Ұлттық жоба: Қазақстанда 200-ге жуық ауыл алғаш рет үйдің жанындағы медициналық көмекке қол жеткізді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, ҚР денсаулық сақтау министрлігі «Turar Healthcare» АҚ басқарма төрағасы Асқар Хорошаш, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің директоры Самат Рамазанов қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі баяндады. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде жұмыс істеп тұрған нысандар жөнделіп, жаңартылады, сондай-ақ жаңалары салынады. Құжат бойынша барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны жоспарланған, оның 540-ы салынып бітті, тағы 115-і жыл соңына дейін аяқталады.

«Бұл ретте 200-ге жуық ауылдық елді мекенде алғаш рет жаңа медициналық мекемелер пайда болды, осылайша медициналық көмек ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бола түсті. 346 нысан ескірген ғимараттардың орнына, 194 нысан бұрын медициналық инфрақұрылыммен қамтылмаған ауылдарда салынды. Аяқталған 540 нысанның 227-сі медициналық пункт, 187-сі фельдшерлік-акушерлік пункт және 126-сы дәрігерлік амбулатория. Жоба бойынша барлығы 260 медициналық пункт, 235 ФАП және 160 дәрігерлік амбулатория тұрғызылады. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына қажеттілікті қалыптастыру ауылдық елді мекендерді іріктеу жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша халық санын ескере отырып Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес жүзеге асырылған», — деді Тимур Мұратов.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысына республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы – 22,9 млрд, 2024 жылы – 79,6 млрд, 2025 жылы – 16,9 млрд теңге. Биыл бұл нысандарды қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Әрбір нысанның жобасы бірыңғай стандарттар бойынша әзірленеді және оған телемедицина, физиотерапия кабинеттері, дәріхана пункттері, емдік дене шынықтыру залдары кіреді. Олар үшін жабдықтардың 70%-дан астамын отандық кәсіпорындар өндіреді.

«Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мерзімдері мен құнын оңтайландыру мақсатында Ұлттық жобада медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету объектілерінің оңтайлы параметрлеріне сәйкес, мәселен, үй-жайлардың біркелкі жиынтығы мен ауданы, жабдықталуы, безендірілуі, сәулеттік келбеті және тағы басқалар үшін жобалаудың бірыңғай тәсілі қарастырылған. Бірыңғай жобалаушы – "Turar Healthcare" АҚ комерциялық емес ұйымы Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары сынды 5 климаттық және сейсмикалық аймақта медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үш түрі – медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бойынша жобалар әзірледі», — дейді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, жалпы алғанда, жобалардың жалпы құнының шамамен 70%-ын құрылыс-монтаждау жұмыстары, 20%-ын құрал-жабдықтар және 10%-ын басқа да шығындарды құрайды. Құрылыс нормаларына енгізілген медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерінің үй-жайларының құрамы мен алаңындағы өзгерістер мыналар:

Медициналық пункт үшін физиотерапия кабинеті және тәулік бойы жұмыс істеуге арналған дәріхана, ФАП-тарға телемедицина үшін ақпараттық технологиялар кабинеті (АТК), физиотерапия кабинеті және жеке кіреберісі бар дәріхана, дәрігерлік амбулаторияға АТК, физиотерапия, жаттығу терапиясы кабинеттері және жеке кіреберісі бар дәріхана қосылған. Сонымен қатар физиотерапия кабинеттері электрмен емдеу, магниттік терапия, ультрадыбыстық, жарық және ультракүлгін терапиялары, ингаляторлар және тағы басұалармен жабықталған. Жаттығу терапиясы бөлмесінде ұсақ моториканы қалпына келтіруге және дамытуға арналған әртүрлі тренажерлар, еңбек терапиясына арналған стендтер, қабырғаға арналған штангалар, кинезитерапияға арналған жабдықтар бар.

Сонымен қатар 32 аудандық аурухана, яғни жұмыс істеп тұрған 12 көпбейінді аудандық орталық аурухана (КБАОА) және 20 аудандық орталық аурухана жаңғыртылады. Бүгінгі таңда 10 КБАОА-да құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, қалғандары 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған. Олардың базасында инсульт және жүрек орталықтары, хирургия, травматология, оңалту және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Көпбейінді орталық аудандық ауруханалар бірнеше елді мекеннің, оның ішінде көрші аудандардың аумағында орналасқан елді мекендердің де тұрғындарына қызмет көрсетеді. Теміртау, Балқаш, Жаңаарқа, Үржар, Шу, Мерке, Талас және Бейнеу қалаларында сегіз аурухана қайта құрылды.

«Ұлттық жобаны жүзеге асырудағы негізгі мақсат – нормативтерге сәйкес елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен ауылдық қамтамасыз ету, қосымша 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамту, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін "алтын сағат" қағидатын сақтау, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету, ауылдық елді мекендерді медициналық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру. Жобаны жүзеге асыру қысқа мерзімде қала мен ауыл арасындағы медициналық көмекке қол жеткізудегі алшақтықты едәуір қысқартуға, сондай-ақ Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық, инфрақұрылымдық және технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Денсаулық сақтау вице-министрі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне бөлек тоқталды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру кезеңінде ауылдық денсаулық сақтау нысандарына 1009 медициналық қызметкер (459 дәрігер, 550 орта медицина қызметкері) жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) нысандарына 55 жалпы практика дәрігері (ЖПД) және 168 орта медицина қызметкері, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға (КОАА) 404 бейінді дәрігер және 382 орта медицина қызметкері жолданды.

Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының шеңберінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлеріне 100 ЕТЖ, яғни 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма жүзеге асырылуда.

«Соңғы шаралардың бірі – 2026 жылы кадр жетіспеушілігі қатты сезілетін өңірлерде аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қолға алынуда. Бұл шараны облыс әкімдіктері Үкіметтің тапсырмасы бойынша Отбасы банкімен бірлесіп жүзеге асырады. Аталған шаралар кешені ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған», — деп түйіндеді Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде дәрігерлерді қолдау үшін мемлекет әлеуметтік қолдау шараларының тұтас кешенін жүзеге асырады. Бұған тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдікпен кредит беру, біржолғы төлемдер, көтерме жәрдемақы және көлік шығындарын өтеу, балабақшаларда және медицина қызметкерлерінің балаларына жоғары оқу орындарына түсу кезінде орындарды басымдықпен беру, экономикалық ұтқырлық сертификаты, «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жалақыға үстеме ақылар және тағы басқалар кіреді.

#Баспасөз конференциясы #Денсаулық сақтау #Ұлттық жобалар

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу