Роман Скляр ExxonMobil компаниясының басшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесу өткізді.

Жиын барысында тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын және Қазақстан аумағындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын талқылады.

Еліміздің мұнай-газ саласындағы ең ірі және стратегиялық маңызды жобаларының бірі ретінде «Теңізшевройл» ЖШС қызметіне ерекше назар аударылды. Өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз етудің және Теңіз кен орнының ресурстық базасын одан әрі тиімді игерудің маңыздылығы атап өтілді.

Өз кезегінде ExxonMobil аға вице-президенті Питер Ларден Қазақстан Республикасымен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тұрақты әрі болжамды реттеуші ортаның маңыздылығына тоқталды.

Қазақстандық қамтуды дамыту мәселелері, соның ішінде отандық компаниялардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуге қатысуын кеңейту, сондай-ақ локализациялау мен инженерлік құзыреттерді дамыту мәселелері бөлек қаралды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары еліміздегі жаңа келешегі зор учаскелерде жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға назар аударды. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар ресурстық базаны ұлғайту және салаға инвестиция тарту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Кездесу соңында тараптар қолайлы инвестициялық климатты сақтаудың және бірлескен жобаларды өзара тиімді негізде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, ұзақмерзімді серіктестікті әрі қарай нығайтуға бейілді екенін жеткізді.

#Роман Скляр #Инвестициялар #Мұнай-газ саласы #Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу