29 Қыркүйек 2025, 19:32

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев сауда базарларын жаңғырту мәселелері туралы баяндама жасады.
Өз кезегінде спикер жалпы соңғы 4 жылда 156 базар жаңғыртылып, Жол картасына сәйкес биыл 100 базарды жаңғырту жоспарланғанын мәлімдеді.
«Сауда және интеграция министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сауда базарларын жаңғыртуға қатысты ескертпелерді тұрақты түрде қайталап келеді. Өздеріңіз білетіндей, базарларды жаңғырту қажеттілігі «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес бекітілген. Аталған жұмыстың аяқталу мерзімі үш рет кейінге қалдырылды (2018, 2021 және 2023 жылдары). Депутаттардың қолдауымен бірыңғай түпкілікті мерзім ретінде 2026 жылдың 1 қаңтары белгіленді. Бұл аталған заң шеңберінде межеленген соңғы мерзім. Бұдан кейін базарларды жаңғырту мерзімі ұзартылмайды», — деді Сауда комитетінің төраға орынбасары.
Спикердің айтуынша, сауда базарларын жаңғырту – тек экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызды міндет. Қазіргі таңда сауда саласын жаңғырту және саудадағы заманауи форматтың үлесін арттыру уақыт талабы болып отыр. Сауда және интеграция министрлігі 2029 жылға қарай заманауи сауда форматының үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отыр. Бүгінде аталған көрсеткіш 41%-ды құрайды.
Заманауи сауда форматын арттыруға бағытталған негізгі тетік – базарларды жаңғырту. Министрлік қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін енгізу, санитариялық нормаларды және өртке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Басты мақсат – сатып алушылар мен сатушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайтын, заманауи талаптарға сай сауда инфрақұрылымын қалыптастыру.
«Жалпы, соңғы төрт жылда елімізде 156 базар жаңғыртылды. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 629 сауда базары жұмыс істейді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекіткен Жол картасына сәйкес, биыл 100 базарды жаңғырту жоспарланған. Қазіргі таңда осы 100 базардың 57-сінде құрылыс жұмыстарын толық аяқталды, ал қалғандарында жұмыстар жартылай орындалған немесе аяқталу кезеңінде тұр», — деп түсіндірді спикер.
Айта кету керек, заңнама талаптарына сәйкес, жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базарлардың иелеріне қатысты 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал талаптар орындалмаған жағдайда, сауда базарларының қызметін уақытша тоқтату немесе кейіннен толық жабу туралы материалдар сотқа жолданады.
Министрліктің базарлар қызметін құқықтық реттеу бойынша:
- сауда қызметтерінің Ұлттық стандарттары әзірленіп, енгізілді. Санитариялық, өртке қарсы, қала құрылысы, сондай-ақ сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіздік пен жайлылық талаптары сияқты барлық процеске бірыңғай талаптар қойылды.
- Ішкі сауда және сауда базарлары қызметінің ережелері жетілдірілді. Жаңа редакцияда стандарттар мен нормаларды сақтау міндеттілігін, базар регламенттерін бекіту тәртібін, әкімшілерге қойылатын талаптар және жалдау шарттарын жасаудың бірыңғай тәртібі бекітілді.
- заңнаманың сақталуына және әкімшілік ықпал ету шараларына бақылау күшейтілді. Тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтары қайта қаралды. Базарларға 11 жаңа талап қосылды, бұл тексерулердің тиімділігін арттырады. Базар әкімшілерінің тең қолжетімділікті бұзғаны, жалдау шартын жасаудан бас тартқаны, уақтылы жаңғыртпағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істейтін базарлардың қызметін тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа талап қою мүмкіндігі көзделген.
«Министрлік барлық қажетті құқықтық тетіктерді пысықтап, базарларды жаңғырту шараларын жүзеге асыру үшін тиісті құралдар ұсынды. Алайда, сауда базарларын жаңғырту процесінің жүйелі жүруі жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің белсенді қызметі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де байланысты екенін ескерген жөн», — деп түсіндірді Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу