22 Қазан 2026, 17:30
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді жедел дамыту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Шымкент қаласында жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән берілуде.
2026 жылдың басынан бері қалада әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің тұрақты өсімі байқалады. Өңірде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің көлемі 17,6%-ға артты. Өсу қарқыны бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орынға шықты.
Өнеркәсіп өндірісі 12,9%-ға, құрылыс саласындағы жұмыстардың көлемі 25,4%-ға ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 580 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі 2021 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсіп, 5,9 трлн теңгені құрады. Бір жұмыскерге шаққандағы еңбек өнімділігі 5,6 млн теңгеден 10,5 млн теңгеге дейін артты. Шымкент экономикасының өсуіне шағын және орта бизнес елеулі үлес қосып келеді. Бұл сектор салық түсімдерінің негізгі көздерінің бірі болып, халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Сонымен қатар қаланың географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы көлік және логистика салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Индустрияландыруды жеделдетуге және қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы да серпін беріп отыр.
Өнеркәсіп өндірісі 12,9%-ға өсті: 16 жаңа жоба іске қосылды
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 12,9%-ға өсті. Өндіріс көлемінің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл саладағы өнім көлемі 12,5%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады.
2026 жылы өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 71,8 млрд теңге болатын 32 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың нәтижесінде 1,4 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі уақытта жалпы құны 30 млрд теңге болатын 16 жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 762 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар есепті кезеңде өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігі 8,7%-ға артты. Қаланың өнеркәсіптік секторында 900 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 18 ірі және 44 орта өндіріс орны бар. Оларды орналастыру үшін жалпы ауданы 1 530 гектар болатын сегіз мамандандырылған алаң жұмыс істейді, олар:
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы;
«Оңтүстік» индустриялық аймағы (ИА);
«Тассай» индустриялық аймағы;
«Жұлдыз» индустриялық аймағы;
«Бозарық» индустриялық аймағы;
Сауда-логистикалық орталық;
«Ордабасы» индустриялық аймағы;
«Стандарт» индустриялық аймағы.
Бұл аймақтарда жалпы сомасы 462,5 млрд теңгені құрайтын 354 жоба жүзеге асырылып, 11 мың жұмыс орны құрылды және 115,5 млрд теңге салық түсімдері қамтамасыз етілді.
2026–2029 жылдары жаңа инвестициялық жобаларды орналастыру үшін металлургия саласына арналған 836 гектар аумақтағы жаңа «Темір» индустриялық аймағын құру және қолданыстағы төрт алаңды 1 721 гектарға кеңейту жоспарланып отыр, мәселен:
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын – 304 га-ға;
«Жұлдыз» индустриялық аймағын – 155 га-ға;
Сауда-логистикалық орталықты – 258 га-ға;
«Бозарық» индустриялық аймағын – 168 га-ға кеңейту көзделген.
Бұл аумақтарда жалпы сомасы 1 трлн теңгені құрайтын 275 жобаны жүзеге асыру және 12 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оларды инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету үшін 12 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
Инвестициялар және ірі жобалар
Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 580,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға өсті. Жылдық жоспар – 950 млрд теңге. Инвестициялар өсімінің жоғары қарқыны келесі салаларда тіркелді:
құрылыс – 25,4%;
сауда – 23%;
көлік қызметтері – 16,6%;
байланыс – 10,2%.
Қазіргі уақытта қалада Қытай, Түркия және Польша инвесторларының қатысуымен жалпы құны $7,6 млрд-ты құрайтын 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Alarko Holding және Fabe Polska компанияларының жылыжай кешендерінің құрылысы жалғасуда. Shaanxi компаниясының қалдықтарды өңдеу зауыты, ақпараттық жүйелерді әзірлеу және қолдау жөніндегі Megasoft өндірісі, сондай-ақ құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін Selena Group кәсіпорны салынуда. Құны $20 млн болатын Coca-Cola İçecek зауытын кеңейту жобасы пайдалануға беру сатысында тұр.
Жобалау сатысында CNPC компаниясының қатысуымен құны $5,8 млрд болатын Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту, сондай-ақ YDA Holding, KÖKSAN және Polpharma бастамалары тұр. Инфрақұрылымды дамытумен қатар инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Аймақтық инвестициялық штаб жұмыс істейді. Прокуратурамен бірлесіп 42 проблемалық мәселе шешілді, 456,2 млрд теңгеге 163 инвестордың құқықтары қорғалды.
«Инвестицияға тапсырыс»: 517,7 млрд теңгеге 16 жоба және 8,5 мыңнан астам жұмыс орны
Инвестицияларды тарту және Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін дамыту құралдарының бірі — «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы. Қалыптасқан шоғырландырылған пулға экономиканың түрлі салаларындағы жалпы құны 517,7 млрд теңге болатын 16 жоба кірді, оның 202,7 млрд теңгесі «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің қаражаты есебінен тартылмақ.
Жобалар негізгі бағыттар бойынша бөлінген:
Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі: 8 жоба, соның ішінде жылыжайлар, көкөніс қоймалары, құс фабрикалары, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары.
Өңдеу өнеркәсібі: құрылыс материалдарын, металл прокатын, жанар-жағармай материалдарын, электр тарату аппаратурасын және басқа да жоғары технологиялық бағыттарды өндіруді қамтитын 8 жоба.
Пулды жүзеге асырудың ағымдағы мәртебесі:
Жалпы құны 499,1 млрд теңге болатын 9 жоба қаралу сатысында тұр, оның ішінде 188,4 млрд теңге мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде көзделген.
Қаржыландыру сатысында – 11,6 млрд теңге сомасына 5 жоба, оның ішінде 8,5 млрд теңге мемлекеттік қолдау шаралары есебінен бөлінуде.
Құжаттарды жинау сатысында – 7 млрд теңгеге 2 жоба, оның 5,8 млрд теңгесі мемлекеттік қаржыландыру қаражатын құрайды.
Кәсіпорындардың толық өндірістік қуатына шығуы отандық өнімдердің кең түрін (көкөніс, ет және сүт өнімдері, жанар-жағармай, күштік трансформаторлар, электр тарату аппаратурасы, алюминий профильдері, мыс кабельдері, металл құбырлар, резеңке шиналар, құрылыс материалдары) өндіруді жолға қоюға және 8 508 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
ШОБ: 133,5 мың жұмыс істеп тұрған субъект және бизнесті қолдауға 10,5 млрд теңге
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары жалғасуда. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қалада 133,5 мың жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі бар. 2021 жылдан бері олардың саны шамамен 1,8 есеге өсті. Айта кету керек, өңірде кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы іске асырылуда. Биыл оны жүзеге асыруға 14,5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 12,6 млрд теңге республикалық бюджеттен, 1,9 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қаражат мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға, оның ішінде қаржылық қолдауға, бизнес-жобаларды жүзеге асыруға және олардың өндірістік қуаттарын арттыруға бағытталған. Жыл басынан бері жалпы сомасы 10,5 млрд теңге болатын 1480 жобаға қолдау көрсетілді.
АӨК: 46,4 млрд теңгенің жалпы өнімі және өсімдік шаруашылығы өндірісінің 14,4%-ға өсуі
Агроөнеркәсіптік кешен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, Шымкент экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Жыл басынан бері өндірілген АӨК өнімінің көлемі 46,4 млрд теңгені құрап, 4,1%-ға өсті.
Өсімнің ең жоғары көрсеткіші өсімдік шаруашылығында тіркелді – 14,4% (өнім көлемі – 11,5 млрд теңге). Ал мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 34,2 млрд теңге.
Әлеуметтік инфрақұрылым және жұмыспен қамту
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Білім беру саласында жалпы құны 6,9 млрд теңге болатын 11 нысанның құрылысы көзделген. Денсаулық сақтау саласында төрт нысан салуға және бес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 1,9 млрд теңге қарастырылған.
Әлеуметтік нысандарды дамыту қаланың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықтың білім және медициналық қызметтерге қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Шымкентте 7 746 жұмыс орны ашылды. Оның 7609-сы – тұрақты, 137-сі – уақытша жұмыс орны. 2026 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу