Өнеркәсіп саласын дамыту,  бизнес ахуалды жақсарту, АӨК-ке инвестиция тарту – Үкіметтің басым бағыттары

Биыл өңдеуші сектордың негізгі капиталына салымдар 34,3%-ға өсті. Қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға, жаңа өндірістер құруға және өнеркәсіптік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге назар аударылады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға және қазақстандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер етеді.

Инвестицияларды тарту мақсатында өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайтын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар белсенді түрде дамып келеді. 2025 жылы Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жаңа АЭА іске қосылды (барлығы 16 АЭА, 61 индустриялық аймақ, 34 шағын өнеркәсіптік аймақ). Бүгінгі таңда АЭА аумағында 532 жоба, оның ішінде 85 жоба шетелдіктердің қатысумен жүзеге асырылды. Сонымен қатар  шетелдіктер қатысатын 42 жобаны қоса алғанда, 449 жоба іске асыру сатысында тұр. Арнайы экономикалық аймақтарға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 925,3 млрд теңгені ($2 млрд) құрады. Осы жылғы қаңтар–қыркүйек айлары аралығында өңдеу секторында жалпы сомасы 3,1 трлн теңгеден ($6,2 млрд) асатын 5 инвестициялық келісім жасалды. Қазіргі уақытта ферроқорытпа өндірісі, жолаушылар вагондары, цемент және басқа да бағыттарды қамтитын тағы 4 келісім қаралу сатысында тұр. Қолданыстағы өндірістердің жүктемесін қамтамасыз ету және Қазақстанда бұрын шығарылмаған өнім түрлерін өндіруді ынталандыру мақсатында ұзақмерзімді жеткізу шарттары тетіктері белсенді түрде енгізілуде. Мұндай оффтейк-келісімшарттар инвесторлар үшін тәуекелдерді едәуір төмендетіп, өнімге кепілдендірілген өткізу нарығын қамтамасыз етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 898 ұзақмерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалды. Ал осы жылғы қаңтар–шілде айлары аралығында 1,179 трлн теңге сомасына 1 035 шарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп.

Басым салаларда 190 жобаны іске қосу

2025 жылы жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және тамақ өнеркәсібі салаларында 22,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Аталған жобалар жоғары технологиялық өндірістерді құруға, шикізатты терең өңдеу деңгейін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші салалардың экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 838,1 млрд теңгені құрайтын 115 жоба іске қосылып, 13 384 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 691,1 млрд теңгені құрайтын 75 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 9,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар қыркүйек айының соңына дейін мынадай негізгі жобаларды іске қосу жоспарланып отыр:

1.     «Казполиграф» ЖШС, Қостанай облысында жетекші көпір арқалықтарын өндірудің терең локализациясы жобасы, инвестиция сомасы – 78,2 млрд теңге, 100 жұмыс орны құрылмақ. Жылына 46 мың қалып құю өнімін шығару жоспарлануда.

2.     «КазТурбоРемонт» сервис орталығы, Атырау облысында локомотивтердің тірек арқалықтарын өндіруге арналған дәнекерлеу цехының құрылысы, инвестиция сомасы – 4 млрд теңге, 80 жұмыс орны ашылады. Жылына 1 000 дана өнім шығару жоспарлануда.

3.     «Новоишимский мелькомбинат» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысында аралас жем өндірісіне арналған зауыттың құрылысы. Инвестиция сомасы – 1,5 млрд теңге, 35 жұмыс орны құрылады. Жылына 750 мың тонна шығару жоспарлануда.

Осылайша, барлық жобалар толық қуатында іске қосылған жағдайда олардың жалпы өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 0,8 трлн теңгеге өнім экспортқа шығарылып, 1,5 трлн теңге көлемінде импортты алмастыру қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар ауылдық жерлерде 5,7 мың тұрақты жұмыс орнын және моноқалаларда 1,8 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Елді индустрияландыру өндірілетін өнімнің аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда полипропилен, ферросилиций, ыстық брикеттелген темір, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары және жүк көліктеріне арналған компоненттерді құю өндірісі табысты іске қосылды. Тыңайтқыштардың жаңа түрлерін («ҚазАзот», «ҚазФосфат»), құрылыс материалдарын (керамикалық плитка, жылу оқшаулағыш материалдар, энергия үнемдейтін әйнек), мұнай-газ жабдықтарын (Caspi Oil Capital), дәрілік заттарды шығару жолға қойылды.

 Серпінді жобалар

 Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары қайта өңдеу деңгейі бар өндірістерді игеруге ерекше назар аудара отырып, 17 серпінді жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында отандық шикізат пен құрамдас бөлшектерді барынша пайдалану, сондай-ақ ірі кәсіпорындар айналасында шектес өндірістерді дамыту көзделген. Аталған бастамалар экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы аясында іріктелген. Осы жылы аталған тізімнен Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автомобиль зауыты мен Алматы қаласындағы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС көпбрендті автозауыт жобалары жүзеге асырылды. Металлургия, химия, мұнай-химия, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты өзге де негізгі секторлар бойынша мынадай жобаларды іске асыру жалғасуда:

1.   «Mineral Product International» ЖШС металлургия кластері (Павлодар облысы).

2.   «ССГПО» АҚ ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты (Қостанай облысы).

3.   Qarmet комбинатын жаңғырту (Қарағанды облысы).

4.   «KAZ Minerals Smelting»/NFC ЖШС мыс балқыту зауыты (Абай облысы).

5.   «Ертіс» гидрометаллургия комбинаты (Павлодар облысы).

6.   «Бутадиен» ЖШС бутадиен және оның туындыларын өндіру зауыты (Атырау облысы).

7.   «KMG PetroChem» ЖШС полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіру зауыты (Атырау облысы).

8.   «Силлено» ЖШС / «KMG PetroChem» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешені (Атырау облысы).

9.   «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегі (Шымкент қ.).

10. «КазАзот Prime» ЖШС аммиак пен карбамид өндіру зауыты (Маңғыстау облысы).

11. «Qazaq Kalium Ltd» жеке компаниясының калий тұздарын өндіруге арналған байыту-өндірістік кешені (Батыс Қазақстан облысы).

12. «Астана Туризм» ЖШС көпфункционалды туристік ауданы (Астана қ.).

13. «Жылы жағажай» кешенді дамуы (Маңғыстау облысы).

14. Бидай мен жасымықты терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен (Астана қ.).

15. «Qostanai Grain Industry» ЖШС дән мен бидайды терең өңдеу зауыты (Қостанай облысы).

Мұнай-газ химиясы – индустриялық өсудің жаңа драйвері

2024 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру 540 мың тоннаға жетті, бұл 2023 жылғы деңгейден 150,5 %-ға жоғары.

- полипропилен – 301,7 мың тонна немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 138,8% (217,3 мың тонна);

- бензол – 28,8 мың тонна немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 130,9% (22 мың тонна);

- параксилол – 109,5 мың тонна, ұлғаю 4 еседен астам (25,5 мың тонна);

- метил-трет-бутиловый эфирі – 46,3 мың тонна немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 111,2% (41,6 мың тонна);

- жағармай материалдары – 53,7 мың тонна немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 102,8% (52,2 мың тонна).

Метанол шығару зауытын салу бойынша саладағы алғашқы инвестициялық келісімге қол қою маңызды оқиға болды. Мұнай-газ химиясын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» жаңа заң әзірленуде. 2025 жылы 590 мың тонна мұнай-газ-химия өнімін өндіру жоспарлануда. Осы жылғы 9 айда өндіріс көлемі 477,2 мың тоннаны немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 115,8 %-ды құрады (412,2 мың тонна).

Макроэкономика және қаржылық орнықтылық

Биылғы 9 айда экономиканың өсуі 6,3%-ды құрап, қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 2,3 пайыздық тармаққа жеделдеді (қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3%, қаңтар-тамызда – 6,5%). Мұндай қарқын экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ салалардың теңгерімді дамуы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Көлік және қоймалау бойынша қызмет көрсету (21,2%-ға өскен), құрылыс (14,9%-ға), сауда (8,8%-ға), тау-кен (9,3%-ға), өңдеу өнеркәсібі (6,2%-ға) өсудің негізгі драйверлері болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі – экономиканың ортамерзімді және ұзақмерзімді орнықты дамуының берік негізі. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестиция жылдық мәнде 13,5 %-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 30,7 %-ға өсті. Инвестиция тарту қарқынының үдеуі екінші деңгейлі банктердің бизнеске кредит беру көлемінің ұлғаюы, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың, «Тарифті инвестицияға айырбастау» және «Келешек мектептері» бағдарламаларының жүзеге асырылуы, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына қаржы тарту сияқты іскерлік белсенділіктің артуы  шеңберінде жүріп жатыр. 

Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны артып келеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2 174 309 кәсіпорын тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 %-ға артық, яғни, былтыр бұл көрсеткіш 2 043 760 кәсіпорын болған. Экономикадағы ШОБ үлесі де 0,9 пайыздық тармаққа өсіп, 38,6 %-ды құрады. Өнім шығару көлемі 11,4 %-ға ұлғайып, 18,7 трлн теңгеге жетті.

Бизнес ахуалды жақсарту

2024 жылғы қабылданған Бизнес жүргізу мәселелері бойынша заңның есебінен бизнес-тексерулердің саны азайып барады, оның шеңберінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу тұрғысында қайта қаралған болатын. Соның нәтижесінде, Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2024 жылы 53 320 кәсіпорын тексерілген, бұл мораторийға дейінгі (126 561 тексеру) 2019 жылмен салыстырғанда 42,1 %-ға төмен.

Бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасуда. Осы жылғы 6 айда бақылау және қадағалау органдары жүргізген тексерулер саны 46 375-ті құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 %-ға (47 292 тексеру), 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 73,8 %-ға аз (62 757 тексеру).

Сондай-ақ аталған Заң арқылы бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптың күші жойылды, қазіргі уақытта өңірлік маңызы бар актілерде көрсетілген талаптар қайта қаралуда. «1 in 2 out» қағидаты енгізілді (бизнес үшін қолданыстағы екі реттеу тетігі алынып тасталып, бір талап енгізілді). Бұл бизнеске қойылатын талаптар санын арттырмауға мүмкіндік береді. Әкімшілік кедергілерді одан әрі азайту мақсатында жыл соңына дейін рұқсат алуы үшін бизнеске қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралады, сондай-ақ оларды алу рәсімдері мен мерзімдері оңтайландырылды. Кәсіпкерлік қызметтің 58 саласында анықталған 381 ақпараттық құралдың (бизнес есептілігі) 192 құралы оңтайландырылды (49%), қазіргі уақытта оларды автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бизнес пен мемлекеттің өзара тиімді іс-қимыл жасауы үшін цифрлық алаң қажет, сондықтан Үкімет «eGov Business» мобилді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. «eGov Business» қосымшасы «Электрондық үкіметтің» шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қызметтері мен сервистерін мобилді байланыс құрылғылары арқылы автоматтандыруға арналған. Авторизациядан жылдам өтетін, сондай-ақ бірнеше батырманы басу арқылы 30-дан астам мемлекеттік қызметке жеңіл қол жеткізуге болатын «Менің бизнесім» жеке кабинетінің функционалы әзірленді. Кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесі, электронды сертификаттар алу және құжаттарға цифрлық қол қою жаңа сервистер іске қосылған.

Мемлекеттік қолдау 

2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес жобасы қамтылды. 2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне уәкілетті операторды («Даму» қоры) қатыстырмай-ақ кредит беру үшін екінші деңгейлі банктерге субсидия беру лимиттерін портфельдік әдіспен айқындау арқылы жеңілдікпен кредит берудің жаңа тетігі бекітілді. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3 %, кредит беру мерзімі – 3 жылға дейін.

Жеңілдікпен кредит беретін жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6 % мөлшерлемесі бойынша 7 млрд теңгеге дейін кредит ала алады. Ағымдағы кезеңде «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 392 млрд теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің 1 095 жобасы қаржыландырылды. Бүгінгі күні «Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды. Негізгі бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймаға жинау және білім беру қызметтері. Кепілдік беру қорлары мемлекеттік қаражатқа тәуелділікті біршама төмендетуге және банктердің өтімді құралдарын тарту есебінен қаржыландыруға қолжетімділікті едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы жылы 9 қазандағы жағдай бойынша 1-ші кепілдік беру қоры шеңберінде құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде кепілдіктер сомасы 154,4 млрд теңгені құрады. 2-ші кепілдік беру қоры бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын 1 жобаға қолдау көрсетілсе, оның ішінде кепілдіктер сомасы 2,8 млрд теңгені құрады. 100-ден астам қаржылық және қаржылық емес шараларды қамтитын Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Әрбір шара үшін стандартталған паспорт енгізіледі. Бұл ашықтықты, қағидалардың бірыңғай әрі кәсіпкерлер үшін ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. «Baqylauda» жүйесі цифрлық инфрақұрылымның орталық элементіне айналып келеді, ол өтінімдерді екі деңгейлі тексеру, алушыларға мониторинг жасау және өңірлер мен салалар бойынша тиімділікті бағалауға мүмкіндік береді. Бұл қолдау шараларын алуды ыңғайлы ете түседі, ал мемлекет бір негізге сүйенген шешім қабылдау үшін сапалы құралға ие болады.

Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту арқылы жеке бизнесті дамыту 

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 922,1 млрд теңге сомасындағы 396 мемлекеттік нысан бәсекелес ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберілді. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік ірі компаниялар биржаға шығарылды. Соңғы жылдары IPO/SPO-ға 153,9 млрд теңге сомасында «Қазмұнайгаз» АҚ-ның, 22,6 млрд теңге сомасына «KEGOC» АҚ-ның, 10,6 млрд теңге сомасына «Эйр Астана» АҚ-ның акцияларын шығару жүзеге асырылды. Бұл жеке капиталды тартуға, ашықтықты күшейте түсуге және халықтың инвестициялық процеске араласуына мүмкіндік береді. Осы жылғы 30 мамырда Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 трлн теңгеден астам баланстық құны бар 400-ден аса компанияны оңтайландыруды қолдады. Қызмет салалары бойынша олар – отын-энергетика кешеніндегі 150-ден астам компания, сондай-ақ көлік және байланыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы да басқа салалардағы компаниялар. «Самұрық-Қазына» қорының бірқатар активі бойынша IPO/SPO жоспарлануда. Олар – құрамына «Kcell» кіретін «Қазақтелеком» және «Qazaq Green Power PLC» қоғамдық компаниясы. Бұл ретте мемлекеттің жекешелендіру мақсатында нарықты ашу әрекеті бәсекелес ортаны құру ниеті ретінде қабылдануға тиіс. Осыған байланысты оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылмақ:

·          1-кезең – 2026 жылды және шамамен 200 нысанды;

·          2-кезең – 2027–2028 жылдарды және 100-ден астам компанияны;

·          3-кезең – 2029–2030 жылдарды және жылу-энергетика саласындағы 60-тан астам компанияны қамтиды.

Басты мақсат – мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталуда. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылуда. Мысалы, квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді, жекешелендіру бойынша жаңа тәсілдер бекітілді (мемлекет қатысуының қосалқы рөлі; қатысудың уақытша болуы; жекешелендіру кезінде жеке монополиялар құруға жол берілмеуі және т.б.), мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар жаңартылды (Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабы 1-тармағының 5-тармақшасы алынып тасталды).

Экономиканы демонополизациялау: басым бәсекелестік және жағдайды асыра пайдалануды азайту 

Мемлекет басшысы әділ әрі ашық бәсекелестікті қамтамасыз ету, экономикадағы жасанды монополиялардың бәрін түп-тамырымен жою мәселелеріне баса назар аударады. Осыған байланысты 2022 жылы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия құрылды. Оның қызметiнiң нәтижесінде өзiнiң монополиялық жағдайын пайдаланып жүрген түрлi ұйымдардан мемлекет меншігіне және ұлттық компаниялардың меншiгiне бiрқатар нысан мен ақшалай қаражат қабылданды. Атап айтқанда, республикалық және коммуналдық меншікке
17 АҚ мен ЖШС-нің акциялар пакеттері мен оларға қатысу үлестері, Шығыс Қазақстан облысындағы мүліктік кешен, 7 ғимарат, 162 теміржол мен құрылыс нысандары, 7 автомобиль және өзге де (2 мыңнан астам бірлік) мүліктер берілді. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге аударылды.  Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына $100 млн және 1,49 млрд теңге берілді.

Мемлекеттік сатып алу 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу рәсімдерін оңайлатуға және одан әрі автоматтандыруға бағытталған. Қоғамдық мониторинг енгізіліп, сатып алу қорытындыларына шағымдану тәртібі қайта қаралды және жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтілді. Мемлекеттік сатып алу қағидалары аясында сатып алу мерзімдері мен рәсімдері: конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау – 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін, конкурстық өтінімді қабылдау – 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытынды шығару – 10 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сатып алу процестерін жүргізуге қажетті күндердің жалпы саны орта есеппен 3 есеге қысқарды (30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін).

Құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізілді. Жұмыстарды жүзеге асыру кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді баршаға ортақ қолжетімді жерлерде орналастыру, шарттардың орындалуына мониторинг жүргізуге жұртшылықты тарту жоспарлануда.

Сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдерді созуға жол бермеу мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Сатып алу қорытындысына сотқа шағым берілген кезде сатып алу рәсімдерін тоқтатуға жол берілмейді. Мөлшері аз сатып алуды жүзеге асыру мақсатында 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3 мың АЕК-тен 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 

Төтенше жағдайларға жол бермеуге қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу тәсілімен конкурстық рәсімнен тыс сатып алу мүмкіндігі көзделген. Оңайлату мақсатында біліктілік талаптарына сәйкес келеді деп танылған бір өтінім ұсынылған болса, конкурс өткізілді деп танылады. Бұған дейін біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеткізушілерден кемінде екі өтінімнің болуы қажет болатын.

2019 жылдан бері бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 34%-дан 26 %-ға дейін төмендеді. «Толық аяқталған» құрылыс тетігі енгізілді. Жобалаудан бастап нысанды салуға және қолданысқа беруге дейiн жобаларды бiр мердiгер жүзеге асыра алады. Нысандарды мәслихаттар бекітеді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосалқы мердігерге берілетін жұмыстар көлемі 50 %-дан 30 %-ға дейін қысқартылды. Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның базасында қолданыстағы сатып алу алаңдарын (goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz) интеграциялау арқылы Бірыңғай сатып алу платформасы құрылды, ол мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялардың және «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына қатысуға қол жеткізу үшін ортақ мүмкіндік тудырады. Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында отандық өндірісті ынталандыру және қазақстандық қамту үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.

Отандық өндірушілерге берілетін преференциялар:

  • 30 % мөлшерінде міндетті түрде аванс төлеу;
  • кепілді қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату (шарттың орындалуын қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасы);
  • шарттағы міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) шарт сомасының 10 %-ынан 3 %-ына дейін азайту.

Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу веб-порталында 110 мыңнан астам жеткізуші және 18 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 9,4 трлн теңгені құрады. Осы мерзімде отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны – 140 712, сомасы – 399,86 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (жалпы сомасы 202,5 млрд теңгеге 109 909 шарт) айтарлықтай жоғары.

Инвестициялық саясат 

Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ деңгейін $450 млрд-қа дейін екі есе өсіруді, сондай-ақ осы кезеңде экономикаға кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік капиталдың құйылуын қамтамасыз етуді межелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда инвестиция тарту еліміздің экономикалық тұжырымдамасында шешуші фактор болып саналады. Үкімет инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Еліміздің жаңа инвестициялық циклін іске қосу шеңберінде Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзекті бола түсті. Бұл құжат орнықты әрі біртұтас бизнес экожүйесін қалыптастырудың жүйелі тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестициялық штаб деп аталатын Инвестиция тарту жөніндегі кеңес инвесторларды қолдаудың маңызды құралдарының біріне айналды. Инвестициялық штаб қызметі инвесторлардың мәселелері жедел шешілетін «осы жерде және дәл қазір» форматында ұйымдастырылған. Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасауға бөлек назар аударылған. Инвестиция салу процесін оңайлататын әрі жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз ететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Жаңа инвестициялық циклді іске қосу аясында «инвестицияға тапсырыс беру» қағидаты негізге алынған жаңа тәсіл енгізіледі. Орталық салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бәсекелестік артықшылықтары анағұрлым жоғары «тауашаларды» айқындау үшін өңірлік және салалық инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының инвестициялық заңнамасында инвесторларға арналған салықтық және кедендік жеңілдіктерді, заттай түрдегі гранттарды, инфрақұрылым жүргізуді және тағы да басқаларын қоса алғанда, инвестициялық преференциялардың алуан түрі көзделген. Басым салалардағы құны 60 млн АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобалар үшін қазақстандық заңнаманың 25 жыл бойы тұрақты болатынына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі бар. Инвестициялар туралы келісім Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша жасалады және өтінім беруге бастама жасау кезеңінен бастап, өңірде жүзеге асырылғанға дейін сүйемелденеді. Өткен жылы мұндай келісімдердің 6-уы жасалса, биыл тағы 21 келісімге қол қойылды. Сонымен қатар инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі халықаралық шарттар желісі кеңейіп келеді – Катар, Сингапур және Қытай сияқты бірқатар әріптестермен келісімдерге қол қойылып, олар ратификацияланды. Мұның бәрі үздік халықаралық тәжірибелерге сай келетін болжамды және қолайлы құқықтық ортаны қалыптастырады. Инфрақұрылымы дамыған, салықтық және кедендік режимі жеңілдетілген арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға ерекше көңіл бөлінуде. «Астана» халықаралық қаржы орталығында бизнес жүргізуге бірегей шарттар ұсынылады. АХҚО базасында ағылшын құқығы юрисдикциясының болуы құқықтық рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді. АХҚО «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту үшін сенімді әріптес ретінде де әрекет етеді. Үкімет инвесторлардың сұраныстарына орай, сондай-ақ ұзақмерзімді әріптестік үшін әлемдегі ең үздік стандарттарға сәйкес қолдау шараларын жетілдіруді жалғастырады. Қазақстан инвестиция көлемін, озық технологиялар трансфертін ұлғайтуды, өндірістерді оқшалауды және инвесторлардың қатысуымен жоғары қайта бөлудің салалық кластерлерін құруды межелеп отыр. Бұл мақсатта отандық инвесторлар үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тең жағдайлар жасалған. Инвесторлар инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде бүкіл мемлекеттік жүйенің қолдауына сенім арта алады. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге жобаларды сүйемелдеуде және туындайтын мәселелерді шешуде жан-жақты көмек көрсетеді.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

 Жаһандық экономика құбылмалы әрі капиталға жоғары бәсекелестік жағдайында Қазақстан Орталық Еуразия өңіріндегі жетекші инвестициялық бағыттардың бірі ретіндегі мәртебесін нақтылай отырып, тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) легін тұрақты деңгейде сақтап қала алды. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) деректеріне сәйкес 2024 жылы теңізге шыға алмайтын елдерде жарияланған $1 млрд-тан асатын 5 greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанға тиесілі болды. 2024 жылы Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі $17,2 млрд-ты құрады, 45 жаңа жоба жүзеге асырылып, 6 200 жұмыс орны ашылды. Инвестицияның негізгі бағыттары: тау-кен ($6,5 млрд), өңдеу өнеркәсібі ($2,8 млрд), көтерме және бөлшек сауда ($5,3 млрд), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет ($0,9 млрд). Сондай-ақ жаңартылатын энергия, тамақ өнімдері, бизнес-қызметтер және R&D саласындағы жобаларға қызығушылық сақталуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аса ірі инвесторлардың ТОП-5-тігіне Ресей ($4,1 млрд), Нидерланд ($3,8 млрд), Оңтүстік Корея ($1,2 млрд), Бельгия ($1,2 млрд) және Қытай ($1,2 млрд) кіреді. Бұл елдер инфрақұрылымдық жобаларды да, технологиялық жобаларды да, оның ішінде газды қайта өңдеу зауыттарын, логистикалық хабтар және жерде сирек кездесетін металдар өндіретін кәсіпорындар салу жобаларын жүзеге асыруда. 2025 жылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанға ТШИ-дің жалпы ағыны 10,1 млрд долларын құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($9,9 млрд) 1,1 %-ға артық.

Жаңа Салық кодексінің негізгі тәсілдері

2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы келесі жылдың1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексіне және оған ілеспе заңға қол қойды. КТС-тің сараланған мөлшерлемелері енгізіледі. Жалпы КТС-тің базалық мөлшерлемесі 20 % деңгейде сақталады, ол банк қызметі үшін, кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру (20 %) жөніндегі қызметті қоспағанда 25 %, әлеуметтік сала үшін (білім беру, медицина) 2026 жылдан бастап 5 %, 2027 жылдан бастап 10 % деңгейінде, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3 % болмақ. Ұлттық банктің ноталары бойынша кіріске 25 % мөлшерінде, өзге мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша 20 % мөлшерінде КТС салынатын болады. Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кіріске 10 % мөлшерінде КТС салынады. Экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздар бойынша кіріс салық салудан босатылады. ҚҚС-тің базалық мөлшерлемесі 16 % мөлшерінде белгіленді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС-тің төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 % және 2027 жылдан бастап 10 %. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу кезінде 10 % төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі көзделген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу шеңберінде тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Бұдан басқа, отандық баспадан шыққан кітаптарды өткізу, баспа қағазы түріндегі кітап шығару қызметтері, археологиялық жұмыстар бойынша айналымдарды ҚҚС-тан босату көзделген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында есепке жатқызылатын қосымша ҚҚС мөлшері 70%-дан 80 %-ға дейін ұлғайтылды, яғни олар үшін жүктеме қолданыстағыдан төмен болады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 мың АЕК-тен (80 млн теңге) 10 мың АЕК-ке (40 млн теңге) дейін төмендетілді. Жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілуде. Егер жеке тұлғаның жылдық кірісі 8 500 АЕК-тен (33,4 млн теңге) асатын болса, ЖТС-ның 15%-дық жоғары мөлшерлемесі белгіленеді. Жоғарылатылған мөлшерлеме осы шектен асқан сомаға қолданылады. Бұдан бөлек, 230 мың АЕК-ке дейінгі дивидендтер түріндегі кіріс үшін ЖТС мөлшерлемесі 5 %, ал осы шектен асатын сомаға 15 % мөлшерінде белгіленеді. Жалпылама белгіленген салық салу тәртібін қолданатын жеке кәсіпкерлердің 230 мың АЕК-ке дейінгі кірісі үшін ЖТС мөлшерлемесі 10%-ды, ал осы шектен жоғары болса, одан асатын сомаға 15%-ды құрайды. Кірісіне 70% мөлшерінде жеңілдікті қолданып, жалпылама белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін шаруа (фермер) қожалықтарының кірісіне ЖТС-тің төмендетілген мөлшерлемесі қолданылады. Сомасы 230 мың АЕК-ке дейінгі кіріс бойынша
ЖТС мөлшерлемесі – 3%, ал осы шектен жоғары сомаға – 4,5 % (70 % жеңілдікті ескергенде). Арнаулы салық режимдері жетеуден үшеуге дейін оңтайландырылды:

1) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;

2) оңайлатылған декларация негізінде;

3) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.

Бұл ретте инвесторлар үшін қосымша ынталандыру шаралары ұсынылады:

- жабдықтар мен бағдарламалық қамтуды сатып алу, құрылыс, сондай-ақ оларды реконструкциялау мен жаңғырту шығындары бойынша 100 % шегерімдер;

- барлау бойынша шығыстарға қолданыстағы келісімшарттар шеңберіндегі немесе олардан тыс шегерімдер;

- кен орындарының рентабельділігі төмен жаңа бөліктерін игеру үшін 5 жылға дейін ПҚӨС нөлдік мөлшерлемесін енгізу;

- қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге арналған салықтық преференциялар, олардың ішінде КТС-ті 100 %-ға төмендету, мүлік салығы мен жер салығынан, сондай-ақ жабдық импортына ҚҚС-тан босату бар;

- сарқылып келе жатқан мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға балама салық ұсынылады.

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері ЖТС төлеуден босатылады. Бұдан басқа, көлік салығы шығарылған жылына қарай пайдалану мерзімі:

- 10 жылдан 20 жылға дейінгі жеңіл автомобильдер бойынша
30 %-ға;

- 20 жылдан асқан жеңіл автомобильдер бойынша 50%-ға төмендетілді.

Сондай-ақ әлеуметтік салық шегерімінің мөлшері бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін 882 АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілуде. «Фискалдық» сүйемелдеуді енгізуге баса назар аударылатын болады, яғни бизнес тіркелген сәттен бастап салық төлеушінің бүкіл қызметі барысында оған ақпараттық және басқа да қолдау көрсетіледі. Бұл ретте салықтардың, төлемдердің, алымдардың саны 20 %-ға, салықтық есептілік нысандары 30%-ға қысқартылды. Камералдық бақылау тәсілдері түбегейлі өзгереді. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері де өзгереді. Берешек 1500 АЕК-ке дейін болса, кейінге қалдыру/бөліп төлеу рәсімі жеңілдетіледі. Жаңа Салық кодексін жүзеге асыру үшін «2025 жылғы 18 шілдедегі Қазақстан Республикасының Салық кодексін және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 18 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Премьер-Министрінің 2025 жылғы 12 тамыздағы № 128-ө өкімі қабылданды, ол 244 НҚА қабылдауды көздейді (1 – Президенттің Жарлығы, 30 –Үкіметтің қаулысы, 209 – мемлекеттік органдардың бұйрығы, 1 – Ұлттық Банк Басқармасының қаулысы, 3 – Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі басқармасының қаулысы). Нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету, оларға уақтылы сараптама жүргізу және одан кейін тәжірибеде тиімді қолдану үшін сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықпен қосымша талқылаулар/консультациялар жүргізілуде. Салық төлеушілерді жаңа Салық кодексімен таныстыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 тамыздан бастап ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түсіндіру жұмыстарының негізгі түрі 20 өңірде ұйымдастырылған семинарлар болды, оларға шамамен 130 мыңға жуық бизнес өкілдері (жеке кәсіпкерлер, бухгалтерлер, заңды тұлғалар) қатысты. Семинарларды Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері өткізді. Салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыруға, қосылған құн салығына, жеке табыс салығының прогрессивтік шәкілін енгізуге қатысты жаңа ережелерді практикалық тұрғыдан түсіндіруге назар аударылды. Сондай-ақ жаңа мөлшерлемелерді есептеу тетіктері, арнаулы салық режимдерін қолдану, салық есептілігін толтыру тәртібі түсіндірілді. Семинарлар барысында шамамен 1 460 сұрақ қойылды (оның ішінде Алматы қаласы – 293, Астана қаласы – 125), оларға жедел түрде жауаптар берілді. Қосымша түсіндіру жұмыстары ресми интернет-ресурстар арқылы, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында (бұдан әрі – БАҚ) ақпараттық материалдарды орналастыру арқылы, сондай-ақ жедел желі телефондары бойынша кеңес беру арқылы жүзеге асырылды.  Жаңа Бюджет кодексінің негізгі тәсілдері (15.03.2025 жылы қол қойылды).

1. Салық-бюджет саясатын, ақша-кредит саясаты мен фискалдық саясатты өзара байланыстыру. Мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін еліміздің дамуын 10 жылға ұзақмерзімді болжау, бюджеттік қағидалар жүйесі, бюджеттік тәуекелдер мен салық шығыстары туралы талдамалық есептер, мемлекеттік қаржы статистикасы туралы есептер көзделген. Фискалдық саясат пен ақша-кредит саясатын үйлестіру мемлекеттік сектордың барлық активттері мен міндеттемелерін шоғырландырумен есепке алу және инфляцияны төмендету жөніндегі мақсаттар ескерілген бюджеттік қағидаларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Салық саясаты бюджет саясатымен жеңілдіктер мен преференциялардан бюджетке келетін шығынды талдау және есепке алу бөлігінде байланысты. 

2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоса алғанда, мемлекеттің борыштық саясатын бақылауды кеңейту.

Болжамдылық пен есепке алу үшін:

– жинақталған міндеттемелердің жай-күйіне (құрылымы, валюталары, мөлшерлемелері, өтеу мерзімдері бойынша);

– қарыздың жинақталған және болжанатын портфелі бойынша негізгі тәуекелдерге;

– Үкіметтік борышқа, ЖАО мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышына қызмет көрсету және оны өтеу қабілетіне кешенді талдау жүргізу көзделген.

Барлық борыштық лимиттер, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының лимиті республикалық бюджет туралы заңда, яғни Парламенттің мақұлдауы бойынша белгіленеді.

3. Ұлттық қорды пайдалану шарттарын енгізу

Бюджеттік қағидаларды қолданудың міндеттілігі және олардан ауытқудың нақты жағдайлары регламенттеледі, мұндай жағдайларда Үкімет Парламент пен қоғам алдында ресми түсіндірме береді.

Бюджеттік қағидаларды қолданудың міндеттілігі және олардан ауытқудың нақты жағдайлары регламенттеледі. Қағидалардан ауытқу жағдайларында Үкіметтен Парламент және қоғам алдында ресми түсіндірме беру талап етіледі.

Ұлттық қордан нысаналы трансфертті пайдалануға шектеу енгізілді. Ұлттық қордан нысаналы трансферт тек жалпыұлттық маңызы бар және аса маңызды объектілерді қаржыландыруға ғана қолданылуы мүмкін, тиісті өлшемшарттар енгізілді.

Ұлттық қор арқылы жүзеге асырылатын жобаларға сараптама жасау және оларды ҰҚБК-де мақұлдау процесі күшейтілуде.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін Ұлттық қор қаражатын нарықтық емес (жеңілдікті) шарттармен тартуға тыйым салынды.

4. Негізгі капиталға инвестициялар

Бюджеттік инвестицияларды, МЖӘ, бюджеттік кредиттер есебінен жүзеге асырылатын жобаларды, Ұлттық қордан алынған облигациялық қарыздарды, кепілдік берілген мемлекеттік қарыздар мен мемлекет кепілгерлігі есебінен жүзеге асырылатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жобаларын қамтитын «мемлекеттік инвестициялық жобалар» ұғымы кеңейтілді. Осыны ескере отырып, экономика секторларының еліміздің ЖІӨ-ге қосқан үлесін әр жоба бойынша сараптау мен бағалауды қарастыратын «мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелі» қалыптастырылады. Сондай-ақ ұзаққа созылып кеткен құрылыстардың проблемаларын жаңа басталған және жалғасып жатқан жобаларды басымдықпен қаржыландыру жолымен шешу, сондай-ақ жобаны бірінші жылы жобаның жалпы құнының кемінде 30%-ы көлемінде қаржыландыру қажеттігін бекіту жолымен шешу қолданбалы жаңашылдықтардың бірі болып отыр. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет Бюджет кодексінің жаңа ережелерін, контрциклдік бюджеттік қағидалар мен нысаналы бағдарларды қолдануды ескере отырып қалыптастырылды. Мәселен, орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқыны инфляция бойынша нысаналы бағдарға ұлғайтылған ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейімен шектеледі. Республикалық бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендетуді және бюджеттің сыртқы факторларға тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясаты 2030 жылы бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы деңгейін ЖІӨ-ге қатысты 5%-ға дейін біртіндеп төмендетуге бағытталған. Борышты басқару саясаты -- Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген қаржылық шектеулерді қатаң сақтауда жүзеге асырылады. Бұл – ЖІӨ-ге қатысты 32 %-дан аспайтын деңгейде мемлекеттік борыштың және ЖІӨ-ге қатысты 27,5% шегінде үкіметтік борыштың өсуін тежеу.

АӨК-тің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері

Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,4 %-ға ұлғайып, 6,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсу мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2 %-ға (2 262,3 млрд теңге), өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 4,0 %-ға (1 254,1 млрд теңге) ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Биылғы жылдың 9 айында азық-түлік өндірісі 9,8 %-ға ұлғайып, 2,8 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 %-ға ұлғайып, 590,5 млрд теңгеге, азық-түлік өндірісінде ол 52,7 %-ға көбейіп, 134 млрд теңгеге жетті, ал сусындар өндірісі 1,6 есеге артып, 82,1 млрд теңгені құрады.

Өсімдік шаруашылығы: егіс алқаптарының құрылымы

2025 жылы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес жалпы егіс алқабы 23,6 млн гектар құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 322,8 мың гектарға артық (2024 жылы – 23,3 млн гектар). Бидайдың егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 884,6 мың гектарға қысқарып, 12,3 млн гектарды құрады (2024 жылы – 13,2 млн гектар). Бұл ретте әртараптандыру есебінен әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары ұлғайтылды. Биыл майлы дақылдарға шамамен 4 млн гектар бөлінді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 млн гектарға артық. Дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 279,8 мың гектарға өсіп, 781,5 мың гектарға жетті. Картоп егістігі 9,3 мың гектарға ұлғайып, 131,2 мың гектарды құрады. Қант қызылшасының егіс алқабы 19,1 мың гектар, жемшөп дақылдары – 3,1 млн гектарды құрады. Мақтаға 144,5 мың гектар, күрішке 100,5 мың гектар бөлінді.

 Мал шаруашылығы: өнім өндіру

Осы жылғы алғашқы 8 ай ішінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлері санының өсуі байқалады. Ірі қара мал саны 0,2 %-ға артып, 8,6 млн басты құрады. Жылқы басы 6,3 %-ға ұлғайып, 4,5 млн басқа жетті, түйе басы 4,0 %-ға (299,8 мың бас) ұлғайды. Құс саны 2,8 %-ға ұлғайып, 46,9 млн асты. Қой мен ешкі басы 22,6 млн басты құрайды. 

АӨК-ке инвестиция тарту 

Еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тарту мақсатында «АӨК инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы» әзірленді, оның шеңберінде 3,4 трлн теңге сомасына 711 жобаны жүзеге асыру көзделген. 2025 жылға 594 млрд теңге сомасына 282 жоба белгіленген. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 132,2 млрд теңгеге 96 жоба пайдалануға берілді. Биыл 5 ірі келісімге қол қойылды. Олар құны 338 млрд теңге болатын 500 гектарлық жылыжай кешенінің жобасы бойынша «Alsera KZ» ЖШС-мен, құны 307 млрд теңге болатын қант зауытын салу жобасы бойынша «QazaqArab Sugar» ЖШС-мен, құны 175 млрд теңге болатын жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысының жобасы бойынша «Shengtai Biotech Co., Ltd» ЖШС-мен және құны 164 млрд теңге болатын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды терең өңдеу зауыты бойынша «Kazak Protein» ЖШС-мен, құны 216,3 млрд теңге болатын алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу жобасы бойынша «Carlsberg Central Asia» ЖШС-мен жасалған келісімдер.

Мынадай бірқатар ірі компаниямен инвестициялар туралы келісімдерге қол қою жоспарлануда:

●       «PepsiCO» (тұзды тіскебасарлар өндірісі, 190 млрд теңге, 900 жұмыс орыны);

●       «UBM Group» (құрама жем зауыттары, 32,2 млрд теңге, 90 ж.о.);

●       «Dalian Hesheng Holding Group» (астықты терең өңдеу зауыты,
329 млрд теңге, 1 мың ж.о.);

●       «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» (Түркістан облысында шитті мақта өсіру жөніндегі қызметті ұйымдастыру, 58 млрд теңге, 600 ж.о.);

●       «Asyl Sugar» ЖШС (СҚО-да қант зауытын салу, 110 млрд теңге,
250 ж.о.);

●       «Fabe-Agro» (жылыжай кешенін салу және пайдалану, 68,8 млрд теңге, 1,2 мың ж.о.);

Осы жылы мынадай бірқатар ірі жобаны іске қосу жоспарлануда:

Түркістан облысында «ҚАЗКРАХМАЛ» ЖШС – жүгеріні терең өңдеу зауыты, қуаты жылына 150 мың тонна, жоба сомасы 35 млрд теңге; Шығыс Қазақстан облысында «ALTAI MAI» ЖШС – өсімдік майларын өндіретін май зауыты, қуаты жылына 169 мың тонна, жоба сомасы 26,4 млрд теңге; Жамбыл облысында «Алель Агро» АҚ – құс фабрикасы, қуаты жылына 25 мың тонна, жоба сомасы 13,8 млрд теңге; Атырау облысында «ATYRAU CHICKEN» ЖШС – бройлер құс фабрикасы, қуаты жылына 5 мың тонна, жоба сомасы 9,9 млрд теңге, Ақтөбе облысында «KazFeltec» ЖШС – жүнді бастапқы өңдеу және тоқыма емес материалдарды дайындау зауыты, қуаты жылына 2 500 тонна, жоба сомасы 5 млрд теңге.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру

 2025 жылғы қаңтар–тамыз айлары аралығында отандық өндірушілер 2,4 трлн теңгеге тамақ өнімдерін шығарды. Бұл ретте НКИ 110,1 %-ды құрады (жоспарда 104,5%).

Өсім түрлері бөлінісінде өсімдік майы өндірісі 27 %-ға (468,5 мың тоннадан 594,9 мың тоннаға дейін), күнбағыс майы – 27,2 %-ға (411,9 мың тоннадан 523,9 мың тоннаға дейін), жеміс және көкөніс шырындары – 11,3 %-ға (45 077,2 мың литрден 50 174,7 мың литрге дейін), макарон өнімдері – 10,1 %-ға (96,4 мың тоннадан 106,1 мың тоннаға дейін), ұн – 6 %-ға (2 069,6 мың тоннадан 2 193,6 мың тоннаға дейін), күріш – 17,6 %-ға (113,7 мың тоннадан 133,7 мың тоннаға дейін), алкогольсіз сусындар – 20 %-ға (1 773,2 млн литрден 2 127,2 млн литрге дейін), өңделген жеміс пен жаңғақтар – 2 есе (8,4 мың тоннадан 17,2 мың тоннаға дейін), қысқа мерзімде сақталатын ұннан жасалған кондитерлік өнімдер – 11 %-ға (25,4 мың тоннадан 28,2 мың тоннаға дейін), жарма өнімдері – 24,8 %-ға (38,8 мың тоннадан 48,4 мың тоннаға дейін) ұлғайған.

2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында сары май өндірісі 15%-ға (21,9 мың тоннадан 25,2 мың тоннаға дейін), қышқыл сүт өнімдері – 6,4%-ға (161,2 мың тоннадан 171,5 мың тоннаға дейін), өңделген сүт – 3,3%-ға (421,8 мың тоннадан 435,8 мың тоннаға дейін), балмұздақ – 15,7%-ға (42,6 мың тоннадан 49,3 мың тоннаға дейін), құрғақ сүт – 0,2%-ға (3 383 тоннадан 3 388 тоннаға дейін) өскен. Ал ірімшік пен сүзбе өндірісі 3,7%-ға (33,5 мың тоннадан 32,3 мың тоннаға дейін) төмендеген. 2025 жылғы қаңтар-тамыз аралығында шұжық өнімдері өндірісі 8,8%-ға (47,0 мың тоннадан 51,2 мың тоннаға дейін), ет консервілері – 29,7%-ға (4,4 мың тоннадан 5,8 мың тоннаға дейін) артқан. Ал жаңа және салқындатылған мүйізді ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқы және басқа да үй жануарлары еті өндірісі 5,8%-ға (53,7 мың тоннадан 50,6 мың тоннаға дейін) азайған.

Ішкі нарықтың өз өндірісіміз есебінен барлық негізгі 24 азық-түлік тауары бойынша тамақ өнімдерімен қамтамасыз етілуі 80%-дан 100%-ға дейін және одан жоғары. Бес тауар санаты бойынша (құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант) өз өндірісімізді арттыру әлеуеті сақталып отыр. Бұл бағыттар бойынша өндіріс көлемін ұлғайту және импортты алмастыру жөнінен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде 2027 жылға дейін 927 млрд теңге сомасына 175 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– осы жылдың 10 сәуірінен 10 қазанына дейін ІҚМ және ұсақ мал басына;

– бұқашықтарға биылдың 15 мамырынан 16 тамызына дейін, ол осы жылдың 30 қазанына дейін ұзартылды.

Тұрақты негізде көшпелі тексерулер жүргізіледі, олардың қорытындысы бойынша сауда заңнамасын бұзуға жол беретін субъектілерге қатысты әкімшілік іс қозғалады.

Азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін асырғаны үшін ескертуді әкімшілік айыппұлға ауыстыруды көздейтін түзетулер енгізілді. Сауда заңнамасының нормаларын сақтау, бағалардың алыпсатарлық өсуіне жол бермеу және баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ірі сауда ритейлінің өкілдерімен жұмыс кездесулері тұрақты негізде ұйымдастырылады. Өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, оның шеңберінде өнімдерді тікелей өндірушілер нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен бағамен сатады. Көкөніс өнімдерінің ағымдағы қорларын жүйелі бақылау жүзеге асырылады.

 Агротехниканы жаңғырту

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 138 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың бірлік егіс кешені, 71 мың бірлік сепкіш, 141 мың бірлік топырақ өңдеу құралы бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 5,5 %-ды құрады (2023 жылы – 4,5%). 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 6,5%. Жалпы, осы жылдың 9 айында аграршылар 23,5 мың бірлік, оның ішінде лизинг тетігі бойынша 9,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасын кредит/лизингпен сатып алу құнының бір бөлігін және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асырумен қатар, 2024 жылы алғаш рет жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын, 7 жыл мерзімге, 120 млрд теңге сомасына отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру жөніндегі ауқымды бағдарлама іске қосылды. Биыл осы аталған отандық өндіріс техникасын жеңілдетілген лизингпен сату бағдарламасын жүзеге асыруға 250 млрд теңге бөлінді. Аталған шараларды жүзеге асыру ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейінің өсуіне оң серпінін береді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның мәліметтеріне сәйкес биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жеңілдікпен лизинг беру бағдарламасы арқылы 9 365 бірлік отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникасы 228,2 млрд теңге сомасына лизингке сатылды, бұл өткен жылғы ұқсас датадағы сату көлемінен 10% жоғары (2024 жылғы 1 қазанда – 174,7 млрд теңге сомасына 8 796 бірлік сатылған). Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру бағдарламаларын жүзеге асыру отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға мультипликативтік әсер береді.

Бүгінгі таңда 10 зауыт жұмыс істеп тұр, онда қуаты әртүрлі (12 а/к-ден 612 а/к дейін) тракторлардың 12 бренді және 162 модификациясы (Кировец, РСМ, Беларусь, Сlaаs Xerion, Lovol, Deutz Fahr, YTO, Dong Feng, Jinma, Wuzheng, Zoomlion, John Deere), сондай-ақ қуаты әртүрлі астық жинау (Essil, Lovol, class Trion, Deutz Fahr, РСМ, SAMPO, John Deere), жемшөп жинау (КСК – 600, КВК-800, John Deere) және мақта жинау (John Deere) комбайндарының 7 бренді мен 51 модификациясы шығарылады. Өздігінен жүретін техниканың барлық дерлік желісін: тракторлар, комбайндар, өздігінен жүретін бүріккіштер және т. б. шығару ұйымдастырылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жұмыстарының әртүрлі түрлеріне арналған өзге де аспалы және тіркемелі техника мен жабдықтардың 24 түрі өндіріледі.

Еліміздің кәсіпорындарында әлемдегі екі жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші John Deere және CLASS компанияларының құрастыру өндірісі ұйымдастырылды. Бұл бір жағы отандық ауылшаруашылық техникасын сатып алсын деген мақсатпен шетелдік техниканы сатып алуды субсидиялауға салынған тыйымның нәтижесі. Осындай шаралардың есебінен Қазақстанда шетелдік компаниялардың өндірісін локализациялау ынталандырылады. Жалпы, тракторлар мен комбайндар нарығының шамамен 90%-ын отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер қамтамасыз етіп отыр.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу