Соңғы үш жылда егіс алаңдары 7,6 мың гектарға ұлғайтылды – Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында өз саласы бойынша баяндама жасады.

«Азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жеміс-көкөніс дақылдарының өндірісін ұлғайту агроөнеркәсіп кешенінің алдындағы маңызды міндеттердің бірі», — деді Ербол Қарашөкеев. 

Ол үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, тұқым шаруашылығын дамытуды, минералды тыңайтқыштардың құнын, өсімдіктерді қорғау құралдарын және суармалы сумен қамтамасыз етуді субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Соңғы 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды, олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрады, оның ішінде сәбіз алқабы 1,0 мың гектарға, қияр алаңы 2,1 мың гектарға, пияз 4,5 мың гектарға ұлғайды. Көрсетілген кезеңде көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі артты. Мәселен, егер 2019 жылы ол 260,5 ц/га болса, 2022 жылы ол 271,4 ц/га болды.

Өз кезегінде көкөніс дақылдарының жалпы өнімі 653 мың тоннаға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,8 млн тоннаны құрады, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдардың жалпы түсімі ұлғайды, пияз 187,8 мың тоннаға, сәбіз түсімі 17,2 мың тоннаға, қияр 74,1 мың тоннаға, қызанақ 10,7 мың тоннаға ұлғайды.

Картоп өндіру бойынша да осындай жағдай. Соңғы үш жылда егіс алаңдары 7,6 мың гектарға ұлғайтылды және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 198,9 мың гектарды құрады, өнімділік 203,4 ц/га-дан 205,3 ц/га-ға дейін ұлғайды, жалпы алым 168,4 мың тоннаға ұлғайып, 4,1 млн тоннаны құрады.

«Биыл облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша көкөніс дақылдары 173,5 мың гектарға, картоп 197,6 мың гектарға егілді. Жалпы көкөніс дақылдары мен картоптың жалпы өнімі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде проблема бар. Негізгі тапшылық сәуір-мамыр айларында болады. Маусымаралық кезеңде халықты өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданады:

Бірінші. Жыл сайын ерте пісіп жетілетін дақылдардың алаңы ұлғаюда. Өткен жылмен салыстырғанда, ерте пісіп жетілетін көкөністердің егіс алқабы 2,8 мың гектарға ұлғайды және әкімдіктердің жедел деректері бойынша осы жылы 27 мың гектарды құрады, оның ішінде картоп алаңы 2,5 мың гектарға, қырыққабат 150 гектарға, пияз 100 гектарға ұлғайды.

Екінші. Жабық топырақтағы көкөністерді жеткілікті мөлшерде өндіру шаралары. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды құрады, жылыжайда өсірілетін қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады. Соңғы үш жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайды және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды құрады.

«Фермерлерді ынталандыру үшін жақсы құрал – инвестициялық субсидиялау, оның шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25%-ын өтеу көзделген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі уақытта нормативті 30%-ға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев.

Бұдан басқа жабық топырақтағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың, пестицидтердің, биоагенттердің және биопрепараттардың құнын субсидиялау, суару суын беруге, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады. 

Бұл ретте «Агробизнес» әмбебап несие беру бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына несие беру іске асырылады, бұл ретте мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6%-ға дейін төмендейді. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша 16,7 млрд теңгеге жалпы алаңы 51 гектар болатын 14 жылыжай қаржыландырылды.

«Сонымен қатар бізде фермерлік жылыжайлар алаңының азаюы байқалады, соңғы 3 жыл ішінде 62 гектарға азайды. Жылыжай аудандарының қысқаруы өндірілетін өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына және бизнестің төмен пайда табуына байланысты, бұған әлемдік нарықтардағы құбылмалылыққа байланысты тауарлық-материалдық құндылықтардың күрт қымбаттауы, оның ішінде осы жылғы коммуналдық қызметтердің қымбаттауы және т.б. әсер етті», — деді Ербол Қарашөкеев.

Жабық топырақта көкөніс өндіруден түсетін пайданы арттыру өндіріс кезінде өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатынын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі жылыжай шаруашылықтарын гектармен субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Алайда бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидиялар алу үшін өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы – міндетті талап.

Ол үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының тапсырмасы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізді.

Е. Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдар қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 гектарға жұмсалатын шығыстарды субсидиялауды көздейтін Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірледі.

Жылыжайшылардың тағы бір проблемасы, әсіресе осы жылы көмірмен қамтамасыз ету мәселесі болды. Маусымдық кезеңде жылыжай шаруашылықтары басқа тұтынушылармен бірге көмір тапшылығын немесе оның қымбаттауын сезінеді.

«Осы проблеманы шешу үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасын әзірледі, оған сәйкес жазғы уақытта көмірді алдын ала дайындау, оның ішінде өңірлердегі сату нүктелерінде және көмір шұңқырларында қорларды жинақтау жұмыстары басталатын болады», — деді Е. Қарашөкеев.

Жылыжай шаруашылықтарына несие беруге келетін болсақ, жоғарыда аталған «Агробизнес» әмбебап несие беру бағдарламасынан басқа, қазіргі уақытта тек ашық топырақтағы көкөністерді қаржыландыруды көздейтін қолданыстағы «Кең дала» бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Бюджеттік заңнамаға сәйкес бұл үшін барлық бюджеттік процесті ескере отырып, несие беру бағдарламасының қолданыстағы қаржылық-экономикалық негіздемесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет, бұл қосымша уақытты қажет етеді.

Үшінші. Сондай-ақ көкөністер мен жемістерді сақтайтын қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылуда.

2021-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жоспардағы жалпы қуаты 181,5 мың тонналық 36 жобаның орнына жалпы сақтау көлемі 200,8 мың тонна болатын 37 жоба іске асырылды, яғни жоспар 110%-ға орындалды.

Биыл қолда бар қуаттарға қосымша тексеру жүргізе отырып, жоспарды өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілді. Мәселен, жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша бүгінде республика бойынша қуаты 1 822 мың тонна болатын көкөністер мен жемістерді сақтайтын барлығы 901 объект бар. Сонымен қатар тексеру нәтижелері бойынша 689,8 мың тоннаны құрайтын жеміс-көкөніс өнімдері сақталатын жаңа қуаттар салуға нақты қажеттілік анықталды. Осылайша, 2023-2025 жылдарға арналған жоспарлар 528,8 мың тоннаға ұлғайтылды.

Сақтау инфрақұрылымын құруға бизнесті ынталандыру мақсатында қазіргі уақытта қолданылатын сақтау технологиясына байланысты шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін жеткізу бойынша Инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін» көбейту аясында сақтау орындарын салуға жеңілдетілген қаржыландыру бөлу мәселесі пысықталуда.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі арқылы қаржыландыруға келіп түскен өтінімдердің негізінде 86 млрд теңге сомасына қуаты 297,7 мың тонналық заманауи сақтау объектілерін құру бойынша инвестициялық жобалардың тізбесі жасалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бау-бақша шаруашылығын дамытуда әлеует зор. 

Бұрын қойылған міндеттердің бірі – алма бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз етуге шығу. Мәселен, 2014 жылдан бастап инвестициялық субсидиялар енгізіле отырып, өнеркәсіптік алма бақтарының алаңы 21,7 мыңнан 28,9 мың гектарға дейін 7,2 мың гектарға өсті. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтардағы жалпы өнім 92 мыңнан 205 мың тоннаға дейін 2,2 есе өсті.

Жалпы аталған кезеңде барлық алма бағының алаңы 30,3 мыңнан 35,7 мың гектарға дейін ұлғайтылды, ал жалпы өнім 157 мыңнан 267,9 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. 2024 жылға қарай алманың жалпы өнімі 352,5 мың тоннаға дейін жеткізілмек, бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. 

Бау-бақшаны, ең алдымен, жаңадан енгізілген суармалы жерлерде бақтар салу, көшеттер өсіретін отандық питомниктерді дамыту, дайын өнімді сақтау орындарын, оны өңдеу қуаттарын сал, саланың фитосанитариялық жағдайларын жақсарту есебінен дамыту болжанады.

«Мен тұқымдармен және отырғызу материалымен қамтамасыз етуге бөлек тоқталғым келеді. Саланы сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді», — деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Кешенді жоспар аграрлық ғылымды, селекцияны және бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуға, техника мен жабдықтарды жаңарту жөнінде шаралар қабылдауға, тұқым шаруашылығының тиімді жүйесін құруға бағытталған. Кешенді жоспардың жобасына тұқым шаруашылығы шаруашылықтарын, питомниктерді, сорт сынау жүйесінің мекемелерін, тәжірибелік шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар енгізілген.

Жекеше аттестатталған тұқым өндірушілерді жарақтандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын, сондай-ақ тұқым тазарту-сұрыптау жабдықтарын сатып алудағы шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша өзгерістер енгізіледі.

Сондай-ақ көкөністердің жалпы өнімін арттырудың негізгі факторларының бірі – суармалы жерлерді айналымға енгізу. Бұл жұмыс Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүргізіледі.

«Бүгінгі таңда су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбеюде, бұл өз кезегінде су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді, оның аясында фермерлердің заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі», — деді Ербол Қарашөкеев.

2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылды, нақты орындалуы 105%-ды құрады. Биыл мұндай жерлердің аумағын 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр, ал 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гектарға дейін жеткізілетін болады.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау аясында 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде облыстардың әкімдіктері 69 жобаны іске асыруға 63,2 млрд теңге сомасында қосымша қажеттілікті мәлімдеді.

Айта кету керек, суру жұмыстарына судың жетіспеушілігі проблемалы мәселе болып отыр. Сонымен қатар суды ысырап етуге жол берілмеу керек. Фермер үшін шешім – су үнемдейтін технологияларды енгізу болуы керек. Егер мұндай технологияларды енгізетін фермер үшін «оң шешім» инвестициялық субсидиялаудың жоғарылауы болса, онда «теріс шешім» суға жұмсалатын шығындар артады. Мысалы, қазіргі уақытта су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияны суару әдістеріне қарай саралау бойынша жұмыс жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде тек су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды міндет – қант өндірісін дамыту. Қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 5 жыл ішінде 450,0 мың тоннаны құрады, орташа өнімділігі – 300 ц/га. Басқа өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекеттерде өнімділік 440-480 ц/га құрайды.

Қант қызылшасы алаңдарын ұлғайтудың негізгі проблемалары жоғары шығындар мен өндірістің төмен рентабельділігі, сондай-ақ ылғалмен қамтамасыз ету проблемалары болып табылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейтуді, жаңа суармалы жерлерді енгізуді, су үнемдейтін суару технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейтін 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді.

Орта мерзімді перспективада жергілікті қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігін 43%-ға қамтамасыз ету үшін егіс алаңы оңтүстік өңірлерде 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтылатын болады, қант қызылшасының жалпы түсімін ұлғайтып, отандық шикізаттан қант өндіру 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылады, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендетілетін болады.

Фермерлерді қолдау және фермерлер үшін оны өндірудің пайдасын арттыру мақсатында биыл қант қызылшасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, қант зауыттары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді.

Бұдан басқа мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс аясында қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіштер мен сабақкескіштерді сатып алуға өтемақы нормативін 50%-ға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Жоғарыда аталған шаралар қант қызылшасын өсірудің пайдасын арттыруға мүмкіндік береді, сол арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандырады.

Мәселен, биыл қант қызылшасы егілетін жерлер 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 19,0 мың гектарға жеткізілді, бұл Кешенді жоспардағы көрсеткіштен 2,2 мың гектарға көп. Айта кету керек, жыл басында жергілікті бюджеттерде қант қызылшасын өңдеуге тапсыруды субсидиялауға 5,9 млрд теңге көзделген, бұл 328 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетті нақтылау кезінде осы мақсаттарға қосымша 8,2 млрд теңге бөлінді. Барлық субсидия сомасы 14,1 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 563 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді.

Осының есебінен ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 67,6 мың тоннаны құрайды, бұл 2022 жылғы деңгейден 29,0 мың тоннаға көп.

Өндірістік қуатқа келетін болсақ, қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасын өңдеу бойынша тәулігіне қуаты 8 мың тонна және құрақ қанты шикізаты бойынша 2 мың тонна болатын 4 қант зауыты жұмыс істейді, олар 2022 жылы ішкі тұтыну 555 мың тонна болғанда 283 мың тонна қант өндірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық қант өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Павлодар облысының әкімдігі Ақсу қаласында агроиндустриалды парк аумағында қуаты жылына 150 мың тонналық қант зауытының құрылысы бойынша жұмысты бастады», — деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді және Индустриялық парк аумағында зауыт құрылысына жер учаскесі бөлінді. Шикізат базасын дамыту үшін 2019-2021 жылдары 3 шаруашылықта тәжірибелік жұмыстар жүргізді, қызылшаның қанттылығы 14%-ды құрады.

Қант өндіруде құзыреті мен тәжірибесі бар зауыттың құрылысына инвестор тарту үшін Calik Holding, YDA Group, Champion Foods, Murban, Rusagro, Inoks Capital сияқты шетелдік компаниялармен жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ Inoks Capital компаниясының бас кеңсесі шетелдік тұлғаларға жер беру бойынша шектеулерге байланысты Жетісу облысының жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарымен кооперацияда қант қызылшасын өсіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылдады. Inoks Capital компаниясының агрономдары қызылша өсіру тұжырымдамасын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кооперация құру мәселесін пысықтауда.

Орта мерзімді перспективада қант (қызылша және қамыс) өндірісін 283 мыңнан 490 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте егіс алқаптарын 12 мыңнан 38 мың гектарға дейін кеңейту есебінен отандық шикізаттан қант өндіру 33 мыңнан 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Нәтижесінде ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 51%-дан 83%-ға дейін артады.

Жалпы жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу саласында көкөністерді өңдеу және консервілеу кәсіпорындары негізінен елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында шоғырланған. Өңделген өнім өндіру көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру мақсатында жаңа өңдеу кәсіпорындарын салуды, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды және жете жүктемелеуді көздейтін шаралар кешені іске асырылуда. 

Мәселен 2022 жылдың қорытындысы бойынша 8,7 млрд теңге сомасына қуаты 21,7 мың тонна жемістер мен көкөністер өндіретін 15 инвестициялық жоба іске асырылды. Биыл 93,3 млрд теңге сомасына қуаты 104,1 мың тонна жемістер мен көкөністерді өндіретін 30 жобаны іске асыру жоспарланған.

Келіссөздер барысында ірі қытайлық Wanlin Group Limited компаниясымен пияз өндіруде көшбасшы болып табылатын Жамбыл облысында сусыздандырылған көкөністер (пияз және сарымсақ) шығаратын зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жобаны 5 жыл ішінде үш кезеңде іске асыру жоспарлануда, ал инвестициялардың жалпы көлемі $30 млн-ды құрайды. Жобаның қуаты бойынша жылына 5-7 мың тонна сублимациялық пияз және сарымсақ өңдейді. Инвестор Жамбыл облысының үш ауданында пиязды пилоттық отырғызып үлгерді, егінді сынау нәтижелері күтілуде.

Сондай-ақ Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасының, қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды және көкөніс сақтау орындарын салу мен жаңғырту жөніндегі іс-шараларды одан әрі іске асыру жоспарланып отыр.

«Осы іс-шараларды іске асыру өңдеу өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға және олар бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Бұрын айтқанымдай, көкөністердің негізгі түрлері бойынша өндіріс көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді», — деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөністерді өндіру мен өңдеуді дамыту бойынша барлық қажетті шараны қабылдайды, оның ішінде базалық және инвестициялық субсидиялар, несие беру және білім тарату ретінде барлық қажетті қолдау көрсетіледі, сондай-ақ стратегиялық құжаттар аясында шаралар көзделген және осы шараларды іске асыру саланың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу