Вегетация басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов 2026 жылғы вегетацияаралық кезеңде және көктемгі су тасқыны барысында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су ресурстарын реттеу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізгенін баяндады. 

Оның айтуынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы жылғы су тасқыны кезеңі штаттық режимде өткен, елдегі су қоймалары жоспарлы деңгейге дейін толтырылды, гидротехникалық құрылыстарда төтенше жағдайларға жол берілген жоқ.

Сонымен қатар еріген қар суларының едәуір көлемі лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық жіберілімдерге бағытталды. Бұл бірқатар өңірлердегі экологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

«Мысалы, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданына 1 млрд м³-тан астам су жіберілді. Ертіс бассейнінде жайылма шалғындарды суландыру үшін 9 сәуір мен 5 мамыр аралығында 5,4 млрд м³ су бағытталды. Бүгінгі күні Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің жайылмасын су басқан аумақ көлемі 297 мың гектардан асты, бұл жалпы аумақтың 88%-ына сәйкес келеді. Балқаш көлін толықтыру жұмыстары жалғастырылды, оған 2025 жылғы қазаннан ағымдағы жылдың сәуіріне дейін Қапшағай су қоймасынан 3,7 млрд м³ су жіберілді, бұл Балқаш көліндегі су деңгейін 29 сантиметрге көтеруге мүмкіндік берді. Ағымдағы және алдағы жағдайларды бағалауға көше отырып, вегетациялық маусым 2025 жылғы қуаңшылық салдарының ықпалымен өтетінін атап өткен жөн. Talsim-NG (Талсим ЭНДЖИ) гидрологиялық моделінің есептеулеріне сәйкес, ағын қалыптасатын аймақтардағы ылғал қоры біркелкі қалпына келмеген: орта таулы аймақтарда жинақталу салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, ал биік таулы аймақтарда тапшылық сақталуда. Өзен бассейндері бөлінісінде вегетациялық кезеңге сулылық мынадай деңгейде болжануда. Сырдария өзені бассейнінде шектес мемлекеттер аумағындағы су қоймаларының толымдылығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 млрд м³-қа аз. Осыған байланысты, жазғы кезеңде аталған су қоймалары жинақтау режимінде жұмыс істейтінін ескере отырып, Қазақстан аумағына келетін күтілетін ағын көлемі көпжылдық орташа норманың 70%-ын құрайды деп болжануда, бұл аз сулы жағдайларға сәйкес келеді және бассейннің орта және төменгі ағысында су ресурстары тапшылығының елеулі тәуекелдерін қалыптастырады», — деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар ол ұқсас жағдай Шу және Талас өзендері бассейндерінде де байқалатынын атап өтті. Киров су қоймасы небәрі 75%-ға толған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68 млн м³-қа аз. Орто-Токой су қоймасы 78%-ға толған, бұл да өткен жылғы деңгейден 41 млн м³-қа төмен. Тиісінше, Талас өзені бассейнінде сулылық нормадан төмен болады деп күтілуде. Шу өзені бассейнінде ағын норманың 50-75%-ы шегінде болатын орташа аз сулы режим болжануда.  Іле өзені бассейнінде, жоғарыда аталғандардан айырмашылығы, қалыпты және жоғары ағын режимі болжануда. Ағын көлемі көпжылдық нормадан жоғары және оның шегінде болады деп күтілуде, бұл орташа мол сулы гидрологиялық режимге сәйкес келеді. Осылайша, 2026 жылғы вегетациялық кезең Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында су тапшылығы тәуекелімен өтуі мүмкін.

Сонымен қатар ішкі су қоймаларын жинақтау бойынша ағымдағы жағдай жалпы алғанда тұрақты: осы жылғы 18 мамырдағы жағдай бойынша оңтүстік өңірлердің су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жинақталған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Ағымдағы вегетациялық кезеңдегі су ресурстары бойынша болжамды жағдайды ескере отырып, ел бойынша 1,2 млн га суармалы жерді суару үшін шамамен 11,0 км³ су алу жоспарлануда. Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймаларының толымдылығы 97%-ды құрайды. Қапшағай су қоймасы 98%-ға толған. 2026 жылға арналған су пайдалану лимиттері Алматы облысы бойынша – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысы бойынша – 1,8 млрд текше метр болып бекітілген. Жинақталған ресурстар көлемінің салыстырмалы түрде жоғары болуына қарамастан, Алматы облысында Күрті су қоймасы ауданында су тапшылығы тәуекелдері сақталуда. Су қоймасының ағымдағы көлемі 59,5 млн м³ құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 41,9 млн м³-қа аз.

Шу-Талас бассейнінде су қоймалары 71%-ға толған. Мұнда Қырғызстан аумағында орналасқан Киров және Орто-Токой су қоймаларының төмен деңгейде толуы алаңдаушылық туғызады. Бүгінде бұл су қоймалары орта есеппен 77%-ға толған.

«Осыған байланысты 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті мұнда 1,2 млрд м³-тен 900 млн м³-ке дейін қысқартылды. Суару кезеңінде су тапшылығы тәуекелдерін барынша азайту мақсатында Министрлік Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 17 сәуірдегі отырысында вегетациялық маусымға арналған су беру кестелерін бекітті. Бекітілген кестелерге сәйкес, Шу өзені бойынша болжамды ағын көлемі 170 млн м³, Талас өзені бойынша – 340 млн м³ құрайды. Көрсетілген көлемдерге қол жеткізілген жағдайда суару маусымы өткен жылғы деңгей шегінде өтеді. Арал-Сырдария бассейнінде ірі су қоймалары 73%-ға толған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары. Шардара су қоймасы 99%-ға толған. Осы жылғы 4-5 мамырда Ташкент қаласында өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының кездесуі қорытындысы бойынша Үшқорған ГЭС-інің жұмыс режимдері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді: мамырда ағызу көлемі 350 м³/с, маусымда – 460 м³/с болады. Бекітілген көрсеткіштер «Бахри-Точик» су қоймасына тұрақты су жеткізуді қамтамасыз етеді», — деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы.

Келесі кезеңде, «Достық» мемлекетаралық каналы бойынша тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында мамыр айының соңына дейін Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режиміне қатысты үшжақты кестеге қол қою күтілуде. Қалыптасып отырған гидрологиялық жағдайды және Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының шешімдерін ескере отырып, Қызылорда облысы үшін тұрақты суару бойынша су пайдалану лимиті 3,2 млрд м³, Түркістан облысы үшін – 3,8 млрд м³ көлемінде белгіленді. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын жедел енгізуге қол жеткізу мақсатында инвестициялық шығындарды өтеу және суару суының құнын субсидиялау үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі қаржыландыру алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайтылып, 228,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бес оңтүстік облысқа 89% тиесілі. Соның ішінде 2026 жылға Жамбыл облысында – 11,8 млрд теңге, Қызылорда облысында – 12 млрд теңге, Түркістан облысында – 31,5 млрд теңге, Алматы облысында – 4,4 млрд теңге, Жетісу облысында – 320 млн теңге қарастырылған. Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасының сөзінше жалпы, вегетация басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталған. Вегетацияаралық кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында «Қазсушар» филиалдары 1840 км ирригациялық каналға механикаландырылған тазалау жұмыстарын жүргізді, 680 шақырым ирригациялық желі реконструкцияланды және 375 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

Биыл 394 ГТС жөндеу және 2200 км-ден астам каналды тазалау жоспарлануда, оның ішінде 968 шақырым қазірдің өзінде тазартылды. Осы міндеттерді іске асыру үшін Министрлік 2025 жылы қаржылық лизинг аясында 576 бірлік арнайы техника сатып алды, оның ішінде 144 бірлік каналдарды механикаландырылған тазалау жұмыстарына тартылған. Түркістан облысында Қарақұыс және Байдібек-ата су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын, олар қосымша шамамен 69 млн м³ су жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шаруалардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» филиалдары 181 сорғы агрегатын дайындады, бұдан бөлек ең күрделі учаскелерде пайдаланылатын тағы 92 сорғы сатып алу жоспарлануда. Мысалы, «Достық» мемлекетаралық каналында 8 агрегаттан тұратын 3 сорғы стансасын пайдалану жоспарлануда. Сонымен бірге тиісті жұмыстар облыстардың коммуналдық кәсіпорындары тарапынан да жүргізілді. Атап айтқанда, бес оңтүстік өңірде 60 гидротехникалық құрылыста жөндеу жұмыстары жүргізілді, 649 шақырым канал механикалық тазартудан өтті, 16 сорғы дайындалды.

«Жұмыстағы жеке басымдық цифрландыруға берілді. Ислам даму банкінің қарызы есебінен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жалпы ұзындығы шамамен мың шақырымды және суармалы аумағы 65 мың га болатын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдарға арналған жоспарларға сәйкес бұрын реконструкциядан өткен тағы 270 канал автоматтандырылуда. Сондай-ақ бүгінгі күні ирригациялық каналдарды реконструкциялау бойынша 264 жобаға ЖСҚ әзірленуде, олардың аясында автоматтандыру және заманауи су есептеу жүйелерін енгізу шешімдері қарастырылған. Осы жылдың басынан бастап фермерлермен су беру шарттарын жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру жүзеге асырылуда», — деді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы.

Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе өтінім беруден және шарт жасасудан бастап нақты су тұтынуды дәл есепке алу мен кейінгі төлемге дейінгі су қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды. Бүгінгі күні 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалды.

Су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторингпен толықтырылуда, онымен елдің бес оңтүстік облысы толық қамтылған. Биылғы жылдың басынан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін шаю мен суаруға 1,9 млрд текше метр су алынды. Жалпы, вегетациялық кезең штаттық режимде өтіп жатыр және Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің тұрақты бақылауында. Осы вегетациялық кезеңнің өзінде ғарыштық мониторинг нәтижесінде Түркістан облысында шартсыз су алу бойынша 39 факт анықталды. Нәтижесінде аталған бұзушылықтар бойынша аграршылардың 197 га жерді суару үшін шамамен 790 мың м³ суды заңсыз пайдаланғаны анықталды. Келтірілген шығындарды өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2025 жылы бассейндік су инспекциялары тарапынан жалпы сомасы 75,2 млн теңгеге 365 әкімшілік айыппұл салынғанын атап өткен жөн. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде (қаңтар-сәуір) жалпы сомасы 41,7 млн теңгеге 149 әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен бірге 2026 жылғы 5 мамырдан бастап оңтүстік өңірлерде мобильді топ мониторингтік жұмыстар жүргізуде. Іс-шаралардың мақсаты – «Биллинг» электрондық жүйесі арқылы жер учаскелерінің ауданына негізделген су пайдалануды есепке алу шарттарының сәйкестігін зерделеу. Аталған жұмыс Бас прокуратурамен бірлесіп бекітілген «су қара нарығын жою жөніндегі» Жол картасы аясында жүзеге асырылуда.

Елдің қалған бассейндерінде 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 696,4 млн текше метр көлемінде бекітілді. Суармалы жерлердің жоспарланған аумағы 322,2 мың га құрайды. Онда су тапшылығы болжанбайды, алайда жағдай Министрліктің тұрақты бақылауында.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу