15 Желтоқсан 2025, 15:36
Қала аумағының ауданы 1,2 мың шаршы шақырымды құрайды. 2025 жылғы 1 қазандағы халық саны 1 286,1 мың адам. Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында жыл басынан оң динамика қалыптасты.
Жалпы өңірлік өнім көлемі
Жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың қаңтар-маусымында 2 237,5 млрд теңгені құрады, немесе 8,7%-ға артты. Өсім республикалық көрсеткіштен жоғары болып қалыптасқан. Республика бойынша ЖӨӨ көлемінде қаланың үлесі 3,6%-ды құрады. Негізгі көрсеткіштерде, осы жылдың 10 айында сауда көлемі 24,6 %-ға, байланыс қызметі 18,3%, өнеркәсіп өнімі 14,7%-ға, құрылыс жұмыстары 7 %-ға, инвестиция 4,7 пайызға өсіп, 982,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, қала экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша алдыңғы қатарда.
Өнеркәсіптің дамуы
Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 2025 жылдың қаңтар-қазанында 1 224,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 14,7%-ға артты. Өңірлер арасында қала 4 орында. Өнеркәсіп саласында үлесі 89,7% құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1 099,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 16,5 % артты. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсу динамикасы қалыптасып, өнім көлемі химия өнеркәсібінде – 2,0 есеге, сусындар өндіруде – 2,6 есеге, қағаз және қағаз өнімдерін өндіруде – 52,3%-ға, тамақ өнімдерін өндіруде – 26,4%-ға, резина және пластмасса бұйымдарын өндіруде – 23,9%-ға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндіруде – 19,2%-ға, мұнай өнімдерін қайта өңдеуде – 13,4%-ға, металлургияда – 3,1%-ға артқан.
Индустриялық аймақтар
Шымкент қаласы – өндірісі қарқынды дамып келе жатқан ірі мегаполис. Қаланың өнеркәсіптік әлеуеті жыл сайын артып, жаңа технологиялық жобалар жүзеге асуда. Қалада жалпы аумағы 1 276 га құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 337 млрд теңгені құрайтын 318 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде биылғы жылғы ірі жобалар: Орталық Азияда теңдесі жоқ «QazAlpack» компаниясы өндіретін «Алюминий құтылары өніміне» сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның 2-ші кезеңі іске қосылды. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сол сияқты, құны 7,8 млрд теңгеге «Sauran Bricks» компаниясы «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бүгінге өңдеу өнеркәсібі әлеуетін арттыру үшін 2 өндіріс аймағын құру және қолданыстағы 3 өндіріс аймағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл аймақтарда 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 13 мыңға жуық жұмыс орындары құрылады. Оның ішінде, Мемлекет басшысының Шымкент қаласында Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құру тапсырмасына сәйкес қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Инвестиция
Қала экономикасының тұрақты өсімі, қолайлы географиялық орналасуы, индустриялық инфрақұрылымның дамуы және кәсіпкерлікке жасалған жеңілдіктер инвесторлардың қызығушылығын арттыруда. Қалада «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап жобаны жүзеге асыруға дейін қажетті барлық рұқсат беру құжаттарын сүйемелдейтін «Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істеуде. 2025 жылғы қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 585,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,7% артты. Қалаға инвестиция тарту мақсатында, алдағы 5 жылда қала аумағында жүзеге асырылатын инвестициялық құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде ірі жобалардың бірі «Alsera KZ» түрік компаниясымен құны 322 млрд теңгені құрайтын 650 гектар жерге елімізде ең үлкен заманауи жылыжай кешені құрылысы басталған болатын. Бүгінде осы жобаның құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынды. Сонымен бірге польшалық «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Одан басқа, түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу көзделуде. Сонымен қатар «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалып, жобаны жүзеге асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінді.
Шағын және орта бизнес
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің негізі болып табылады. Мемлекеттік қолдаудың күшеюі, қаржыландырудың қолжетімді болуы, инфрақұрылымның жақсаруы және кәсіпкерлердің белсенділігі бұл сектордың одан әрі өркендеуіне жол ашады. Шымкент қаласында 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 141,6 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 %-ға артты. Онда жұмыспен қамтылғандар саны 250,4 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі 2 027,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 24%-ға артқан. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,6%-ға жетті. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып, 10 айда 1 971 жобаға қолдау көрсетілді. Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаңдарды құру» жұмыстары жүргізілуде.
Сауда
Сауда саласы – кез келген елдің экономикалық жүйесіндегі негізгі тіректерінің бірі. Ол өндіріс пен тұтынушы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп қоймай, өңірлердің экономикалық әлеуетін көтеруде маңызды болып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қаланың сауда көлемі 3 133,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 24,6% артты. Сауда инфрақұрылымың дамыту бағытында қаладағы 4 базарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін аумағы 50 мың ш.м. құрайтын «DALA MALL» ірі ойын-сауық орталығының құрылысы толық аяқталып, нысан іске қосылады. Одан басқа, қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында:
- жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорына қаралған қаржы көлемі 8,8 млрд теңгеден 10,6 млрд теңгеге ұлғайтылды;
- ӘМАТ бағасын өсірмеу мақсатында ірі сауда желілерімен, сондай-ақ тұрғын үйлердің жанында орналасқан сауда нүктелерімен меморандум жасалды;
- нан бағасын тұрақты деңгейде ұстау үшін «Ассоциация НАН» қоғамдық бірлестігіне кіретін 29 наубайханамен меморандумдар түзіліп, жеңілдетілген бағада ұнмен қамтамасыз етіліп келеді;
- 90-ға жуық сауда орындарында ӘМАТ тауарлары бекітілген шекті бағада сатылып келеді. Оның ішінде, биыл халықтың тығыз орналасқан аймақтарынан жаңадан 15 әлеуметтік павильонды іске қостық, жыл соңына дейін қосымша 30-ға арттыру көзделуде.
- апта сайын қаланың 6 жерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, азық-түлік тауарлары нарықтан 10-15 %-ға төмен бағада сатылуда.
Әлеуметтік сала
Әлеуметтік саланы дамыту – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі бағыт. Осы бағытта қалада жаңа индустриалдық аймақтарды, өндіріс орындарын ашу мен ұлғайту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары қаралған. Осы жылдың 10 айында жұмыспен қамту шараларына 46 793 адам қатысқан. 25 119 жұмыс орындары құрылып, оның ішінде 24 481-і тұрақты жұмыс орындары ашылды. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2024 жылмен салыстырғанда 41,1 пайызға азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. Халықтың табысын арттыру мақсатында 2025 жылы бюджеттік ұйым жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар белгіленіп, нәтижесінде 15 мыңнан астам бюджеттік қызметшінің жалақысы 154 мың теңгеден асты. Орташа айлық жалақы 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте 334 170 теңгені құрап, 2024 жылғы тиісті кезеңнен 9,9% өсті. 2025 жылдың ІІ тоқсанында қала халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 153 532 теңгені құрап, 11,6% артқан. Ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында әкімнің басамасымен және мәслихаттың шешімімен зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 4 180 ардагерлер мен зейнеткерлерге жолдама берілді. Зейнеткерлер мен ардагерлерді қаланың мәдени өміріне белсене қатыстырып, рухани демалуына жағдай жасалуда. Өткен жылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі енгізілсе, биыл алғаш рет 36 мыңға жуық зейнеткерлерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Спорт саласы
Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттық инфрақұрылымын дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қалада жоғары жетістікті спортты дамыту және спорт резервін дайындау мақсатында 35 спорт ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 65 спорт түрі дамытылады. Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 827 алтын, 753 күміс, 793 қола медаль жеңіп алды. Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жерлестеріміз ағайынды Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан жеңіске жетті. Сондай-ақ, өткен қараша айында Жапония мемлекетінде Токио – 2025 Сурдлимпиада ойындарынан еркін күрестен Пернеш Шадияр 1-ші орын және Рсалы Сабыржан 3-ші орын иегері атанды. Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындары өтіп, 30 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған жарыстар нәтижесінде, Шымкент қаласы жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді. Сонымен қатар, қала халқының күнделікті қозғалыс белсенділігін арттырып, денсаулығын жақсартуға, спорт мәдениетін қалыптастыруға және спортты қолжетімді етуге бағытталған 13 саябақ пен аллеяларда 31 спорт нұсқаушысы таңғы жаттығулар жүргізеді. Бұл жобаға балалар, жастар, ересектер, зейнеткерлер белсенді түрде қатысады. Спорт инфрақұрылымын дамытуда биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2 модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы 2 модульді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде (Қайнарбұлақ тұрғын алабы және №2 оқушылар сарайы аумағында). Демеушілер есебінен қаламызда алғаш рет 3 аумаққа 6 мың шаршы метр құрайтын ашық мұз айдындары салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадионының құрылысы жүргізілуде.
Мәдениет саласы
Мәдениет саласын дамыту – елдің рухани жаңғыруы мен ұлттық бірегейлігін нығайтатын маңызды міндеттің бірі. Мәдениет саласында жыл басынан 2 517 мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында демалыс күндері саябақтар мен аллеяларда, мәдениет үйлері мен клубтарда 90-нан астам концерттік бағдарламамен 500 мыңға жуық қала тұрғындарына «Шымқала кештері» атты тұңғыш мәдени жоба өтуде. Сонымен қатар, алғаш рет 100-ден аса отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен 100 мың көрерменді қамтыған «Tойдуман Fest», ағаш қолөнер шеберлерінің халықаралық «SHYMKENT USTA FEST», республикалық «Оркестрлер шеруі», жастар арасында республикалық «Самғау» кинофестивалі, халықаралық суретшілер симпозиумы және дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында жастар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы, «Күміс көмей» дәстүрлі жыр-терме, жас жазба ақындардың «Күміс қалам» байқаулары, сондай-ақ «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Шымкент өнерпаздары халықаралық деңгейде де жетістікке жетіп, Түркия, Қытай, Жапония, Қырғызстан елдеріндегі байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Франция, Катар, Норвегия, Тәжікстан, Марокко және Қырғызстанда Шымкент қаласының мәдени күндері аталып өтті.
Білім беру саласы
Білім беру саласында қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға берілді. Биыл бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп, 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласы
Денсаулық сақтау саласында соңғы 3 жылда жаңадан 14 медициналық мекемелер ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға азайды. Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы 1 102 операция жасалды. Оның ішінде, 310 кардиохирургия, 33 нейрохирургия, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы. Сонымен қатар елімізде бірінші болып Шымкент қаласындағы онкологиялық ауруханада кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру отасы сәтті орындалды. Жергілікті бюджет есебінен 2 аурухана күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсартып, тиімділігін арттыру үшін арнайы қосымша 40 автокөлік алынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 90 пайызға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Сондай ақ, Президенттің тапсырмасымен, заманауи үлгідегі 200 орындық жаңа заманауи перзентхана салуға жер телімі бөлініп, құжаттамалар әзірленуде.
Туризм
Туризм – қаланың экономикалық дамуы мен халықаралық имиджін арттыратын маңызды сала. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл дәстүрге айналған «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, кезекті рет ұйымдастырылды. Фестивальге 50-ден астам тамақтандыру орны қатысып, өздерінің дәмді әрі ерекше тағамдарын ұсынды. Қаланың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған кезекті ақпараттық «Blog tour» ұйымдастырылып, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан елдерінен және Қазақстанның әр өңірінен келген 30-ға жуық танымал travel-блогерлер қатысты. Шымкент қаласының күні аясында «DRONE SHOW» ұйымдастрылды. «Арбат» аллеясында «Street Food Fest» көше тағамдарының фестивалі өтіп, қаланың үздік көше тағамдары насихатталып, тұрғындар мен қонақтар үшін ерекше атмосфера ұсынды. «Мюнхен, Будапешт және Сиань» қалаларында Шымкентті таныстыру және бірінші рейстің ашылуы бойынша іс-шаралар өтті. Одан бөлек, республикалық маңызға ие «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Экологиялық туризмді дамытуға бағытталған «Omir Shymkent» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша «Бадам» өзені жағалауында жалпы 53 гектар жерге глэмпинг, капсулалы қонақ үй, мейрамхана, бассейн салынып, ашық аспан астында концерттік іс-шаралар өткізіліп, туристік кластерді қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын болады.
Тұрғын үй құрылысы
Жыл басынан қалада 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 523 пәтер сатып алынуда. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді. Реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер табысталды.
Инженерлік инфрақұрылым
Халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін қала тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен, 100%-ы электр энергиясымен, 98%-ы табиғи газбен қамтамасыз ету көзделуде. Электр энергиясы тапшылығын азайту үшін Ақжарық 110 кВ подстанциясының құрылысы аяқталып, «Қазығұрт» 220 кВ подстанциясына қосымша 125 МВт трансформатор орнатылды. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық модернизациясын аяқтау жоспарлануда. Бұл жоба нормативтік жылу беру шығынын 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетіп, 46 мыңнан астам абонентті сапалы жылумен қамтиды. Шымкент қаласында газ және жылу жүйелерін тиімді бақылау үшін цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Газ желілеріндегі ақауларды қашықтықтан анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы 107 шақырым құбырдан 67 ақау жойылды. Жылумен қамту саласында пилоттық жоба ретінде акустикалық резонанс әдісі мен жасанды интеллект негізінде роботтық кешен қолданылып, 2,3 шақырым құбыр диагностикадан өтті. Бұл заманауи тәсіл қауіпті учаскілерді дәл анықтап, жөндеу шығындарын 75%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Көлік саласы
Мемлекет басшысы Жолдауда жергілікті жолдарды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Өткен жылы 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000-нан астам шақырым асфальт салу жоспарланып, оның бүгінде 97 пайызы орындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта құрудан өтіп, қала арқылы өтетін транзиттік көліктерге жағдай жасалатын болады. Қаланың орталығын Ташкент – Алматы тас жолымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасын келесі жылы толық аяқтау жоспарда. Сонымен қатар, қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын 2 ірі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Транзиттік жүк көліктерінің саны жылдан-жылға артып, жолдардың тез бұзылуына байланысты қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылды. Қаланың логистикалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды.
Жасанды интеллект және цифрландыру
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекетке айналуы үшін жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажеттілігі нақты белгіледі. Осы тапсырмаларға сәйкес өңірімізде цифрлық инфрақұрылымды дамыту, салаларға ЖИ технологияларын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезекте, цифрлық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында соңғы үш жылда 295 жаңа базалық станция орнатылып, 398 станция жаңғыртылды. Сонымен бірге, қалада «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, денсаулық саласында медициналық көмектің сапасын арттырып, инсультті жылдам әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін – «Cerebra AI» жобасы және науқастарға нақты диагноз қойып, ем тағайындауға көмектесетін – «PULS AI» интеллектуалды ассистент жүйесі енгізілді. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «Смарт-бейнежетон» пилоттық жобасы іске қосылды. Білім саласында оқушыларға робототехника бағдарламасын оқытуға бағытталған «RoboPark.kz» қосымша білім беру орталығы ашылды. Дрондар арқылы жер иемдену мен заңсыз құрылыс және қоқыс алаңдарын анықтап, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік беруде. Жол саласында көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 331 жол қиылысындағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде 4 425 бейнебақылау камералары орнатылды.
Қолайлы орта құру
Қаланың қарқынды дамуы экологиялық мәселелерді шешуді талап етеді. Биыл жаңадан 45 сквер салынып, жалпы саны 90-ға жетті. Жасыл желек аумағы ұлғайтылып, магистралды 27 көшеге 500 мың шаршы метр жаңа газон егіліп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Биыл жалпы қала аумағында 152 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Қошқар-ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы абаттандырылды. Демеушілер есебінен жаңадан 16 субұрқақ салынды. Сонымен қатар, қалада алғаш рет бұрыңғы «Көл» аймағында лазерлік, жарық пен отты шоуды біріктірген және Шымкентсити саябағында бейнепроекциямен жабдықталған музыкалы субұрқақтар іске қосылды. Қалада ұзақ жылдан бері қоқыс полигоны болған бұрынғы 45 гектар жерге демеушілер есебінен «Экосаябақ» салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл аумақта көгалдандырумен бірге амфитеатр, фонтандары бар жасанды су қоймасы және спорт алаңы, жаяу жүргіншілер жолдары салынады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу