17 Сәуір 2025, 19:37

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының алғашқы қорытындылары туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 5 трлн теңгеге 692 мың сатып алу рәсімдері өткізілді. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 4,6 трлн теңгеге 607 мың сатып алу рәсімдері өткізілген. Ал былтырғы жылдың бірніш тоқсан қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңгеге 464 мың шарт жасалса, биыл 4 трлн теңгеге 697 мың шарт жасалды. Көрсеткіштердің өсуіне жаңа Заң шеңберіндегі сатып алу мерзімдерін қысқарту мен рәсімдерін оңтайландыру тікелей әсер етті.
«Жалпы жаңа Заң мемлекеттік сатып алу жүйесіне жаңа дем берді десек болады. Бұған дейін мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі рәсімдердің ұзаққа созылуы болған еді. Конкурсты өткізу мерзімі кем дегенде екі айды құрады. Осыған орай, Заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдердің мерзімдері қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс арқылы жеңімпаздар небәрі 5 күннің ішінде анықталып жатыр», — деп нақтылады вице-министр.
Атап айтқанда:
Сондай-ақ егер конкурсқа қатысуға біліктілік талаптарына сай келетін бір өтінім ұсынылса, конкурс өтті деп танылуда. Бұған дейін конкурсқа бір өтінім түскен жағдайда, конкурс өтпеді деп танылып, ұйымдастырушы қайтадан конкурс жариялауға мәжбүр болатын. Аталған шаралар ағымдағы жылдың алғашқы айларында-ақ көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандардың жеңімпаздарын аз уақытта анықтауға көмектесті.
Бұдан бөлек, шағымдарды қараудың жаңа тетігі енгізіліп, бақылаушы органның рөлі қайта қаралды. Тапсырыс берушілердің жоғары талап белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында, қолданыстағы камералдық бақылау сақталды. Алайда, уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығы алып тасталды. Сатып алу рәсімдерінің созылып кетуін болдырмау мақсатында қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға берілді.
«Бұл шешім де оң нәтиже алып келді. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында сатып алу қорытындыларына 7623 шағым түскен болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 6737-ге дейін төмендеді. 2025 жылы өткізілген сатып алу көлемінің артқанын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес», — деп атап өтті Дәурен Кеңбеил.
Сонымен қатар қаржы вице-министрі сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелеріне де тоқтады. Оның сөзінше, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру мақсатында демпингтік бағаны айқындау тәртібі қайта қаралды. Демпингтік деп танылатын өтінім бағасы көтерілді. Демек, белгілі мөлшерден бағаны төмен түсіруге болмайды, түсірген жағдайда, өнім беруші белгіленген шек пен өзі берген баға айырмашылығын шарттық міндеттемелерін сапалы және уақытылы орындау кепілдігі ретінде («антидемпинг») тапсырыс берушінің шотына енгізеді. Атап айтқанда, конкурс арқылы сатып алынатын, Қағидалармен белгіленбеген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша демпинг мөлшері 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілінде орташа арифметикалық бағаның 30% мөлшерінен – сатып алу бағасынан 10% мөлшеріне дейін төмендетілді. Бұл шара шамадан тыс төмен бағалардың болуын алдын алып, шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалуына әкеп соқты.
Сонымен қатар әлеуетті өнім берушіге қойылатын жаңа біліктілік талаптары енгізіліп, мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер аясы кеңейтілді. Мәселен, өнім берушіде жұмыскерлер алдында жалақы төлеу бойынша берешегі болмауы тиіс. Сондай-ақ тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіден белгілі бір әкімшілік-аумақта тіркелген материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап етуге құқылы.
«Бұдан басқа, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттардың қатарына әлеуетті өнім берушінің жылдық қаржылық есептілігін тиісті депозитарийге орналастыруы қосылған болатын. Осылайша, өнім берушілердің біліктілігін арттыру арқылы, біз сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттырамыз», — деді қаржы вице-министрі.
Бұдан бөлек, Дәурен Кеңбеил отандық өнім берушілерді қолдау шаралары туралы да баяндады. Ол отандық өнім берушілерге қолдау көрсету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Осы ретте, бүгінгі таңда ұлттық режим шеңберінен алып тасталған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Атап айтқанда:
- А3 және А4 қағаздарына;
- жеңіл өнеркәсіп тауарлары;
- машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс өнеркәсібі тауарлары, азық-түлік тауарлары;
- жиһаз өнеркәсібінің, машина жасау саласының тауарлары;
- сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп тізілімі;
- қан алу жүйесі (ветеринариялық).
Сонымен қатар Заңды жүзеге асыру шеңберінде отандық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесі бекітілді. Тізбеге сәйкес, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тек отандық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынуда. Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне аталған сатып алуларға қатысуға техникалық тұрғыдан тосқауыл қойылды. Бұл ретте, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыспаған сатып алуларға – екінші кезеңде ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады.
Бұдан басқа, отандық тауар өндірушілер үшін:
- 30% мөлшеріндегі міндетті аванс;
- қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату (авансты, шартты және демпингке қарсы шараларды қамтамасыз ету);
- тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету түріндегі жеңілдіктер көзделіп отыр.
Аталған шаралар отандық өнім берушілермен жасалған шарттардың өсуіне алып келді. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында отандық өнім берушілермен 55,4 млрд теңгеге 26 900 шарт жасалған болса, ағымдағы жылы 124,7 млрд теңгеге 45 000 жуық шарт жасалды.
«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, Заңды жүзеге асыру шеңберінде құрылыс нарығын монополиядан арылту жөніндегі шаралар көрініс тапты. Атап айтқанда, шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі 1%-дан 2%-ға дейін және теріс мәндер 0,1%-дан 0,2%-ға дейін түріндегі баға өлшемшарттарының көлемдері ұлғайтылды. Бұл мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге және жекелеген ірі компаниялардың монополиялық жағдайын болдырмауға ықпал етті. Бүгінгі таңда аталған өлшемшарттардың қолданылу аясы кеңейтілуде», — деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ Дәурен Кеңбеил сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру мәселесі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесіне 2022 жылғы 1 шілдеден бастап пилоттық режимде рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді. Бұл тәсіл, жеңімпазды анықтау процесіне конкурстық комиссияның қатысуын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жеңімпаз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде автоматты түрде анықталғандықтан, сатып алу қорытындылары шағымдануға жатпайды.
«2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап құрылыс-монтаждау мен жобалау жұмыстары, рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып өткізілетін конкурс арқылы сатып алынуда. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап техникалық қадағалау қызметтері осы тәсілге ауыстырылды. Бүгінгі таңда автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын да, рейтингтік-балдық жүйеге көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, сатып алуларды барынша рейтингтік-балдық жүйе конкурсына көшіру жоспарлануда», — деп хабарлады қаржы вице-министрі.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда сатып алу бойынша бірыңғай платформа іске қосылды. Бірыңғай платформада мемлекеттік, квазимемлекеттік және «Самұрық – Қазына» Қорының сатып алулары жүзеге асырылуда. Бұл қолданушыларды бірыңғай қосылу нүктесімен қамтамасыз ету арқылы, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйелерін біріздендіру жолындағы алғашқы қадам.
Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында жаңа Заңмен «толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт» (EPC-келісімшарт) және өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту көзделген болатын. Мердігер міндеттемелерін тиісінше орындау мақсатында қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыс көлемі 50%-дан 30%-ға дейін қысқарды. Бұл талапты сақтамаған мердігерлермен шарттар біржақты бұзылатын болады.
#Мемлекеттік сатып алу #ҚР Қаржы министрлігі«Өздеріңіз байқағандай, жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, өнім берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және отандық тауар өнім берушілерді қолдауға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді баяндамасын қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу