03 Ақпан 2026, 11:05

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекеттік сатып алу реформасы. 2025 жылдың нәтижелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил, Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Дияс Крамшеев қатысып, журналисттердің сұрақтарына жауап берді.
Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил 2025 жылғы мемлекеттік сатып алулардың қорытындылары туралы айтты.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алулар туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері толығымен автоматтандырылған. Мемлекеттік сатып алу веб-порталында 18 мыңға жуық тапсырыс беруші, 120 мыңға жуық белсенді өнім беруші тіркелген. 2025 жылы мемлекеттік сатып алулардың көлемі 9,6 трлн. теңгені құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 5,3 трлн. теңгеге 1 699 мың шарт жасалса, 2025 жылы 8,1 трлн. теңгеге 1 644 мың шарт жасалды. Оның ішінде отандық өнім берушілермен 456 млрд. теңгеге 168,9 мың шарт жасалған. Көрсеткіштердің өсуіне жаңа Заң шеңберіндегі сатып алу мерзімдерін қысқарту мен рәсімдерін оңтайландыру тікелей әсер етті», — деді ол.
Заңның негізгі жаңашылдықтары – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңтайландыру және мерзімдерін қысқарту, рәсімдерді одан әрі автоматтандыру және бағалық емес өлшемшарттарды дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ сатып алу бойынша Бірыңғай платформасын құру.
«Сатып алу рәсімдеріндегі негізгі жаңашылдықтарға келетін болсақ, олар: сатып алу рәсімдерін жеңілдету; шағым беру тәртібін қайта қарау; сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру; мердігерлердің жауапкершілігін күшейту; отандық өнім берушілерді қолдау; құрылыс нарығын монополиядан арылту. Бұған дейін, мемлекеттік сатып алу саласындағы басты проблема рәсімдердің ұзаққа созылуы болған еді. Конкурсты өткізу мерзімі кем дегенде екі айды құрады. Осыған орай, Заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдердің мерзімдері қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте, рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс арқылы жеңімпаздар небәрі 5 күннің ішінде анықталып жатыр», — деді вице-министр.
Оның айтуынша 2025 жылы мемлекеттік сатып алулар жүйесі сатып алу рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігі мен бәсекелестігін арттыруға бағытталған жаңартылған заңнаманы іске асыру жағдайында жұмыс істеген. Жаңа тәсілдер мен тетіктерді енгізу сатып алуды уақытылы жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға және адал бәсекелестікті дамытуға ерекше назар аударылды.
«Отандық өнім берушілерге қолдау – көрсету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарының бірі болып табылады. Осы ретте, бүгінгі таңда ұлттық режим шеңберінен алып тасталған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, Заңды жүзеге асыру шеңберінде отандық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесі бекітілді. Тізбеге сәйкес, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тек отандық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынуда.
«Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне аталған сатып алуларға қатысуға техникалық тұрғыдан тосқауыл қойылды. Бұл ретте, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыспаған сатып алуларға – екінші кезеңде ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады.
Бұдан басқа, отандық тауар өндірушілер үшін: 50% мөлшеріндегі міндетті аванс; қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату (авансты, шартты және демпингке қарсы шараларды қамтамасыз ету); тауарды жеткізу мерзімін 60 күнге дейін ұзарту; жеткізілген тауарға төлеу мерзімін 10 күнге дейін қысқарту; тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету түріндегі жеңілдіктер көзделіп отыр. Аталған шаралар отандық өнім берушілермен жасалған шарттардың өсуіне алып келді», — деді Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил.
Қабылданған шаралар бизнестің мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуын кеңейтуге ықпал етті. Жалпы, Заң сатып алу жүйесін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ оң құқықтық және әлеуметтік-экономикалық аспектілерге қол жеткізуге бағытталған.
«Құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында Заңмен «толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт» (EPC және EPC-F) тетіктері енгізілді. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі – бір мердігер объектіні жобалап, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға беретін болады. Жекелеген жағдайларда мердігер жобаны өз қаражатымен жүзеге асырады, тапсырыс беруші бекітілген қаржы-экономикалық модель шарттарына сәйкес, орындалған жұмыс ақысын төлейді», — деді ол.
2026 жылы бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, одан әрі цифрландыруға және заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған жұмыс құқық қолдану практикасын ескере отырып жалғастырылатын болады.
«Өздеріңіз байқағандай, жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, өнім берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және отандық тауар өнім берушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Осы жылы алдымызға келесі мақсаттарды қойып отырмыз: жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, сатып алуларды одан әрі автоматтандыру; сатып алуларды рейтингтік-балдық жүйеге барынша көшіру; отандық тауар өндірушілерді одан әрі қолдау; сатып алу жүйелерін біріздендіру; сатып алу рәсімдерін бақылауды күшейту», — деді вице-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу