08 Ақпан 2025, 14:56
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» болып жарияланған болатын. Туризм жылы аясындағы іс-шаралар саяхатшыларға жаңа мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысы туралы» атты брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы жауап берді.
Туризм министрлігі өкілдерінің айтуынша, туризм жылының негізгі мақсаты – Қазақстанды Қытай азаматтары үшін туристік дестинация ретінде танымал ету. Сондай-ақ мәдени және іскерлік тәжірибе алмасу, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту.
«Туризм жылы Қытайдан 655 мың турист тартуға және $300 млн көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттауға мүмкіндік жасалды. Қытайдан елімізге келген туристер саны 2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға өсті», — деп мәлімдеді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Оның айтуынша, Туризм жылы ішінде маркетингтік құралдарды пайдалану, оның ішінде түрлі кездесулер, іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізу арқылы 37 іс-шара ұйымдастырылды. Мұның бәрі Қытай нарығында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға бағытталған.
«Екіншіден, іс-шаралардың барлығы Қытайдың жетекші туристік компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайтуға арналды. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде брондалған сапарлар саны бойынша Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 40-тан 29-орынға көтерілді», — деді ол.
Айта кетейік, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуы былтыр Бейжің қаласында 28 және 29 наурыз күндері өтті. Онда екі ел арасындағы туристік және мәдени байланыстарды дамыту, туристік салаға инвестиция тарту жоспарлары талқыланды. Ресми ашылу салтанаты Қытай Ұлттық опера үйінде өтіп, 500-ден астам қонақ қатысқан болатын. Қытайдың 30-дан астам орталық медиасы жан-жақты хабар таратты.
Ал, ресми жабылуы 2024 жылғы 27 қарашада Алматы қаласында өтті. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының қорытындысына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды. Оған екі елдің туристік индустриясының 300-ден астам өкілі қатысты. Форум бағдарламасына пленарлық сессия, «Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту серпіні» және «Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» атты екі панельдік пікірталас, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың туристік операторлары мен туристік бизнес өкілдерінің B2B-кездесулері кірді.

«Туризм жылында екі елде ай сайын іскерлік және мәдени іс-шаралар өтіп тұрды. Жыл бойы Қазақстан ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair сияқты төрт туристік көрмеге қатысты. Оған қатысу Қазақстанға Қытайдың жетекші туроператорларымен 50-ден астам жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде олардың кейбірі Қазақстанды өз каталогтарына енгізді» — деп мәлімдеді брифингте Нұртас Кәріпбаев.
Сондай-ақ баспасөз турлары мен таныстыру сапарлары ұйымдастырылды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, ол жарнамалаудың ең тиімді құралдарының бірі. Жыл бойы әр түрлі қалалар мен аймақтар 10 ірі таныстыру турларын өткізді. Оған туристік индустрия өкілдері, сондай-ақ 100 млн-нан астам аудиториясы бар көшбасшы медиа тұлғалар қатысты. Бұл іс-шаралар туристердің Қазақстанға деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.
«Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Туристік көрмелерге қатысу және ақпараттық турлар ұйымдастыру бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыты болып қала береді», — деді спикер.
«eQonaq» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, Қытайдан келген қонақтар көбіне Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, Алматы, Жетісу, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарына саяхаттаған. Сондай-ақ Қазақстанды туристік бағыт ретінде тиімді ілгерілету үшін Астана, Бейжің, Алматы, Үрімші және Гонконг қалаларында 300-ден астам екіжақты кездесулер өткізілді.
Осы орайда CNN Travel 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 бағыттың тізімін жариялап, Қазақстанды ерекше мәртебеге лайық деп танығанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына еніп отыр. Қала кең табиғи ландшафттар мен дамып келе жатқан урбанистік мәдениетті біріктіретін ерекше атмосферасының нәтижесінде Орталық Азияның «жаңа стиль астанасы» деп аталды.
Бұл тұрғыда БАҚ арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және қызығушылықты ынталандыруға көп көңіл бөлінді.
«Қазақстан туралы 3 сериялы “bond with China” деректі фильмі Қытайдың ең ірі ССТV-4 арнасында көрсетілді. Маркетингтік платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы да жүйелі жұмыс жүргізілді. Танымал блогерлер елімізге келді. Сыртқы істер министрлігімен бірлесе жасалған жұмыстар нәтижесінде әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы жазбалар 60 млн-нан астам қаралым жинады», — деді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Іскерлік және мәдени миссиялар, ел өңірлерінің туризм күндері, театр ұжымдарының Қытайдың ірі қалаларында гастрольдері қытайлық аудиторияға Қазақстанның бай мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен, музыкасы және гастрономиясымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Мазмұнды концерттік бағдарламалар мен шығармашылық ұжымдардың гастрольдері Шаньдун және Хэбэй провинцияларында өтті, сондай-ақ «Алтын адам» және «Ұлы дала» көрмелерінде ҚР Ұлттық музейінің экспонаттары қойылды.
«Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жалпы медиа тиімділігі 1,8 млрд қаралымға жетіп, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар 160 млн қолданушының назарын аударды. Туризм жылы саяхатшылар үшін жаңа көкжиектер ашып қана қоймай, туризм индустриясындағы серіктестік байланыстарды нығайтты», — деді спикер.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытайда автотуризмнің танымалдылығы артып келеді. Осыған орай былтыр осы бағытты дамытуға арналған бірнеше халықаралық іс-шара өтті. «Жібек жолы» автошеруі, Жібек жолы бойынша мототур және «Paris-Peking Motor Challenge» халықаралық іс-шарасы Қазақстанның автотуристер үшін тартымды ел ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ инфрақұрылым мен ілеспе қызметтердің дамуын ынталандырады.
«Осындай бастамалардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық автотуризм картасында маңызды орын алды. Қатысушылардың жалпы саны шамамен 500 адамды құрады және бұл көрсеткіш өсе береді деп сенеміз. Туризм жылының ашылуы аясында Бейжіңде «Наурызфест» этнофестивалі, ал Үрімші қаласында гастрофестиваль өткізілгенін атап өткен жөн», — деп толықтырды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Жалпы, Министрлік өкілдерінің мәліметінше, биыл елімізге саяхаттаған шетелдік туристер ағыны 11,5 млн адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Орналастыру орындарының табысы 27%-ға артып, 224 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік туристік нарықтағы имиджін нығайтуға ықпал еткен «Қазақстан бойынша гид» атты ауқымды конкурс пен қазақстандық белгілі тұлғалар қатысқан халықаралық жарнамалық науқандар сынды жобалар іске асырылды.
#Президенттің тапсырмасы #Туризм #Халықаралық ынтымақтастық«2025 жыл ресми түрде Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланғанын атап өту керек. Бұл екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түскенін көрсетеді. Әрі ол екі тарапқа ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жаңа мүмкіндіктер береді. Осының бәрі туризмнің дамуына ықпал етіп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосады», — деп түйіндеді туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу