолдауда қолдануға болады. Жалпы алғанда, Министрлік жұмысты базалық міндеттерден – деректерді жүйелеу, есеп жүргізу және салалық цифрлық инфрақұрылым құрудан бастады. Қазір біз біртіндеп күрделі кезеңге – болжау, автоматтандыру, аналитика, ғарыштық мониторинг және жасанды интеллектті қолдануға көшудеміз», — деді вице-министр.

Кадрлық және ғылыми әлеуетті дамыту ерекше маңызға ие. Цифрлық су саласына жаңа буын мамандары қажет. Олар гидрология мен су шаруашылығы инфрақұрылымын ғана емес, сонымен қатар цифрлық технологияларды, модельдеуді, деректерді талдауды, геоақпараттық жүйелерді және жасанды интеллектіні түсінуі тиіс. Осыған байланысты Министрлік Қытай, АҚШ, Еуропа елдері және басқа да халықаралық серіктестердің тәжірибесін зерделеуде. Біз үшін шетелдік тәжірибені жай көшіру емес, оны Қазақстан жағдайына бейімдеу маңызды. Осы жұмыс аясында мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, оқу бағдарламаларын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, тағылымдамалар және іссапарлар мәселелері пысықталуда.

Министрлік сондай-ақ ғылыми және академиялық қоғамдастықпен, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және басқа да ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимылды дамытып келеді. Мұндай ынтымақтастық цифрлық жобаларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуге, қолданбалы зерттеулерді дамытуға, кадрлар даярлауға, деректерді талдаудың заманауи әдістерін, гидрологиялық модельдеуді және су ресурстарын басқаруда жасанды интеллектті енгізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, су саласын цифрландыру – суды сапалы басқарудың нақты құралы. Ол нақты жағдайды көруге, тәуекелдерді алдын ала болжауға, су пайдаланудың ашықтығын арттыруға, шығындарды азайтуға және неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Алда цифрлық жүйелерді дамыту, оларды интеграциялау, деректер сапасын арттыру және су ресурстарын басқарудың барлық деңгейінде заманауи технологияларды практикалық қолдану бойынша ауқымды жұмыстар тұр.

«Біздің мақсат – су ресурстарын басқарудың заманауи, ашық және технологиялық жүйесін құру. Бұл жүйе тәуекелдерді алдын ала көруге, суды ұқыпты пайдалануға, шығындарды азайтуға, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және елдің су қауіпсіздігін нығайтуға көмектесуі тиіс», — деп түйіндеді баяндамасын су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу