Спорт саласындағы жаңашылдықтар мен заңнамалық өзгерістер еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға серпін береді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаевтың қатысуымен «Спорт саласын реформалау» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортта кешенді реформалар жүргізуді тапсырған болатын. Баспасөз мәслихатында Туризм және спорт вице-министрі берілген тапсырмалардың орындалуы мен ұсынылып отырған реформалар туралы баяндады.

Министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы»
Заң жобасын әзірледі. Құжат 2025 жылғы 29 қаңтарында Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданды және Сенаттың қарауына енгізілді.

Заң жобасы спорт саласына бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді:

• кәсіби ойын спорты клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатына лимит бекітуде Министрлікке өкілеттік беру;

• Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;

• «спорттың басым түрлері» ұғымын нақтылау, сондай-ақ олардың өңірлік тізбесін бекіту;

• аккредиттелген спорт федерациясына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шаралар қабылдауды міндеттеу;

• спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын белгілеу;

• «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;

• мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшыларын ротациялау.

«Басты мәселелердің бірі – спорт саласына вертикальды басқару жүйесін енгізу мәселесі. Республикалық аккредиттелген спорт федерацияларының жұмыстары да тыңдалды. Нәтижесінде 8 федерацияға жаңа басшылар тағайындалды. Министрлік жанынан өңірлік спорт басқармасы басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінде комиссия отырысымен 11 өңірдің басқарма басшыларының (Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, БҚО, Ұлытау, Қызылорда, Жетісу, СҚО, Қостанай, Түркістан, Алматы облыстары) кандидатуралары тыңдалып, келісілді», — деді Туризм және спорт вице-министрі. 

Сондай-ақ, заңнама жобасына сәйкес көптеген жаңа заңға тәуелді актілер дайындалуда. Олардың ішіндегі негізгі әрі маңыздыларына тоқталсақ. 

Командалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубтарының қызметін қолдауға бөлінген бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында АЕК-тің белгіленген мәнін (айлық есептік көрсеткіш) пайдалана отырып, жалпы командалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгіленеді, бұл инфляцияны ескере отырып, қаржыландыру көлемін автоматты түрде түзететін жыл сайынғы төмендеуді болдырмайды.

Соңғы жылдары спортқа бюджет шығыстарын қайта бөлу тенденциясы байқалады. Мұнда басты мақсат – бұқаралық және жастар спортын қолдауға аударылатынын ескере отырып, кәсіпқой клубтарды қаржыландырудың максималды деңгейін белгілеу. 

Ең негізгі жаңалық ол, 60-қа жуық басым спорт түрлері анықталды. Оларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламаларына енген спорт түрлері, сонымен бірге, олимпиадалық емес спорт түрлерінен Азия және Паразия ойындарына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері толық қарастырылды.

Республикалық және аймақтық аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық акредиттелген спорт федерацияларына өзгерту мәселесі енгізілді.

Спорт федерацияларын аккредиттеуге мынадай қосымша талаптар айқындалады:

• спорт түрі бойынша Ұлттық федерация құрамындағы жергілікті аккредиттелген федерацияға мүшелік ету; 

• белгілі бір спорт түрі бойынша спорттық дайындықтың ұлттық стандарттарын әзірлеу; 

• Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерациялары Қазақстан Республикасының атынан Халықаралық Олимпиада комитеті мойындайтын халықаралық спорт федерациясының мүшесі болуға және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті тануға тиіс.

Келесі норма ол бірінші топтағы мүгедек спортшының сүйемелдеушісі (тірек-қимыл аппаратының, көру және интеллектінің ауыр түрімен ауыратын) тұрғылықты жері бойынша жаттығулар мен жарыстар кезінде оның жанында болады. Киім ауыстыруға, жаяу мүгедектер арбасынан ауыстыруға, медициналық тексеруден өтуге, мүгедектік арбаға отыруға, медициналық бақылауға, конкурсқа дайындық жоспарларында көзделген басқа да іс-шараларды қамтиды.

«Бұл стандарт мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындық сапасын арттырады және 2025-2027 жылдар аралығында шамамен 1671 спортшыны қамтиды. Келесі жаңашылдық ол, әкімшілік-аумақтық деңгейде басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және 5 жыл сайын оларды ротация жүргізу. Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асырылады», — деді Серік Жарасбаев.

Егер облыстың әкімшілік-аумақтық бірлігінде бір ғана ұйым болса, онда басшыларды ротациялау жақын маңдағы аудандардың, облыс ішіндегі қалалардың басшыларымен бірге жүргізіледі.

Заңнаманы жетілдіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Бүгінде Министрлік салалық заңға өзгерістер мен толықтырулардың екінші пакетін әзірлеуде. Олардың ішінде:

1) балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру ұғымдары мен өкілеттіктерін айқындау;

2) уәкілетті органға әдістемені, жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептердің мемлекеттік тапсырысын орналастыру қағидаларын және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерді аккредиттеу қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер беру.

Бұл бағытта Министрлік тиісті жұмысты бастап кетті.

Тиісті нормативтік-құқықтық актілер (ЖБҚ ережелері, ЖБҚ әдістемесі, аккредиттеу ережелері, БЖСМ мемлекеттік тапсырысы ережелері) келісіліп, бекітілгеннен кейін, жалпы жан басына нормативтік қаржыландыруды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елдегі барлық балалар және жасөспірімдер мектептерінде енгізу көзделген.

Анықтама: балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу шеңберінде мемлекеттік бюджеттен
2026-2028 жылдары 76,7 млрд теңге қажет (2026 жылдан әр жылға 25,6 млрд теңге).

Жаттықтырушылардың еңбекақысын одан әрі көтеру мақсатында Министрлік тиісті жұмыстарды жүргізіп, жаңартылған бірыңғай спорттық стандарттар бойынша бағдарламаларды іске асырғаны үшін орташа еңбекақысын шамамен 30%-ға арттырады.

 «Дене шынықтыру және спорттың (Е-спорт) цифрлық платформасын» іске асыру шеңберінде Министрлік 2024 жылдың соңына дейін пилоттық режимде 3 негізгі модульді іске қосуды жоспарлады:

• «Спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің паспорттарының бірыңғай базасы»;

• «Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың «электрондық күнтізбесі»;

• «Спорт нысандарының бірыңғай тізілімі».

Қазіргі таңда, осы жылдың соңы дейін келесі бағыттарда жұмыстар жүргізіп, платформаны толық қолдануға беру көзделуде. Оларға: 

• спорттық жарыстарды басқару қызметі; 

• спортшының, жаттықтырушының, судьяның паспортын жүргізу қызметі;

• спорттық инфрақұрылымды басқару қызметі;

• жарыстың электрондық хаттамаларын жүргізу қызметі;  

• мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру.

Сонымен қатар, өткен жылы өңірлерде спортты дамыту және оның өзекті мәселелеріне талдау мақсатында арнайы жұмыс топтарын құрды. Нәтижесінде көптеген жүйелі проблемалар анықталып, нақты ұсынымдар әзірленді. Мәселен, спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауда сабақтастықты сақтамау, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытудағы теңсіздік және тағы басқалар.

Осы орайда, дене шынықтыру мен спортты басқару жүйесін жетілдірудің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың спортшыларын даярлауды жүзеге асыратын өңірлік дене шынықтыру-спорт ұйымдарын, жоғары жетістіктер спортын дамытуды уәкілетті органның құзыретіне беру қарастырылуда.

«Спорт саласының басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар мен күрделі заңнамалық өзгерістер еліміздің халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Дегенмен, үлкен өзгерістер уақытты талап етеді. Жоғарыда аталған өзгерістерге Министрліктен бөлек өңірлік спорт басқармалары мен республикалық федерациялар лайықты қызмет атқарады деп сенемін», — деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу