Өнеркәсіптерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беруде — Өнеркәсіп комитеті

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін «Өнеркәсіпті нығайту: металлургиялық шикізатты сенімді жеткізу арқылы жаңа өнімдер мен кәсіпорынды дамыту» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Төребек отандық өңдеу өнеркәсіптерін дамыту, оларды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Спикер Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынған нақты қадамдарға тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылы ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы қабылданған. Осы Заңның негізінде отандық кәсіпорындар шикізатты Лондондық металл биржасы бағасынан 5% төмендетіп алады. Ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 30 жоба бойынша айтарлықтай дайын өнім шығару көлемі ұлғайды.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде, 2024 жылы бастапқы алюминиді қайта өңдеу 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 57 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылы бастапқы отандық кәсіпорындармен Келісімшарттарға қол қоюдың нәтижесінде алюминиді қайта өңдеу көрсеткішін 93 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. 2029 жылға қарай алюминиді қайта өңдеуді 163 мың тоннаға дейін, яғни 4 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Бастапқы алюминиді өңдеу нәтижесінде алюминий профилдерді шығару көлемін өткен жылмен салыстырғанда 16 мың тоннадан 25 мың тоннаға, немесе 36%-ға, профилді өндіруге арналған цилиндрлік құймаларды шығару көлемін 16,4%-ға, алюмин катанкасын шығару көлемін 52,9% ұлғайту жоспарлануда», — деді ол.

Ал, мыс өндірісіне келер болсақ, 2023 жылдын сәуірінен бастап KAZ Minerals тобы ішкі өңдеушілерге 5%-ға төмендетілген бағамен катодты мыс беруде. «Қазақмыс корпорациясы» да мыс сымына (катанка) деген ішкі нарықтағы сұранысты төмендетілген бағамен қайта өңдеу сомасы көлемінде қамтамасыз етіп отыр. Осының есебінен мысты ішкі өңдеу 2024 жылы 13,2 мың тоннаны құрады. Биыл бұл көрсеткішті 23%-ға (16,2 мың тонна) арттыру, ал 2029 жылы 7 есеге ұлғайту жоспарлануда (91 мың тонна). Мысалға, ішкі өңдірушілерді мыспен қамтамасыз ету мақсатымен 16 кәсіпорынға шикізат жеткізіліп отыр. Дайын кабельдер мен қуат трансформаторларын орауға арналған сымдар шығару көлемін өткен жылға қарағанда 31%-ға, мыс катанкасын және дөңгелек жалпақ прокат өндіру көлемін 29%-ға ұлғайту жоспарлануда.

«Мырыш саласында да өсім байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мырышты ішкі қайта өңдеу көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 55%-ға артып, 3,6 мың тоннаны құрады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,7 мың тонна болған еді. Мырышты өңдеу нәтижесінде терезе-есік жабдықтарын шығару көлемін 606 тоннадан 840 тоннаға дейін, жезден жасалған фурнитура шығаруды 119 тоннадан 920 тоннаға дейін, жол қоршауларын шығару көлемін 911 тоннадан 1 520 тоннаға дейін арттыру жоспарда бар. Сондай-ақ биыл “Кайнар АКБ” ЖШС-ын аккумулятор батареяларын шығару үшін көлемі 36 мың тонна қорғасынмен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, “Asma Industrial” ЖШС-ның өндірістік аккумулятор батареляларын шығару мәселесі қолға алынып, қорғасынды ішкі өңдеу 41 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Мемлекет басшысының жергілікті өнеркәсіптерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету тапсырмасы жүйелі әрі қарқынды орындалып жатыр. Бұл шаралар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беруде», — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Төребек.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу