16 Маусым 2023, 21:08
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясындағы өңірдің басты жетістіктері, 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді.
Қ.Ақсақалов бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде барлық күш-жігер өңірдің негізгі салаларында, құрылыс индустриясында тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етуге және сақтауға, халықтың өмір сүру сапасы мен жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталғанын жеткізді.
«Жыл басынан бері қысқа мерзімді экономикалық индикатор 3,4%-ға, орташа айлық жалақы 23,0%-ға өсті. Негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 38,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінің 21,8%-ға, көліктің 8,9%-ға, құрылыс жұмыстарының 6,7%-ға, ауыл шаруашылығының 4,1%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру мен сауданың 3,5%-ға өсуі қамтамасыз етілді», — деді Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының экономиканың барлық саласының тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға, шағын кәсіпкерлік субъектілері санының өсуіне, облыста өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар шара жоспарланып отыр. Өңір экономикасының базалық салаларында, сондай-ақ құрылыс индустриясын жетілдіру, халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылуда. Аталған талап – елдің жалпы дамуына оң әсер етуі тиіс.
Өткен жылдың ішінде облыс өнеркәсібінде төмендеу байқалды, қазір жағдай тұрақтанып, өндіріс көлемі біртіндеп артып келеді.
«Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсуі машина жасау өндірісін 41,0%-ға, дайын металл бұйымдарын 12,2%-ға, тамақ өнімдерін 17,3%-ға, сусындар өндірісін 13,6%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Жеңіл және жүк автомобильдерінің, тракторлардың, комбайндардың, кондитерлік өнімдердің, май, ет, сүт, шұжық өнімдері мен ұн өндірісі ұлғайтылды», — деді облыс әкімі.
Оның сөзіне қарағанда, машина жасау бойынша шығарылатын жеңіл автомобильдер модельдерінің желісі кеңейтіліп келеді. Республикада өндірілген барлық автокөліктің 61,0%-ы Қостанай облысында құрастырылған. Жыл басынан бері 35,0 мыңнан астам автомобиль құрастырылды, оның ішінде экспортқа жіберілгені 7,1 мың бірлік.
«Саланы дамыту жаңа жобаларды іске асырумен де сипатталады. Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты жылына 30 мың бірлік, құны 23,4 млрд теңге болатын және 400 жұмыс орнын ашатын «Chevrolet Оnix» автомобилі жобасын іске асыруда», — деді ол.
Облыс әкімі атап көрсеткендей, инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымы жетілдірілуде. Қостанай қаласының Индустриялық аймағында жобалардың ауқымы мен технологиялық параметрлерін ескере отырып, коммуникацияларды жүргізу бөлігінде әрбір инвесторға жеке көзқарас қолданылады. Осы жылы индустриялық аймақ аумағында екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар:
Қостанай облысында жаңа зауыттар салынуда. Олардың қатарында жүк көліктеріне арналған жетекші көпірлер шығаратын зауыт бар (жоба құны 160,7 млрд теңге). Мұнда 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, биыл арнайы шынжыр табанды техника шығаратын зауыт құрылысын бастау жоспарлануда. Өндірісті іске қосу өңір аумағында машина жасау кластерін дамытуға қосымша серпін береді. Осы жобалар бойынша бюджетке салық аударымдары жыл сайын 3 млрд теңгеден асады. Шығарылатын өнімді тұтынушылар агроөнеркәсіптік, тау-кен металлургиялық және мұнай-газ секторларының субъектілері, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар болады.
Облыс әкімінің айтуынша, өндіріс көлемінің ұлғаюы құрылыс пен инфрақұрылымды және логистиканы қамтамасыз ету қажеттілігіне сөзсіз әкеледі. Өңірдің көліктік логистикасы саласында екі көліктік-логистикалық орталық салу жоспарлануда. Бірі – «Құрғақ порт» («TEHNOPARK KZ» ЖШС, «Qostanay» ТЛК), құны 37 млрд теңге, мұнда 350 жұмыс орнын құрылады. Соның нәтижесінде бюджетке аударылатын салық көлемі жыл сайын 5 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ қытайлық Xian aiju (Сианьайзю) компаниясымен бірлескен логистикалық орталық, құны 4,5 млрд теңге және 100 жұмыс орны ашылады. Бұдан бюджетке жыл сайын 300,0 млн теңге салық түседі.
«Жалпы, жақын арада облыста жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 61 жобаның пулы қалыптасып, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемі 10,0%-ға ұлғаяды деп күтеміз», — деді Қ. Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, ел Президенті атап өткендей, «инвестиция тартудың тиімді жүйесін құру қажет». Есепті кезеңде облысқа 38,1% өсіммен 183,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 85,6%-ы жеке инвестициялар.
«Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында біз инвесторларды қолдау үшін өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымды жақсартуды жалғастырамыз», — деді әкім.
Оның айтуынша, инвестор үшін инфрақұрылымдық алаңдар құрылады, инвестициялық преференциялар беріледі: заттай гранттар (мүлік немесе жер учаскесі) беру, жабдықтарды импорттау кезінде кедендік баждарды төлеуден, корпоративтік табыс және жер, сондай-ақ мүлік салықтарын төлеуден босату.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында инвесторлар жылдық 6%-бен 3 млрд теңгеге ($6,7 млн) дейін несие ала алады. Егер қажет болған жағдайда объектілерге жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу мүмкіндігі бар. Осы қолдаулардың нәтижесінде 1 бюджеттік теңгеге 6 теңге жеке инвестиция келеді.
Құмар Ақсақалов облыстың АӨК-ті дамыту мәселелеріне жеке тоқталды.
«Президент өз Жолдауында «агроөнеркәсіптік кешенінің басты міндеті – елді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету» деп атап өтті. Біздің алдымызда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемдерін ұлғайту міндеті тұр. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнімнің жалпы шығарылымы 106,9 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 104,1%. Салаға 44% өсімімен 35,0 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің, тұз, күріш және қантты қоспағанда, қалғаны өзімізде өндіріледі. Әрине, біздің басты міндетіміз – жыл сайын көбірек өнім шығару. Мысалы, осы жылы майлы дақылдар егісі 750 мың га (0,3% өсіммен) құрады. Жарма алқаптары 5,8%-ға, оның ішінде қарақұмық 8,1%-ға ұлғайтылды», — деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, сүт және сүт өнімдері бойынша импорттың үлесін азайтып, отандық өндірісті ұлғайту мақсатында алдағы уақытта 20-дан астам өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасын салу жоспарлануда.
«Келешекте жыл сайын ең кемінде 10 жаңа тауарлы-сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Жобаларды іске асыруға 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылатын болады, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы 20 тауарлы-сүт фермасы бар шаруашылықтарда өнім көлемі 30%-ға ұлғаятын болады және сүт өңдеуші зауыттардың қосымша жүктемесі 70%тен 86%-ға дейін өседі», — деді Қ. Ақсақалов.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «жалпы, біздің елімізде қайта өңдеуді дәйекті дамыта отырып, ауыл шаруашылығы өнімі экспортының шикізаттық бағытынан алшақтау өте маңызды».
Облыс басшысының келтірген дерегі бойынша, өткен кезеңде 176,3 млрд теңгеге азық-түлік өндірілді (ҚР бойынша 1-орын), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 17,3%-ға артық.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде 80 млрд теңгеден астам сомаға 12 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның жетеуі өсімдік шаруашылығы, екеуі сүт, үшеуі ет өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған. Нәтижесінде 800-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады», — деді ол.
Оның айтуынша, аталған жобалардың бірі – шикізатты қаптамаға дейін қайта өңдеудің толық циклі бар бұршақ тұқымдас дақылдарды (бұршақ, жасымық, ноқат) өңдейтін зауыт құрылысы. Зауыттың құны 4 млрд теңге, өндіріс қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін жетеді, бұл облыс халқын жармамен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. 70 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Тағы бір жоба – белгілі неміс өндірушісі Дойчес Милхконторды (Deutsches Milchkontor GmbH) тарта отырып, ірімшіктің 10 түрін өндіретін жаңа кешен салу ("Милх" ЖШС). Бұл өндірістік қуаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп, ірімшік өндірісінің көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс. Жобаның құны 7,2 млрд теңге, жылына 2,0 мың тонна өнім алу жоспарланған. Инвестиция жаңа технологияны өңірде кеңінен қолдануға септігін тигізуі тиіс. Жаңа зауыттың іске қосылуымен өңделген сүттің көлемі 60%-ға дейін артады.
Майлы дақылдардың егіс көлемінің ұлғаюына байланысты оларды өңдейтін зауыт салу қажет болады. Сондықтан жылына 100 мың тоннаға дейін қайта өңдеу қуаты бар майэкстракциялық зауыт салу жоспарлануда, жобаның құны 10,0 млрд теңге.
Зауыт қызметінің нәтижесінде өсімдік майынан басқа, күнжара және шрот сияқты қайта өңделген өнімдер алынады.
«Жаңа кәсіпорындарды құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет».
«Бүгінде біз шамамен 182 мың тонна картоп, 15 мың тонна сәбіз, 15 мың тонна қырыққабат, 3,4 мың тонна пияз өндіреміз. Біз өзімізді және еліміздің басқа аймақтарын қамтамасыз ететіндей картоп өсіреміз. Бірақ оны келесі жиын-терінге дейін сақтап қалуға мүмкіндігіміз жоқ, өйткені жалпы сыйымдылығы 82 мың тонна көкөніс сақтайтын 62 қойманың тек 3-еуінде (6,0 мың тонна) ғана тоңазытқыш және желдеткіш қондырғысы бар. Жыл бойы халықты тек жергілікті картоппен ғана емес, қалған көкөніс өнімдерімен де қамтамасыз ету үшін біз климаттық бақыланатын заманауи көкөніс қоймаларын салуымыз керек», — деді Қ. Ақсақалов.
Оның айтуынша, биыл сыйымдылығы 6 мың тонна картоп-көкөніс қоймасын пайдалануға беру, 2024 жылға әрқайсысының қабылдау мүмкіндігі 4 мың тоннаға лайықталған 2 картоп қоймасын салу жоспарланған. Олардың барлығы климатты бақылау жүйесімен жабдықталады.
Өңір басшысы шағын және орта бизнес өкілдері неғұрлым көп болса, экономика қарқынды дамитынын айта келіп, облыста жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 64,6 мың бірлікті құрайтынын, оларда өңірдегі экономикалық белсенді халқының үштен бірі жұмыс істейтінін жеткізді.
«Өткен жылы субъектілердің өнім шығаруы 26,1% өсіммен 2,1 трлн теңге құрады. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 33,0%. Шағын және орта бизнес субъектілері шамамен 121,0 млрд теңге көлемінде салық төледі. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде осы жылы жеңіл кредит беруге 12,4 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп», — деді Қ. Ақсақалов.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 1500-ден астам отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсім 3,5%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін барлығы 500,0 мың м² дейін тұрғын үй (4 мыңнан астам пәтер) салынады, бұл өткен жылдан 11,4%-ға артық. Құрылыс тек облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, сонымен қатар аудандарда да жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттарға 28,6% өсіммен 27 млрд теңге бөлінді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл 200 пәтерді сатып алуға 2,3 млрд теңге қаралды. «Сондай-ақ, өңірімізде «Қостанай жастары» (Жас шаңырақ) бағдарламасы іске асырылып жатқанын атап өткім келеді. Биыл қаржыландыру сомасын 3 есеге арттырдық. Қазіргі таңда 2,1 млрд теңге бөлінді. Кем дегенде 140 жасты қамту жоспарланып отыр.
Қ. Ақсақалов атап өткендей, Қостанай облысында автожолдардың ұзындығы еліміз бойынша ең ұзыны (9 179 км). Осы жылы автожол саласының бюджеті 55,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 30%-ға артық. Биыл 446 км автожол (48 учаске) және елді мекендердегі көшелердің 299 учаскесі жөнделеді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 57 ауылдық елді мекеннің 118 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 85%-ды құрайды, осы жылдың қорытындысы бойынша үлесті 87%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ биыл аэропортты қайта жаңғырту жұмыстары басталғанын атап өтемін. Жобада аэровокзал алаңын 5,2 мың шаршы метрден 8,7 мың шаршы метрге дейін, сондай-ақ өткізу қабілетін сағатына 250 жолаушыға дейін ұлғайту көзделген. Бұл шаралар бір уақытта 7 рейсті қабылдауға, ұшу географиясын кеңейтуге, ұшып келу залының өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», — деді өңір басшысы.
Қазақстан Президенті 5 жыл ішінде қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Бұл халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басым міндет. Осы орайда облыс әкімі сумен қамтамасыз етуге 16,5% өсіммен, 22,0 млрд теңге бөлінгенін айтты.
«Жыл соңына дейін 43 ауылды сумен қамту және жақсарту жоспарлануда Нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 80,4%-дан 87,0%-ға дейін артады», — деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, жылумен жабдықтау желілеріндегі апатты жағдайларды болдырмау мақсатында осы жылы қаржыландыру 18 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын, бұл өткен жылғыдан 14 есе көп екенін жеткізді.
Сонымен қатар қаражаттың негізгі бөлігі Қостанай, Рудный, Арқалық және Лисаков қалаларында жылумен жабдықтауға бағытталған. Биыл барлығы 21,4 км жылу желілері қайта жаңартылады, тозу 49,9%-дан 47,4%-ға дейін төмендейді. Жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 40%-ға дейін төмендету мақсатында жыл сайын 20 км жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр.
2023 жылы облыстың елді мекендеріндегі көшелерді жарықтандыруға 3,7 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық. 17,1 мыңнан астам көше шамын орнату және ұзындығы1000 шақырымнан астам (1069 км) көшелерді сапалы жарықтандырумен қамтамасыз ету жоспарлануда. 6 қала мен 151 ауылдық елді мекенде көшелерді жарықтандыру шаралары жүргізілуде. 2023 жылдың соңына қарай жарықтандыру ұзындығы бойынша 58%-дан 80%-ға дейін артады деп күтілуде.
Облыс басшысы биыл Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Облыстың осы өңірлерін дамытуға барлығы 2,7 есе өсіммен 23,1 млрд теңге бөлінді. Негізгі сомалар сумен жабдықтау желілерін дамытуға (3,7 млрд теңге), Арқалық қаласында мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық жалпы білім беретін мектеп салуға және 24 білім беру нысандарына (3,2 млрд теңге) жөндеу жүргізуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға (5,3 млрд тг) бағытталатын болады. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлерді дамыту үшін, биыл Арқалық қаласынан Астанаға шығатын жолды жөндеу басталады. Бұдан басқа, Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарының шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасын бекіттік. Бұл дегеніміз, бағдарламаға қатысушылар жылына 1% ставкасымен несие ала алады. Кредиттер көбінесе өңдеуші өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында берілетін болады. Сондай-ақ, аталған аудандарда әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді», — деді өңір әкімі.
Қ. Ақсақаловтың айтуынша, білім беру саласын қаржыландыру көлемі 16,8%-ға өсті және осы жылы 176,5 млрд теңгені құрады. Биыл 3 мектептің құрылысы аяқталады (Қостанай қаласында 2 мектеп («Береке» және «Қонай» шағын ауданы) және Қостанай ауданы Еңбек ауылында). 2025 жылға дейін 10 заманауи мектеп салу жоспарлануда, оның 8-і «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде тұрғызылады.
«Осының барлығы оқушы орындарының тапшылығын шамамен 12 мыңға азайтуға мүмкіндік береді. Қостанай қаласында заманауи Смарт-орталықтың құрылысы жалғасуда, онда 1 300 оқушы ғылыми және техникалық салада өз қабілеттерін дамыта алады. Мұндаробототехника және бағдарламалау кабинеттері, киберспорт залы, ландшафттық дизайн студиясы, көптеген зертхана жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 142 білім беру нысаны (оның ішінде 15 күрделі жөндеу) жөнделеді, осы мақсаттарға 5,8 млрд теңге қарастырылған. Біз үшін біліммен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда. Барлық білім беру нысандары бейнебақылау камераларымен (100%), лицензияланған күзетпен (100%) және дабыл түймелерімен (100%) жабдықталған», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтауды қаржыландыру 22,0%-ға өсіп, 105,2 млрд теңгені құрады. Мәселен, 40 денсаулық сақтау объектісін жөндеу жұмыстарына және материалдық-техникалық жарақтандыруға шамамен 10,0 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде медициналық жабдықтармен жасақтау 56%-дан 86%-ға дейін өседі. 3 жыл ішінде облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады, оның 7-еуі биыл салынды. 2023-2024 жылдары жыл сайын кемінде 100 дәрігерді тарту жоспарлануда. Келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін пәтер мен үй сатып алуға немесе салуға 2,1 млрд теңге қарастырылған. Оның айтуынша, биыл дәрігерлер үшін облыстық бюджет есебінен: қалада – 3,5 млн теңге, ауылдық жерлерде – 5,0 млн теңге көтерме жәрдемақы ұлғайтылды.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу