Сот сарапшылары криптовалюталық алаяқтықтар мен цифрлық қаржы ағындарын зерттеу әдістемесін енгізді – ҚР ӘМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстандағы сот-сараптамалық қызметтің қазіргі даму бағыттарына арналған брифинг өтті. ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов баяндама жасады. 

Оның айтуынша, ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында жаңа технологиялар, цифрлық құралдар және автоматтандырылған жүйелер енгізіліп жатыр. Бұл сараптамалардың сапасы мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық активтердің айналымына байланысты қылмыстық істер санының белсенді өсуіне байланысты 2025 жылы өте қысқа мерзім ішінде криптовалюталармен жүргізілетін операцияларды сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі әзірленді. Аталған әдістеме апробациядан өткізіліп, Ғылыми-әдістемелік кеңесте қаралып, кейін ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының Ғылыми кеңесінде бекітілді.

Оны әзірлеу қажеттілігі Қазақстанда цифрлық активтерге байланысты қылмыстарды тергеу тәжірибесінің енді ғана қалыптасып келе жатқанымен, криптоактивтер айналымын, нақты табысты және қаржылық нәтижені айқындаудың бірыңғай ғылыми негізделген тәсілдері бұрын іс жүзінде болмағанымен байланысты болды.

Аталған әдістеме – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі және бейінді сот сарапшыларымен бірлесіп дайындалған еліміздегі алғашқы жүйелі практикалық әзірлемелердің бірі. Құжат криптовалюталық транзакцияларды, цифрлық активтер мен ақша қаражатының қозғалысын талдаудың бірыңғай алгоритмін қалыптастырып, операциялар тізбегін қадағалау, цифрлық іздерді сәйкестендіру және нақты қаржылық нәтижені анықтау тетіктерін қамтыды.

Әдістеме криптовалюталық алаяқтықтар, қаржы пирамидалары, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және киберқылмыстар бойынша істерді тергеу барысында қолданылады. Сонымен қатар ол цифрлық активтер мен қаржылық ағындардың қозғалысын бақылауға, транзакциялар арасындағы жасырын байланыстарды анықтауға және нақты қаржылық нәтижені белгілеуге мүмкіндік береді.

Аталған әдістеменің практикалық қолданылуы барысында қылмыстық іс материалдары бойынша жүргізілген қосымша сот-экономикалық сараптамалар шеңберінде цифрлық активтермен жасалған операциялар көлемін және криптобиржалардағы электрондық әмияндар бойынша қаржылық нәтижені айқындау мақсатында зерттеулер жүргізілуде. Мұндай зерттеулер қылмыстық іс материалдары, криптобиржа мәліметтері, электрондық әмиян операциялары жөніндегі деректер, мамандар қорытындылары, сондай-ақ валюта бағамдары туралы ресми ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Сараптама барысында құжаттамалық бақылау, формальды, логикалық, салыстырмалы және арифметикалық тексеру әдістері қолданылады.

Әдістеме әзірленгенге дейін жекелеген қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау бірыңғай сараптамалық тәсілдер мен ғылыми негізделген әдістердің болмауымен күрделенді. Соның салдарынан кейбір жағдайларда қаржылық нәтиже криптоактивтердің жалпы айналымы негізінде, шығыстарды, қайталама айырбастау операцияларын және цифрлық активтердің қозғалыс ерекшеліктерін есепке алмастан айқындалды. Бұл нақты табыс көлемін әртүрлі түсіндіру тәуекелдерін туғызды.

Әзірленген әдістеме транзакцияларды, шығыстарды және цифрлық активтердің қозғалысын кешенді талдау арқылы расталған нақты қаржылық нәтижені анықтауға негізделген неғұрлым объективті әрі дәлелді тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сот-сараптамалық зерттеулердің сапасы мен олардың тергеу және сот үшін дәлелдемелік маңызы едәуір артты.

Сонымен қатар аудиожазбаларды зерттеу саласында да жаңа технология енгізілді. Сот-фонографиялық сараптаманы дамыту және заманауи технологияларды енгізу шеңберінде «deepfake» деп аталатын аудиожазбаларды жасау кезінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану белгілерін жоғары дәрежеде сенімділікпен анықтау мүмкіндігін көздейтін аудиожазбаларды зерттеудің жаңа әдістемесі іске асырылды.

Қазіргі таңда қолданыстағы әдістеме сот-фонографиялық зерттеулердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, сараптамалық бағалау сапасын және қылмыстық істер бойынша дәлелді маңызы бар аудио материалдардың түпнұсқалығын анықтаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Осы зерттеулерді енгізу және практикалық қолдану нәтижелері ТМД мемлекеттерінің сараптамалық қоғамдастығы тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырды. Осыған байланысты әдістемені қолданудың практикалық нәтижелерін талқылау, кәсіби тәжірибе алмасу және тиісті зерттеулер жүргізудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу мақсатында ТМД елдерінің сараптамалық мекемелері өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда.

«Сондай-ақ есірткінің таралу деңгейін анықтау мақсатында ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша ағынды суларға зерттеу жүргізілді. Ойын-сауық орындары мен білім беру мекемелерін қоса алғанда, 18 нысаннан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде кейбір үлгілерден психоактивті және психотроптық заттар, сондай-ақ «дизайнерлік есірткілер» (мефедрон, альфа-PVP, амфетамин, спайстер және т.б.) анықталды. Жүргізілген зерттеулер қолданылған әдістеменің тиімділігін және оның есірткі ахуалын бақылаудағы маңыздылығын көрсетті», — деді Бақытжан Байтілесов.

Жүргізілген зерттеулер бұл тәсілдің тиімді екенін көрсетіп, зерттеу нәтижелері Францияның Ницца қаласында өткен халықаралық конференция материалдарында жарияланды.

Бұл жұмыс ресейлік ғалымдар тарапынан да оң бағаланды. Ал 2026 жылдың ақпан айында ағынды суларға химиялық-токсикологиялық сараптама жүргізу әдістемесі ресми түрде мемлекеттік тізілімге енгізілді.

Қазіргі таңда қауіпті мәселелердің бірі – «күлкі газы» деп аталатын азот тотығын пайдалану болып отыр. Бұл зат уақытша эйфория бергенімен, денсаулыққа өте қауіпті. Ол гипоксияға, жүйке жүйесінің бұзылуына және тіпті өлімге алып келуі мүмкін. Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азот тотығының заңсыз айналымына тыйым енгізіліп, оны заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді.

Сонымен қатар азот тотығының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында сотқа дейінгі тергеу органдары қылмыстық құқық бұзушылық құрамын растау үшін қажетті сараптамалық қорытынды алуда қиындықтарға тап болды.

«Мысалы, 2025 жылғы 5 қаңтарда Шымкент қаласындағы ойын-сауық орындарының бірінде кәмелетке толмаған азаматтың ауа шарларынан азот тотығын ингаляциялық жолмен пайдаланғаннан кейін қайтыс болу фактісі тіркелген. Қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, тергеу барысында заттың құрамын және өліммен себеп-салдарлық байланысты айқындайтын сенімді сараптамалық қорытынды алуда қиындықтар туындап, нәтижесінде кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылмаған, — деді ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша азот тотығының заңсыз айналымы фактілері бойынша тіркелген 44 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 18-і сатылған газды күшті әсер ететін заттарға жатқызу және оның адам денсаулығына әсерін анықтау мүмкін еместігіне байланысты тоқтатылған. Бұл газ тәрізді заттарды зерттеудің бекітілген әдістемелерінің болмауымен, сараптамалық бөлімшелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуының жеткіліксіздігімен және күшті әсер ететін заттардың айналымын құқықтық реттеудің жетілмегендігімен түсіндіріледі.

Осыған байланысты қазіргі уақытта азот тотығын анықтау бойынша негізгі тәсілдер дайындалды. Негізгі мақсат – заттың құрамын нақты анықтау және зерттеу нәтижесінің дәлдігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда әдістеме жобасы аяқталып, аумақтық бөлімшелерді қажетті жабдықтар жиынтығымен жарақтандыру мәселесі шешілуде. Сонымен қатар сарапшыларды даярлау және қолданыстағы тізбеге мамандықтың жаңа түрлерін енгізу мәселесі пысықталуда.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – электрондық тұтыну жүйелері. Оларды айналымға салғаны үшін ҚР ҚК-нің 301-1-бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазақстанда 2024 жылғы 20 маусымнан бастап вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым енгізілді. Осыған байланысты сараптамалық зерттеулер барысында аталған өнімдердің нақты түрін, техникалық ерекшеліктерін және құрамындағы заттарды анықтаудың маңыздылығы артты.

Вейп құрылғылары мен оларға арналған сұйықтықтардың үнемі жаңарып отыруы оларды сәйкестендіруді және құқықтық бағалауды қиындатып отыр. Қазіргі таңда нарықта пішіні, құрылымы, қолданылатын буландырғыш элементтері және химиялық құрамы әртүрлі көптеген өнімдер кездеседі. Кейбір құрылғылар сыртқы көрінісі бойынша тұрмыстық заттарға ұқсас болып келеді, бұл оларды сараптамалық тұрғыдан зерттеуді күрделендіреді. Сонымен қатар, сұйықтық құрамындағы никотин мөлшерінің өзгеруі мен әртүрлі химиялық қоспалардың қолданылуы зерттеудің өзектілігін арттыруда.

Сондықтан қолданыстағы әдістемелер жетілдіріліп, вейптерді, ароматизаторларды және оларға арналған сұйықтықтарды зерттеу бағыттары енгізілді. Бұл қазіргі өнімдердің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында құрылғының техникалық сипаттамалары, сұйықтықтың химиялық құрамы, никотиннің болуы мен концентрациясы, сондай-ақ өзге де компоненттердің құрамы анықталады.

Бұл әдістеме өнімнің нақты түрін анықтауға, зерттеу нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз етуге және сараптамалық қорытындылардың ғылыми негізділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған бағыттағы зерттеулер жаңа буындағы электрондық тұтыну жүйелерін сәйкестендіру мен оларды сараптамалық практикада тиімді қолдануға негіз болады.

Алдағы уақытта сот сараптамасын дамыту жұмыстары 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы арқылы жалғасады. Бұл құжат заңнаманы жетілдіру, әдістемелерді жаңарту, цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бағыттарын қамтиды.

Заңнаманы жетілдіру аясында артық бюрократияны азайту, құқықтық олқылықтарды жою және цифрландыру мәселелерін реттеу жоспарланған. Сот сараптамалары түрлерінің тізімі жаңартылып, ескірген бағыттар алынып тасталады және жаңа бағыттар енгізіледі. Виртуалды аутопсия, бейне және аудиофиксация мәселелері де реттеледі. Жол картасы аясында мемлекеттік тізілімдегі шамамен 200 әдістемеге қайта тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Бұл оларды қазіргі ғылыми талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру. Бүгінгі таңда «Е-Сараптама» жүйесі жаңартылып, көптеген сараптама процестері жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы автоматтандырылуда. Сонымен қатар «Е-Сараптама» жүйесін жаңа микросервистік архитектураға көшіру жоспарлануда. Бұл жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттырады. 

«Жол картасының тағы бір маңызды бағыты – материалдық-техникалық базаны нығайту. Осы бағытта сот сараптамалық зертханаларды салу, жөндеу және жаңғырту бойынша 40-тан астам іс-шара жүзеге асырылады», — деп түйіндеді ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов баяндамасын.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу