10 Қыркүйек 2025, 19:31

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров еліміздегі суару маусымының аяқталуы туралы баяндама жасады.
Өз кезегінде вице-министр биыл вегетация кезеңі күрделі климаттық жағдайда өткенін, көктемдегі аптап ыстыққа байланысты суару маусымы 20 күнге ерте басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, вегетация кезеңі басталмай тұрып, топырақтағы ылғалдың аз болуы, әсіресе оңтүстік өңірлерде, су шаруашылығына теріс әсер еткен.
«Осы жағдайда, Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральды каналы арқылы су алу көлемі айтарлықтай артты: 2025 жылдың сәуірінде секундына 87 текше метр, мамырда – секундына 66 текше метр болды. Салыстырмалы түрде, өткен жылы бұл көрсеткіштер төмен болған: сәуірде – секундына 30 текше метр, мамырда – секундына 27 текше метр. Климаттың өзгеруіне байланысты вегетация кезеңі басталғаннан-ақ қатты ыстық болды, бұл Сырдария өзенінің бүйірлік ағысының ертерек тартылуына әкелді. Нәтижесінде Шардара су қоймасына келетін судың мөлшері айтарлықтай азайды», — деп баяндады спикер.
Оның мәлімдеуінше, Сырдария өзенінің бассейніндегі бүйірлік ағын биыл норманың 86–87%-ы деңгейінде болжанған. Алайда нақты ағын норманың 60%-ын ғана құрады.
Жағдайды одан әрі қиындатқан мәселе – ішкі өзендер (Арыс, Бөген, Сайрам-Су, Ақсу, Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз) ағысының айтарлықтай азаюы. Мысалы, 2024 жылдың сәуірінде Арыс өзенінің орташа су шығыны секундына 82 текше метр болса, 2025 жылдың сәуірінде ол секундына 9 текше метрге дейін төмендеді. Ал 2025 жылдың сәуір–шілде айларында Бөген су қоймасына 114 млн текше метр су келіп түсті, бұл 2024 жылдағы 439 млн текше метрден әлдеқайда аз.
«Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайына тоқталып өтсем, Алматы және Жетісу облыстарында вегетация кезеңі қалыпты өтіп жатыр, аграрлық секторды сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай қауіптер байқалған жоқ. Қазіргі күні 269 мың гектардан астам жер суарылды: Алматы облысында – 136 мың гектар, Жетісу облысында – 133 мың гектар. Егінге қажетті суды ұйымдасқан түрде жеткізу үшін су шаруашылығы ұйымдары 14 350 шарт жасасты, оның ішінде Алматы облысында – 6 007, Жетісу облысында – 8 346. Вегетация басталғалы Жетісу облысында 1,2 млрд м³-ден астам, Алматы облысында 1,3 млрд м³ су алынды», — деп түсіндірді вице-министр.
Спикердің айтуынша, суару маусымының соңына дейін шамамен қосымша 40 млн текше метр су алу жоспарланған, бұл су пайдаланушылардың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Су ресурстары бассейндерде бекітілген кестеге сәйкес тиімді бөлініп жатыр. Бұл вегетация кезеңін су тапшылығынсыз аяқтауға кепілдік береді. Қазіргі уақытта қант қызылшасы, соя, жүгері, көпжылдық шөптер мен бақтарды суару жалғасып жатыр.
Суару жұмыстары қыркүйек айының соңына қарай аяқталады деп күтіліп отыр.
«Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарға сай өтіп жатыр. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы суаруға айтарлықтай тәуелді. Негізгі дақылдар – жүгері, көпжылдық шөптер, қант қызылшасы, бақша және көкөніс өнімдері. Суару жұмыстары облыстың 10 ауданында жүргізіледі. Алты ауданда (Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм, Меркі) ішкі су көздерін пайдаланып, су тапшылығынсыз жұмыс істеп жатыр. Төрт ауданы (Байзақ, Жамбыл, Талас, Қордай) Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу және Талас трансшекаралық өзендеріне тәуелді. Талас өзені бассейнінде суару Қырғызстанмен келісілген кесте бойынша Киров су қоймасы арқылы жүргізіледі. 8 қыркүйекке қарай 396,1 млн текше метр жоспардың орнына 389,5 млн текше метр алынды, бұл гидрологиялық жағдайдың тұрақтылығын көрсетеді», — деп түсіндірді вице-министр.
Өз кезегінде спикер Шу өзені бассейнінде суару төрт магистралды канал арқылы жүргізіліп жатқанын айтты. Оның мәлімдеуінше, вегетация кезеңіне келісілген су көлемі – 180 млн текше метр, 8 қыркүйекке қарай 148,3 млн текше метр су алынған (жоспар – 168,5 млн м³). Шу, Талас өзендерінен (Қырғызстаннан) және Тасөткел су қоймасынан алынған жалпы су көлемі 961 млн текше метрді құрайды.

5 қыркүйектегі мәлімет бойынша, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 78 925 га жерді суаруға 3902 шарт жасасты, оның ішінде 76 365 га суарылды. Облыстың 4 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Талас, Қордай) қант қызылшасы мен жоңышқаны суару жұмыстары жалғасып жатыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстанға Киров су қоймасынан секундына 5 текше метр, ал «ГМК» арнасы арқылы секундына 7,5 текше метр су жіберілуде. Бұл көлем қалған дақылдарды суаруға толық жеткілікті. Сонымен қатар Талас ауданында балық шаруашылығына арналған тоған-жинағыштарға су толтыру жұмыстары басталды. Қызылорда облысында суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені бассейніндегі жағдайға жағдайға тікелей байланысты», — деді ол.
Осыған байланысты Шардара су қоймасының жұмыс режимі вегетация кезеңінің қажеттілігіне сай реттеліп жатыр. Қызылорда облысындағы суармалы егістік көлемі – 189,6 мың га, оның ішінде 85,2 мың га күріш алқабы.
«Қазсушар» РМК филиалы шаруашылықтармен 980 жоспардың орнына 1 042 шарт жасасты. Вегетация кезеңінде 3 510 млн текше метр су алынды.
Суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» Қызылорда филиалы мен шаруа қожалықтары 357 сорғы станциясын пайдалануда, оның ішінде 60-ы – «Қазсушар» филиалының, 297-і – ЖАО, ТЖМ және диқандардікі.
«Қызылорда облысында күріш жинау жұмыстары басталды. Сонымен қатар Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады. Бүгінгі таңда олар өңірдің 75 мың га суармалы жерін қамтыды. Іс-шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде вегетация кезеңінің штаттық режимде өтуі үшін қажетті жағдайлар жасалды. Түркістан облысында 441,3 мың га суармалы жерден 3,35 млрд текше метр су алынды. “Қазсушар” РМК филиалы 9 484 шарт жасасты, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары», — деп атап өтті Нұрлан Алдамжаров.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында негізгі дақылдарды суару жұмыстары аяқталып, суға қажеттілік төмендеді және өнім шығыны тіркелген жоқ.
Диқандарды сумен қамтамасыз ету шаралары:
Каналдар бойынша кезекпен су беру кестесі бекітілді;
Қызылорда және Түркістан облыстарында 169 тік дренаж жүйесі қосылды (Қызылорда – 18, Түркістан – 151: Мақтаарал, Жетісай – 85, Сауран – 46, Ордабасы – 20), бұл жерасты сулары деңгейін тұрақтандырып, мелиорациялық шаралардың тиімділігін арттырды;
Арнайы топтар су шаруашылығы жағдайын, каналдар мен су қоймаларының күйін, судың бөлінуін және суару кестесінің орындалуын тұрақты бақылауда ұстады;
Ресурстарды үнемдеу үшін коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану жүзеге асырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде екі өңірде вегетация кезеңі өнім шығынынсыз аяқталып жатыр.
«Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан кешенді шаралар заңсыз су пайдалануды болдырмау және су ұрлығын алдын алу жұмыстарын қамтиды. Су заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін Комитет мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтті. Нәтижесінде, бүгінгі таңда су пайдаланушыларға 22,3 млрд текше метр көлемінде арнайы су пайдалануға 912 рұқсат рәсімделді», — деп баяндады спикер.
Бүгінге дейін инспекциялар 258 профилактикалық және жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 369 су заңнамасын бұзу фактісін анықтады.
Тексерулер қорытындысы бойынша 125 ұйғарым беріліп, 91,5 млн теңге сомасында 657 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде заңсыз су пайдалануға қатысты 48,1 млн теңге көлемінде 254 айыппұл салынды.
«Климаттық қиындықтарға қарамастан – жауын-шашынның жетіспеушілігі мен аномалды ыстыққа, сондай-ақ трансшекаралық өзендерден келетін судың шектеулі ағынына және ішкі өзендердің ағындарының қысқаруына – вегетациялық кезең шығынсыз табысты аяқталуда. Бұл нәтиже су ресурстарын оңтайландыру бойынша жүзеге асырылған шаралардың арқасында қол жеткізілді», — деп түйіндеді сөзін су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу