20 Ақпан 2025, 15:30
Еліміздің теміржол саласында 1300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Көлік министрлігінің өкілдері хабарлады.
ҚР көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов пен көлік саясаты департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов «Мемлекет басшысының теміржол саласындағы жобаларды іске асыру туралы тапсырмаларының орындалу барысы» атты баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Биыл елімізде «Достық–Мойынты» және Алматы айналма жобасы, «Дарбаза–Мақтаарал» және Қытай елімен жалғайтын «Аягөз–Бақты» теміржол өткелі құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 366 шақырым болатын «Қызылжар–Мойынты» жаңа теміржол желісін салу басталады, бұл Транскаспий халықаралық көлік бағдарын 150 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді Нұржан Келбуғанов.
Айта кетейік, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент еліміз үшін транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі орасан зор артықшылығымыз екеніне арнайы тоқталып, оны тиімді пайдалануды ескерткен.
«Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек. «Мойынты–Қызылжар» бағытында жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл–Жетіген» теміржолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы теміржол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды екеніне де тоқталды. Ол үшін мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады.
«Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс», — деді Президент.
Мемлекет басшысы теміржол транзитінің мүмкіндігін арттыру туралы былтыр «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтқан.
«Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салу қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн. Ең алдымен теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек.
«Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Бұл жобалар бекітілген мерзімде және өте сапалы іске асырылуға тиіс», — деп атап өткен болатын Президент.
Бұдан бөлек, елімізде инфрақұрылым қуаттылығын арттыру және өткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын «Алтынкөл–Жетіген» және «Бейнеу–Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады.
Сондай-ақ Нұржан Келбуғановтың айтуынша, жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын «Қызылжар–Сексеуіл», «Шалқар–Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жаңа жүйелері енгізіледі.
«Жоғарыда айтылған жобаларды осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары.
Одан басқа, Министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың легі келесідей:
1. 2029 жылға дейін теміржолдардың 11 мың шақырымында күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарының жоспары бойынша 2023-24 жылдары 2800 шақырымы осы жұмыспен қамтылды.
2. Елімізде 1800-ге жуық локомотивтер қолданыста, оның тозуы шамамен 61% құраған, сол себепті былтыр 185 локомотив сатып алынса, биыл 200 локомотив алынуда. Сөйтіп тозу деңгейі 47%-дан төмендейді, жаңартылған локомотивтер саны артады, сонымен пойыздар қозғалысы толығымен қамтамасыз етеді.
3. Қазақстанда 300-ге жуық вагон операторлары жұмыс істеп жатыр және 140 мың жүк вагондары тіркелген. Былтыр қосымша 2350 жүк вагондары сатып алынса, биыл да сол мөлшерде жоспарлануда және жүк вагондары Қазақстанда толығымен жеткілікті болады.
4. Көршілес елдермен теміржол түйіспелерінде пойыздарды өткізу қабілетін арттыруға нақты шаралар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресеймен 9 теміржол түйіспесінің 5-інде, яғни, Семиглавый Мар, Орск, Илецк, Карталы, Куркамыс түйіспелерінде екі жақты жұмыс басталып, осы өткелдерде 20%-ға қуат арттырылады. Ал, Өзбекстанның шекарасындағы Сарыағаш түйіспесінде жаңа жолдар салынып, ол түйіспенің қуаты 12%-ға артады.
5. Ішкі терминалдық желіні дамытуға қоса, Қазақстанның шетелдегі жүк қалыптастыру нүктелеріндегі географиясын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.
«Қазіргі уақытта Ляньюньган портында және Сиань қаласының құрғақ портында қазақстан-қытай терминалдары жұмыс істеп тұр, сондай-ақ қазақстандық жеке сектор Поти портында терминал салды», — деді спикер.
Сонымен қатар Алят портында, Мәскеу маңындағы Селятино стансасында, Беларусьтегі Свислочь стансасында және Ташкентте терминалдар іске асыру сатысында. Олардың жалпы қуаты жылына 1 млн-нан астам контейнерді құрайды. Болашақта Румыния (Констанца), Мажарстан (Будапешт) және Қытайдың Үрімші (ШҰАР) қаласында бірлескен терминалдар ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда. 2025 жылғы қаңтарда Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі 2,8 млн тоннаға жетті, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% артық. Достық шекаралық өткелі 12% өсімді тіркеп, 1,5 млн тоннаға жетті. Алтынкөл өткелі арқылы 1,3 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 25%-ға артық. Қазақстандық жүктердің ҚХР-ға экспорты 5%-ға өсіп, 1,1 млн тоннаны құрады. Металл кендерін тасымалдау 5% (652 мың тонна), қара металдарды тасымалдау 77% (104 мың тонна), мұнай өнімдерін тасымалдау 50% (32 мың тонна) және басқа да жүктерді (кебек, құрама жем, өсімдік майы) тасымалдау 30% ( 215 мың тонна) ұлғайды.
«Жалпы алғанда, сыртқы терминалдық қуаттар 4 есеге өсіп, жылына 2 млн 500 мың контейнерге жетеді, бұл өз кезегінде жүк ағындарын біздің көлік инфрақұрылымымызға тартуға мүмкіндік береді. Осы жасалып жатқан жобалардың арқасында транзит 3 есеге артып, 76 млн-ға жететін болады. Бұл еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін дамуына үлкен үлес қосады», — деп атап өтті ҚР көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов
Оның айтуынша, ел ішіндегі жолаушылар тасымалына байлангысты биыл жолаушылардың жайлылығы мен тасымал сапасын арттыру үшін 226 жаңа вагон сатып алынады. Вагондар отандық ЗИКСТО зауыты мен Штадлер компаниясында өндіріледі.
Аталған жылы вагондар 13 бағыт бойынша қатынайды, оның ішінде:
1. 351/352 Алматы-2 – Өскемен;
2. 139/140 Павлодар – Пресногорьковск;
3. 353/354 Астана – Семей;
4. 623/627 Астана – Қызылту – Петропавл;
5. 21/22 тіркемелі вагон Алматы – Семей;
6. 22/6941 тікелей қатынайтын вагон Алматы – Достық;
7. Қарағанды – Астана;
8. Ерейментау – Астана.
Сонымен қатар халықаралық бағыттар:
1. 302/301 Алматы – Новосибирск;
2. 145/146 Қарағанды – Омбы;
3. 7/8 Алматы – Мәскеу;
4. 113/114 Алматы – Қазан;
5.53/54 Астана – Достық бағыттары бойынша вагондары жаңартылады.
«Жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретханалар, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ерекше санаттағы жолаушыларға, мәселен мүгедектігі бар жандарға, балалар мен қарт адамдарға ыңғайлы жағдай жасалады», — деді спикер.
Айта кетейік, былтыр осы мақсатта 143 жаңа вагон сатып алынған болатын. Ал негізінен 2029 жылға дейін отандық вагондар паркін 1000 вагонға дейін жаңарту жоспарда бар. Сұраныстың көбейіуіне байланысты жолаушылар тасымалы жылдан жылға өсіп келеді, 2024 жылдың қортындысы бойынша 2023 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 5,6%-ға өсіп, 20,8 млн жолаушыға жетті. 2025 жылы осы көрсеткішті 1 млн жолаушыға арттырып, жолаушылар санын 21,8 млн-ға жеткізу жоспарлануда.

«Жоғары сұраныстағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатын мейрамдар кезінде жыл сайын тұрақты түрде қосымша пойыздар іске қосылып жүр. Биыл да «Наурыз» мейрамы қарсаңында Алматы, Ақтөбе және Шымкент бағыттары бойынша 43 мың орын ұсынылады», — деді Нұржан Келбуғанов.
Баспасөз мәслихатында сөз алған көлік саясаты департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов елімізде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі қалыпты әрі тиімді жағдайда жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстанның Еуразияның дәл жүрегінде орналасуы – біздің үлкен бәсекелік артықшылығымыз. Көлік министрлігі транзиттік жүк тасымалын дамытуға ерекше көңіл бөлуде», — деді ол.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың негізгі нәтижелері келесідей:
Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалы 34 млн тоннадан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға көп.
Барлық жүктің 80%-ы теміржол арқылы, 20%-ы автокөлікпен тасымалданды.
2030 жылға дейінгі көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты шаралар іске асырылып жатыр. Қазір екі негізгі транзиттік дәлізге басымдық берілуде:
1.Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ). Бұл бағыт Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен және Ұлы Жібек жолының қайта жандануымен тығыз байланысты. Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімдер аясында 2030 жылға дейін ТХКБ арқылы 2 мың контейнер тасымалдау жоспарланған.
2.«Солтүстік–Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағыты. 2024 жылғы шілдеде Қазақстан Ресей, Түрікменстан және Иранмен бірлесіп, 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды. Осы бағытты дамыту үшін арнайы Жұмыс тобы құрылды.
«Алдағы 5 жылда Қазақстандағы транзиттік жүк тасымалы көлемі екі еседен артық өсіп, 74 млн тоннаға жетуі тиіс. Инфрақұрылымды дамыту және халықаралық әріптестікті нығайту арқылы Қазақстан Еуразиядағы басты транзиттік хаб ретінде өз орнын одан әрі күшейтеді», — деді көлік саясаты департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов.
Айта кету керек, былтыр көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Шымкент, Павлодар және Қызылорда қалаларындағы теміржол вокзалдарында толық реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар жолаушыларға сапалы әрі ыңғайлы қызмет көрсетуге, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай етуге бағытталған. 2024 жылы Шымкент және Павлодар қалаларының теміржол вокзалдары реконструкциядан өтсе, Қызылорда қаласының теміржол вокзалы күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды. Шымкент вокзалының өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Бұрын тәулігіне 2000 жолаушыға қызмет көрсетілсе, қазір бұл көрсеткіш 6000 жолаушыға жетті. Ғимараттың жалпы аумағы 1770,2 шаршы метрден 2250 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Павлодар вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі жүк және жолаушылар жедел сатысы орнатылды. Ғимарат ішіне тактильді бағыттағыштар төселіп, арнайы демалыс бөлмелері мен санитарлық тораптар жасақталды. Қызылордада 1905 және 1968 жылдары салынған екі тарихи ғимарат жаңғыртылып, жолаушылар ағыны бірнеше есе артты. Үш вокзалда да жөндеу жұмыстары аясында сыртқы келбеті жаңартылып, есік-терезе жүйелері мен инженерлік коммуникациялар ретке келтірілді. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін пандустар, тактильді жолақтар және арнайы кассалар орнатылды. Сонымен қатар заманауи WiFi аймақтары, ақпараттық экрандар мен рентген аппараттары іске қосылды. Қазіргі таңда әртүрлі бағытта Шымкент вокзалынан 20 жұп, Павлодар вокзалынан 16 жұп, ал Қызылорда вокзалынан 15 жұп пойыз қатынайды.
«Елімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзиттік хабқа айналу үшін әр түрлі салада бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Теміржол және транзит саласында да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі инфрақұрылым жобалары қарқынды жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік-әлеуетін арттырып, тасымал саласының дамуына әсер етеді», — деп атап өтті Нұрлан Кеңесов.
Оның айтуынша, негізгі жобалардың ішінде биыл «Достық–Мойынты» және Алматы айналма теміржол желілері аяқталып, пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар:
«Дарбаза–Мақтаарал» және «Аягөз–Бақты» жаңа теміржол өткелдері салынуда;
366 шақырымға созылатын «Қызылжар–Мойынты» теміржол желісі құрылып, Транскаспий халықаралық көлік бағдары 150 шақырымға қысқарады;
«Алтынкөл–Жетіген» және «Бейнеу–Маңғыстау» (700 шақырым) учаскелері жаңғыртылады;
1200 шақырымдық «Қызылжар–Сексеуіл» және «Шалқар–Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жүйесі енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Бұл жобалар арқылы еліміздің ішкі-сыртқы жүк тасымалының жылдамдығы, теміржолдың өткізу қабілеті, транзиттік жүк ағыны артады.
Ұзақ мерзімді перспективада 2029 жылға дейін:
- Ресеймен шекарадағы 5 теміржол түйіспесінің өткізу қабілеті 20%-ға, ал Өзбекстанмен шекарадағы Сарыағаш түйіспесі 12%-ға артады;
- Транскаспий халықаралық көлік дәлізі аясында контейнер тасымалы 4 есеге артады;
- Солтүстік–Оңтүстік дәлізі бойынша арнайы Жол картасы жүзеге асырылады;
- Қазақстанның транзиттік жүк тасымалы көлемі 76 млн тоннаға дейін өседі;
- 11 мың шақырым теміржолға күрделі жөндеу жүргізіледі деген жоспар бар.
#Инфрақұрылымдық даму #Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасы«Халықаралық аренада Қазақстан Ляньюньган (Қытай), Поти (Грузия), Алят (Әзірбайжан), Мәскеу маңы (РФ), Свислочь (Беларусь) және Ташкенттегі терминалдарды дамыту үстінде. Болашақта Констанца (Румыния), Будапешт (Венгрия) және Үрімші (Қытай) қалаларында жаңа терминалдар ашу жоспарланып отыр», — деп түйіндеді көлік саясаты департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу