13 Маусым 2023, 18:22
13 маусым күні Орталық коммуникация қызметінің үйлестіруімен өтетін көшпелі баспасөз мәслихатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев баяндама жасады. Атап айтқанда, облыстағы ауыз су мәселесі, жол сапасы, денсаулық сақтау және білім беру салалары, тұрғын үйге қатысты мәселелер қозғалып, әкімдіктің жыл соңына дейін межеленген жоспарлары мен атқарылған жұмыстарына тоқталды.
Жетісу облысының өткен бес айда экономикалық көрсеткіштері артып, өндіріс, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда өсім байқалды. Бұл туралы өңір әкімі Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» туристік нысаны базасында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс халқының саны – 700 мың адамға жеткен, жер көлемі – 118 мың шаршы шақырым.
«Алматы облысының құрамынан бөлінгенде өңірімізде экономиканың құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалуына, тағы басқа объективті факторларға байланысты бірқатар көрсеткіштер төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп, облыс аймақтар арасында төртінші орынға көтерілді», — деді облыс басшысы.
Келтірілген мәліметке сүйенсек, облыста осы жылдың 5 айында оң динамика арта түскен. Мысалы, сауда 1,8 есеге, республикалық бюджеттің түсімдері – 2,8 есеге, құрылыс көлемі – 31,3%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 14,1%-ға өссе, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3%-ға жеткен. Биыл облыс бюджеті 486 млрд теңгеге жетіп, 16 пайызға өсті.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірді әлеуметтік-экономикалық жағынан одан әрі дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді.
2022 жылы аэроғарыштық түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,077,2 мың га жер анықталды, оның 857,2 мың га жайылымдық жер. Қабылданған шаралар нәтижесінде жайылымдық жердің 327 мың га айналымға енді, 401,7 мың га жер иелеріне бұзушылықтарды жоюға 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілді, 128,5 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды (6,9 мың га егістік жер, о.і. 3,6 мың – суармалы; шабындық – 300 га; жайылым – 121,3 мың га).
Қалған 220 мың гектар биыл қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге қайтарылғаны 101,4 мың га (46,1%).
«Қант саласын дамыту аясында осы жылы қант қызылшасының алқабы 2 есеге ұлғайып, 8 515 гектар (365 мың тонна) болды. Одан 47 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің қантқа деген сұранысын толық жауып (11 мың тн), өнімді еліміздің басқа облыстарына шығаруға мүмкіндік береді», — деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Оның айтуынша, су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді, Ислам Даму Банкі қаражаты есебінен Ақсу ауданында 6,3 млрд теңге көлеміндегі суару жүйелерінде құрылыс жұмыстары биыл аяқталады, ал Көксу ауданында басталғалы отырған құрылысқа 8,3 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, Ақсу ауданында 11,5 мың га, Көксуда – 13,6 мың гектар жер сумен қамтылады.
Сонымен қатар Ақсу ауданындағы Қызылағаш суару массивінің құрылысына республикалық бюджеттен 8,9 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге су құбырлары салына бастады. Биыл бітуі тиіс. Нәтижесінде 6,7 мың гектар жерге суару жүйелері салынады, оның 5,3 мың га жаңа жер. Жалпы 30 мың гектар алқап суармалы сумен қамтылады.
Облыс әкімінің мәліметінше, мал шаруашылығында төрт түлік малдың саны 2023 жылы 3,018 мың басқа: ірі қара – 613,3 мың, қой-ешкі – 2,183,5 мың, жылқы – 201,4 мың, түйе – 2,1 мыңға жетіп, нәтижесінде ет өндірісі мен сүт өндірісі артқан.
«Жалпы жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8% өсіп, 544 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Осы саланы бұдан әрі дамыту үшін 2027 жылға дейін құны 57,9 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде “Ірі жобалар” пилоттық жобасы аясында – 44,8 млрд теңгеге 18 жоба көзделсе, биыл 400 басқа арналған, 2 млрд теңгелік тауарлы сүт фермасы салына бастайды. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасын іске асыру шеңберінде 3,2 млрд теңге бөлінді, 562 үміткерден пул қалыптастырылды», — деп сөзін жалғады спикер.
Жалпы өңірде барлық салаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2026 жылға дейін 7,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, 1,6 трлн теңгеге 146 жобаны қамтитын инвестициялық портфель қалыптастырылды.
Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылды, мыңнан астам жұмыс орны ашылған, оның ішінде осы жылдың басынан бері 1,7 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асырылып, 68 жұмыс орны құрылды.
Бұл туралы өңір әкімі баспасөз мәслиханында баяндады.
«Мен солардың ішіндегі ірілеріне тоқталайын. Олар: 10 жылдан астам уақыт тоқтап тұрған, қуаттылығы 6 мың тонна, жоғары сапалы кремний шығаратын “Kazsilicon” зауытын жаңғырту және іске қосу. Сондай-ақ Текелі қаласында қуаттылығы 20 мың тонна “Электромарганец” темірді тікелей тотықсыздандыру зауытын іске қосу. Осы жылдың тамыз айында іске қосылуы жоспарланған Ақсу қант зауытын жаңғыртуды аяқтау. Бұдан басқа, Көксай кен орнын игеру және қуаттылығы 50 млн тонна кен өңдейтін тау-кен байыту комбинатын салу жөніндегі жобаны іске асыру басталды», — деді ол.
Б. Исабаевтің мәліметінше, бұған 976 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 2300 жұмыс орны ашылады. Комбинат 2026 жылы іске қосылады. Облыс экономикасының дамуына «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы елеулі серпін береді, оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 млрд теңге болатын 30 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 976 млрд теңге инвестиция тартылып, 2300 жұмыс орны ашылады.
Комбинат 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде. Облыс экономикасының дамуына «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы елеулі серпін беріп отыр, оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 млрд теңге болатын 30 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, шамамен 330 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 1 000 гектар аумақты құрайтын «Қазақстан-Қытай халықаралық индустриялық қала» индустриялық технопаркін салу бойынша Қытаймен бірлескен жоба бар. Жобаны жандандыру жөнінде меморандумға қол қойылды, енді жыл соңына дейін құрылыстың бірінші кезеңін бастау жоспарланған.
Өңірдің аграрлық мүмкіндіктерін ескере отырып, Қытайдың жаңбырлатып суғару жүйелерінің ең ірі өндірушісі «VODAR» АЭА аумағында құны $20 млн болатын суғару қондырғыларын шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бірінші желі биыл іске қосылады. Сонымен қатар, облыстың шекаралық аймақта, көлік-логистика саласында экономикалық тиімді орналасуын пайдалана отырып, 57,3 млрд теңгеге жалпы сыйымдылығы 11 млн тонна болатын (630-700 мың контейнер) көп функционалды жүк терминалдарын салу бойынша 3 перспективалы жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар:
Естеріңізге сала кетейін, 3 жылдық үзілістен кейін «Қорғас» ХШЫО да өз қызметін қайта бастады. Жұмыс режиміне өзгерістер енгізіліп, жүктерді тасымалдаудың жаңа нормалары бекітілді. Қазіргі уақытта Үкімет қаулысымен «Қорғас» ХШЫО әкімдік балансына берілді.
Жетісу жерінің табиғи-климаттық жағдайы туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің айтуынша, 2022 жылы Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы іске қосылды, «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» автомобиль жолдарының асфальтбетон жабыны төселді, ол биыл толық аяқталады. Туристік маусымға дейін жол бойында әжетхана мен эстакадасы бар 4 демалу алаңы іске қосылады.
«Балқашқа дейінгі жол құрылысының 70%-ы бітеді, келесі жылы толық аяқтап, жағалаудағы инженерлік – коммуникациялық желілердің құрылысын бастаймыз. Нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдардың сапасы жақсарады. Келесі жылы “Сарыөзек-Жаркент” жолының жөндеу жұмыстары аяқталады. Одан бөлек Текеліде тау туризмін дамытуға көңіл бөлініп, шаңғы-биатлон кешенін салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде, “Бұрхан-Бұлақ” сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылады. Ш. Уәлиханов кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары тамызда аяқталады, жергілікті бюджеттен 253 млн теңге бөлінді. “Қазқайтажаңарту” РМК ұйымы музей кешеніне күрделі жөндеуді бастады», — деді Б. Исабаев.
Тұрғын үй құрылысы туралы баяндаған өңір әкімі, облыста тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам, оның 15 мыңнан астамы Талдықорған қаласында тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ 2022 жылы 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, ал биыл 321,9 мың шаршы метрді іске қосу жоспарланған, оның 50%-ы немесе 166,6 мың шаршы метрі бюджет есебінен жүзеге асырылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп екенін айтты.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, жалпы, жыл соңына дейін 2975 пәтер берілмек, соның ішінде Талдықорған қаласында – 1917, оның 1522-сі бюджет есебінен, 215-і жеке құрылыс салушылар, ал 180-і демеушілер есебінен салынады деп жоспарланып отыр. Бүгін таңда демеушілер есебінен 180 пәтерлік үш тұрғын үй және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, оның ішінде көп балалы отбасыларға арналған 20 жеке тұрғын үй салынып жатыр.
Бұдан басқа, тұрғын үй мәселесін шешуге «Самұрық-Қазына» қоры да өз үлесін қосады, осы орайда биылғы екінші жартыжылдықта 500 пәтерлік 8 көпқабатты үй және 65 жеке тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланған.
«Сонымен қатар апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Биыл 232 пәтер сатып алуға 2,8 млрд теңге қарастырылған (Ақсуда – 12 пәтер, Кербұлақта – 34, Текеліде – 104, Талдықорғанда – 82 пәтер). Сондай-ақ Текелі қаласы мен Сарыөзек ауылында әрқайсысы 60 пәтерлік 2 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, келесі жылы апатты үйлердің мәселесі толығымен шешіледі», — деп сөзін жалғады өңір әкімі.
Ары қарай Бейбіт Өксікбайұлы., облыстың инфрақұрылымына, экономиканың дамуы мен адамдардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші ретінде жолдар мәселесіне тоқталды.
«2022 жылы өңірде облыстық маңызы бар 198 км жол, 63 елді мекенде 24,2 млрд теңгеге 190 км ауылішілік жол жөнделіп, салынды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетті. Биыл 73 елді мекенде облыстық маңызы бар 221 км жол мен 247 км кентішілік жолдарды салуға және жөндеуге 33 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 15 апатты көпірді жөндеу жоспарланып отыр, биыл жергілікті бюджеттен 5 көпірді жөндеуге 928 млн теңге бөлінді», — деп мәлімдеді облыс басшысы.
Сондай-ақ бүгінгі таңда облыс бойынша қалаларда орталықтандырылған жүйе арқылы сумен қамту деңгейі Талдықорған маңындағы 2 саяжай алабын қоспағанда 100%-ды құрайды. Ал 2 саяжай бойынша мәселелер шешіліп жатқанын айтып өтті.
2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Ескелді ауданындағы 2 ауылда ауыз судың сапасы жақсарды. 2023 жылы 16 елді мекенде құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 213 км су құбыры желісі салынып, қайта жаңартылды, жыл соңына дейін тағы 2 ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылады деп күтілуде.
«Жер үсті көзі пайдаланатын бірқатар елді мекендерде жер асты көздеріне қосылуда қиындықтар бар. Бұл мәселені шешу үшін 66 елді мекенде жер асты ауыз су қорын растау бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылға қарай орталықтандырылған сумен қамту 100%-ға жетеді», — деді ол.
Өңірде елді мекендерді газбен қамту жұмыстары да қарқынды жалғасын табуда. Қазіргі уақытта 192 елді мекеннің 22-сі газбен қамтылды, 288 мың адам (41,2%) газға қол жеткізді, оның ішінде облыс құрылғаннан кейін 12 ауыл газбен қамтылды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 18 елді мекен газға қосылады деп күтілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылады. Нәтижесінде 506,6 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,7%-ы газбен қамтылады. Осы мақсатта «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. 124 мыңға жуық халқы бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының тағы 66 елді мекені газбен қамтамасыз етіледі. Ал жоба 2024-2028 жылдары жүзеге асырылады.
Облыстың инженерлік инфрақұрылымындағы басты проблема – «ТАТЭК» АҚ электрмен жабдықтау нысандары тозуының жоғары деңгейі – 87%-ды құрайды. Тозуды азайту үшін акционердің өз қаражатын тарту және қолданыстағы тарифті арттыру жолымен инвестициялар сомасын ұлғайту жоспарланып отыр (орташа тариф кВт/сағатына 26,32 теңгеден 28,46 теңгеге дейін, халық үшін – 19 теңгеден 20,54 теңгеге дейін (+1,54 теңге немесе 8,1%).
2023 жылы өзгеріске жоспарланған инвестициялар сомасы – 1,1 млрд теңге, одан кейін 2024 жылдан бастап жылына 1,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады (оның ішінде қолданыстағы тарифке салынған амортизация – 705 млн теңгеге, тариф есебінен инвестициялардың жалпы сомасы 495 млн теңгеге, акционердің қаражаты есебінен тағы 300 млн теңгеге ұлғаяды). Нәтижесінде 7 жыл ішінде желілер мен жабдықтардың 12%-ы жаңартылады (7 қосалқы станса және 249,2 км желі), тозу деңгейінің төмендеуі 15%-ды құрайды (87,2%-дан 72,2%-ға дейін).
Аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылым жайын сөз еткен облыс әкімі. Жетісуда өңір халқының әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді дамыту үшін барлық жағдайлар бар екеніне тоқталды.
«Ерекше атап өтетін жайт, біз елімізде алғаш болып Талдықорған қаласында үкіметтік емес ұйыммен бірлесіп психоневрологиялық аурулары бар науқастарға арналған 50 орындық стационарлық орталық пайдалануға берілді. “Қамқорлық” қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және Алакөл, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандарында балаларға арналған әрқайсысы 30-50 орындық Оңалту бөлімшелері іске қосылды. Соның ішінде биыл Алакөл жағалауында мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы демалыс үйі ашылады. Сондай-ақ келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық Оңалту орталығын саламыз. Білім беру саласында біз үшін оқушы орындары тапшылығы мен бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып отыр. Өткен бір жыл ішінде 2290 орындық 8 мектеп қолданысқа берілді. Жаңа оқу жылына дейін тағы 4 мектеп іске қосылып, 5 мектептің құрылысы басталады», — деп мәлімдеді Б. Исабаев.
Келтірілген мәлімет бойынша өңірде 2025 жылға дейін 21 жаңа мектеп салынады, оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 8700 орындық 10 мектеп тұрғызылады, ал 1800 орындық 2 мектеп құрылысы биыл басталады. Мектептер Алакөл ауданы Достық ауылы және Панфилов ауданы Жаркент қаласында салынады. Облыста жазғы демалыс кезінде сауықтырумен қала сыртындағы лагерлер, мектеп жанындағы қосымша білім ұйымдары, ата-ана мен демеушілер қолдауымен 103,3 мың бала қамтылады. Биыл 1 шілдеде Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында «Жалын» лагері ашылады.
Сонымен бірге Президенттің Талдықорған қаласында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу туралы тапсырмасы облыс жастары үшін қуанышты жаңалық болды. Қазіргі уақытта оны ашу туралы шарт жобасы Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесімен келісуге Хаджеттепе университетіне жіберілді.
Сонымен қатар Талдықорғанда «Jetisu Digital» IT-хабы құрылды, ол белсенді әрі дарынды адамдардың өз идеяларын нақты бизнес-жобаларға айналдыруына зор мүмкіндік береді. Демек, ақша табуға да мүмкіндік алады.
Жетісу өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы 7 нысанның құрылысы басталып, 2 нысан пайдалануға берілді, қалған 5-еуі биыл қолданысқа өтеді.
Бұдан басқа 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен 12 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылды, биыл 27-сі, ал 2025 жылға дейін тағы 34-і тұрғызылады.
Сонымен қатар республикалық бюджеттен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 11 млрд теңгеге 59 нысан салу жоспарланып отыр.
«Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен мәдениет саласына 14 нысанның құрылысы мен күрделі жөндеуге 4,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңында 3 нысан пайдалануға берілсе, 5-еуінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Спорт саласында биыл 8,2 млрд теңгеге 14 спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін 11 нысан қолданысқа беріледі», — деді ол.
Соның ішінде Талдықорғанда волейболға арналған оқу-жаттығу спорт кешенін салу және орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Жеке демеушілер есебінен 2022 жылы 120 орынды 1 спорт кешені іске қосылды, биыл спортшыларға арналған шағын отбасылық үй және үстел теннисі орталығының құрылысы басталды.
Жетісу облысының өткен жылғы және биылғы 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған өңір әкімі аймақтағы ауыз су, жол сапасы, бюджет қаражатына салынған әлеуметтік нысандардың сапасы мен уақытылы аяқталуы, білім, тұрғын үй бөлу салаларындағы жемқорлық, тағы басқа заң бұзушылықтар, жайылымдық жерлердің жетіспеуі тағы басқа өзекті проблемалық мәселелер бар екенін атап өтті.
«Ендігі мақсат – кемшіліктерді түзеп, жыл соңына дейін межеленген жоспарларымызды орындау, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу. Президенттің әділетті, ашық қоғам, құқықтық мемлекет құру бастамаларын жергілікті жерлерде іске асыру арқылы халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартуға, өңірдің экономикалық қуатын арттыруға жұмыла жұмыс істейміз», — деп түйіндеді сөзін Б. Исабаев.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу