27 Қаңтар 2025, 19:04

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер назарларына еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат ұсынды.
Өз кезегінде Сархат Сағынтайқызы бүгінде еліміздегі жалпы жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін баяндады. Оның мәлімдеуінше, халық арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар нәтижесінде жұқпалы 16 ауру түрі: оба, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі, паратиф, құтыру және өзге де ауру бойынша жағдай тіркелмеген.
«Инфекция бойынша 40 түрлі сырқаттанушылықтың, оның ішінде коронавирустық инфекция 5,7 есе, лептоспироз 2,5 есе, сібір жарасы 46,5%, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы 40,6%, скарлатина 39%, бруцеллез 19,5%, эхинококкоз 15,2%, қызылша 6,3% төмендеуіне қол жеткізілді», — деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық маусымы жалғасуда. Елімізде жыл сайын эпидемиологиялық маусымда (қазаннан сәуірге дейін) жедел респираторлық вирустық инфекцияның 4-5 млн жағдайы және 2 мыңға дейін тұмаумен сырқаттанушылық жағдайы тіркеледі. Жалпы республика бойынша ағымдағы эпидемиологиялық маусымдағы сырқаттанушылықтың өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеуі байқалады.
Эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық расталған 1686 жағдайы тіркелген (А тұмауы (H1N1) – 92,5% (1559 жағдай), А (H3N2) – 0,9% (16 жағдай), В тұмауы – 6,6% (111 жағдай).
«Жалпы республика бойынша 2,3 млн адамға тұмауға қарсы екпе егілді, бұл республика халқының 11,6%-ын құрайды. Пандемияның аяқталғанына қарамастан, біз халық арасында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылыққа тұрақты негізде мониторинг жүргіземіз. Биыл 1 қаңтардан бастап республикада коронавирус инфекциясының 51 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 7 есеге төмен», — деп мәлімдеді Сархат Бейсенова.
Бүгінгі таңда COVID-19 денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы бар төтенше жағдай ретінде қабылданбайды. Ауру негізінен жеңіл өтеді, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді, науқастар амбулаториялық жағдайда ем алады.
Жалпы республика бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың 3,4%-ға, оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезімен сырқаттанушылықтың 3,7%-ға төмендеуі байқалады (2023 жылы – 6103 жағдай / 2024 жылы – 5940 жағдай).
«Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында елдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтануда. Мәселен, 2024 жылдың желтоқсанында қызылшаның 81 жағдайы тіркелсе, 2023 жылдың осы кезеңінде 10 339 жағдай тіркелді. Сырқаттанғандардың негізгі үлесін жоспарлы профилактикалық егпені алмаған балалар құрады, ауруға шалдыққандардың 84%-дан астамы балалар», — деп түсіндірді спикер.
Бүгінде жағдайды тұрақтандыруға 5 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлеріне қосымша жаппай иммундау жүргізу ықпал етіп отыр. Оның шеңберінде ҚР Үкіметінің резервінен қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина сатып алуға бөлінген 4,6 млрд теңге қаражат есебінен 1,5 млн адамға екпе егілді. Бұл аурушаңдық деңгейін 99,2%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері қызылшаның 64 жағдайы тіркелген. Аурушаңдық екпе алмаған балалар есебінен тіркеліп, бұл сырқаттанған балалар санының 83%-дан астамын құрап отыр.
Бүгінде жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың, атап айтқанда, жоспарлы және толықтыра иммундаудың арқасында елдегі көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, сырқаттану шыңымен салыстырғанда (шілдеде – 390 жағдай, желтоқсанда – 105 жағдай) жағдайдың 73%-ға төмендеу үрдісі байқалады.
Биыл көкжөтелдің 55 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 0,3 (2024 жылы – 3 110 жағдай, көрсеткіш – 20,5; 2023 жыл – 421 жағдай, көрсеткіш – 2,1) құрады.
«Толықтыра иммундау аясында ҚР Үкіметі резервінің қаражаты есебінен бұрын жоспарлы екпені өткізіп алған 186 мыңнан астам бала көкжөтелге қарсы егілді. Жалпы, біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы ауруларға қарсы тиімді вакциналар тізімін кеңейту стратегиясын қолдаймыз. 2024 жылы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жүргізілді. 2024 жылдың қыркүйегінен бері 11 жастағы қыздарға АПВ вакцинациясы, сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізілуде. Бүгінгі таңда 114,4 мыңнан астам қыз балаға, оның ішінде 11 жастағы – 64,1 мың, 12-13 жастағы – 50,3 мың қыз балаға екпе жасалды. Екпе алғандардың арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмеді», — деп түсіндірді Комитет төрағасы.
Сөз соңында қазіргі уақытта елімізде жедел респираторлық вирустық инфекция және тұмаумен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық маусым жалғасып жатқаны айтылды. Аурудың алдын алу үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтау ұсынылып: жабық ғимараттарда адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу; үй-жайларды үнемі желдету; қолды антисептиктермен, дезинфекциялық майлықтармен сүрту; науқас адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету; жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмау белгілері байқалса балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу, ауру белгілері пайда болған жағдайда уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажеттігі баса айтылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу