Жоғары білім саласының өзекті мәселелері

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жоғары білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифингте Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова және Ғылым комитеті төрағасының м.а. Жайық Тохтаров сөз сөйледі. Олар жоғары білім және ғылым саласындағы бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға, ғылыми әлеуетті дамытуға және білімнің экономикамен байланысын нығайтуға бағытталған реформалар туралы айтып берді.

Гүлзат Көбенова барлық жүргізіліп жатқан өзгерістер 2029 жылға дейінгі жоғары білімді және ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқанын және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына негізделгенін атап өтті. Реформалардың негізгі басымдығы мамандарды даярлау сапасына, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және білім берудің ел экономикасы үшін практикалық тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Бүгін біз жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі өзгерістер туралы – мемлекеттің экономика, қоғам және жастар тарапынан түскен сұраныстарға қалай жауап беріп жатқаны және қандай жүйелі шешімдер жүзеге асырылып жатқаны туралы айтатын боламыз. Барлық ұсынылған шаралар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына тікелей сәйкес келеді. Онда кадрлар даярлауға, ғылымды дамытуға және білімнің іс жүзіндегі нәтижесіне ерекше екпін қойылған болатын. Барлық реформалардың негізінде Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы жатыр. Тұжырымдама жоғары оқу орындарын трансформациялаудың айқын траекториясын айқындайды: жай ғана оқытудан – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және экономика үшін білім генерациялауға көшу. Президент үзік-үзік өзгерістер емес, жүйелі реформалар қажеттігін ерекше атап өтті. 2029 жылға дейінгі тұжырымдама дәл осылай құрылған: ол білімді, ғылымды және инновацияны біртұтас логикаға біріктіреді», — деді ол.

Оның айтуынша, Президенттің негізгі тезистерінің бірі – әлеуметтік әділдікті сақтау. 2025 жылы мемлекет тарапынан 93 мың білім беру гранты бөлініп, оның 99%-дан астамы толық игерілді. Қандастарға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға, сондай-ақ мерзімді әскери қызметін өткерген жастарға арналған әлеуметтік және нысаналы қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейтілді.

Білімге қолжетімділікті арттырудың маңызды құралы 2025 жылы іске қосылған «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі болды. Бүгінгі таңда 92 мыңнан астам салым ашылды, бұл ретте 5 жастағы 8 мың балаға бастапқы білім беру капиталы аударылды. Бағдарлама білім алуға жинақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған және мемлекеттік гранттарды алмастырмайды, керісінше қолданыстағы қолдау шараларын толықтырады.

«Президент барлық бастамаларда ұзақ мерзімді стратегияның қажеттілігі туралы айтты. "Келешек" – бұл дәл сондай құрал, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген білімге қолжетімділіктің жаңа архитектурасы. Мемлекет 5 жастан бастап балалар үшін бастапқы білім беру капиталын қалыптастырады, оны жыл сайын мемлекеттік сыйлықақымен және инвестициялық табыспен толықтырып отырады. Бұл жүйе білім алуға қаражат жинау мәдениетін қалыптастырады, болашақта бюджет пен отбасыға түсетін салмақты азайтады және Қазақстанды дамыған елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан модельдерге жақындатады. "Келешек" ерікті жинақтау білім беру жүйесі 2025 жылы іске қосылды және қазірдің өзінде 92 мыңнан астам салым ашылды. Бұл қоғамның аталған модельге деген сенімін және оның әлеуметтік сұранысқа ие екенін көрсетеді. Маңызды жайт: "Келешек" гранттарды алмастырмайды, ол отбасылардың мүмкіндіктерін кеңейтеді», — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі.

Бүгінде елде 8,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасын іске асыратын 127 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соңғы жыл ішінде бағдарламалардың 85%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып өзектендірілді, бұл жоғары оқу орындарына формальды «білімге негізделген» модельден еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бағытталған құзыреттілік дайындығына көшуге мүмкіндік береді. Өңірлер мен салалардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған инновациялық бағдарламалар пайда болуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, нақты жоспарлау үшін өңірлер кәсіпорындарының кадрлық қажеттіліктерін болжау сауалнамасы әзірленген. Ол персоналдың жас құрылымын, кадрлардың кемуі мен қартаюын, жас мамандардың кетуін және жұмыс орындарының трансформациялануын ескереді. Бұл деректер мемлекеттік және өңірлік білім беру тапсырыстарын дұрыс қалыптастырудың негізі болады.

Кадрларды даярлауды экономика сұраныстарымен сәйкестендіру үшін «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында әзірленген Жаңа мамандықтар атластары енгізілуде. Жобаны іске асыру барысында еліміздің барлық өңірлерін, 235 мыңнан астам мектеп оқушысын және 1 800-ден астам салалық сарапшыны қамтыған ауқымды талдау және кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді.

«Жедел технологиялық және экономикалық өзгерістер жағдайында білім беру жүйесі мен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы тұрақты теңгерімді сақтау маңызды. Осы мақсатта кадрлар даярлауды экономика мен өңірлік даму қажеттіліктерімен жүйелі болжау және үйлестіру құралы ретінде Жаңа мамандықтар атластары әзірленді. Атлас – бұл жай анықтамалық емес, навигациялық құрал: ол қандай мамандықтардың пайда болып жатқанын, трансформацияланатынын немесе жойылып бара жатқанын көрсетеді. Әлемде мұндай құралдарды ЕО, Сингапур және Канада кәсіптік бағдар беру және білім беруді жоспарлау үшін қолданады. Атластар "Мамандығым – Болашағым" жобасы аясында әзірленуде, іске асыру кезеңі: 2023-2026 жылдар. Жоба еліміздің барлық облыстарын қамтиды, бизнесті тартады және қажеттіліктердің өңірлік карталарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, келесі сандық көрсеткіштерге қол жеткізілген:

  • 20 өңірлік кадр қажеттілігі картасы әзірленді;
  • 17 форсайт-мектеп құрылды;
  • 350-ден астам адам форсайт-болжау әдістемесіне үйретілді;
  • экономиканың 27 саласы қамтылды;
  • 1 800 салалық сарапшы тартылды.

235 мың мектеп оқушысы кәсіби диагностикадан өтті. Осылайша, болашақ талапкерлермен оқуға түскенге дейін көп уақыт бұрын жұмыс істеу басталады, бұл мамандықты саналы түрде таңдауға септігін тигізеді.

Жобалау және зерттеу жұмыстары барысында:

  • 1 000-нан астам жаңа мамандық анықталды;
  • 540-тан астам трансформацияланатын мамандық айқындалды;
  • 385-тен астам жойылып бара жатқан мамандық тіркелді;
  • 310 тереңдетілген сұхбат жүргізілді;
  • әлеуметтік зерттеулерге 8 000-нан астам респондент қатысты.

Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде осы деректерді пайдалану кадрларды даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы теңгерімсіздікті болдырмауға мүмкіндік береді.

«Білім беруді цифрлық трансформациялауға және жасанды интеллектіні енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 95 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша пәндерді енгізді. ЖИ, кезіндегі компьютерлік дағдылар сияқты, базалық сауаттылыққа айналуда. Қазақстан бұл бағытта МЖББС және жаңа білім беру бағдарламалары арқылы жүйелі түрде алға жылжып келеді. Сондай-ақ ЖИ, инжиниринг және ЖИ цифрлық технологиялары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары бойынша даярлау басталды. 30 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 42 білім беру бағдарламасын енгізді, олардың қатарында: "Қолданбалы ЖИ", "ЖИ инженериясы және блокчейн", "Медицинадағы ЖИ" және тағы басқалары бар. Онда бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 2 815 студент білім алуда. Президент білім сапасы оқытушыдан басталатынын атап өтті. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-дан астамы ЖИ бойынша оқудан өтті», — деді ол. 

Келесі қадам – академиялық этиканы қатаң сақтай отырып, оқытушының жүктемесін азайтатын және даярлық сапасын арттыратын басқарылатын әрі қауіпсіз құрал ретінде ChatGPT Edu-ды енгізу. 

2025 жылғы 6 қарашадағы OpenAI компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандум аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 000 педагогына тегін лицензиялар беріледі. Бұл қазақстандық педагогтарға мынадай мүмкіндіктер береді деп күтілуде: 

● Күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру (есептер дайындау, тапсырмаларды тексеру). 

● Студенттер үшін оқу жоспарлары мен материалдарын дербестендіру. 

● Деректерді талдау және құжаттарды түйіндеудің озық функцияларын пайдалану. 

● Өз курстары үшін кастомизацияланған AI-ассистенттер мен чат-боттар құру. 

Бұл құралды енгізу педагогикалық акселератор қызметін атқарып, қысқа мерзімде елдегі оқыту әдістемелерін жүйелі түрде жаңартуға және педагогтардың өздерін жаңа AI-парадигмасында жұмыс істеуге дайындауға бағытталған.

Қазақстандық жоғары оқу орындары халықаралық аренада да позицияларын нығайтуда. QS-2026 жаһандық рейтингінде еліміздің
20 университеті ұсынылған, ал Times Higher Education рейтингінде қатысушы жоғары оқу орындарының да, репортер-университеттердің де саны артты. Бұл ұлттық жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен ашықтығының артқанын дәлелдейді.

«Quacquarelli Symonds-пен бірлескен еңбек саласындағы предиктивті талдау бастамалары. Оларды 31 қазанда QS президенті және негізін қалаушы Нунцио Квакварелли "Қазақстан – академиялық білім аумағы" атты Стратегиялық серіктестер форумында таныстырған болатын. Болжамдар бойынша, жасанды интеллект Қазақстандағы жұмыспен қамту саласын айтарлықтай өзгертеді. 2035 жылға қарай мамандықтардың 53%-ына дейін ішінара автоматтандырылады – ең алдымен күнделікті қайталанатын тапсырмалар көп орындалатын бухгалтерия, қаржы, логистика және әкімшілік жұмыс салаларында. Технология, энергетика, медицина, деректер туралы ғылым және креативті индустрияларда жұмыс орындарының 70%-ына дейін жасанды интеллекттің арқасында тиімдірек болуы мүмкін. Сондықтан деректерді талдау, машиналық оқыту, цифрлық инженерия, киберқауіпсіздік мамандарына және техникалық әрі талдау дағдылары қатар қажет болатын жаңа аралас мамандықтарға сұраныс артады.

2026 жылғы жаһандық QS рейтингінде Қазақстанның 20 университеті ұсынылған, оның ішінде 9-ы пәндік рейтингтерге енді. Academic Reputation, Employer Reputation, Internationalization көрсеткіштері жақсарды. 2025 жылғы Times Higher Education (THE) рейтингінде Қазақстанның 5 университеті атап өтілсе, тағы 27-сі Reporter санатына енді. QS мәліметтері бойынша, қазақстандық университеттер кәсіпорындармен ынтымақтастықтың тұрақты өсуін көрсетіп отыр», — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, жоғары білімді интернационалдандыру жұмыстары белсенді жалғасуда. Бүгінде елімізде 35 мың шетелдік студент білім алуда. 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 000 адамға дейін ұлғайту жоспарлануда. Азиядан келген студенттер саны алғаш рет ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түсті. Қазақстанға шетелдік студенттерді тарту мақсатында халықаралық көрмелер мен форумдарды өткізуді көздейтін «Study in Kazakhstan» ақпараттық науқаны іске асырылуда. 2025 жылы «Study in Kazakhstan» білім көрмелері Ұлыбританияда, Әзербайжанда, Пәкістанда және ҚХР-да өтті. 2026 жылы Вьетнам, Үндістан, Индонезия, БАӘ, Катар, Түркия, ҚХР, Моңғолия, Марокко және басқа елдерде өткізу жоспарлануда. Шетелдік студенттердің қызығушылығының артуын ескере отырып, ақпан айынан бастап «Study in Kazakhstan» цифрлық платформасын іске қосылады. Платформада Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі, оқу құны, виза, оқуға түсу талаптары туралы толық ақпарат қолжетімді болады. Сондай-ақ бағдарламаларды, университеттерді, курстар мен бағыттарды іздеу және сүзу функциялары жұмыс істейді. Оқуға өтінімдер де осы платформа арқылы қабылданады.

«Халықаралық зерттеулер ЖИ жұмыспен қамтуды тікелей қысқартпайтынын, бірақ еңбек мазмұнын өзгертетінін растайды. Талдау көрсеткендей, ірі бизнес цифрландыруға, автоматтандыруға және ЖИ-ді енгізуге жоғары дайындық танытып отыр. Олар қазірдің өзінде ішкі зерттеу орталықтарын, деректер базасы кеңселерін құрып, машиналық оқытуды енгізуде. Сондай-ақ AI-мамандарына, дата-аналитиктерге, цифрлық архитекторларға, технологиялық процестерді автоматтандыруды қолдау инженерлеріне деген сұранысты белсенді түрде білдіруде. Сондықтан олар кадрлар даярлауға белсендірек қатыса бастады. Мәселен, жоғары оқу орындарында өз зертханаларын құруда, кәсіпорындар студенттер үшін гранттар бөлуде, зерттеушілер мен өнеркәсіптік компаниялардың тікелей өзара іс-қимыл практикасы жүзеге асырылуда, пәндердің силлабустарын өзектендіруге қатысуда, кәсіпорындар базасында бейінді жоғары оқу орындары кафедраларының филиалдары ашылуда. Жоғары оқу орындарының міндеті – түлектерді жаңа цифрлық ортада жұмыс істеуге дайындау», — деді министрдің орынбасары.

Coursera-мен (2022 ж.) ұқсас жоба өз нәтижелілігін көрсетті. 3 жыл ішінде 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан астам сертификат алды. Coursera Қазақстанды білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде ресми түрде таныды. Бір жыл ішінде студенттердің «Баршаға арналған генеративті ЖИ» курстар блогына қызығушылығы артып, алынған сертификаттар саны 2024 жылғы 5 573-тен 2025 жылы 41 159-ға дейін өсті. Ұқсас динамика промпт-инженерияға арналған курстар бойынша да байқалады. «ChatGPT-ге арналған промпт инженерия» курсы бойынша сертификаттар саны 2024 жылғы 4 344-тен 2025 жылы 33 898-ге дейін артты. Тағы бір танымал курстардың бірі – «ChatGPT арқылы жаңашыл оқыту» (10 783 сертификат). Бұл көрсеткіштер білім алушылар тарапынан генеративті ЖИ-модельдермен тиімді өзара әрекеттесу дағдыларын меңгеруге деген жоғары практикалық сұранысты көрсетеді. Бұдан бөлек, онлайн-емтихандардың адалдығын қамтамасыз ету үшін AI-прокторинг технологиялары енгізілуде.

«AI Sana бағдарламасы аясында Coursera жасанды интеллект бойынша даярлаудың базалық платформасы ретінде пайдаланылады. 2025 жылы 98 044 білім алушы 109 987 сертификат алды, оның ішінде ЖИ бойынша негізгі курстар бар. Мәлім болғандай, AI-Sana бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінде 668 мыңнан астам студент ЖИ бойынша курстардан өтті. Бағдарлама ЖИ-сауаттылықты және практикалық цифрлық дағдыларды жаппай қалыптастыруға бағытталған. Қазір екінші кезеңді іске қосу шаралары басталды, онда негізгі екпін ЖИ-кәсіпкерлікті қалыптастыруға жасалады. Бұл кезеңде 100 студент оқытылады, іріктеу олардың жобалық идеяларын ескере отырып жүргізіледі», — деді спикер.

Цифрлық мемлекетке көшу кезінде цифрландыру және ЖИ-ді енгізу үшін жоғары білікті кадрлар қажет. Осы мәселені шешу үшін біз экономиканың трансформациясы кадрларды жедел даярлауды талап ететін салаларға: инженерия, ИТ және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша әлемнің жетекші университеттері тартылуда. 

Жалпы, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау үшін 12 шетелдік жоғары оқу орны тартылды. 

Мәселен, Сеул техникалық университетімен бірлесіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында City University of Hong Kong филиалы (жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар) және басқалары ашылды.

«Осылайша, 3 "Лу Бань шеберханасы" құрылуда. Олардың Қазақстан үшін маңыздылығы – еліміздің экономикасының аса маңызды салалары үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлауды күшейтуде. Бірінші Лу Бань шеберханасы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында құрылды. Екінші жасанды интеллект және өнеркәсіптік интернет-қауіпсіздік бойынша Лу Бань шеберханасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында құрылуда. Үшінші өнеркәсіптік робототехника бойынша Лу Бань шеберханасы М.Тынышпаев атындағы Логистика және көлік академиясы базасында құрылуда. Лу Бань шеберханалары жобасы кадрлар даярлаудың іс жүзіндегі көрінісі болып табылады. Жабдықтарды тапсыру, тағылымдамалар мен зертханалар құру студенттерге тек теориямен шектелмей, нақты технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — деді вице-министр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда әртүрлі форматтағы 40 стратегиялық серіктестік жүзеге асырылуда, оның ішінде 33-і – шетелдік университеттердің филиалдары. Бұл біздің жастарымыз үшін елден шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі сапалы білім алуға берілген бірегей мүмкіндік. Филиалдарды ашу өңірлік принципті ескере отырып және негізінен техникалық бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бірқатар академиялық, геостратегиялық және экономикалық артықшылықтар береді.

«Микро-біліктіліктер мен ересек адамдарды қайта даярлау бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді. "Күміс университет" моделі аясында 2025 жылы 50 жоғары оқу орнында 420 курс іске асырылып, 3 716 тыңдаушы оқудан өтті. Ересек азаматтарға арналған курстар цифрлық сауаттылық, әлеуметтік бейімделу, эмоционалды интеллект және салауатты өмір салты бойынша жүргізіледі. 2025 жылы нақты және IT-сектор компанияларының қатысуымен 420 қысқа мерзімді курс іске асырылып, онда 4 206 адам білім алды. 30 жоғары оқу орнында 4 215 адамды қамтитын 255 микро-біліктілік бағдарламасы әзірленді. Бейресми білім беру аясында бір жылда 3 561 курс іске асырылып, 30 371 адам оқытылды, оның 27 803-і оқуды сәтті аяқтады», — деді ол.

Брифингті қорытындылай келе, вице-министр Қазақстанның жоғары мектебі бүгінде тек кадр даярлау орталығы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, патриотизм және ұлттық құндылықтарды қалыптастыру кеңістігіне айналып отырғанын атап өтті. Жүзеге асырылып жатқан реформалар білімді, әлеуметтік жауапты және бәсекеге қабілетті азаматты – елдің тұрақты дамуының негізін тәрбиелеуге бағытталған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу