Ұлттық иммундау саясатын жүргізудің арқасында вирустық гепатиттің төмендеуі байқалып отыр

Биыл Еуропалық иммундау апталығы 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен «Иммундық профилактика мәселелері туралы» атты баспасөз мәслихатында айтылды. 

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

«Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) – иммундауды насихаттаудың тиімді механизмі. ЕИА-ның мақсаты – иммундауға назар аудару және халықтың иммундаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы вакцинациялау науқандары адамзаттың ең үлкен жетістіктерінің бірі болып санала, бұл бізге шешек ауруын жоюға, полиомиелитті жеңуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті Нұршай Әзімбаева

Оның айтуынша, Қазақстандағы иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакциналауды қамтиды. Жыл сайын республика бойынша 4 млн астам адам егіледі. Вакциналарды сатып алуға шамамен 38 млрд теңге бөлінеді. Иммундау арқылы инфекциялар мен олардан болатын өлімді азайту үшін көп шаралар жасалды. Мысалы, 1996 жылдан бастап полиомиелит, 2009 жылдан бастап дифтерия жағдайлары тіркелмеген. Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидпаротит, А вирустық гепатиті, В вирустық гепатиті, қызамықпен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды. 

«Барлығына иммундауға қол жеткізу – біздің қолымызда» ұранымен өткізілетін Еуропалық иммундау апталығының негізгі тақырыбы – қазір және болашақта аурудың өршуіне жол бермеу үшін халықты вакцинациямен қамтудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу. 

Биыл республикалық деңгейде Алматыда 10-11 сәуірде медицина қызметкерлері үшін халықаралық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен ғылыми конференция өткізілді, сондай-ақ студенттер арасында АПВ-ға қарсы вакцинация мәселелерін талқылау бойынша пікірталас ұйымдастырылды.

Елімізде жоспарлы иммундау бағдарламасы қарқынды жетілдірілуде және кеңейтілуде. 2024 жылы Ұлттық егу күнтізбесіне жатыр мойны обырының және қатерлі ісіктің басқа да түрлерінің қоздырғышы болып табылатын адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация енгізілген.

Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орында және фертильді (25-44) жастағы әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімінің екінші себебі болып саналады. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу еліміздің болашақ ұрпағының денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам саналады.

Қазіргі уақытта иммунизациялау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакцинациялауды қамтиды. Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында келесідей сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды:

  • эпидпаротит – 100 еседен астам (яғни 1990 жылғы 12194 жағдайдан 2024 жылғы 118 жағдайға дейін);

  • А вирустық гепатиті – 32 еседен астам (яғни 1990 жылғы 73 962 жағдайдан 2024 жылғы 2289 жағдайға дейін);

  • В вирустық гепатиті – 92 есе (1990 жылғы 5287 жағдайдан 2024 жылғы 57 жағдайға дейін); 

  • қызамық – 2 мың еседен астам төмендеген.

Сіреспемен сырқаттану деңгейі тұрақты – аурудың тек бірлі-жарым жағдайлары кездесуде. Мәселен, 1990 жылғы 13 жағдайдан былтырғы жылы – 2 жағдайға дейін төмендеуі тіркелген.

Мамандардың зерттеуінше, соңғы 2-3 жылда біздің елімізде, көптеген елдердгі сияқты, қызылша мен көкжөтел бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық байқалады. Бұл ретте, жағдайлардың басым көпшілігі жоспарлы вакцинация алмаған балаларға тиесілі (қызылша бойынша 75%-дан астамы және көкжөтел бойынша 87%-ы егілмегендер). Республикада қызылша, көкжөтел жағдайларының өсуі инфекцияның алдын алуда иммундаудың маңыздылығын көрсетеді.

«Иммунизацияның қол жеткізілген жетістіктерімен қатар, көптеген адамдар жоғарыда аталған инфекциялардың қаншалықты ауыр екенін ұмытып, вакцинациядан бас тарта бастады. Елімізде бас тартушылардың саны жыл сайын артып келеді, тек осы жылдың 1 тоқсанында 7 мыңға жуық ата-ана балаларын вакцинациялаудан бас тартты, бұл қызылша мен көкжөтел бойынша ағымдағы жағдайға әсер етеді. Халықтың иммунопрофилактика мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру осы себепті маңызды», — деді Нұршай Әзімбаева.

ЕИА-ның шеңберінде елімізде:

  • дөңгелек үстелдер, брифингтер, журналистермен, блогерлермен және медиа кеңістігіндегі дәрігерлермен кездесулер;

  • вакцинацияның маңыздылығын талқылау үшін педиатрларға, эпидемиологтарға, жалпы тәжірибе және басқа профильді дәрігерлерге арналған конференциялар;

  • иммундаудың маңыздылығы туралы көрнекі материалдарды басып шығару, тарату жоспарлануда.

Сондай-ақ вакциналар мен вакцинациялар туралы сенімді деректер орналастырылған egu.kz сайты және 7701 сенім телефонының нөмірі туралы ақпаратты тарату бойынша да жұмыстар ұйымдастырылуда.

«Сөз соңында айтарым, ата-аналар, Сіздің балаларыңыздың денсаулығы Сіздің қолыңызда! Вакцинамен басқарылатын инфекциялардан және олардың салдарларынан қорғау үшін балаларыңызды уақтылы егуді ұмытпаңыздар», — деді Нұршай Әзімбаева.

Өз кезегінде, ДДҰ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Сәуле Қасымова Еуропалық иммундау апталығы барысында 2030 жылға дейін иммундау саласындағы еуропалық күн тәртібін іске асыру басты орын алатынын хабарлады. 

«Стратегияны аймақтың барлық 53 мемлекеті қолдады, оның ішінде Қазақстан да бар», — деп атап өтті ол. 

Оның айтуынша, 2002 жылдан бастап аймақта эндемиялық полиомиелит тіркелмеген. Бұл ретте анағұрлым өршіл міндет — қызылша, қызамық, В гепатиті, жатыр мойны обырын жою, сондай-ақ халықты өмірдің барлық кезеңінде вакциналаумен қамту белгіленді.

«Иммундау тек жеке қорғаныс емес. Бұл біздің отбасыларымызды, мектептерімізді, қауымдастықтарымызды қорғау. Бұл елдің тұрақты дамуына, денсаулығына және экономикалық әл-ауқатына инвестиция», — деп түсіндірді Сәуле Қасымова.

Күн тәртібі төрт басымдыққа негізделген:

1. Ұлттық вакцинация бағдарламаларын нығайту — олардың тұрақтылығын, тиімділігін және денсаулық сақтау жүйелеріне кірігуін арттыру;

2. Қамтудағы олқылықтарды анықтау және жою — әсіресе осал және аз қамтылған топтар арасында;

3. Мәдени және мінез-құлық ерекшеліктерін ескере отырып, халықтың қажеттіліктеріне иммундау қызметтерін бейімдеу;

4. Мемлекеттік, білім беру, діни және азаматтық ұйымдар арасындағы әріптестікті дамыту. 

«Алайда, қиындықтар жоқ емес. 2024 жылы еуропалық аймақта қызылшаның 127 мыңнан астам жағдайы тіркелді, науқастардың жартысына жуығы ауруханаға жатқызылды. Бұл деректерге сүйеніп, иммундауды қолға алмаған кез келген елде аурудың өршуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн», — деді спикер

Оның айтуынша, 1974 жылдан бері вакцинациялау 154 млн астам адамның өмірін сақтап қалды — бұл дегеніміз 50 жыл бойы күнде әр минут сайын 6 адамның өмірі сақталды дегенді білдіреді. Бұл ұлттық иммундау бағдарламаларына үздіксіз инвестиция салудың маңызын көрсетеді. Вакцинациялаудың пайдасы тек өмірді сақтаумен шектелмейді. Бұл – адам өмірін қорғау, ауыр дерттердің қаупін азайту, микробтарға қарсы тұруға үлес қосу, емдеу шығындарын азайту, отбасыларды экономикалық қиындықтардан қорғау.

«Сол кезеңде нәрестелер арасындағы өлім-жітім 40%-ға төмендеді, ал қызылшаға қарсы вакцина барлық құтқарылған адамдардың 60%-ын қамтамасыз етті. Бұл ұлттық иммундау бағдарламаларына үздіксіз инвестиция салудың маңыздылығын көрсетеді», — деді спикер.

Қазақстанда 30 жылдан бері БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қоры иммундау бағдарламасы арқылы жұмыс істей бастады. Вакциналарды сатып алуға, оларды салқын жерде ұстауды қамтамасыз етуге басты назар аударылды. Бұл вакциналармен қамтамасыз етуге салынған инвестиция болды, бірақ 2018 жылы қызылша ауруы тіркелген кезде, иммундаудың негізгі проблемасы ата-аналардың балаларын иммундауға құлықсыз екендігі анықталды.

Қазақстанда 2024 жылы маңызды прогреске қол жеткізілді. Адам папилломасы вирусына (ВПЧ) қарсы ұлттық вакцинация науқаны басталды. Бұл әйелдердегі жетекші онкологиялық аурулардың бірі болып саналатын жатыр мойны обырының алдын алу жолындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар Қазақстан ДДҰ әзірлеген «Иммундық патруль» цифрлық білім беру платформасын мектеп бағдарламасына пилоттық түрде енгізген Еуропа өңірі елдерінің біріне айналды.

«Платформа қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 10-12 жастағы балаларды иммунитет және инфекциялардың алдын алу негіздеріне ойын түрінде үйретеді. Бүгінгі таңда оны 20 аймақтағы 40 пилоттық мектеп пайдаланады. Дайындықтан өткен мұғалімдер өз тәжірибелерін басқа мектептермен және аймақтармен бөліседі», — деп түсіндірді Сәуле Қасымова.

Еуропалық иммундау апталығы аясында Қазақстанда бірқатар іс-шараларды іске асыру жоспарлануда:

  • Мектептердегі «Иммундық патруль» платформасы бойынша ашық сабақтар;

  • Медицина қызметкерлеріне арналған оқыту сессиялары;

  • Вакцинациямен қамтылуы төмен өңірлерге сапарлар;

  • Ата-аналар қауымдастығымен түсіндіру жұмысын өткізу;

  • БАҚ-та медициналық сарапшылармен радио хабарлар әзірлеу, мақалалар мен сұхбаттар дайындау.

«Вакцинация тек медициналық қызмет емес, бұл қоғамдық денсаулықтың негізі. Ол толыққанды өмір сүру мүмкіндігі және қоғам мен экономиканың тұрақтылығының кепілі. Бұл әркімнің болашаққа қосқан үлесі», — деп түйіндеді сөзін маман. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу