01 Тамыз 2025, 19:13

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдиннің қатысуымен шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес науқанының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жалпы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресті уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басым бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, барынша қажетті шаралар қабылдады. Ауыл шаруашылығына зиян келтірмеу мақсатында республикалық және өңірлік деңгейде кешенді шаралар жүзеге асырылды.
Баяндама барысында Саят Сақмолдин биыл Қазақстан Республикасы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілгенін, аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 400,0 мың гектарға төмен екенін, бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде өңдеу жұмыстары толығымен аяқталғанын жеткізді.
«Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шараларын уақтылы әрі сапалы жүргізу мақсатында, аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін барлық өңірге облыс әкімінің өкімімен облыс әкімі орынбасарлары басқаратын жедел штабтар, аудандар мен қалаларда арнайы жұмыс топтары құрылды. Тексеру мен өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы Жол картасы әзірленді. Аумақтарды тексеру жұмыстарына жалпы саны 4 625 маман тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Зерттеушілер санының артуы мониторинг сапасын арттыруға және зиянкестер ошағына жылдам әрекет етуге мүмкіндік берді», — деп мәлімдеді спикер.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары жалпы аумақтарды өңдеу және тексеру жұмыстарына 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, оның ішінде, 239 жерүсті бүріккіш техника, 100 газогенератор, 24 жеңіл ұшақ, 31 аса жеңіл ұшақ және өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен 49 агродрон тартылғанын жеткізді. Бұл ретте, агродрондар қол жетпейтін учаскелерді өңдеуде жоғары тиімдік көрсетіп отыр.
Оның айтуынша, химиялық өңдеу барысында ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіпсіз, биологиялық тиімділігі жоғары пестицидтер қолданылған. Сонымен қатар бүгінде шегірткеге қатысты мәселелер бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарастыру үшін арнайы байланыс орталығы мен Телеграмм-бот каналы жұмыс істейді.
«Өңір әкімдіктерінің жұмыстарын да ерекше атап өткім келеді, еңбек биржасынан адамдар тарту, басқа да шараларға қажетті жағдайдың бәрін дер кезінде ұйымдастырып отырды. Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай) екіжақты келісімдер аясында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шараларын жүргізу бойынша бірлескен зерттеулер, онлайн-кеңестер және шегірткенің таралуы жөнінде ақпарат алмасу жүйелі түрде жүргізіліп отырды», — деп баяндады ол.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына және шегірткелердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына көшуіне немесе ұшып келуіне жол берілген жоқ.
«Жалпы, сөзімді қорытындылай келе биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес науқаны сәтті аяқталды деп айтуға болады», — деп түйіндеді сөзін Комитет төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу