Трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану келісімдер негізінде жүзеге асырылады

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ведомствоның трансшекаралық суды пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмысы туралы айтып берді.

Бірінші вице-министрдің сөзінше трансшекаралық су ресурстарын қорғау және оларды ұтымды пайдалану мәселесі Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі әрі елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

«Қазақстан Республикасында 8 су шаруашылығы бассейні бар, олардың жетеуі көршілес мемлекеттермен шектеседі. Жалпы алғанда, осы 7 су шаруашылығы бассейнінде су ресурстары Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп қалыптасатын және пайдаланылатын 58 трансшекаралық өзен бар. Трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады. Аталған келісімдерді жүзеге асыру мақсатында бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары жұмыс істейді, олардың аясында су ресурстарын бөлу, су пайдалану режимдерін келісу және гидрологиялық ақпарат алмасу мәселелері қарастырылады», — деді вице-министр.

Министрліктің қызметіндегі басым бағыттардың бірі – трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Қазақстан Республикасы трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенцияның (Хельсинки конвенциясы), сондай-ақ халықаралық су ағындарын кеме қатынасына жатпайтын мақсаттарда пайдалану құқығы туралы Конвенцияның (Нью-Йорк конвенциясы) белсенді қатысушысы. Осы халықаралық шарттарға қатысу Қазақстанның су ресурстарын орнықты және ұтымды пайдалану, су экожүйелерін қорғау қағидаттарына, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік ұстанымын көрсетеді.

Қазақстан Хельсинки конвенциясының ережелерін жүзеге асыру аясында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды және Конвенция Бюросының мүшесі. Бұл Қазақстанның трансшекаралық су ынтымақтастығы саласында халықаралық күн тәртібін қалыптастыру мен шешімдер қабылдаудағы жетекші рөлін айқын көрсетеді. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы су саласындағы ынтымақтастық 2010 жылдан бастап қолданыстағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылуда. Аталған келісім аясында Қазақстан – Ресей бірлескен комиссиясы, сондай-ақ Ертіс, Есіл, Тобыл және Жайық өзендерінің бассейндері бойынша жұмыс топтары жұмыс істейді. Бұл құрылымдар тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруге, ағымдағы мәселелерді жедел талқылауға және келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Берілетін су ағынының көлемі нақты жылдың өзен суының болжамды су молшылығына байланысты айқындалады, ал ел аумағына келіп түсетін судың есебі шекаралық гидробекеттер арқылы жүргізіледі.

Осылайша, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілген бақылауларға сәйкес, 2018–2022 жылдар аралығында Жайық өзенінде су аз кезеңі байқалды. Осыған байланысты 2020 жылы Қазақстан мен Ресей Жайық, Ертіс және басқа да ортақ өзендер бассейндеріндегі су ресурстары жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен Бірыңғай жол картасын қабылдады. Бұл құжат өзендердің жағдайын және олардың су режимін климаттың өзгеруі мен басқа да табиғи факторларды ескере отырып бірлесіп зерттеудің негізі болды.

Осы зерттеулердің нәтижелері су ағындарын дұрыс басқару үшін қажет: көктемгі су тасқыны кезінде жеткілікті су көлемін қамтамасыз ету, құрғақшылық жылдары экологиялық су жіберулерін жүргізу, сондай-ақ су тасқыны толқындарын қалыптастыру арқылы су алаптарын суға малдыру және балықтың төлдеу орындарын қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету. 2024 жылы Ресей Федерациясымен шектес трансшекаралық өзендер бассейнінде тасқындарға байланысты уәкілетті органдардың әрекеттері үйлестіріліп, алдын алу шаралары кешені өткізілді. Осыған байланысты Жайық өзеніндегі тасқындық су жіберулері экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді: шамамен 80 млн м³ су 20 жыл бойы толмаған Камыш-Самар көлдеріне бағытталса, Каспий теңізіне шамамен 17 млрд м³ су келді.

Күрделі су тасқыны жағдайы су ресурстарын жедел және бірлесіп басқарудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Осы шақыруларға жауап ретінде 2024 жылы Көктемгі су тасқындары мен су тасқыны кезеңдерін басқаруға арналған Қазақстан – Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Сумен қамтылатын қорларды үйлестірілген басқарудың арқасында су тасқындары қаупі төмендетіліп, трансшекаралық өзендерді қауіпсіз әрі тұрақты пайдалану қамтамасыз етілді. Ынтымақтастық осы жылы да жалғасуда. Тұрақты өзара әрекет аясында Жайық өзені бассейніндегі су қоймаларының жұмыс режимін үйлестіру жүргізіледі. Қазақстан өкілдері Ирикла су қоймасын басқаруға арналған ведомствоаралық топ жұмысына қатысып, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі оның жұмыс режимін бірлесіп айқындайды. Ресей Федерациясымен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық тұрақты негізде жүзеге асырылып, екі тараптың серіктестік, өзара сенім және көршілестік қағидаттарына адалдығын айқын көрсетеді.

Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 2001 жылғы келісім аясында жүзеге асырылады. Келісімнің нормаларын жүзеге асыру мақсатында екіжақты Бірлескен комиссия және жұмыс топтары жұмыс істейді. Қытай тарапымен ынтымақтастық жылдары бірнеше бірлескен жобалар жүзеге асырылды, мысалы, Қорғас өзенінде бірлескен гидроүзелдің құрылысы және Сүмбе өзеніндегі су бөлу құрылғысын реконструкциялау, бұл өзендердің су ресурстарын тең пропорцияда (50/50) бөлуге мүмкіндік береді. Аталған құрылымдар екі елдің инженерлік және ғылыми әлеуетінің бірлескен үлгісі. Сонымен қатар Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су бөлу құрылғысын салу бойынша келісім бар.

«Қазіргі уақытта ынтымақтастықтың жауапты кезеңіне – трансшекаралық өзендерде суды бөлу бойынша Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы Келісім жобасын дайындауға кірістік. Сонымен қатар трансшекаралық су бөлу туралы мемлекетаралық келісімнің жоқ болуына қарамастан, жүргізілген келіссөздер нәтижесі мен көршілестік қатынас қағидаттарына сүйене отырып, Іле өзенінің шекаралық гидробекетінде су келу деңгейі орташа көпжылдық нормасында қамтамасыз етіледі. Мұндай тәсілдің тиімділігінің айқын мысалы ретінде Балқаш көлін көрсетуге болады, оның деңгейін 341 м (Балтық биіктіктер жүйесі бойынша) оптималды деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік туады. Мысалы, Балқаш көлін сақтау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы екі жыл ішінде су қоймасына шамамен 30 млрд м³ су жіберілді, бұл оның деңгейін тұрақтандыруға және экожүйенің деградация қаупін төмендетуге мүмкіндік берді», — деді вице-министр.

Қазақстан Республикасының Орталық Азияның көршілес мемлекеттерімен ынтымақтастығы терең тарихи тамырларға және институттық тұрақты негізге ие, ол әлі Кеңес дәуірінде қаланған және тәуелсіздік алғаннан кейін сақталған. Сырдария өзені бассейнін қарастырсақ, ынтымақтастықтың құқықтық негізі 1992 жылғы 18 ақпанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасында мемлекетаралық су ресурстарын бірлесіп басқару туралы жасалған келісім болды. Келісім аясында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы тиімді жұмыс істеп, су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру, су пайдалану лимиттерін бекіту және гидрологиялық жағдайдағы өзгерістерге жедел әрекет ету үшін негізгі алаң ретінде қызмет атқаруда. Комиссияның жұмысы елдер арасындағы сенімділікті нығайтып, трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға қатысты келісілген шешімдер қабылдауды қамтамасыз етуде. Сырдария өзені бассейнінде Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы ерекше дамыды: 15 қарашада трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару туралы жаңа Келісімге қол қойылды, ол ұзақ мерзімді жобаларға және су ресурстарын кешенді басқаруға мүмкіндіктер ашады. Су пайдалану үйлестіру және су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу бойынша қабылданған шаралардың жиынтығы аймақ экологиясына, соның ішінде Солтүстік Арал теңізінің қалпына келуіне оң әсерін тигізіп, мемлекетаралық келісілген шешімдердің тиімділігін көрсетеді.

Су аз болатын кезеңге қарамастан, Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру және мемлекетаралық келісімдерді қатаң орындау нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Арал теңізіне 6 км³-дан астам су келді. Нәтижесінде, Солтүстік Арал көлемі 2023 жылдың басында 18,4 км³ болса, қазіргі уақытта 23 км³-ге жетті, бұл климаттың өзгеруі жағдайында да диалог пен үйлестірілген іс-қимылдардың тиімділігін растайды.  Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Шу және Талас өзендері бойынша ынтымақтастық 2000 жылы қол қойылған Келісім негізінде табысты дамып келеді. Осы құжат аясында Шу–Талас су шаруашылық комиссиясы тұрақты түрде жұмыс істейді, жылына кемінде екі рет су шаруашылық нысандарын бірлесіп күтіп ұстау мәселелерін қарайды, олардың жұмыс режимдерін үйлестіреді және су беру кестесін вегетациялық кезеңге бекітеді.

2025 жылы комиссия екі рет жиналды. Сәуір айындағы отырыста су беру кестесі бекітілді, бұл вегетациялық кезеңді тұрақты және алдын ала болжанған режимде өткізуге мүмкіндік берді. 2025 жылы Шу–Талас өзендері арқылы жалпы 2 млрд 473 млн м³ су келді, оның ішінде Шу өзені арқылы – 1 млрд 733 млн м³, Талас өзені арқылы – 740 млн м³ су келді.  Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың келісім-құқықтық базасын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 2000 жылғы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы әзірленіп, келісілуде. Бұл құжат қазіргі су бөлу механизмдерін нақтылау мен жаңарту, сондай-ақ трансшекаралық гидротехникалық нысандарда тұрақты жөндеу және эксплуатациялық жұмыстар жүргізудің құқықтық негіздерін бекітуге бағытталған.

Қорытындылай келе, Қазақстанның көрші мемлекеттермен трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелеріндегі өзара әрекеті жүйелі және конструктивті негізде ұйымдастырылғанын атап өтуге болады. Диалог көршілестік қатынастар, өзара құрмет және барлық тараптардың мүдделерін ескеру принциптеріне сәйкес жүргізіледі.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу