03 Шілде 2025, 16:10
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өрт қауіпті кезеңде қабылданып жатқан шаралар туралы» тақырыбында брифинг өтті. Онда ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев баяндама жасады.
Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасының сөзінше Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда. Өрттің алдын алып, ерте анықтауға басты назар аударылуда. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және геоақпараттық жүйе арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
«Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр. 26 орманшылықта Министрліктің күштері 36 механикаландырылған күзет бекетін құрды. Табиғи өрттердің алдын алудың жаңа моделі өрт санын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары үшін 52 млн 116 мың теңгеге 3000 астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаруа қожалықтарында нұсқамалар өткізілуде», — деді Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.
Сонымен қатар ол трансшекаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілгенін атап өтті. Орман шаруашылығы мекемелерімен 300 астам өрт-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылған.
Ауылдық аудандарды қорғау деңгейін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңа форматта қажетті техникамен, жабдықтармен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген, 11 өрт сөндіру бекеті ашылды. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктер құратын өрт сөндіру бекеттері үшін өрт техникасын беруді жүзеге асыруда.
#ҚР ТЖМ«Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері барлығы 27 мың гектар алқапта 261 орман өрті болды. Жәнеде жалпы ауданы 14,5 мың гектарда 16 дала өрті және 1357 жану оқиғасы тіркелген. Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңі қызу жүріп жатыр. Елдің бірқатар аймағында өрт қаупі дәрежесі сақталуда. Осыған байланысты, өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендерде, ормандарда, егін жанында от жағуға тыйым салынады. Сіріңке мен темекіні сөндірмей тастамаңыздар, шыны заттарды лақтырмаңыздар. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз және олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз», — деп атап өтті Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу