15 Маусым 2023, 17:18
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов баспасөз мәслихатын өткізді. Өз кезегінде М. Әйтенов қаланың даму жоспарын қайта қарау барысында белгіленген басым салаларға кеңінен тоқталды.
Сөз басында қала басшысы биыл Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 5 жыл толғанын айтып өтті.
«Бұл тарихи шешім қаламыздың болашағы үшін үлкен мүмкіндік екеніне көзіміз жетті. Жаһандану процессінде бүкіл әлемде урбандалу әліде қарқынды жүріп жатыр. Қазір әлемдік тренд – бәсекелестік елдер емес, ірі қалалар арасында жүруде. Өркениет пен капиталдың негізгі бөлігі мегаполистерде шоғырлануда. Біз осыған қол жеткізуді көздейміз. Сондықтан, қазірден бастап жас мегаполистің ірге тасын берік қаламасақ, болашақта үлкен мәселелерге тап болуымыз мүмкін», — деді М. Әйтенов.
Қала әкімінің мәліметіне сүйенсек, осыдан бес-алты жыл бұрын қала аумағына инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен 40-тан астам шалғай елді мекен қосылған. Одан бөлек, қаланың қажеттілігіне жетіспейтін инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселелері өзекті болса, қазір бұл сұрақтар біршама өз шешімін тапқан. Бұл қол жеткізілген жетістіктердің бір жағы ғана.
Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд теңгеден 937 млрд теңгеге жетіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өскен, сонымен қатар қалаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд теңгеден 613 млрд теңгеге жетіп отыр.
Биылғы атқарылып жатқан жұмысқа тоқталған қала әкімі, макроэкономикалық көрсеткіштерде, өсім динамикасы бар екенін айтты. Осы жылдың 5 айында инвестиция көлемі 22%-ға, құрылыс жұмыстары 29%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73%-ға, бөлшек сауда көлемі 25%-ға артқанын атап өтті.
«Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте – қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік. Екіншіден, қаланың 5 жылдық даму жоспарын қайта қарап, бүгінгі күні алдымызда тұрған басым салаларды белгілеп алдық», — деді ол.
Бірінші басымдық -- кәсіпкерлік және өнеркәсіпті қолдау
Шымкент қаласында жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылып келеді. Бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.
«Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аумақтарда 400 млрд теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады. Жаңадан құрылатын аумақтардың 2-уі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, 3-уі жаңадан құрылатын алаңдар. Оның ішінде, жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр», — деді М. Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады, 200 млрд теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.
Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд теңгені құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндіріс алаңдарын дамыту мақсатында, аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, сауда-логистика орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік-Хаб құру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2027 жылдар. Аталған аймақта 47 млрд теңгеге 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңадан аумағы 119 гектарды құрайтын «Стандарт» жеке индустриялық аймағы құрылып жатыр. Бұл аймаққа 30 млрд теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады», — деп сөзін жалғады ол.
Атап айтқанда, биыл өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру арқылы 14 жоба іске асырылып, 14 млрд теңге инвестиция тартылатын болады. Оның ішінде ірі жобалар:
Сонда-ақ мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 17,9 млрд теңге бөлініп, жыл басынан 3 176 жобаға 7,9 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді.
Одан басқа, мемлекеттік бағдарламадан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылып отыр.
«Бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл ретте, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1%-дық мөлшермен 10 млн теңгеге дейін несиелендіру қаралған. Одан басқа, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған, атап айтқанда 2%-дық мөлшермен 50 млн теңгеге дейін несиелер алуға болады», — деді қала әкімі.
Оның мәлімдеуінше, іс-шара аясында өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәспорындардың жалдау ақысының 1-ші жылы – 75%, 2-ші жылы – 50%, 3-ші жылы – 25% шығындары өтеледі.
Сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге, оның ішінде жыл басынан 5 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетіліп келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілер саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52%-ға артты.
Екінші басымдық -- адами капитал
«Білім беру нысандарын дамыту мақсатында соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде, 80%-ы жеке инвестор есебінен салынған. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз», — деді М. Әйтенов.
Келтірілген деректерге сүйенсек, 134 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылған.
Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі биыл пайдалануға беріледі. Одан басқа, 750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы ары қарай денсаулық сақтау саласы жайлы тоқталды.
«Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсатымыз – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67%-дан 79%-ға артты. Бүгінгі күні саладағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беруде. Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30%-ға азайды», — деп толықтырды сөзін.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылған («Ер-ана» ЖШС, «ӨркенМед» ЖШС, «Imperium Medical» ЖШС).
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан бері жалпы өлім-жітім 8%-ға (2022ж. – 1741; 2023ж. – 1604), нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеген (2022ж. – 122; 2023ж. – 97). Ана өлімі тіркелмеген (2022ж. – 7,9; 2023ж. - 0).
Сонымен қатар 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлардың есебінен 800 орынды клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарланып отыр.
«Өздеріңізге белгілі, бұқаралық спортты дамыту мақсатында, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Жыл сайын оқушылардың қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден астам командалар жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Қаламызда спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы (демеуші есебінен), «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді», — деді қала әкімі.
Сонымен қатар келтірілген мәліметтер бойынша осы жылдың соңына дейін бюджет есебінен ауысымына 250 баланы қабылдайтын 2 спорт ғимараты және жеке кәсіпкер есебінен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетіні белгілі болды.
Ал, биыл жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан астам бала спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында Әкімдіктің әлеуметтік саладағы басты мақсаттарының бірі – тұрақты жұмыспен қамту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру екені айтылды.
Мемлекет басшысы өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырған болатын. Осыған орай:
«Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамтуымыз қажет. Жыл басынан 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға азайып, 10 794 отбасыны құрады», — деді ол.
Үшінші басымдық -- инженерлік инфрақұрылым
Осыдан 5 жыл бұрын қалаға мегаполис статусы берілген кезде, инженерлік инфрақұрылым қуаттылығының жетіспеуі, қаланың дамуына және инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізгені белгілі.
Мәселен, қолданыстағы магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың куб болса, нақты қажеттілік 323 мың куб, электр энергиясы - 330 мВт болса, нақты қажеттілік 455 мВт, табиғи газ - 180 мың метр куб болса, нақты қажеттілік 270 мың метр кубты құрады.
Бұдан бөлек, 297 мың халықты ауыз сумен (оның ішінде, ауыз суды тасымалды тұтынатын 8 елді мекен болды), 308 мың халықты электр энергиясымен, 257 мың халықты табиғи газбен қамтуға мүмкіндік болмады.
«Жолдардың сапасы бойынша да бірнеше өзекті мәселелер болатын. Мәселені шешу үшін, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленді. Жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып келеді. Соңғы 5 жылда инженерлік – инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд.теңге бағытталып, оның 87%-ы немесе 166 млрд теңгесі соңғы үш жылда бөлінді. Нәтижесінде, 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді», — деді М. Әйтенов.
Оның айтуынша, 4 подстанция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілген. Газдандыру саласында жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапқан.
Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, ауыз сумен қамту деңгейі 98%-ға, электрмен қамту 98%-ға, табиғи газбен қамту 94%-ға жетті. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы саласында қаладағы жолдардың сапасына және кептелістерге байланысты көптеген сындар айтылып келеді. Әкімнің мәліметінше, аталған салаға ауқымды қаражат қажеттігіне байланысты, ірі жобалар кейінгі жылдарға шегеріліп келді.
«Біз бірінші кезекте, халыққа қажетті ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін біршама шешу арқылы, ендігі кезекте көлік инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлудеміз. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайттық», — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Келтірілген деректер бойынша, соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жол айрық пайдалануға берілген.
Сонымен қатар биыл қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жол айрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54%-дан биыл 71%-ға жеткізу көзделген.
Әкімдік жолаушылар тасымалының деңгейін арттыру мақсатында, қаладағы автобустар паркін соңғы 5 жылда 35%-дан 90%-ға дейін жаңартып, шалғайда орналасқан елді мекендерді толығымен автобуспен қамтып отыр.
Сондай-ақ жеке инвестор есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әуежай терминалын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Темір жол вокзалы сенімгерлік басқаруға беріліп, жеке инвестор есебінен толығымен қайта жаңартылып, нәтижесінде, әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, темір жол вокзалы тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады деп күтілуде.
Төртінші басымдық -- тұрғын үй құрылысы
Халық санының артуына байланысты, жыл өткен сайын баспанаға деген қажеттілік артып келеді.
Шымкент қаласы мегаполис болғалы оның тұрғын үй нарығына еліміздегі ірі алпауыт компаниялар тарапынан қызығушылық артып отыр. Бұл бір жағынан қаланың сәулет көркін жақсартса, екінші жағынан тұрғын үйдің сапасына оң әсерін тигізеді.
«Соңғы бес жылда қалада 3 млн 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды, оның 2 млн-ы соңғы екі жылда берілді. Ендігі кезектегі межеміз – жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 млн шаршы метрге жеткізу. Ол үшін бірінші кезекте инфрақұрылыммен дер кезінде қамтуымыз қажет. Бүгінгі таңда, құрылыс аумақтары айқындалып, инженерлік жүйелерді жобалау жұмыстары басталды. Халықты қолжетімді баспанамен қамту – басты міндетіміз», — деп айтып өтті М. Әйтенов.
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінді 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтарда бар. Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында, «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасын қабылдадық. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлінді.
Айта кету қажет, соңғы кездері тұрғын үй құрылысы сапасына байланысты әлеуметтік желілерде сыни мәселелер айтылып келеді. Бұл мәселелерді Әкімдік бақылауға алып, тұрғын үйлерді аралау барысында 1 256 кемшіліктер қалпына келтірілген. Мердігерлерге 84 млн.теңге айыппұл салынып, 3 мердігер жосықсыздар қатарына енгізілді.
Бесінші басымдық -- тұрғындарға қолайлы қала қалыптастыру
«Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қала қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ аумағы 42 гектарды құрайтын Шымсити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын бастап кеттік», — деді ол.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады.
Соңғы үш жылда қаладағы әлеуметтік маңызы бар 472 көше жарықпен қамтылған. Қаланың жарықпен қамту деңгейі 2 есеге артып, 30%-дан 63%-ға жеткен.
Биыл 104 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, нәтижесінде, қамту деңгейі 63%-дан 70%-ға жетеді деп күтілуде.
Қала тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында, осы жылы 20 елді мекенге оптикалық және 28 елді мекенге базалық станса орнатылады.
Сонымен қатар өткен жылы қалаға жоғарғы жылдамдықты 5G интернет желісі бар 10 станса орнатылса, биыл дәл осындай 147 станса орнатылатын болады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, соңғы 5 жылда 3 177 бейне бақылау камералары орнатылып, қаладағы қылмыс саны 39%-ға төмендеген. Биыл 1500 бейне бақылау камераларын орнатуды жоспарланып отыр.
«Жұмыстың тиімді және нәтижелі болуы үшін халықпен кері байланыс жасау өте маңызды. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен әкімдердің халықпен кездесу өткізу тәртібі өзгерді. Осы орайда, тоқсанына 1 рет қаладағы 5 аудан тұрғындарымен кездесудің желілік кестесі бекітілді. Осы жылдың 5 айында қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 70 кездесу өткіздім», — деп мәлімдеді М. Әйтенов.
Сонымен қатар әкімнің жеке қабылдауы барлық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен күні бойы «ашық есік» форматтында өтіп жатыр. Халықты толғандыратын әрбір сұрақтар бақылауға қойылып, жоспарға енгізген.
Жыл басынан 6 жеке қабылдау өткізіліп, 629 адам әкім қабылдауында болған. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша 322 тапсырма беріліп, оның 224-і шешімін тауып, қалғандары заң талаптарына сәйкес қаралып жатыр.
Тұрғындарды толғандыратын мәселелерді соңына дейін орындалуына қол жеткізу, жұмыстың ашық әрі тиімді болуы үшін әр елді мекеннен белсенді азаматтардың бақылауына қойдық. Бұл тәжірибе халықпен кері байланысты күшейтіп, қазірдің өзінде жұмысты жақсы жағынан көрсетіп отыр. Белсенді азаматтармен өзім кездесіп, жоспардың нақты істермен шешіліп жатқанын халық көріп отыр. Шымкент қаласында атқарылған жұмыстардың негізгілерін атап өттім. Алда да атқарылатын жұмыстар ауқымды», — деп түйіндеді сөзін қала әкімі М. Әйтенов.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу