14 Қараша 2025, 10:32
Биылғы 10 айда Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Аймақтың дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асуда. Мәселен, соңғы екі жылда жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құраған, ал жыл басынан бері өңір экономикасына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл табиғи газға қол жеткізетін тұрғындар саны 115 мың адамға, ал келесі жылы – 226 мың адамға жетпек. Сондай-ақ соңғы екі жылда 19 220 орынға арналған 24 жаңа мектеп салынған. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 200 орынға арналған 9 мектептің салынғанын ерекше атап өтуге болады. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімі үшін әлеуеті мен мүмкіндігі жеткілікті.
Ауыл шаруашылығы
Ақмола облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге, Қазақстанның негізгі агроөнеркәсіптік өңірі мен басты астықты аймағы ретінде айрықша орын алады. Егін жинау алқаптары бүгінде 300 мың гектарға өсіп, 5,5 миллион гектарды құрады. Диқандардың жанқиярлық еңбегінің арқасында биыл дәнді дақылдардың рекордтық өнімі жиналды, орташа өнімділік гектарынан 16,3 центнерді құрап 7,6 миллион тонна астық жиналды. Былтыр бұл көрсеткіш гектарына 14,1 центрнермен 6,6 млн тонна болған еді.
Жиналған астықтың 70%-ы жоғары сапалы өнім. Осы ретте өңір ішкі нарықпен шектелмейтінін атай кету керек. Ақмола астығы жоғары сапалы өнім ретінде жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 миллион тоннадан астам астық экспортталды. Олар – Қытай, Иран және Италия, Бельгия, Швеция, Латвия сияқты Еуропа елдері, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан тағы да басқалар. Эстонияның Муга Грэйн Терминалымен меморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды. Соның ішінде – Италияға 150 мың тонна, Бельгияға 50 мың тонна және Эстонияға 9 мың тонна.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы екі жылда жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды, қосымша 100 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге мүмкіндік берді. Мұндай өсімге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы арқылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 млрд теңге болатын жаңадан 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне литрі 254 теңгеден төмен арзандатылған 172 мың тонна дизель отыны бөлінді. Соның ішінде көктемгі егіс жұмыстарына 76,6 мың тонна, күзгі орақ науқанына 84,4 мың тонна», — дейді облыс әкімі.
Оның айтуынша мал шаруашылығы саласында да тұрақты биыл оң динамика байқалады. Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларының саны 5%-ға, мал өнімдері өндірісінің көлемі 3%-ға артқан. Тірі салмақта 168,5 мың тонна ет, 205 мың тонна сүт, 574 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Сондай-ақ, сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Жалпы 5 400 мал бас бар бес ірі ферма іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы іске қосылады. Қазіргі уақытта 12 400 басқа арналған 8 сүт фермасын іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жалғасуда. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 963 млрд теңгеге 86 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы Астана тұрғындарын 2025–2027 жылдарға азық-түлікпен қамту көлемін арттырады. Нәтижесінде сүтпен қамту үлесі 30%-дан 50%-ға дейін, яғни жылына 63 мың тоннадан 76 мың тоннаға дейін, етпен қамтамасыз етуді 30%-дан 40%-ға дейін, яғни жылына 30 мың тоннадан 35 мың тоннаға дейін, жұмыртқамен қамту үлесін 80%-дан 100%-ға дейін, яғни жылына 255 миллион данадан 305 миллион данаға дейін артады. Жыл қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі - 1,2 трлн. Теңгені құрайды деп күтілуде. Бұл еліміздің аграрлық секторындағы көшбасшы орнымызды нығайтады.
Инвестиция
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр теңге өндіріске, жұмыс орындары мен жергілікті бюджет кірісін арттыруға бағытталған жаңа инвестициялық циклды қайта қарап, оны іске қосу жөнінде нақты міндет қойды. Бұл міндет біздің жұмысымыздың басты бағдарына айналды. Бүгінде біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Жыл басынан бері өңір экономикасына 660 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 250 млрд. теңгеге көп. 2024 жылдың 10 айы бұл көрсеткіш 410 млрд теңге болды. Бұл – жаңа кәсіпорындар мен технологиялар және жұмыс орындары арқылы қамтамасыз етілген нақты өсім», — деді Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі төрт индустриялық аймақтың, оның ішінде республикалық Aqmola аймағының құрылуы инвестиция тартудың негізгі құралы екенін айтады. Республикалық индустриялық аймақ инвесторлар үшін нағыз тартымды орталыққа айналып отыр. Онда жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар жинақталды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Солардың бірқатарына тоқталсақ, бүгінгі таңда астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды. Қытайдың «Далиан» компаниясы бұл жобаға 795 млрд теңге салмақ. Бұл – $1,8 млрд көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған. 3000-ға дейін жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазір мемлекеттік сараптамадан өту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жүзеге асыру кезеңі 2025–2028 жылдар аралығы. Маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие болатын тауарлар: натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндірілетін болады.
Сондай-ақ клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын және пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланған. Клинкер-кірпішті қазақстандық «Tеракотас» ЖШС шғармақ, 27 млрд теңге болатын жоба 150 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бүгінде жер телімін жалға алу туралы келісім жасалды, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде. Ал пестицид пен тыңайтқыштарды Түркияның «УайДиЭй» компнаиясы өндіреді. 124 млрд теңгеге 950 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде инвестициялық келісім жасасу және «Aqmola» индустриялық аймағындағы жер телімін жалға алу туралы шартты рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Осының барлығы – Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігі. Облыс басшылығы бұл жобаларды облыс экономикасына қосылған үлес ретінде ғана емес, сонымен қатар
елорданың өнімдерге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін негіз ретінде қарастырып отыр. Қазан айында астықты терең өңдеудің екінші ірі кешенін салу жөніндегі ХОПФУЛЛ ГРЭЙН компаниясымен стратегиялық негіздемелік келісімге қол қойылды. Жобаны жүзеге асыру кезеңі: 2026–2029 жылдар. Инвестиция көлемі – $1,5 млрд құрап, онда 1000 жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, биыл маңызды келіссөздер жүргізілген. Ірі инвесторлар бидай өңдеу мен жем өндіру (Ист Хопп, Қытай), элеватор мен құрама жем зауытын (Бейджин Гочен Шенхуа, Қытай); сондай-ақ асыл тұқымды репродуктор салу («Айтас» ЖШС, Қазақстан) бойынша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобалардың іске асырылуы 700-ге дейін жұмыс орнын құра отырып, шамамен $600 млн көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Осы жылы «БЕНТ» компаниялар тобы Аршалы ауданындағы «ҚАЗШПАЛ» кәсіпорнын сатып алды. Олар тәулігіне 3 мыңнан астам шпал шығару арқылы өндірісті қайта жаңғыртуға кемінде 10 млрд теңге инвестиция құймақ. Бүгінгі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді, келесі жылы олардың санын 450-ге дейін жеткізу жоспарланған.
«Әлемдік "Зи-джин Майнинг" ірі тау-кен байыту компаниясы дүние жүзінің 18 елінде жұмыс істейді. Алтын, мыс және мырыш өндірісмен айналысатын ұйым өндіріске алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттар мен қазіргі заманғы технологияларды енгізіп жүр. Компания «Райгородок» кен орнын сатып алды және жаңа алтын өндіретін фабриканың құрылысына $500 млн инвестициялауды жоспарлауда. Онда 1000 жұмыс орны ашылатын болады. Бұл – ірі халықаралық және ұлттық инвесторлардың өңірімізге деген сенімінің тікелей дәлелі. Осылайша, біздің сала Президент белгілеген міндеттерді кезең-кезенімен орындап келеді», — деді ол.
Өнеркәсіп
Ақмола облысында өнеркәсіп тұрақты өсіп келеді. Өндіріс көлемі 2 трлн теңгені құрады. Облыс машина жасау саласында нық көшбасшы болып отыр. Теміржол подшипниктері 100% және арнайы автомобильдердің 84%-ы аймақта жасалады. Бұдан бөлек, еліміздегі астық жинайтын комбайндардың 50 %-ы шығарылады. Облыс құрамында алтыны бар руданың жартысынан астамын және Қазақстандағы алтын өндірісінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Басты компаниялар – Алтынтау Көкшетау (59%), Алтыналмас (22%), ЭрДжи Голд (19%).
Машина жасау 2,2%-ға, азық-түлік өндірісі 11%-ға, сусындар өндірісінің көлемі 20%-ға, соның ішінде арақ өндірісі – 17,8%, минералды су – 23,9%, ал химия өнімдері 30%-ға ұлғайды, соның ішінде этил спирті өндірісі 1,7 есеге артты.
Кірпіш өндіру көлемін арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі зауыттар 250 миллион кірпіш шығарып келсе, алдағы уақытта оның қуаттылығын 3 есе артатын болады. Осы бағытта 8 зауыт салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылуда, құны - 46,5 млрд. Биыл соның бесеуін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, Ақмола облысы құрылыс кірпішінің елдегі өндірістің жалпы көлемінің 40%-ын шығарады.
Тұрғын үй құрылысы

«Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарға сәйкес, мұқтаж азаматтарды жайлы және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл жалпы 7 мыңнан астам жерлесіміз өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Оның 2 мыңы – мұқтаж азаматтар: яғни әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері, кезекте тұрғандар, алданған үлескерлер, апатты үйлердің тұрғындары. Өңірде бизнеспен ынтымақтастыққа негізделген жаңа әрі тиімді тәсілдер енгізілуде. Жеке құрылыс компанияларынан "дайын пәтерлерді сатып алу" механизмі әлеуметтік тұрғын үйді тез салуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Биыл 750 пәтер сатып алынды, оның ішінде жалға берілетіні – 640, кредитке - 110. Сондай-ақ, бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты. Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көпқабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды. Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Ол көп жылғы қордаланған мәселені шешуде маңызды қадам болды. Қалған пәтерлер Президенттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды. Қалған үлескерлер бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады – қазіргі уақытта "Даймонд Парк" ТҮК құрылысын аяқтау бойынша жұмыстар басталды. Тұрғын үй саясатын дамытудағы оң динамика келесі жылы да сақталады», — деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
Өңірде биылғы жылу беру маусымына дайындалуға 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, оның 45 %-ы, яғни 19 млрд теңгеден астамы – жеке инвестиция. Жылу қазандықтары мен желілерінің тозуы жоғары аймақтарға баса назар аударылуда. Жалпы алғанда шамамен 40 шақырым жылу желілері ауыстырылған және 59 қазандық жаңартылған, бұл қажет 150 қазандықтың 40%-ы.
Биыл Степногорск қаласында шамамен 17 шақырымнан астам жылу желісі жөнделді, ол желілердің тозуын 68%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 80%, 2024 жылы 71,4% болған болатын. Шаһардың жылу-электр орталығында бес турбина генераторы мен алты қазандықта жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды.
Сондай-ақ, Атбасарда жылу желілері реконструкцияланды, оның тозу көрсеткіші 70%-дан 68%-ға дейін төмендеді.
Облыс орталығы Көкшетау қаласы да назарда. Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100 %-ға жүзеге асты. Жылу беру маусымы қалыпты режимде өтуде. Нормативтік көмір қоры жиналған, халық үшін тапшылық жоқ. Көкшетау қаласында жылу тапшылығын шешетін жылу-электр орталығының құрылысы қарқын ала бастады. Алдын ала инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары орындалды. Ағымдағы сәтте жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылысты бастау үшін барлық қажетті техникалық шарттар алынды. 2028 жылы бірінші кезекті іске қосу жоспарлануда. Ол 120 мегаватт электр қуатын және сағатына 180 гигакалорий береді. ЖЭО-ның 240 МВт электр қуаты мен 520 гигакалория жылу қуатын беретін екінші кезегін іске қосу 2029 жылға жоспарланған.
«Сумен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сапасына ерекше назар аударылуда. Бұл мақсаттарға биыл 36 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылы 77 ауыл сумен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде 20 мың тұрғыны бар 36 ауылда су құбырлары желілерін салу есебінен жүргізілмек, қазір Атбасар ауданының Родионовка және Калиновка, Астрахан ауданының Первомайка, Жамбыл және Камышенка, Біржан сал ауданының Заозерное және Үлгі, Есіл ауданының Игілік, Зеренді ауданының Васильковка, Садовое, Заречное, Өзен және Троицкое, Бурабай ауданының Наурызбай батыр, Молбаза және Шиелі сынды 16 ауылда жұмыстар аяқталған. 6 мың тұрғыны бар 41 ауылда кешенді блокты-модуль орнатылды. Су сапасын жақсарту мақсатында биыл 17 ауылдағы су құбырлары желілерінің реконструкциясы аяқталады, оның ішінде 7 ауылда жұмыстар толықтай бітті. Олар – Ақкөл ауданының Қына және Талқара, Бурабай ауданының Баянбай және Николаевка, Бұланды ауданындағы Партизанка, Есіл ауданындағы Знаменка, Шортанды ауданының Шортанды ауылдары. Тағы 10 ауылда, яғни Ақкөл ауданы Амангелді, Өрнек, Астрахан ауданы Жарсуат, Атбасар ауданы Новосельское, Булан ауданы Отрадное, Алакөл, Вознесенка, Никольское, Есіл ауданы Красивое, Целиноград ауданы Нұресіл елді мекендерінде реконструкция жыл соңына дейін аяқталады. Нәтижесінде 44 мың тұрғын қосымша сапалы сумен қамтамасыз етіледі. Тамыз айында Көкшетау қаласында күніне 30 мың текше метр су көлемінде су тазартатын жаңа нысан іске қосылды. Жаңа кешен қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталды, олар суды тазалаудың бес сатысынан өткізуге мүмкіндік береді», — деді облыс әкімі.
Биыл электр желісінің 165 шақырымын қамтитын алты жоба іске қосылады. Олар – Қараөткел, Ақмол, Қаражар, Жалтыркөл, Жібек жолы, Қосшы елді мекендерінің электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы. Ол тапшылықты жоюға мүмкіндік береді және Астана маңындағы 30 мыңнан астам тұрғынды үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді.
61,5 мың тұрғыны бар Қосшы қаласында электр энергиясы тапшылығын шешу үшін үш қосалқы стансаның жобалау жұмыстары аяқталуға жақын, екеуі – реконструкцияланатын «Северная» және «Гарден Виладж», біреуі – жаңа салынатын «Жаннат». Олардың құрылысы 2026 жылы басталады. Қосалқы стансалар 9 шағын ауданды (№19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, Балғын, сондай-ақ қала солтүстік бөлігінде орналасқан «Далрус» ЖШС құрылысы ауданы) тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Көкшетау қаласында келесі жылы екі қосалқы станса салу жоспарлануда («Сарыарқа» және «Жақсылық»), олар жаңа кәсіпорындарын қосуға қосымша қуат беретін болады.
«Астана маңы елді мекендерін газдандыру жұмысы жалғасуда. Бұған дейін газбен жабдықтау жүйесіне Аршалы ауданының 17 ауылы қосылып, 44 мың адам қамтамасыз етілді, 570 км газ құбыры салынды. Биыл 48 мың адам тұрғыны бар 6 елді мекен газбен қамтамасыз етілді Олар – Нұрлы, Аққайың, Шұбары, Қосшы (№1 іске қосу кешені), Ы.Алтынсарин, Талапкер. Қосымша тағы 2 ауылға – 22 мың тұрғыны бар Қоянды мен Аршалыға газ беріп, келесі жылы басқа 6 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Олар жалпы саны 113 мың адам тұратын Қатаркөл, Қызылсуат, Қаражар, Тайтөбе, Ақбұлақ ауылдары және Қосшы қаласы (№2 және №3 іске қосу кешендері). Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл табиғи газға қол жеткізетін тұрғындар саны 115 мың адамға (облыс тұрғындарының 15%-ы, жалпы саны 788 мың адам), ал келесі жылы 226 мың адамға (немесе 29%) жетеді. Одан бөлек, 8 ауылға газ беру бойынша жоба әзірленуде. Жалтыркөл (жаңа шағын аудандар), Бабатай стансасы (жаңа шағын аудандар), Ақмол, Қабанбай батыра, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл, Қажымұқан ауылдары 2027–2028 жылдарға жоспарланған. Мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үйлерді газдандыру кезінде әлеуметтік осал топтар үшін әлеуметтік көмек қарастырылған. Аршалы ауданы – 100 АЕК, Целиноград ауданы – 70 АЕК, Қосшы қаласы – 100 АЕК. МӘК мен тұрғын үй көмегін алушылар үшін газ тұтыну нормалары бекітілді, бұл газ үшін 20%-ға дейін жеңілдік алуға мүмкіндік береді», — деді Марат Ахметжанов.
Облыс басшылығы ауылдық және қалалық елді мекендерді абаттандыруға ерекше назар аударып отыр. Облыс орталығы Көкшетау қаласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Негізгі қалалық нысандар біріктіріліп, «Көк Шалғын» атты жалпы сәулет және дизайн стилімен туристік маршрутқа айналды. Ол аумақ – Мәңгілік алау паркі, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Сагдиев көшесі. Оған қоса, биыл қаланың жағалауы абаттандырылды. Қосшы қаласында биыл 614 млн теңгеге жаңа екі сквердің жұмыстары аяқталуға таяу. Барлық нысандарда көгалдандыру, жарықтандыру, асфальт төсеу және шағын сәулет формаларын орнату жұмыстары жүргізілді. Жобалар экологиялық жайлы орта қалыптастыруға, кеңістіктің эстетикасын арттыруға және елді мекендердің микроклиматын жақсартуға бағытталған.
Су тасқыны
Су тасқынына қарсы қауіпсіздік басым бағыт болып саналатыны сөзсіз. Жалпы, өңірде 494 көл мен 111 өзен бар. Осы жылы әкімдік су тасқынымен күрес тәсілін өзгеріп, салдарын емес, олардың себептерін жоюға көшкен. Тұрғындар пен инфрақұрылымды қорғауға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылған. Қалқұтан, Нұра, Шағалалы, Жабай өзендерін тазалау және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген. Облыста өзендерді тазалау және түзету бойынша атқарылған жұмыстың жалпы ұзындығы 44 шақырым құрады.
18 қауіпті, әрі маңызды гидротехникалық нысандарды нығайту және қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, бұл – көктемгі кезеңде 80 млн текше метр еріген суды қауіпсіз реттеуге мүмкіндік береді. 46 шақырым арна мен арықтарды жөндеу мен кеңейту, сондай-ақ 28 шақырым қорғаныс біліктерін нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұл көктемгі кезеңде қар суының қауіпсіз ағымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарында су басу қаупі бар аймақтардан 37 отбасы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Олар – Астрахан ауданының Старый Колутон ауылы – 23, Сандықтау ауданының Максимовка ауылы – 2, Зеренді ауданы – 12 отбасы. Реновация бағдарламасы аясында Бұланды ауданында қауіп-қатер аймақтарында тұрған үйлерден (Макинск қаласы) қосымша 53 отбасын көшіру жоспарлануда. 2024 жылы 621 отбасы, 2025 жылы 90 отбасы көшірілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Жол инфрақұрылымын дамыту
Ақмола облысы үшін жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды, себебі біздің аумақ бойынша астананы еліміздің басқа өңірлерімен қосатын көлік дәліздері өтеді, мәселен, Астана-Қарағанды, Астана-Петропавловск, Астана – Павлодар және Астана – Қостанай - РФ шекарасы. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 8 мың шақырым құрайды, нақтырақ 7890,5 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2,3 мың шақырым, облыстық – 2,7 мың шақырым және аудандық - 2,9 мың шақырым.
«Бытыр облыс жолдарын салуға және жөндеуге 106 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл 115 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде, 65 млрд теңге жергілікті маңызы бар жолдарға және елді мекендерде көшелерді жөндеуге жұмсалды. Ең алдымен, бұрын басталған жобаларды жүзеге асыруға басты назар аударылды. Соңғы үш жылда жергілікті маңызы бар жолдардың және елді мекендерде көше-жол торабының шамамен 2,5 мың шақырым салынып, жөнделгенін атап өту қажет», — деді өңір басшылығы.
Туризм
Ақмола облысы Қазақстандағы туризм драйверінің бестігіне кіреді. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша оң серпін байқалады. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121%-ға артты, 14 млрд теңгеге қол жеткізілді. Туристер легі 900 мың адамды құрады. Болжам бойынша жылдық көрсеткіш 1,5 млн адамнан асады.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында, Курорттық аймақты 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Жалпы сомасы 137,2 млрд теңгеге 118 іс-шара жоспарланған, оның ішінде Республикалық бюджет қаражатының есебінен – 45,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 27,5 млрд теңге, басқа көздер – 64 млрд теңге. Биыл курорттың ең көркем жерлерінде 8 алаң, 10,2 шақырымдық қазіргі заманғы веложол салынды. Ойын элементтері бар бірегей Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Маусымда алғаш рет тікұшақ экскурсиясы іске қосылды. Сонымен қатар Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталуда.
Білім беру
Облыста білім нысандарының инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық
шешілді. Соңғы екі жылда 19 220 орынға арналған 24 жаңа мектеп салынды. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 200 орынға арналған 9 мектептің салынғанын ерекше атап өтуге болады, олардың 7-сі ауылдық жерлерде орналасқан.
«Биыл Көкшетауда "Қазцинк" компаниясының жеке инвестициясы арқылы заманауи үлгіде толық жабдықталған жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, өңірде дарынды балаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткізілді: Көкшетауда заманауи "Білім-инновация" лицей-интернаты 600 орындық жатақханасымен салынды, Щучинск қаласында IT-лицей (300 орындық) жатақханасының құрылысы аяқталуда. Президент Жолдауы аясында облыста биылға жоспарланған барлық 20 мектеп толықтай реновациядан өтті. Еңбек мамандықтары жылы аясында осы жылы 750 орындық 2 жатақхана салып, колледж студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еттік», — деді облыс әкімі.
Денсаулық сақтау
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, 43 жаңа нысан салынды, оның ішінде 38-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жанғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл нысандар 130 мың ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп жатыр.
Өңірде тағы бір ірі жоба жүзеге асырылуда. Ол облыстың ғана емес, сондай-ақ еліміздің тұтас солтүстік аймағындағы медициналық ландшафтыны түбегейлі өзгертеді. Бұл – Көкшетау қаласында 630 орынға арналған жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы. Құрылыстың құны – 332 млрд теңге, жүзеге асыру кезеңдері – 2025-2027 жылдар аралығы. Аурухана Қазақстанда баламасы жоқ халықаралық деңгейдегі клиникаға айналады. Ол жерде еліміздің солтүстік бөлігіндегі облыстардың тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін болады.
Сондай-ақ, Қосшы қаласында 1000 адамға арналған емханасы бар көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталып келеді. Ол келесі жылдың қаңтар айында алғашқы науқастарды қабылдай бастайды. Осы жылдың соңына дейін емхана ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, медициналық жабдықтар мен жиһазды орнату жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 350 төсек-орындық аурухана ғимараты 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ашылады деп жоспарлануда. Аурухана Қосшы қаласы мен облыстың жеті жақын ауданын қамтитын болады. Жаңа 1700 жұмыс орны құрылады.
Осы жылдың қыркүйек айында, Степняк қаласында медициналық кешеннің құрылысы аяқталды, ол 200 келушіге арналған емхананы және 45 төсек-орындық аурухананы қамтиды.
Спорт
Жыл басынан бері ақмолалық спортшылар республикалық және әлемдік деңгейде 798 медаль алды, оның 269-сы алтын, 260-ы күміс, 269-ы қола. Облыс құрамасы тарихта алғаш рет Қазақстанның алтыншы қысқы спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алды. Нәтиже – 16 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль. Ақмолалық спортшылар Италияның Турин қаласында өткен Әлемдік универсиададан және Қытай, Харбин қаласынеда өткен тоғызыншы Қысқы Азия ойындарынан 13 жүлдемен оралды. Қазіргі таңда «Арлан» хоккей клубы үш мәрте ҚР Кубогінің жеңімпазы және үш мәрте Қазақстан чемпионатының тұрақты чемпиондары атанып отыр.
«Осы жетістіктердің бәрі спорт инфрақұрылымын дамытуға тікелей байланысты. Биыл 7 заманауи спорт нысаны салынды, ал жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысы аяқталады. Красный Яр, Бестөбе, Корғалжын, Жақсы ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Макинск қаласында бассейн, Щучинск қаласында спорт сарайы және Кокшетау қаласында көпфункционалды спорт кешені салынады. Елімізде Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан салынған алғашқы нысан – Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екенін атай кету керек. Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мынадай спорт нысандары бой көтерді: Қосшыдағы көпсалалы комьюнити-орталығы ($20 млн – Болат Өтемұратов қоры), Көкшетауда еліміздегі алғашқы "ФИФА АРЕНА" спорт алаңы және "Шахмат үйі" (Қазақстан шахмат федерациясы), Степногорск қаласында спорт сарайының құрылысы басталып жатыр ("Алтыналмас" АҚ). Жоба құны 12 млрд теңге көлемінде, аяқталуы 2026 жылға жоспарланған», — деді Марат Ахметжанов.
Цифрландыру
Ақмола облысы бірыңғай цифрлық сәулет құруға және деректер негізінде басқаруға көшуге бағытталған цифрландыру стратегиясын бекітті. Ондағы цифрлық трансформациясының негізгі элементі – Digital Aqmola орталығы. Ол – нақты уақытта барлық маңызды салалардың деректерін жинақтап, пысықтап және талдайтын маңызды құрал.
Өңір жеделділік пен қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық шешімдерді қарқынды енгізуде. Барлық шұғыл және сервистік қызметтерді ықпалдастыру үшін І-Komek бірыңғай интеллектуалды платформа құрылды. Пилоттық жоба І-Komek, «109» және «112» қызметін қосу арқылы жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін «103» қызметін интеграциялау жоспарлануда. Сондай-ақ, «102» қызметімен интеграциялау мәселесі қарастырылуда. Бұл әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындардың өзара әрекеттесуін және жауап беру жылдамдығын айтарлықтай жақсартатын болады.
Облыста жасанды интеллект технологияларын енгізуге назар аударылуда. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлер мен жастарды қоса алғанда, қалалар мен ауылдардың 2500 тұрғыны оқумен қамтылды. Денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлеріне әкімшілік жүктемені төмендететін дәрігердің ЖИ-ассистент жобасы енгізілді. Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөл қалаларында қолданысқа берілген жүйе қабылдауды тіркейді, маңызды ақпаратты алады, құжаттаманы толтырады және 80% дейін нақтылығымен алдын ала диагноз ұсынады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу