13 Ақпан 2025, 19:14

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева баспасөз конференциясын өткізді. Өз кезегінде басқарма басшысы Министрліктің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады.
Полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева ішкі істер органдарының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшесі құрылғанын жеткізді. Аталған бөлімшенің ерекшелігі Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, мұндағы қызмектерлер қатарында барынша көбірек әйел-азаматтар қызмет етеді.
«Бұл зардап шегушілердің әйел қызметкерлерге оқиғаның мән-жайларын ұялмай ашып айтуына, яғни сенім факторына ықпал етеді. Бұл тәсіл дәлелдерді бекітуге, жасалған әрекеттің бәрін нақты, уақтылы және егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді спикер.
Оның айтуына қарағанда, биылғы қаңтар айында елімізде яғни Республика аумағында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық ауқымды іс-шара өткізіліп, ол айтарлықтай нәтиже берген:
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға қысқарған.
- Ауыр қылмыстар саны азайып, оның ішінде тұрмыс саласындағы кісі өлтіру 6,7%-ға азайған.
- Денсаулыққа ауыр зиян келтіру жағдайлары 12%-ға, ал орташа ауырлықтағы зиян келтіру 67%-ға азайған.
«Жаңа атап өтілгендей полицияға жыл сайын ел бойынша 100 мыңға жуық тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама келіп түседі. Олардың барлығы бойынша ден қою шаралары қабылданады. Биылғы қаңтар айында 10 мың дебошир әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 2,7 мыңы қамауға алынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға жоғары. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 10 мыңға жуық қорғау нұсқамасын шығарды», — деп баяндады полиция полковнигі.

Келтірілген деректерге сүйенсек, полициялардың өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 2,4 мың ерекше талап белгілеген, олардың жартысынан көбі құқық бұзушыларға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу бойынша. 51 құқық бұзушы тұрғын үйден уақытша шығарылып, оларға әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттері үшін ойлану, яғни, белгіленген уақыт аралығанда ақылға келу ұсынылады немесе заң нормалырына сәйкес отбасын қолдау орталықтарында олармен психологтар жұмыс істейді. 48 «дебоширге» қатысты соттар денсаулық сақтау органдарында міндетті психологиялық көмек алуды тағайындады. Олардың тарапынан белгіленген шектеулерді бұзған 2,3 мың бұзушылықтың жолы кесілді.
Бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге 74 дағдарыс орталығы көмек көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл жолға қойылған. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 1 мыңнан астам әйел жүгініп, оның 708-і балаларымен баспанаға орналастырылды.
«Жалпы, бұл мәселеге деген көзқарас өзгерді. Жәбірленушілердің өздері, туыстары мен көршілері мұндай жағдайлар туралы белсенді түрде хабарлай бастады. Осыған байланысты ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болып отыр», — деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар ғалымдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты себептері әлеуметтік тұрақсыздық пен өмірлік қиын жағдайдың салдары, моральдық негіздердің төмендеуі, адамдардың бір бөлігінің қоғамнан оқшаулануы, алкоголизм, нашақорлық және лудоманияға бой алдырғанының салдары екенін дәлелдеген.
Үкімет осыған байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау жөніндегі жол картасын қабылдап, өмірлік қиын жағдайларға тап болған, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды уақтылы анықтау және мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігін арттыруға екпін беріліп отыр.

Ақмарал Серікбаева өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобилді топтар құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған топтардың жұмысы барысында полиция қызметкерлері жыл басынан бері мекен-жайы бойынша 4 мыңға жуық отбасын қарап, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 151 отбасын анықтаған. Ол отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілген.
«Елімізде Отбасын қолдау орталықтары институты заңнамалық түрде енгізілді, өңірлерде осындай 48 орталық ашылды. Отбасын қолдау орталықтары барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын үйлестіреді. ІІО-ның жаңа бөлімшесі қызметкерлері өз қызметінің бекітілген қағидалары шеңберінде осы орталықтармен белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді», — деп баяндады ол.
Бірлескен жұмыс құрбандарды кешенді түрде қорғауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және агрессорларды оңалтуға бағытталған.
Сөз соңында Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева Ішкі істер министрлігі шешуші және заманауи шараларға дайын екенін айтып, құрбандарды қорғау және зорлық-зомбылықтың жолын кесу ұлттық басымдыққа айналатынына сендірді. Сонымен қатар Қазақстан ТМД-да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің осындай кешенді моделін енгізген бірінші ел екенін баса айтты.
«Біз тек салдарға жауап беріп қана қоймай, жүйені өзгертіп, зорлық-зомбылықтың себептерімен күресеміз», — деп түйіндеді сөзін полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаева.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу